Журналист жолжазбасы
ҚР ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТІ НҰРСҰЛТАН НАЗАРБАЕВ, ТӘУЕЛСІЗДІГІМІЗДІ АЛҒАННАН КЕЙІН, 31 МАМЫРДЫ ЖАЛПЫҰЛТТЫҚ ТАТУЛЫҚ ПЕН САЯСИ ҚУҒЫН-СҮРГІН ҚҰРБАНДАРЫН ЕСКЕ АЛУ КҮНІ ДЕП ЖАРИЯЛАДЫ.
Ақпанның соңы мен наурыздың алғашқы аптасында Мәскеуге барған іссапарымыз да осы ақтаңдақ жылдар құрбандарына тағзым етуге арналды.
Нұр-Сұлтаннан шыққан ұшағымыз Мәскеу уақытымен түнгі сағат 23.40-та әйгілі Домодедово әуежайына келіп қонды. Қазақстан Тәуелсіздігін алғаннан бері 15 миллионнан астам халқы бар алып мегаполис Мәскеуге келудің сәті түспепті. Сонымен, шекарадан асқан соң туған жер мен өзге елдің арасындағы айырмашылықты сарапқа салатын журналистік міндетімізге кірісіп, Ресейде көргеніміз бен көңілге түйгенімізді баяндап көрелік.
Іссапарымыздың негізгі мақсаты — Әлихан Бөкейханның туғанына 155 жылдығына орай Қазақстанның Ресейдегі Елшілігінің ұйымдастыруымен Донской зиратында өткізілетін еске алу іс-шарасына қатысып, «үлкен террор» деп аталған қырғын жылдарында азаттық жолында құрбан болған ардақтыларымыздың рухына тағзым ету.
Мәскеудегі Донской зиратында ұлтымыздың ардақты ұлдары, Алаш Орда үкіметінің қайраткерлері Әлихан Бөкейхан, Нығмет Нұрмақов, тағы да басқа азаттық жолында құрбан болған зиялылар жерленген екен. Іс-шараға Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Төтенше және өкілетті елшісі Ермек Беделбайұлы Көшербаев, Елшілік қызметкерлері, Әлихан Бөкейханның немере інісі Нұрым Райымжанұлы және «Алаш» қозғалысын зерттеуші, тарих ғылымдарының докторы, профессор Дина Ахметжанқызы Аманжолова қатысты.
«…Біз кезінде елге қызмет етудің озық үлгісін көрсеткен Алаш қайраткерлерінен тағылым аламыз. Олар өткен ғасырдың басында тәуелсіздік идеяларын халық арасында дәріптеуге зор еңбек сіңіріп, азаттық жолында құрбан болды. Тәуелсіздігіміздің мерейтойы аясында осындай біртуар тұлғаларды еске алып, олардың мұрасын жастарымызға және бүкіл әлемге паш етуіміз керек…»
Қасым-Жомарт Тоқаев,
«Тәуелсіздік бәрінен қымбат»
Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 1 наурызды Алғыс айту күні деп белгілеген болатын. Дәл осы күні Қазақстанның Ресейдегі Елшілігінің тарапынан Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай ұйымдастырылған мәдени шаралардың бірі қазақ елінің бүгінгі тәуелсіздігі жолында құрбан болған арыстар рухына тағзым етіп, алғыс айтудан басталды. Ұлттық идеяның басында тұрған талай зиялыларымызға туған жердің бір уыс топырағы да бұйырмағаны белгілі. Қоғам және мемлекет қайраткерлері, «Алаш» партиясы көшбасшылары болған ғалым, публицист Әлихан Бөкейхан, Нығмет Нұрмақов, Тұрар Рысқұлов сияқты тұлғаларымызға топырақ Ресей жерінен бұйырған.
Мәскеудің қақ ортасында орналасқан Донской зиратындағы ардақтыларымыз жатқан бауырластар моласындағы ескерткіш тақтаға Қасым Аманжоловтың:
Ей, тәкаппар дүние!
Маған да бір қарашы.
Естисің бе сен мені,
Мен қазақтың баласы, —
деген өлең жолдары жазылыпты.
Әлихан Бөкейхан мен Нығмет Нұрмақов бір күнде, 1937 жылдың 27 қыркүйегінде, ату жазасының құрбаны болған. Жалпы саны 5 мыңдай адам жерленген бұл зираттағы алаштың қос арысы жатқан төмпешіктегі тақтайшалардан татар жазушысы Махмуд Галяу, еврей ұлтының қайраткері Григорий Лазаревич Авербах, саяси террор құрбаны болған Ольга Акимовна Шумаева сияқты көптеген есімдерді оқыдық. Донской зиратында жатқан жаппай қуғын-сүргін құрбандарының ұлты бөлек болғанымен, мақсаттары бір — ұлт тәуелсіздігі идеясы болатын. Осы бауырластар зиратындағы белгі — ескерткіш тақталар арасынан 1933 жылдан БК(б)П Қазақ өлкелік партия кеңесінің, Қазақстан Коммунистік партиясы ОК бірінші хатшысы қызметтерін атқарған Левон Мирзоянның есімі де көзімізге шалынды. 1937 жылы желтоқсанның 2-сі күні Сталинге: «Бізге бірінші санат бойынша 8 мың, екінші санат бойынша 8 мың антисоветтік элементтерді репрессиялауға құқық берілді. Бұл лимит толық пайдаланылып, 1600 адамға асыра орындалды. Қалғанын толық жою үшін екі санат бойынша тағы да 1600 адамды репрессиялауға рұқсат етуіңізді сұраймыз»,- деп хат жазған, өзін «Мырзажан» деп еркелеткен халықты қырып-жойып, нәубетке ұшыратуда ерекше белсенділік танытқан Мирзоянның өзі де көп кешікпей, 1939 жылы, осы зиратқа келіп жайғасқан екен. Адам қаны жіберсін бе?
Әлихан Бөкейханның 155 жылдығына арнап Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Елшілігі ұйымдастырған шара барысында Донской зиратындағы сталиндік репрессия құрбандары жерленген ортақ қабірге гүл шоқтары қойылды. Қазақстанның Ресейдегі Елшісі Ермек Көшербаев:
— Біздің міндетіміз – Алаш мұрасын білу, зерделеу және Еуразия кеңістігі мен одан тыс жерлерде насихаттау. Мәскеудегі Донской зиратында жерленген қазақ қайраткерлерінің ескерткіш тақтасын көріктендіру мәселесі де Елшіліктің назарында. Сол қиын кезеңде жеке адамдар ғана емес, тұтас халықтар да тоталитарлық жүйенің құрбаны болды. Қазақстан осындай тағдыр тәлкегімен еріксіз қоныс аударған түрлі этностардың миллиондаған өкілінің құтты қонысына айналды. Осыдан 5 жыл бұрын Тұңғыш Президентіміз — Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жаңа мереке — 1 наурызда атап өтілетін Алғыс айту күнін белгілеу туралы бастама көтерді. Әлихан Бөкейханның туғанына 155 жыл толу мерейтойына арнап Донской зиратында еске алу іс-шарасын өткізудегі мақсатымыз да қазақ мемлекеттілігі идеясының бастауларында тұрған ұлт ардақтыларының рухына тағзым етіп, жарқын болашағымыз үшін бүгінгі ұрпақтар атынан алғыс айту болатын. Мұндай елді толғандыратын мәселелерді алдын ала қадағалап, бақылауда ұстап отыру үшін, қазіргі таңда Елшілік Ресей аумағындағы қазақтың көрнекті тұлғаларына арналған ескерткіштердің тізімін жасап жатыр. Ресейде Отанымызға қатысты 60-тан аса естелік нысандар бар. Елшілік тарапынан бұл орайда атқарылатын жұмыстардың ауқымды жоспары жасалған, — дейді.
Донской зиратындағы еске алу шарасына қатысқан Әлихан Бөкейханның немере інісі, Мәскеу мемлекеттік технологиялық университетінің профессоры Нұрым Бөкейханов кеңестік өмірінде атақты туысының есімі айтылмағанымен, әкесінің «халық жауының» ұрпағы ретінде талай қиындықтарға тап болғанын (университеттен шығарылды, содан кейін жұмыстан шығарылған) айтты. «Дегенмен әкем бізге жақсы білім бере алды, мен химия саласының ғалымы болдым. Әлихан Бөкейханды ақтау туралы тиісті орындарға әкемнің талай өтініш жазғаны есімде. Сол арманымыз тек 1989 жылы орындалып, бір күні көптен күткен және әділ шешім шығарылғаны жайлы сүйінші хабарды жеткізген хат алдық», – дейді Нұрым Бөкейханов.
Әлихан Бөкейханның жерленген орны 1990-жылдардың басында «Өлім тізімдері: Донское зираты. 1934-1940» кітабы шыққаннан кейін ғана айтыла бастады. Кейіннен оның 1937 жылғы 27 қыркүйекте атылып, сол «ату тізімінен» өткендер қатарында мемлекет қайраткері Нығмет Нұрмақовтың да бірге жерленгені туралы ақпарат пайда болды. 1989 жылдың мамыр айында Әлихан Бөкейхан әрекеттерінде қылмыс құрамының болмауына байланысты КСРО Жоғарғы сотының қаулысы бойынша ақталды.
Ресей Ғылым академиясының Ресей тарихы институтының жетекші ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының докторы, профессор Дина Аманжолова Әлихан Бөкейханды тек қазақстандық қана емес, сонымен қатар еуразиялық ауқымдағы тұлға деп атады.
— Ол көп қырлы тұлға, білімі бойынша, тәжірибесі бойынша көпшіліктен жоғары, сол кездегі қазақтар арасында жалғыз кәсіби саясаткер болған. Әлихан Бөкейхановтың жеке басы бүгінгі ұрпаққа үлгі-өнеге болуы керек. Өткен тарих біз үшін қаншалықты қайғылы болса да, елін сүйіп, сол жолда құрбан болған тұлғаларымызды байсалдылықпен еске алып, рухтарына құрмет көрсету, сабырмен есте сақтау маңызды, — деді Дина Аманжолова.
БАУЫРЖАН МОМЫШҰЛЫ АТЫНДАҒЫ МЕКТЕПТЕ
Ресейдің астанасы Мәскеудегі іссапарымыз Зеленоград қаласында жалғасты. Мәскеудің Зеленоград округіндегі №1912 мектепке Бауыржан Момышұлының есімі 2010 жылы Жеңістің 65 жылдығы мен Батырдың туғанына 100 жыл толуын мерекелеу аясында ҚР РФ Елшілігінің қолдаухаты бойынша берілген екен. Таңдаудың нақ осы мектепке түсу себебі — 1941 жылы Крюково кентінің маңында болған қанды шайқаста даңқты қолбасшы, жазушы, Кеңес Одағының Батыры, Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлы командир болған 19-гвардиялық атқыштар полкі ерен ерліктің үлгісін көрсетіп, Мәскеуді жау қолына бермеген. 2010 жылы Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Елшілігінің көмегімен Момышұлы атындағы мектеп музейі құрылып, білім ұясының ауласында Батырдың қола мүсіні орнатылыпты.
Қазақстанның Ресейдегі Төтенше және өкілетті елшісі Ермек Көшербаев бастаған делегация №1912 орта мектептің ауласында орнатылған Батырдың ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, Момышұлы мен аты аңызға айналған Панфилов дивизиясына арналған мектеп мұражайының экспозициясымен танысты.
Оқытушылармен және оқушылармен кездесуде Ермек Беделбайұлы қазақ батырының есімін есте сақтағаны үшін ризашылығын білдіріп, бүгінгі бейбіт өмірге қандай қиындықпен келгенімізді ұмытпауға шақырды. Сонымен қатар жас ұрпақты елдің бостандығы мен тәуелсіздігі үшін жанын қиған ерлердің ерлігі мен адалдық үлгілері бойынша тәрбиелеудің маңыздылығын атап өтті.
Өз кезегінде мектеп директоры Андрей Курсаков Отан қорғау жолында от кешкен батырлардың есімін мәңгі есте қалдыру мақсатында өздерінің тарапынан атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндап берді. Момышұлының 110 жылдығына орай онлайн-конференция өтіпті. Сонымен қатар мектеп музейінің экспозициясын цифрландыру және жыл соңында қазақстандық мектептермен телекөпір ұйымдастырып, Мәскеу үшін болған шайқастың 80 жылдығын кеңінен атап өту жоспарларымен бөлісті. 8-сынып оқушысы Евгений Воробьевтің айтуынша, мектеп музейіне, Момышұлының өмірі мен қызметі туралы семинарларға тек осы мектеп оқушылары ғана емес, сонымен қатар жақын маңдағы мектептердің оқушылары да қатысады, ал өткен жылдың қараша айында Батырдың майдандағы шайқастарының бағыттары бойынша экскурсия жасалыпты. «Мен Момышұлының ерлігіне тәнтімін, ол көрнекті әскери және қоғам қайраткері болған. Оның әйгілі «Момышұлы спиралі» ұрыс тактикасына тек кеңес қолбасшысы Константин Рокоссовский ғана емес, сонымен бірге неміс генералы Эрих Гепнер де жоғары баға берді», – дейді Евгений Воробьев.
Ермек Көшербаев мектеп мұражайына Бауыржан Момышұлының үлкен портретін сыйға тартты. Мектеп оқушыларын Елшіліктің мұражайын келіп көруге, Қазақстан туралы білімдерін толықтыра түсуге шақыра отырып, Батыр Бауыржан Момышұлының еліндегі замандастарымен байланыс орнатуға да кеңес берді.
МӘСКЕУДЕГІ ҚАЗАҚ ЖАСТАРЫ ЕЛБАСЫН ҮЛГІ ТҰТАДЫ
Ресей қазақстандық жастар үшін білім алуда ең тартымды мемлекеттердің біріне айналды. Бүгінде Ресейдің түрлі жоғары оқу орындарында 70 мыңға жуық қазақстандық студент оқиды екен. Көршілес қос мемлекеттің бейінді министрліктері мен жоғары оқу орындары деңгейінде, оның ішінде профессорлық-оқытушылық құрам арасында тәжірибе алмасу, академиялық ұтқырлық, сондай-ақ білім беру саласында 2021 жылға арналған бірлескен жобаларды іске асыру аясында тығыз өзара іс-қимыл жүзеге асырылады. Осы сапарымызда Қазақстанның Ресейдегі Елшілігінде «Болашақ» бағдарламасының стипендиаттарымен және Мәскеудегі жоғары оқу орындарында оқитын қазақстандық бір топ студенттермен кездестік. Олардың қатарында Ресейдің ұлттық зерттеу университетінде (МИСИС), Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде, Бүкілресейлік Герасимов атындағы кинематография (ВГИК) институтында оқитын жастар болды.
Бұл кездесуде Ресейде және басқа мемлекеттерде білім алып жатқан қазақ жастарын ойша салыстырғанымды жасырмаймын. Әлеуметтік желі арқылы АҚШ-тағы жұмақ өмірін айтып замандастарын желіктірген кейбір жеңілтек жастардан оқ бойы озық тұрған Қазақстанның болашағын көрдім. Ойлары орнықты жастардың сөздерінен өз болашақтарын елімен байланыстыратынын аңғардым. Мейірман Келесов, Асыл Естекбаева, Дәулет Ғаниев, Қазбек Рүстембеков, Еламан Шауманов, тағы да басқа «Болашақ» бағдарламасы аясында магистратурада оқып жатқан жастар өз сөздерінде ресейліктердің қазақ халқына деген құрметін ерекше атап өтті. Ал өздері Тәуелсіздігін алғанына 30 жыл ғана болған Қазақстанның бүгінгі жетістіктерін елдің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен байланыстыратындықтарын айтты.
АБАЙДЫ МӘСКЕУЛІКТЕРГЕ ЖАҢА ҚЫРЫНАН ТАНЫТҚАН ЕСКЕРТКІШ
Осы сапарымның аясында қазақ тұлғаларына қатысты, еліміздің тарихына байланысты нысандарға кіріп шығуға тырыстым. Солардың бірі — 2006 жылы Мәскеудегі «Чистопрудный бульвары» саябағында ашылған Абай ескерткіші.
Естеріңізде болар, 2012 жылдың жазында Алексей Навальный Путинге алғашқы қарсылық акциясын тап осы жерде өткізген болатын. Алексей Навальный ғаламтордағы блогына: «Мен Чистые пруды бульварындағы саябаққа қойылған бір белгісіз қазақтың ескерткішінің қасында отырмын», — деп жазады. Кейіннен, ол ескерткіштің қазақтың ұлы ақыны Абайдікі екенін естіген соң, А.Навальныйдың 200 мыңға жуық оқырманы жаппай Абайды оқи бастады. Осы оқиға туралы ғаламтордағы ақпаратта: «Благодаря российскому оппозиционеру Алексею Навальному имя великого казахского поэта Абая Кунанбаева стало известно огромной армии пользователей микроблога «Твиттер», немесе: «Казахский поэт и просветитель XIX века Абай Кунанбаев стал главным символом протестных акций, продолжающихся в Москве. Неожиданная популярность Абая среди интернет-сообщества Москвы вызвана тем, что москвичи, протестующие против политики Владимира Путина, собираются именно около его памятника на Чистых прудах. Российские телеканалы, среди которых НТВ и «Дождь», посвятили несколько сюжетов Абаю Кунанбаеву и его роли в протестах оппозиции. В эфире телеканала «Дождь», например, говорится: «Оказалось, что несогласные неожиданно выбрали нужное место. Абай Кунанбаев, прославившийся в конце XIX века, сам был вольнодумцем и борцом с диктатурой власти. Весьма символично. Не зря вокруг этого памятника собираются оппозиционеры…» — деп жазыпты. Міне, «Чистые пруды» бульварында Абай ескерткіші жанындағы оппозиция өкілдерінің басқосуынан кейін Мәскеудегі Абайдың танымалдығы арта түскенін осы жолдардан-ақ аңғаруға болады.
АҚТАҢДАҚ ЖЫЛДАР АҚИҚАТЫ
ҚР ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТІ НҰРСҰЛТАН НАЗАРБАЕВ, ТӘУЕЛСІЗДІГІМІЗДІ АЛҒАННАН КЕЙІН, 31 МАМЫРДЫ ЖАЛПЫҰЛТТЫҚ ТАТУЛЫҚ ПЕН САЯСИ ҚУҒЫН-СҮРГІН ҚҰРБАНДАРЫН ЕСКЕ АЛУ КҮНІ ДЕП ЖАРИЯЛАДЫ.
Мәскеудегі іссапарымыз кезінде ГУЛАГ тарихы музейіне барып, тарихтың ақтаңдақ жылдарының белгілерін көріп, таныстық…
Осы жерде Одақ тұсындағы мына бір саяси әзіл ойыма орала берді:
Бірінші мамыр күнгі Қызыл Алаңда өткен мерекелік шеруге өте кәрі еврей «Жолдас Сталин, менің бақытты балалық шағым үшін Сізге рақмет!» деген плакатты алып шығады. Коммунистік партияның өкілі жаңағы қартқа жақындап: «Бұл не? Біздің партияны мазақ етіп жүрсің бе? Сенің бала кезіңде жолдас Сталин әлі тумаған емес пе?!» — дейді. Сонда қария: «Балалық шағымның Сталинсіз өткені үшін мен оған алғыс айтамын!»- деп жауап береді.
Мәскеудегі ГУЛАГ мұражайын аралап жүргенде «Бақытты балалық шағым үшін рақмет, Сталин жолдас!» деп аталатын плакат негізінде жасалған мүсін көзіме түсті. Геля атты бурят қызының Сталинмен түскен суреті бейнеленген плакат Одақты Сталин басқарған уақыттың идеологиялық тұрғыдан трендіне айналғанын тарихтан білеміз. Сол тұста Энгельсина Маркизова мен Сталиннің бірге түскен суреті барлық қоғамдық орындарда, мектептерде, саябақтарда, тіпті шаштараздарда ілініп тұрған. Шаштараздарға келген қыз балалар тарапына шаш үлгісін Геля Маркизованікіндей қылып жасауға өтініш жиі болған деседі. Арада бір жарым жыл уақыт өткенде бурят қызы Геляның бақытты балалық шағы тозаққа айналады. ВКП (б) Монғол-Бурят автономиялық облыстық комитетінің екінші хатшысы болған әкесі Ардан Маркизов Сталиннің «қара тізіміне» ілініп, 1938 жылы атылады. Анасы отанын сатқандардың әйелдері қатарында сотталып, кейіннен Қазақстанға жер аударылады.
Бір қарағанда, жаппай қырып-жою, террор, азаптау арқылы миллиондаған адамдардың өмірін қиған жантүршігерлік фактілерге толы сталиндік билік жылдары жайлы баяндау үшін осы екі әңгіме жеткілікті де болар. Алайда бұл қаралы жылдар қасіретін бір-екі сөзбен жеткізу мүмкін емес…
ГУЛАГ мұражайы — 1930 жылы Сталиннің тікелей бұйрығымен бұрынғы Одақтың аумағында ашылған еңбекпен түзету лагерьлері жайлы деректердің жиынтығы. Музейдің бір залында толықтай азап лагерьлерінің есіктері жинақталыпты. (Небір азаптың куәсі болған осы есіктерге тіл бітсе, біз әлі де білмейтін талай құпияны ақтарар еді-ау).
Музейде азап лагерьлерінде болғандар жайлы карточкалар мен экран арқылы көруге болатын суреттер, құнды деректер аз емес екен. ГУЛАГ лагерінде болған адамның туған жылы мен толық өмірбаяны жинақталған мағлұматтар да бар. Сондай-ақ қамауға алынғаны, қай лагерьден қандай лагерьге ауыстырылғаны және қашан бостандыққа шыққаны туралы мәліметтермен де танысуға болады. Мұндағы құнды деректердің қатарында сол зұлматты көздерімен көріп, талай қиындықты бастан кешкен ұрпақтардың естеліктері мол екен. Жазушы Галина Серебрякованың қызы Зоя Серебрякованың, «халық жауының» ұрпағы болғаны үшін қиындықтарға тап болған биология ғылымдарының докторы, профессор Ихсан Магомедовтің, тағы да басқалардың аудиоестеліктерін тебіренбей тыңдау мүмкін емес.
Музейден ауыр жүк арқалап шыққандай болдым.
Тұлғаларына туған жерінен топырақ бұйыртпаған тар заман, зар заманның азалы дауысы ұзақ уақыт құлағымда жаңғырып тұрып алды…
Мағжанымыз — Магаданда, Мұстафамыз — Берлинде, Әлихан, Нығмет, Тұрарларымыз — Мәскеуде жатыр…
Мәскеуде болған бұл сапарымызда уақыттың тапшылығына байланысты Тұрар Рысқұловтың зиратына барып тағзым етуге мүмкіндік болмады. Дегенмен Алаш ардақтысы тұрған Покровский бульварындағы 14-үйге қойылған ескерткіш тақтаны арнайы барып көрдім.
Танымдық маңызы зор іс-шараға қатысуымызға мұрындық болған Қазақстанның Ресейдегі елшісі Ермек Беделбайұлы КӨШЕРБАЕВҚА, осы сапарға барып-қайтуымызға қолдау көрсеткен Семей қаласының әкімі Нұрымбет Аманұлы САҚТАҒАНОВҚА алғыс айтамын.
Риза МОЛДАШЕВА,
Семей – Нұр-Сұлтан – Мәскеу – Нұр-Сұлтан – Өскемен – Семей{jcomments off}