"Семей таңы" газеті
  • Жаңалықтар
    • Саясат
    • Мәдениет
    • Қоғам
    • Қылмыс
    • Спорт
    • Экономика
    • Жаһан
    • Көзқарас
  • Мультимедиа
    • Видео
    • Фото
  • Төртінші билік
Нәтиже табылмады
Барлық нәтижені қарау
PDF нұсқа
  • Жаңалықтар
    • Саясат
    • Мәдениет
    • Қоғам
    • Қылмыс
    • Спорт
    • Экономика
    • Жаһан
    • Көзқарас
  • Мультимедиа
    • Видео
    • Фото
  • Төртінші билік
Нәтиже табылмады
Барлық нәтижені қарау
"Семей таңы" газеті
PDF
Нәтиже табылмады
Барлық нәтижені қарау

Даниал Ахметов: АБАЙ ТАҒЫЛЫМЫ ӘР ҚАЗАҚ ҮШІН АДАСТЫРМАС БАҒДАРШАМ БОЛУЫ КЕРЕК

15.12.2020
49
Қаралды
Facebook-ке бөлісуWhatsapp-қа бөлісуTelegram-ға бөлісу

Әлем үшін дүрбелеңге толы болған 2020 жыл да аяқталуға таяу. Қиындық көп болғанымен, атқарылған істер аз емес. Биылғы ерекше атап айтар айшықты оқиға — қазақ халқының ұлы ақыны  Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы. Хакім Абайдың мерейтой жылы ақынның туған жеріне де тың серпіліс әкелді. Торқалы той жылының қоғамдық сананы жаңғыртып, қазақ елін әлемге жаңа қырынан танытуда ықпалы зор болды. Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында облыс әкімі Даниал Кенжетайұлы Ахметовпен болған сұхбатымыз аймағымызда жыл бойы атқарылған істер жайлы ғана  емес, Абай ұлағаты, ұлт болашағы, ұрпақ тәрбиесі тақырыбына да арналды.

— Даниал Кенжетайұлы, Абайдың 175 жылдығы өте бір қиын-қыстау кезеңмен тұспа-тұс келді. Елдегі әлеуметтік – экономикалық қиындықтарға қарамастан, осы мерейтой аясында ақынның туған жерінде, Семейде көп іс атқарылды.  Абай күні белгіленді. Әңгімені осы мереке аясында атқарылған істерден бастасақ.

— Бұл мерейтой – қазақтың бойтұмары, хакім Абай дүниеге келген киелі өлкемізді қаншалықты масаттандырса, соншалықты мол жауапкершілік жүктеді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы сеніп тапсырған міндетті жоғары дәрежеде орындау, ең бірінші, біздің Ұлы Абай Құнанбайұлының алдындағы перзенттік парызымыз. Абайдың кіндік қаны тамған шұғылалы шығыс жұртының ел алдындағы абырой-беделі.

Сондықтан құрамына абайтанушы ғалымдар, жазушылар мен тарихшылар, белгілі қоғам қайраткерлері мен журналистер кірген жұмыс комиссиясы құрылды. Арнайы тұжырымдама мен аймақтық іс-шаралар жоспары әзірленді. Жоспарға енген барлық іс-шаралардың басты мақсаты Абайдың философиялық және шығармашылық мұрасын насихаттау болды.

Абайдың 150 жылдық мерейтойында Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Абайдың тағдыры мен рухани ізденістерінің қиыры мен шиырын, тұңғиығы мен тұтқиылын жіті пайымдап, дұрыс қорытынды шығара білсек, басымыздағы дәуреннен талай сабақтастықты танып, бүгінгі ахуалымызды салиқаландыра түсетін талай мән мен нәр таба алар едік. …Абай армандары – тек бір ғана ұлт ұстанатын мұраттар емес, күллі адамзат ұстанатын мұраттар. Қазақ топырағында оның орайын келтіруге мүмкіндік енді туып отыр»,- деген еді.

Абай мұрасы – түсінген жанға мына жаңа ғасырда жаһандану процесінен өтіп жатқан ұлтымызға берері мол қазына. Адамзат баласының ғұмыр жолы айна-қатесіз бедерленген терең философия.

Абай сол заманда-ақ ел кемелденуінің басты бағыттарын көрсетіп кетті. Ұлт болмысының әлсіз тұсын намысына тигізе жазды. Ондағысы кемсітейін, мысқылдайын дегені емес, бұл қазақты қара сөзбен жігерін қамшылап, жамандықтан, жалқаулықтан жиренуге шақыруы.

Әкеңнің емес, адамның баласы бол деп, ұрпағына аманатын қалдырған Абайдың бірлік пен татулық, ынтымақ пен жасампаздық моделі біздің жас мемлекетімізде Елбасының жүзеге асырған салиқалы саясатының негізі болып табылды. 175 жылдық мерейтойдың түпкі негізі де Абайдың «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп…» деген сөзінде болды.

Ерекше айта керек жайт, ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Ұлы Абайды ұлықтағанда оның әкесі Құнанбайдың ел тарихындағы еңбегін ұмытпауымыз қажет. Ол – Семейде ғана емес, тұтас қазақ тарихында өз орны бар тұлға. Оны халқымыз жақсы біледі, қадір тұтады. Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру үшін біз, шын мәнінде, осындай сабақтастық дәстүріне жол ашатын бірегей бастамаларды қолға алуымыз керек», — деп, маған, жалпы облыстық әкімдікке тиісті тапсырмалар берген-ді. Бұл ретте айтарым, қазаққа Абайдай ұл берген Құнанбай есімі әлем деңгейінде ұлықталса да артық болмайды. Өзім Ақшоқыға арнайы барып, Құнанбай қорымының жағдайын көрдім. Тиісті қаражат бөліп, Құнанбай Өскенбайұлы әулетінің қорымы орналасқан Ақшоқы мен Ұлы Абайдың кіндік қаны тамған Сырт Қасқабұлақты абаттандырдық, Абай және Шәкәрім мемориалдық кешенінде реставрациялық жұмыстар жүргіздік. Жидебай — Бөрілі және Сырт Қасқабұлақ кешендеріне апаратын жолдар жөнделіп, асфальтталды. Абай ауданының орталығы Қарауылда ауқымды жұмыстар атқарылды. Семей қаласындағы Абай атындағы театр және ақын есімін иеленген облыстық әмбебап кітапхананың ғимараты, алаң күрделі жөндеуден өтті.

Қазан айында Қасым-Жомарт Кемелұлы арнайы келіп, Семей қаласында «Ұлы ақын Абай ұлдарымен» атты  ескерткішті салтанатты түрде ашып, Абайдың «Жидебай — Бөрілі» тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық музейін, «Абай — Шәкәрім» мемориалдық кешенін аралап, еліміздің абайтанушы ғалымдарымен кездесу өткізді. Мемлекет басшысы осы сапарында  абайтану ғылымына үлес қосып жүрген бірқатар ғалымдарды марапаттады.

Жалпы, биылғы Абай тойы тағылымды шаралармен есте қалды. Той дегеніміз — ән мен би емес, бірнеше саланы қамтитын ауқымды жоспар. Мәселен, білім саласында Қарауылда Назарбаев зияткерлік мектебі стандарттары бойынша жабдықталған 300 орындық Абай атындағы жаңа мектеп бой көтерді. Өскемен қаласындағы №46 орта мектеп базасында дарынды балаларға арналған, қазақ тілі мен әдебиетін тереңдетіп оқытатын Абай атындағы мектеп-гимназия ашылды. Жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттарының абайтанушы ғалымдарын тарта отырып облыстың мектептері мен колледждеріне арналған «Абайтану» курсы бойынша авторлық өңірлік бағдарлама мен оқу-әдістемелік кешені әзірленді. Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен «Абайтану» элективті курсы 2020 жылдың қаңтарынан бастап мектептердің 5-8 сыныптарына және облыстың екі педагогикалық колледжіне енгізілді. Сонымен қатар аймағымыздағы  65 мектепте «Абайтану» кабинеті жабдықталып, пайдалануға берілді.

Қазақстанның, Ресей, Түркия, Голландия және өзге мемлекет ғалымдарының қатысуымен онлайн режимінде «Абай мұрасы және әлемдік руханият» атты халықаралық, «Абай және адамзат құндылығы» атты ғылыми-практикалық конференциялар өтті. Сонымен қатар мектеп оқушылары арасында байқаулар, колледждерде абайтанушы ғалымдардың қатысуымен «Хакім Абай даналығы» атты дәрістер, интерактивті сабақтар мен семинарлар ұйымдастырылып, әлеуметтік желі платформаларында ақын-жазушылар және абайтанушылармен 50-ден астам сұхбаттар жарық көрді.

Жергілікті талантты авторлардың шығармаларын насихаттау мақсатында «Абай әлемі» жобасы аясында Қазақстанның «әдеби кодын» дамытуға бағытталған 22 кітап 23 мың данамен қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде оқырмандарға жол тартты.

Айта кетейін, «Абай әлемі» сериясының бірінші шығарылымында Абай Құнанбайұлының қазақ және орыс тіліндегі таңдаулы шығармалары жарық көрді. Жинаққа сондай-ақ Ахмет Байтұрсынұлының ұлы ақын туралы 1913 жылы «Қазақ» газетінде жарияланған мақаласы, аудармашы-ақын Евгений Курдаковтың аудармалары кірді.

Сондай-ақ Шәкәрім Құдайбердіұлы шығармаларының 2 томы, А.Ким аударған М.Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясы, халық ақыны, Абайдың шәкірті Төлеу Көбдіковтің туындылары, Әміре Қашаубаев туралы замандастарының естеліктері, Жарқын Шәкәрімнің 2016 жылы шыққан «Әміре Парижде» атты кітабы енді.

«Абай әлемі» сериясымен жарық көрген құнды еңбектердің бірі — белгілі жазушы М.Сәрсекенің атақты ғалым, академик Қаныш Сәтпаевтың өмірі мен ғылыми қызметіне арналған «Феномен» атты кітабы.

Онлайн режимінде республикалық «Құлақтан кіріп, бойды алар» күйшілер сайысы, «Ұлы дала ұстаздары: Абай және Шәкәрім» халықаралық симпозиумы, «Ақылдың кені — данышпан» тақырыбында онлайн форматтағы халықаралық айтыс өткізілді. Карантиндік шектеулерге дейін Семейдегі Абай атындағы театрда Г.Адайдың «Бес нәрсе» қойылымы, Өскемендегі ШҚО драма театрында М. Әуезовтің «Абай. Айдар – Ажар» спектаклі көрерменге ұсынылды. Семей қаласында Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіровтің жүлдесіне арналған халықаралық жарыс ұйымдастырылды.

Қорыта айтсақ, өңір бойынша жоспарланған 139 іс-шараның 81-і өткізілді. Өкінішке орай, карантиндік шектеулерге байланысты 12-сі жоспардан алынып тасталды. Олардың қатарында Қарауыл төбедегі этноқалашықтағы мерекелік іс-шаралар кешені, Кембридж университетінде үш ай бойы Еуропа жұртшылығына көрсетілуі тиіс «Ұлы дала алтыны» көшпелі археологиялық көрмесі, театрлар мен көркемөнерпаздардың гастрольдік сапарлары, халықаралық суретшілер пленэрі және тағы басқа жоспарларымыз бар еді.

Бастысы, мерейтойға арналған іс-шаралар барысында, хакім Абайдың өзі айтқандай, ысырапшылдыққа, бекер мал шашпақтыққа жол берілген жоқ. 175 жылдықтың бұрынғы  тойлардан өзгешелігі — рухани маңызы зор іс-шаралар арқылы болашаққа қызмет ететін құндылықтарға ерекше назар аударылды.

— Өзіңіз ел басқару қызметіңізде Абайдың қандай іліміне сүйенесіз? Сіздің ойыңызша, Абай қандай  қазақты көргісі келді?

— Ақылың нұрлы болса, ар ойлайсың… Жалпы, Абайдың қай шығармасын алып қарасақ та, жоғарыда айтып өттім ғой, тұнып тұрған  философия. Абайдың қара сөздері тек өз ұлтымыз үшін ғана емес, жалпы адамзат баласына қажетті тағылым. Кез келген істі ақыл таразысына салып өлшеу, жылы жүректен өткізіп, ыстық қайратымен алға ұмтылуы Абай философиясының алтын қазығы деуге болады. Ұлт бойындағы мейірбандық, жомарттық сияқты ізгі қасиеттерді әспеттейтін хакімнің «Толық адам» ілімі өскелең ұрпақты теріс мінез-құлықтан сақтандырады. Қазақ халқының ой-санасының, дүниетанымының шыңы Абайдың шығармаларында жатыр. «Толық адам» тұжырымы адамзатты ізгілік тұрғысынан жетілдіруді көздейтін философиялық ойларға негізделген. Ақынның мұраты – адамды рухани кемелдендіру арқылы қоғамды жетілдіру, елді ілгері дамыған мәдениетті мемлекеттер қатарына қосу.

Абай заманында болған, қазір де бар кемшіліктер көп… Абай мал-дүниеге ғана емес, ақылға, мінезге, білімге, тәжірибеге бай қазақты, өркениетке талпынған мемлекетті көргісі келді. Аш қарын тойынар, алайда оның рухани қазынасы болмаса, қуыс кеуде пенде болып қалады. Бұл бізді алаңдату керек… Жастарымыз қуыс кеуде болып қалмасын десек, рухани қазынаға басымдық беру керек.

Абай жайлы  Қасым – Жомарт Кемелұлы «ХІХ ғасырда өмір сүріп, ХХІ ғасырдың сөзін сөйлеген тұлға» деген сипаттама беріп, Абайды ұлттың реформаторы, тарихтың тар кезінде халқын дұрыс  жолға бастаған феномен деп бағалады.

Абай – мәңгілік тақырып. Рухы мықты ұрпақ тәрбиесі үшін Абайдың құдіреті қашанда қажет. Абай әлеміне үңіліп, Абайға бет бұрғаннан ұтпасақ, ұтылмаймыз. Әр қазақ Абайдың тағылымын өмір жолында адастырмайтын бағдаршамдай көруі керек.

— Өткенсіз бүгін жоқ. Тарих – біздің өткеніміз және болашағымыз. Сақ тарихы – біздің түпкі тарихымыз, негізгі өркениетіміздің бастау көзі. Қазіргі Мәңгілік Еліміздің, Ұлы даламыздың тарихы сақ дәуірінің мәдениеті мен дала өркениетінен басталатыны белгілі. Аймағымызда өзіңіздің бастамаңызбен соңғы жылдары археологиялық ізденістер жандана түсуде. Катонқарағай ауданындағы Берел, Зайсан ауданындағы Шілікті қорғандары, Ұлан  ауданындағы Аблайкит қорған-монастырі, Тарбағатай ауданындағы Елеке сазы мен Абай ауданындағы Қырықүңгір ескерткіштері зерттеліп, зерделенді. Осы археологиялық жұмыстардың әлі қанша уақытқа созылатынын бағдарлай аламыз ба?

— Кез келген археологиялық ескерткіштер — белгілі бір дәуірде, белгілі бір уақыт аралығындағы өңір тарихы, сол жерде өмір сүрген адамдар жайлы мағлұмат беретін құнды  жәдігер. 2016 — 2020 жылдар аралығында Шығыс Қазақстан облысының археология саласында бұрын-соңды болмаған ғылыми-зерттеу жұмыстары жүзеге асырылуда.

Қола дәуірі мен ерте көшпенділер дәуіріндегі ең таңғаларлық ескерткіштер – Шілікті обасы, Берел мен Елеке сазы қорымдары, сондай-ақ Абылайкит ғибадатханасына зерттеу жасалды. Жалпы, 2016 — 2020 жылдары 26393 артефакт анықталды. Табылған құнды тарихи жәдігерлерден облыстық тарихи-өлкетану мұражайында «Бабалар алтыны» көрмесі ұйымдастырылды. Алтай — Тарбағатай аумағындағы Ақбауыр, Елеке сазы, Берел, Қырықоба, Таутекелі археологиялық ескерткіштеріне әр уақытта жүргізілген қазба жұмыстары еліміздің археология саласын дамытудағы үлкен жоба десек артық емес.

Алтай — Тарбағатай аймағында жүргізілген соңғы зерттеулердің нәтижелері қазіргі Шығыс Қазақстан облысының аумағы Еуразияның отырықшы кешенді өркениетінің қалыптасу орталықтарының бірі екендігін дәлелдеп отыр.

2019 — 2020 жылдарда археология саласында ашылған жаңа жәдігерлер, ғылыми жетістіктер туралы археолог-ғалымдардың ғылыми еңбектерінің жинағы дайындалуда, үстіміздегі жылы жарыққа шығарамыз.

Болашақ ұрпағымыз үшін тарихи мұрамызды сақтап қалу мақсатында Шығыс Қазақстан облысының археология саласындағы ғылыми зерттеу жұмыстары 2021 жылы да жалғасады.

— Адам денсаулығы — күн тәртібінен түспейтін маңызды тақырып. Аймағымыздағы денсаулық сақтау саласына облысымызға басшылыққа келген алғашқы күннен өзіңіздің ерекше назар аударып отырғаныңызды білеміз. Соңғы жылдары облыстағы денсаулық сақтау жүйесінде өзгерістер көп. Дәрігерлердің білім деңгейін арттыру мақсатында медицина қызметкерлерін оқытудың үш деңгейлі бағдарламасы енгізілді. Осы мақсатқа бюджеттен қомақты қаржы да бөлінуде. Дәл бүгінгідей адам денсаулығына ерекше қамқорлық қажет болып тұрған сын сағатта аймағымыздағы дәрігерлердің қызмет сапасына көңіліңіз тола ма?

— Дәл қазір бұл сұраққа нақты жауап беру өте қиын, өйткені барлық медицина қызметкерлері үшін бүгінгі кезең — үлкен сынақ. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, коронавирус індеті әзірше жеңілмей тұр және осы қиын кезеңде медицина қызметкерлері «майданның» алдыңғы шебінде әрқайсымыздың өміріміз, денсаулығымыз үшін күресуде. Адам жанына араша болып жүрген дәрігерлердің жұмысын бағалаймыз және барлық медицина қызметкерлеріне алғысымызды білдіреміз. Қай салада болмасын кемшіліктер мен жетістіктер болады. Коронавирус инфекциясы адамдарды ұлтына, әлеуметтік жағдайына қарап таңдамай, бүкіл  әлемді  әбігерге салуда.

COVID-19 таралуы бойынша күрделі жағдайды ескере отырып, біздің бүгінгі міндетіміз аурудың күрт өсуіне жол бермеу, емдеу мекемелерінің тиімділігін арттыру және халықтың денсаулығын сақтауды қамтамасыз ету болып табылады. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасы бойынша коронавирус індетімен күресу үшін түрлі ресурстар жұмылдырылды.

Облыста толық медициналық құралдармен жабдықталған 6,2 мың төсек-орын дайындалды. Коронавирус инфекциясының бірінші толқынымен салыстырғанда төсек-орын саны 12 есеге, реанимациялық төсек-орын саны 10 есеге артты. Инфекциялық бөлімшелердегі пациенттер 100% оксигенотерапиямен қамтамасыз етілген. 15 компьютерлік томография 24/7 режимінде жұмыс істейді. Жедел жәрдем медициналық автомобильдерінің паркі медициналық жабдықтармен толық жабдықталған 216 көлікпен толықтырылды.

Дәрігерлеріміз тұрақты негізде COVID-19 инфекциясын жұқтырған науқастарды емдеу схемасын өзектендіру жұмысын жүргізуде. Ауыр науқастар үшін иммундық плазманың 3200-ден астам дозасы немесе республика бойынша жалпы көлемнің 60%-ы дайындалды. Сонымен қатар емдеудің тиімділігі үшін 6200 науқасты осы дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету есебінен «Фавипиравир» препараты сатып алынды. Бұл препарат 12 қарашадан бастап пациенттердің келісімімен облыс ауруханаларында қолданылып келеді.

Бүгінде аймақта коронавирустың көбею коэффициенті бәсеңдеді. Қарашаның басымен салыстырғанда репродуктивті R саны 1,85-тен 0,90-ға дейін, ал төсек қорының қамтылу пайызы 31,1-ден 11,4-ке дейін төмендеді. Нәтижесінде қазіргі таңда Шығыс Қазақстан «сары аймақ» қатарына енді.

Ең бастысы, облысымызда Оқшаулау орталығы арқылы вирустың жұқтыру тізбегін бақылау және тосқауыл қою жүйесі құрылды. Қараша айында 584 медэпид топтар инфекцияның 3,5 мың ошағында байланыста болған 21 618 адаммен жұмыс жүргізді.

Сондай-ақ COVID-19-ды уақтылы анықтап, емдеу үшін қолданыстағы 13 ПТР-зертханасына жергілікті бюджет есебінен қосымша 6 зертхана қостық. Алдағы күндері тағы біреуі ашылады. Пандемия басталғаннан бері ШҚО-да 355 мың тест өткізілді, оның ішінде тек қарашада 101 095 мың зерттеу жүргізілді. Бұл — ел бойынша жоғары көрсеткіштердің бірі.

Мониторингтік топтар да тиімді жұмыс атқарды. Қараша айында 166 топпен 1906 рейд жүргізілді, 4426 нысан тексерілді, оның 1055-інде бұзушылықтар анықталып, 48 млн теңгеге 735 айыппұл салынды.

Жалпы, денсаулық сақтау саласында аймағымызда бұл мақсатта атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Халықаралық стандарттарға сәйкес келетін заманауи жабдықтар сатып алынды, диагностиканың жаңа әдістері енгізілді.

Роботохирургия және трансплантология, политравма және ортопедия, гибридті ота жасау орталықтары, III деңгейдегі инсульт орталығы табысты жұмыс істеуде.

Сондай-ақ біздің облысымызда  ауыл медицинасына да көп көңіл бөлінуде. Алтай және Аягөз қалаларында II деңгейлі инсульт орталықтары, ІІІ деңгейлі перзентханалар, ауданаралық травматологиялық бөлімшелер ашылды. Ағымдағы жылы Кардиохирургия орталықтары (ЧКВ) облыстың ауыл тұрғындарын мамандандырылған және жоғары технологиялық медициналық көмекпен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.

2021 жылға арналған жоспарлар қатарында  облыстың ауыл тұрғындары үшін алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін медициналық ұйымдарға 15 минуттық қадамдық қолжетімділікті қамтамасыз ету жалғасады. 33 тірек және болашағы бар ауылдарда фельдшерлік-акушерлік пункттер салу үшін ЖСҚ әзірлеу тапсырылды.

Осы орайда айтарым, әр адамның денсаулығы біз үшін қымбат. Әлем бойынша індеттің таралу деректерінен байқап отырған боларсыздар, қауіп көп. Біздің қазіргі басты міндетіміз — сырқаттың өсуіне жол бермеу, емдеу мекемелерінің тиімділігін арттыру және халықтың денсаулығын сақтауды қамтамасыз ету. Індеттен әзірге вакцина жоқ, сондықтан КВИ-ден ең сенімді қорғаныс сақтық шаралары мен әлеуметтік қашықтық болып қала бермек. Ендеше, карантин талаптарын сақтап, әркімнің өзіне және айналасына  жанашыр болуы аса маңызды.

— Шығыс Қазақстан облысы түрлі аграрлық жобалар үшін қолайлы жағдайлар тудыратын аса бай табиғатымен ерекшеленеді. Қуатты мал азығы базасы мал шаруашылығын дамыту үшін шексіз мүмкіндіктерге ие. Облыстағы ауыл шаруашылығы мен өсімдік шаруашылығының бүгінгі жағдайына қандай баға берер едіңіз?

— Ауыл шаруашылығы азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ететін облыс экономикасының негізгі саласы болғандықтан, оны дамытуға ерекше көңіл бөлінеді. Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту бойынша қабылданып жатқан шаралардың мақсаты — облыс халқын негізгі тамақ өнімдерімен қамтамасыз ету және өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін сақтау.

Ағымдағы жылы облыс бойынша ауыл шаруашылығы дақылдары егілген жалпы жинау алаңы 1 млн 361 мың гектарды құрады, оның ішінде дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар 602 мың, майлы дақылдар 446 мың, картоп 18 мың, көкөніс 8 мың, бақша дақылдары 5 мың, жем-шөп 282 мың гектар жерді алып жатыр.

2019 жылмен салыстырғанда егістіктің жалпы ауданы 10 мың гектарға ұлғайды. Ағымдағы жылы ауа райы жағдайына және ауыл шаруашылығы дақылдарының ерте пісуіне байланысты облыс аграршылары 2019 жылмен салыстырғанда дәнді және дәнді-бұршақты дақылдарды жинау жұмысын жылдам аяқтады. Облыс бойынша дәнді және дәнді-бұршақты дақылдардан алынған өнім көлемі гектарына 13,4 центнерден, орташа түсімділікпен 801,5 мың тоннаны құрады.

18 мың гектар алаңға егілген картоптың әр гектарынан орташа түсімділікпен 241,7 центнерден өнім алынса, көкөніс – 8 мың гектар алаңда орташа түсімділікпен 280,4 центнер, ал 4,84 мың гектар жерге егілген бақша дақылдары 328,6 центнер орташа түсімділікпен жиналды.

Қарашаның бірінші онкүндігінде 446 мың гектар алқапта майлы дақылдарды жинау жұмыстары аяқталды, орташа түсімділік — 13,9 центнер. Барлығы 804 мың тонна дәнді және 626 тонна майлы дақылдар жиналды. Айта кетейік, бүгінгі таңда Шығыс Қазақстанға елімізде өсірілетін күнбағыс көлемінің 66%-ы тиесілі. Майлы дақылдарды өңдеу бойынша өнім көлемін жылына 700 мың тоннаға дейін ұлғайтуға мүмкіндік беретін 3 ірі жоба іске асырылуда.

Жиналған өнімді өңдеу үшін облыс бойынша заманауи қондырғылар орнатылған. 300 механикаландырылған ток бар. Механикаландырылған токтардың қуаты тәулігіне 12 мың тоннаға дейін астық өндіруге мүмкіндік береді. Астықты сақтау және кептіру жұмысымен заманауи қондырғылармен жабдықталған 8 лицензияланған элеватор айналысады. Облыста бар элеваторлар, АҚК және АШТӨ меншікті қоймалары шамамен                1 млн тонна астықты, оның ішінде лицензияланған АҚК 471,9 мың тонна астықты сақтауға мүмкіндік береді.

Егін жинау науқанын сәтті өткізу үшін облыс шаруашылықтарына 30 мың тонна дизель отыны қажет болса, Энергетика министрлігі егін жинауға 26 мың тонна отын бөлді. Егін жинау кезінде ауа райының қолайсыздығына байланысты Энергетика министрлігі тұқымдарды кептіру үшін тоннасына 179 мың теңге бағамен қосымша 7 мың тонна дизель отынын бөлді.

Бүгінгі таңда облыстың АШТӨ 30 мың тонна дизель отынын алды. Жалпы, қажетті материалдық-техникалық құралдардың және басқа да материалдық ресурстардың болуы облыстың агроқұрылымдарына өнімді жинау кезінде оңтайлы мерзімде жұмыс жүргізуге мүмкіндік берді. Біздің облыстың диқандары белгіленген көрсеткіштерді лайықты орындау үшін үлкен жұмыс атқарғанын атап өткім келеді.

— Жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету және жұмыссыздық деңгейінің өсуіне жол бермеу, тұрғындардың тұрақты табысы болуы үшін «Жұмыспен қамтудың жол картасы» қолға алынды. 2020 жылы «Жұмыспен қамту жол картасы» аясында ШҚО-да қанша жұмыс орнын құруға қол жеткізілді?

— Елдегі зейнет жасына жетпеген, жұмысқа қабілетті  тұрғындардың пайдалы еңбекпен айналысуы — әлеуметтік-экономикалық қажеттілік. Қазіргі таңда біздің елімізде жұмыссыздықты жою мақсатында көп іс атқарылып жатыр.

Біздің өңір «Жұмыспен қамтудың жол картасын» іске асыру аясында үздік нәтижелер көрсетіп, елімізде жетекші орынға ие болып отыр. Аталған бағдарлама бойынша 77,4 млрд теңгеге 21,1 мың жұмыс орны құрылып, 819 инфрақұрылымдық жоба іске асырылуда. Әлеуметтік саланың 479 объектісі жөнделді. Атап айтқанда, 264 — білім беру, 30 – денсаулық сақтау, 76 – мәдениет, 43 – спорт, 66 – әлеуметтік қамсыздандыру салалары бойынша. 87 шақырым су құбыры желілеріне, 238 шақырым жолдар мен көшелерге жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 79 аула абаттандырылды.

Аймағымызда студенттерге теориялық білім ғана емес, сонымен қатар жұмыс істеуге мүмкіндік беретін 5 құзыреттілік орталығы жұмыс істейді. Ауыз толтырып айтар жетістік — колледж түлектерінің 80 пайызы жұмысқа орналасқан. Біздің кәсіпорындар сұранысқа ие мамандықтарды нақты көрсете отырып, оқу орындарымен тұрақты негізде ынтымақтаса жұмыс атқаратынын ерекше атап өткім келеді. Біз осы мамандықтарға бөлінетін гранттар санын жоспарлы түрде ұлғайтудамыз.

— Өңірдегі жол-көлік инфрақұрылымы — азаматтардың өмір сүру сапасын арттыру және қолайлы жағдайлар тудырудың негізгі шарттардың бірі, экономиканың күре тамыры екендігі белгілі. Биыл Шығыс Қазақстан облысында қанша жол жөнделді?

— Облысымыздың аумағындағы халықаралық, республикалық, облыс және  аудандық маңызы бар автокөлік жолдарын жөндеу және күту жұмыстарын барынша сапалы жүргiзiп, қауiпсiз көлiк қозғалыстарын қамтамасыз ету бағытында атқарылып жатқан жұмыстар аз емес.

Облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарын, сондай-ақ көше жолдары желісін дамытуға 2020 жылға 40,7 млрд теңге қарастырылған, оның ішінде облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарына — 11,8 млрд теңге, қалалар мен аудандардың көше жолдары желісіне – 12,8 млрд теңге, оның ішінде «Ауыл — Ел бесігі» арнайы бағдарламасы аясында – 1,7 млрд теңге, Өскемен қаласының Есенберлин даңғылында инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым салуға 4,7 млрд теңге қаржы бөлінді.

Сондай-ақ «Жұмыспен қамтудың жол картасы» аясында 16,1 млрд теңге бөлініп, 283 км жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдары орташа жөндеумен қамтылуда, оның 160 км – облыстық маңызы бар автомобиль жолдары, 123 км – аудандық маңызы бар автомобиль жолдары.

Өскемен және Семей қалаларындағы көшелерді қайта жаңартуға – 1,2 млрд теңге, Өскемен қаласындағы Лопатино аралы мен Ертіс көпірі аралығындағы жолды жөндеуге – 2 млрд теңге, Меновное ауылынан Ахмер ауылына дейін Өскемен — Семей жолына – 2 млрд, Семей қаласындағы көшелерге – 200 млн теңге, көшелерді орташа жөндеу мақсатына – 4,7 млрд теңге, оның ішінде «Ауыл — Ел бесігі» бағдарламасы аясында 1,7 млрд теңге қаржы жұмсалды.

«Жұмыспен қамтудың жол картасы» аясында 247 шақырым жолдар мен көшелер жөнделіп, Өскемен қаласындағы әуежайды қалпына келтіруге жалпы сомасы 16,1 млрд теңге қарастырылды.

Жол жөндеу жұмыстары алдағы уақытта да жалғасын табады.

— Аймағымызда тұрғын үй құрылысы, халықты баспанамен қамту қарқынды жүріп жатқанын білеміз. 2020 жылы қанша жанұя баспаналы болды?

— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында: «Азаматтардың әлеуметтік әл-ауқаты, ең алдымен, баспана мәселесіне тікелей байланысты. Нарық жағдайында тұрғын үйдің қолжетімділігі адамдардың табысына және осы міндетті өздігінен шеше алу қабілетіне орай жүзеге асады. Биылдан бастап «5-10-25» бағдарламасы жүзеге асырылуда. Оған 390 миллиард теңге бөлінді. Үкімет осы бағдарламаның жүзеге асырылу барысын үнемі қадағалап отыруы керек»,- деген болатын.

Елімізде халықты қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету бағытында атқарылып жатқан жұмыстардың қарқынды екендігін мойындауымыз керек. Тұрғын үй саласына қатысты осындай тиімді шаралардың арқасында баспанадан үмітті талай жанұя қуанышқа бөленіп, көпшіліктің көкейіне сенім ұялатып отыр.

Кезекте тұрған азаматтарды баспанамен қамтамасыз ету мәселесі бүгінгі таңда облыстың өзекті мәселелерінің бірі болып қалуда.

2020 жылғы 1 қарашадағы жағдайға, мемлекеттік тұрғын үй қорынан кезекте 33 475 азамат тұр. Оның ішінде көпбалалылар санатынан өткен жылдың басында кезекте тұрған 906 отбасының 62%-ы (563 отбасы) баспаналы болды. Ағымдағы жылдың соңына дейін 1038 көп балалы отбасы жаңа қонысқа ие болмақ. Халықтың барлық жіктерін тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін жалпы көлемі 827,4 мың ш.м. 122 көп пәтерлі және 2658 бір қабатты үйлердің (тұрғындардың жеке құрылысын ескере отырып) құрылысы жүргізілуде, жалпы алғанда, тұрғын үй құрылысына 2019 жылдың деңгейіне қарағанда 1,5 есе өсіммен 30 млрд теңге инвестиция тартылды.

Жыл қорытындысы бойынша, 74 көп пәтерлі, 2658 бір қабатты үй немесе 519 мың шаршы метр тұрғын үй 117% өсіммен қолданысқа беріледі.

«Бір қабатты Шығыс» бағдарламасын іске асыру басталды, оның шеңберінде тұрғын үй құрылысы орындары анықталды. Жоба мемлекеттің есебінен инженерлік коммуникациялар жүргізу арқылы жеке тұрғын үйлер құрылысын жүргізуге арналған. Бұл бағытта құйылатын 29 млрд теңге бюджет қаражаты 642 мың ш.м. тұрғын үй салуға және жеке тұрғын үй құрылысына 149,0 млрд теңгеге жеке инвестициялар тартуға мүмкіндік береді.

— Соңғы жылдары мұғалімдерге ерекше қамқорлық жасалуда. Мұғалімнің мерейін өсіріп, мәртебесін көтеру мақсатында «Педагог мәртебесі туралы» Заң қабылданды. Ұстаздар қауымына мемлекет тарапынан  жасалып жатқан осы  қамқорлық білім сапасына кепіл бола ала ма?

— Мұғалім мәртебесін көтеру туралы заң  – қазақстандық ұстаздардың қоғамдағы беделін арттыруға жасалған оң қадам. Ұстаз  мәртебесі – тұтас ұлт мәртебесі екенін ұмытпауымыз керек. Мұғалімдердің еңбекақысын көтеру, оларға қамқорлық жасау, мектептерге Назарбаев зияткерлік мектебінің әдістемесін енгізу, білім орындарына толықтай бейнебақылау камераларын орнату — тек ұстаздарға ғана жасалған қамқорлық емес, сапалы білім беру жолындағы игілікті іс.

Біздің облысымызда да осы Заң аясында атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. «Педагог мәртебесі туралы» 2019 жылғы 27 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Заңының 8-бабының 6-тармағына сәйкес, «Үздік педагог — 2020» атағына ие болған мұғалімдер республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарында қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің кемінде 300 еселенген мөлшерінде сыйақы түрінде қосымша ынталандыру төлемдеріне ие болуда. Атап айтатын болсақ, 2020 жылы «Үздік педагог — 2020» республикалық конкурсының қорытындысы бойынша, Шығыс Қазақстаннан 4 мұғалім «Үздік педагог — 2020» атағына ие болып, әр жеңімпазға республикалық бюджеттен 2 миллион 778 мың теңге сомасындағы сыйақы берілді. Сондай-ақ екі мұғалім «Үздік педагог — 2020» республикалық конкурсының облыстық кезеңінің жүлдегерлері атанып, жергілікті бюджет есебінен 800 000 теңге көлемінде сыйақыға ие болды.

Оқушылары халықаралық олимпиада және республикалық ғылыми жоба сайысында жүлделі орындарға ие болғаны үшін, облыс әкімінің атынан 500 000 теңге көлеміндегі сыйақымен 3 мұғалім марапатталды.

Биылғы жылы мен бастауыш сынып мұғалімдеріне қолдау көрсету мақсатында бірқатар тапсырмалар жүктедім. Бұл орайда да ұйымдастырылған іс-шаралар аз емес. Олардың арасында ерекше көзге түскен 3 белсенді ұстазға 300 000 теңге мөлшеріндегі сыйақы берілді.

Менің тарапымнан 2016 жылдан бастап үштілділікті дамыту бағдарламасы бойынша 32 тілдік пән мұғалімдеріне 170 мыңнан 1 млн теңгеге дейінгі көлемде материалдық ынталандыру сыйақысы берілді.

Ұстаз – мәртебелі мамандық. Ұлт болашағы — білімді ұрпақ тәрбиелеу осы мамандық иелерінің кәсібіне адалдықтарына тікелей байланысты. Ал әлеуметтік жағдай жасалмаған маманнан сапа күтуге бола ма? Ендеше, ұстаздарға қамқорлық көрсету — науқандық шаруа емес, тұрақты  назарда ұстауды қажет ететін маңызды іс.

— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сәуір айында әлеуметтік желіде бастау алған «Қандай кітап оқып жатырсыз?» челлендж-эстафетасын қолдап, оқуға қажетті 30 кітаптың тізімін ұсынды. Бүгінгідей интернетке тәуелділік дәуірінде кітап, газет оқитындар азайып кетті десек, жаңалық болмас. Жасыратыны жоқ, ұстаздар тарапынан баспасөзге жазылу кезінде қарсылықтарды жиі байқаймыз… Газет пен кітап оқымайтын ұстаз – оқитын шәкірт тәрбиелей ала ма?

— Бұл жерде де әңгімені Абайдан бастаған, хакімнің іліміне жүгінген дұрыс болар. Өмір сүрген заманы басқа болды десек те, Абай оқу мен білімсіз болашақтың бұлыңғыр екендігін сол кездің өзінде болжамаса, дана болар ма еді? «Баламды медресеге біл деп бердім» деген хакімнің сөзі әлі күнге маңызын жоғалтқан жоқ. Ендеше, ұстаздың өзі газет оқымаса, кітаптың бетін ашпаса, жаңашылдыққа ұмтылмаса, баланың санасына білім мен тәлім нәрін құя алмасы анық. Мен «Толық адам» ілімін мектеп пен жоғары оқу орындарында оқыту, сол арқылы ұлттық санамызды жаңғыртудың тетігіне айналдыруымыз керек деп есептеймін. Ұрпақты Абай үлгісінде тәрбиелеу – ізгілікке, имандылыққа, адамдыққа, білімділікке, биік адамгершілікке бастайтын жол.

Халқымызда «Бір жылдығын ойлаған бидай егеді, он жылдығын ойлаған тал егеді, мың жылдығын ойлаған ізгілік егеді» деген ғажап сөз бар. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Біз жаңғыру жолында бабалардан мирас болып, қанымызға сіңген, бүкіл тамырымызда бүлкілдеп жатқан ізгі қасиеттерді қайта түлетуіміз керек» дегеніне де терең үңіліп көрейікші!

Ата–ана үйде: «Сабағыңды оқыдың ба?», «Қандай баға алдың бүгін?» деумен шектелсе, мектептегі мұғалім үй тапсырмасын чатпен жібере салып отырса, ғылымға бейім білімді ұрпақ  тәрбиелей аламыз ба?

Әрине, бүгінгі елдегі қиындық білім беру саласына да оңай болып тұрған жоқ. Мектептер ғана емес, орта, жоғары оқу орындары да қашықтықтан  білім беру жүйесімен жұмыс істеп жатыр. Дегенмен әр нәрсеге шектеу болу керек. Желіге шектен тыс тәуелділік сауаттылыққа кері әсерін тигізетінін де ұмытпаған жөн. Бұл мәселені ұстаздар мен ата-аналар назардан тыс қалдырмай, кітап, газет оқу мен желі арқылы өсіп-жетілудің айырмасын жас ұрпақты тәрбиелеу ісінде ескергендері жөн.

— Даниал Кенжетайұлы, уақытыңыздың тапшылығына қарамастан сұхбат беруге мүмкіндік тапқаныңызға рақмет!

Сұхбаттасқан Риза МОЛДАШЕВА{jcomments off}

 

Ұқсас жаңалықтар

Семейде жайма-көше саудасы бірнеше есе азайды

13.05.2025
Семейде жайма-көше саудасы бірнеше есе азайды

Жаз мезгілінің басталуымен бірге жедел ішек инфекцияларының таралу қаупі арта түседі. Жаз маусымы — сыртқы ортада патогендер тағам мен су...

Толығырақ...Details

Жеңістің 80 жылдығына арналған қалалық байқау

12.05.2025
Жеңістің 80 жылдығына арналған қалалық байқау

2025 жылдың 6 мамырында Шәкәрім университетінің Жоғары бизнес мектебі қаламыздағы 8 колледждің студенттері арасында «Жылдармен, ғасырлармен – есімізде!» атты байқау...

Толығырақ...Details

Заманауи техниканы ауылға беру: ТЖМ қауіпсіздік стандарттарын теңестіреді

07.05.2025
Заманауи техниканы ауылға беру: ТЖМ қауіпсіздік стандарттарын теңестіреді

Жезқазғанда Ұлытау облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бөлімшелеріне жаңа арнайы техниканы тапсыру рәсімі өтті. Іс-шараға әкімдік, ТЖД өкілдері, ардагерлер, қызмет қызметкерлері...

Толығырақ...Details

Қазақстандағы ТЖ жүйесінің цифрлық трансформациясы

06.05.2025
Қазақстандағы ТЖ жүйесінің цифрлық трансформациясы

Төтенше жағдайлар министрлігінде дағдарыстық жағдайларда басқарудың тиімділігін арттыруға, төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою бойынша үйлестіруді қамтамасыз етуге бағытталған...

Толығырақ...Details

Алматы әуежайын дамытуға 362 млн доллар жеке инвестиция тартылады

06.05.2025
Алматы әуежайын дамытуға 362 млн доллар жеке инвестиция тартылады

ҚР Көлік министрлігі мен «Алматы халықаралық әуежайы» АҚ инвестиция мәселелерін нақтылау, іске асыру кезеңдерімен және әуе айлағын одан әрі дамытуға...

Толығырақ...Details

Еліміздегі ең танымал ТОП-10 спорт түрі

06.05.2025
Еліміздегі ең танымал ТОП-10 спорт түрі

Қазақстан Республика Туризм және спорт министрлиги 2024 года жылдың қорытындысысынша еліміздегі ең танымал спорт түрлері туралы деректерді ұсынды. Статистика бұқаралық...

Толығырақ...Details

Жаңалықтар

Семейде жайма-көше саудасы бірнеше есе азайды

8 часов бұрын

Жеңістің 80 жылдығына арналған қалалық байқау

1 день бұрын

Заманауи техниканы ауылға беру: ТЖМ қауіпсіздік стандарттарын теңестіреді

6 дней бұрын

Қазақстандағы ТЖ жүйесінің цифрлық трансформациясы

1 неделя бұрын

Алматы әуежайын дамытуға 362 млн доллар жеке инвестиция тартылады

1 неделя бұрын

Еліміздегі ең танымал ТОП-10 спорт түрі

1 неделя бұрын

5 МАМЫР — ДҮНИЕЖҮЗІЛІК АКУШЕРЛЕР КҮНІ

1 неделя бұрын

ТЖМ ауылдық жерлерде қауіпсіздікті нығайтады

1 неделя бұрын

Биылғы құрылыс маусымы аясында бірқатар жол құрылысы басталады

1 неделя бұрын

Қазақстандық оқушы Азия-Тынық мұхиты аймағының ең мықты лингвисі атанды

1 неделя бұрын
Тағы оқу...

Директор:
Риза Асанқызы Молдашева

Веб-менеджер:
Ерлан Айқынұлы


«Семей таңы» газеті 1969 жылы «Құрмет белгісі» орденімен, 2009 жылы ҚР Президентінің БАҚ саласындағы
грантымен марапатталған.

Редакция мекенжайы:

F18A5H3, Семей қаласы,
Қайым Мұхамедханов көшесі,12.

Байланыс:

Директордың қабылдау бөлмесі — 523657;
бас редактор — 520984;
Жарнама және баспасөзге жазылу бөлімі — 560803;
факс — 520475.

 

e-mail:
info@semeytany.kz


Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігі берген қайта тіркеу куәлігі
№7220-Г, 30.07.2018.ж.


Яндекс.Метрика

© «ABAI AIMAQ MEDIA» ЖШС

Нәтиже табылмады
Барлық нәтижені қарау
  • Жаңалықтар
    • Саясат
    • Мәдениет
    • Қоғам
    • Қылмыс
    • Спорт
    • Экономика
    • Жаһан
    • Көзқарас
  • Мультимедиа
    • Видео
    • Фото
  • Төртінші билік

© «Семей таңы газеттері – Вести Семей» ЖШС