Апта сейсенбісінде қаламызға ШҚО әкімі Даниал Ахметов арнайы жұмыс сапарымен келді. Аймақ басшысы ең алдымен Қарағайлы ықшам ауданына барып, жаңадан салынған тұрғын үйдегі жүргізілген жұмыстармен танысты.
Көпбалалы аналар пәтерлі болды
Жаңадан пайдалануға берілген пәтерлерді аралаған Д.Кенжетайұлы тұрғын үйлер бойынша жасалынған жұмыстарға, оның сапасына жоғары баға берді. Осы сапары барысында облыс әкімі бес көпбалалы отбасыға жаңа пәтерлердің кілттерін салтанатты түрде табыс етті. Аймақ басшысы көпбалалы аналарды жаңа қоныстарымен құттықтап өтіп, жылы лебізін білдірді.
— Бүгінгі күні біз Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тапсырмасы бойынша алғашқы қадамдар жасадық. Биыл 200-ден аса пәтер көпбалалы аналарға берілетін болады. Осы жұмыстардың Семей қаласында жүзеге асырылып жатқанына қуаныштымыз. Бұл шағын аудан мен үшін ерекше. Менің ойымша, Қарағайлы эталондық аудан болып, Семейдің алға қарай дамитын стандарттарын қалыптастырады,- деді өз сөзінде Даниал Ахметов.
Өз кезегінде көпбалалы аналар мемлекет тарапынан жасалынып отырған қамқорлық жайында айтып өтіп, облыс әкіміне алғыстарын жеткізді.
— Осындай қымбат сыйлық үшін Елбасына шексіз алғысымызды білдіргіміз келеді. Бізге құрметпен қарайтыны үшін қуаныштымыз. Баршаңызға бейбіт аспан мен амандық тілеймін. Балаларымыз аман болсын,- деді көпбалалы ана Айтбүбі Айсанова.
Құрылыс жұмыстарын жүргізушілермен әңгімелесу барысында Д.Ахметов шағын ауданның архитектуралық келбетін әрлендіруді тапсырды.
Невзоровтар отбасы атындағы өнер музейінде
ШҚО әкімі Даниал Ахметов жұмыс сапары барысында Невзоровтар отбасы атындағы өнер музейінде де болды. Музей директоры Татьяна Стромская аймақ басшысына мұндағы туындыларды таныстырды.
3 мамыр күні Невзоровтар отбасы атындағы өнер мұражайында жерлесіміз, профессор, академик, РФ еңбек сіңірген әртісі, педагогика ғылымдарының докторы, суретші Леонид Медведевтің көрмесі ашылған болатын. Суретшінің қоршаған ортадағы әртүрлі құбылыстарды бейнелеген туындылары қойылған көрмесі «Көзқарас» деп аталыпты. Мұнда пейзаж, портрет және өзге де жанрдағы автордың төл туындылары бар.
Сапар барысында аймақ басшысы өзге де суретшілердің картиналарын тамашалады. Даниал Кенжетайұлы қазақстандық жас суретші Азат Табиевтің шығармашылығына ерекше көңіл аударып, оның көрмесін ұйымдастыруға көмек қолын созатынын айтты.
— Азат Табиев — өте талантты суретші. Туындылары өзге жас суретшілердің арасынан бірден көзге түседі. Оның көрмесін ұйымдастырайық, мен көмектесемін,- деді Даниал Кенжетайұлы.
Сапар соңында аймақ басшысы музей басшылығына алғыс білдіріп, ұжымның қызметіне оң баға берді.
Балет мектебінің болашағы зор
Осыдан соң Даниал Кенжетайұлы Камилия Исмаилова жетекшілік ететін дарынды балаларға арналған балет мектебінде болып, жас балетшілердің өнерін тамашалады.
— Қымбатты балалар, бүгін сіздердің тамаша өнерлеріңізге куә болып, қуанып қалдым. Семейде осындай үлкен балет мектебі бар деп ойлаған да жоқпын. Сіздердің араларыңыздан ұлттық би өнерімізді жоғары деңгейге көтеретін кәсіби бишілер шығады деп сенемін,- деген Даниал Ахметов Семейдегі балет өнерінің дамуын жоғары бағалады.
— Бұл мектеп – Қазақстан балетінің болашағы. Семейде де осы өнер түрінің дамып келе жатқаны қуантады. Бұл балет мектебінің болашағы зор деп ойлаймын,- деді аймақ басшысы.
Осы орайда Даниал Кенжетайұлы Қарағайлы шағын ауданынан өнер мектебін ашу жоспары туралы да айтты.
— Өнер мектебін ашу да ойымызда бар. Семейге тамаша ғимарат керек. Ол Жастар ғимараты немесе Жастар Арена деп аталуы мүмкін. Алдын ала айтқым келмейді. Бірақ жоспар құрудамыз. Бұл қала тұрғындары үшін жақсы жаңалық болады,- деді Д.Ахметов.
Соғыс ардагерлерін құттықтады
Осыдан соң Д.Ахметов Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің үйлеріне барып, Жеңіс мерекесімен құттықтады. Өңір басшысы майдангерлерге зор денсаулық, бақыт және ұзақ ғұмыр тіледі.
Қарт майдангер Дмитрий Лазаревич әкімге өзінің өмір жолы туралы қысқаша әңгімелеп, 1943 жылдың қазан айында әскер қатарына қабылданғанын айтты. Жас жауынгер курсынан өткеннен кейін Ташкентке, радиотелеграфистер курсына жіберіліп, 1945 жылдың ақпан айында Белорусь майданына соғысқа кіріскен екен. Әуе әскерінің құрамында Шығыс Пруссия астанасы Кенигсберг бекінісін алуға қатысқан.
Ал 1941 жылы әскерге шақырылған Құмар Өмірбаев 2-ші Украин майданының құрамында соғысып, Кировоград, Крюков, Кременщук және Харьков қалаларын азат етіпті. Харьковты азат етудегі шайқастардың бірінде ауыр жараланып, елге оралған соң туған жерінде, одан кейін Бородулиха ауданындағы колхозда жұмыс істепті.
Әкіммен әңгіме барысында ардагерлер Даниал Ахметовке өз грамоталары мен жастық шақтағы фотосуреттерін көрсетіп, естеліктерімен бөлісті.
Өз кезегінде аймақ басшысы майдангерлерге шексіз алғыс білдіріп, ардагерлерге ақша сертификаттары мен теледидарлар табыс етті.
К.ӘЛІМБЕК, Ж.ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ, «Семей таңы»{jcomments off}