Апта дүйсенбісі, 2 наурыз күні қалалық әкімдікте қалалық мәслихаттың кезектен тыс, қырық тоғызыншы сессиясы өтті.
Мәслихат депутаттары алдында қала әкімі Ермак Сәлімов өткен жылы атқарған жұмыстары туралы есеп беріп, биылғы жылдың жоспарларымен таныстырды. Қала әкімінің айтуынша, алда тұрған басты міндеттердің бірі – тұрғын үй құрлысын жандандыру. Қазіргі күні Семей қаласында баспана кезегінде 10 739 азамат тұр.
— Тұрғын үй құрылысының ауқымын арттыру үшін Қарағайлы шағын ауданының аумағы 90 гектарға ұлғайтылды. Аудандағы құрылыстың бас жоспарына түзетулер енгізіп, 2020-2021 және 2023 жылдарға арналған жобаларды әзірлеуге кірістік. 2020 жылы 130,2 шаршы метрге 21 көпқабатты тұрғын үй салынады. Оның ішіне төрт жалдамалы, он екі кредиттік, бес коммерциялық тұрғын үй кіреді,- деді Ермак Сәлімов.
Шаһар басшысы биылғы жылы жол-көлік инфрақұрылымын жақсартуға баса мән берілетінін айтты. 2020 жылы жеті көшені орташа жөндеуге және 34,3 мыңнан астам шаршы метрді ағымдағы жөндеуден өткізуге 1,4 млрд теңге жұмсалмақ. Сонымен қатар Жангелдин көшесінен бастап республикалық маңызы бар Омбы — Майқапшағай бағытындағы автомобиль жолы қайта жөндеуден өтеді. Бұл мақсатқа облыстық бюджет есебінен 200 млн теңге бөлінген.
— Бүгінгі күні 315 мың текше метр қар шығарылды. Облыстан қосымша қаржы күтілуде. Көшені жарықтандыру, сумен қамту жүйесін жаңғырту да басым міндеттердің бірі саналады. Дренажды кәріз жүйесі мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Оған биыл 222 млн теңге қарастырылған. Биыл жоспар бойынша 23 нысанда тазарту жұмыстарын жүргізуді қарастырып отырмыз. Оның ішіне Би Боранбай, Автодорожная, Подгорная, Белібаев, Найманбаев, Титов, Абай, Аймауытов, Чайковский, Сыбанов, Иртышская, Рысқұлбеков, Островский көшелері кіреді, — деді қала әкімі.
Сессия барысында ауылдық елді мекендерге жіберілген жас мемлекеттік қызметкерлерге көрсетілетін қолдау туралы да айтылды. Қолданыстағы заңға сәйкес, мұндай санаттағы мамандарға 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде көтерме жәрдемақы, мың жарым айлық есептік көрсеткіштен аспайтын сомаға тұрғын үй сатып алуға немесе салуға бюджеттік несие беріледі. Семей қаласының экономика және қаржы бөлімі басшысы Роза Құдайбергенқызының айтуынша, жас мамандарға биылғы жылы бюджетте 34 млн 993 мың теңге қаражат қарастырылған. Оның ішінде 12 маманға көтерме жәрдемақы төлеуге 3 млн 181 мың теңге, 8 маманға бюджеттік кредиттерге 31 млн 812 мың теңге бөлінген.
Жер, терроризмге қарсы, құқық бұзушылықтың алдын алу жөніндегі комиссия құрамын бекітті.
Сессия соңында зейнеткер, сегіз баланың анасы Ажар Омарбаеваға, «Сәби» қайырымдылық қорының негізін салушы Әсел Тасмағамбетоваға, дзюдодан жаттықтырушы Иван Цыкуновқа Семей қаласының «Құрметті азаматы» атағы берілді.
Жадыра ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ, «Семей таңы»
{jcomments off}