Ұлыстың ұлы күні – Әз Наурызды семейліктер биыл да жоғары деңгейде атап өтті. Жылдағы дәстүрге сәйкес, қала бойынша 50-ге жуық қазақ үйлер тігіліп, 22 наурыз күні сағат 10.00-де Орталық алаңнан бастау алған мерекелік шара сағат 11.00-ден бастап Әуезов алаңы мен «Жаңа Көктем» сауда үйі және «Кең сарай» мейрамханасы мен Силикат зауыты жанында бір уақытта кеңінен тойланды.
Қала бойынша тігілген 50-ге жуық ақшаңқан қазақ үйлердің 20-дан астамы осы Орталық алаңнан орын тепкен. Сонымен қатар, Орталық алаңға қойылған алтыбақандар да мерекенің сәнін кіргізіп, осылайша қаланың орталығы бір-ақ сәтте қазақы қалашыққа айналып шыға келді. Төл мерекенің тойын тамашалау үшін қазақ үйлерімен қатар, әдемі гүлдер мен ұлттық нақыштағы «Наурыз» мерекесінің символы қойылған Орталық алаңға еңбектеген баладан еңкейген қарттарға дейін көптеп жиналды. Жиналған жұрт ең алдымен Абай театрының алдына шоғырланды. Қала әкімі Айбек Кәрімов семейліктер мен қала қонақтарын осынау ұлық мереке – Наурыз күнімен құттықтады.
— Қадірлі қауым! Ардақты ағайын! Адам баласының негізгі мақсаты – жақсылыққа ұмтылу. Наурыз мерекесін сол жақсылықтың жаршысы деп есептеймін. Бұл кезде жан-жануар түлеп, тал-тоғай бүрлеп, жауқазын гүлдеп, төңірегіміз жаңа сипатқа ене бастайды. Ақ пен қара алмасып, түннің қараңғысын күннің жарығы жеңеді. Қыстың ызғарын ығыстырған Күннің шуағы Жердің тоңын жібітіп, тіршілік атаулыға жаңа серпін береді. Табиғаттың жаңғырып-жасаруын, өсіп-толысуын жасампаз халқымыз аса бір қошеметпен қабылдай білген. «Жан-жануар, адамзат анталаса, Ата-анадай елжірер күннің көзі» деген Ұлы Абайдың өлеңдері осы мерзімді дәлме-дәл суреттейді.
Біздің еліміз Наурыз мерекесіне үлкен мән беру арқылы береке-бірліктің, ынтымақ пен достықтың, тәртіп пен тазалықтың терең тамыр жаюына ықпал еткен. Адамдар Ұлыстың ұлы күніне аман-есен жеткеніне шүкіршілік етіп, өкпе-реніштері болса ұмытып, алдағы уақыттың жақсылық әкелетініне үлкен сеніммен қараған. Жаңа күнді лайықты қарсы алу үшін айналасы мен үй ішін тазартып, бар ынтамен әзірлік жасаған. Бұл күн – көпшілік ортасында кешірім мен мейірім, ізгілік пен сыйластық кең орын алуымен ерекше. Мемлекетіміздің жарқын болашағын мақсат тұтқан Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан – 2050» Стратегиясы мен бірге «Мәңгілік Ел» идеясын ұсынып отыр. Наурыз тағылымы — «Мәңгілік Ел» мүддесімен өзектес екеніне айрықша мән беруіміз қажет. Ұлт бірлігі, халықтар достығы орныққан Отанның ғана келешегі кемел, ертеңі еселі болмақ, — деп атап өтті өз сөзінде қала басшысы.
Айбек Мүталапханұлы құттықтау кезінде Семей қаласының әлеуметтік – экономикалық дамуы, өңірдегі атқарылған игі істерге де кеңінен тоқталды.
— Қазақстан қуатының арта түсуіне әркез тілеулес Семей халқы Жылан жылын жоғары табыстармен аяқтап, Жылқы жылын көтеріңкі көңіл-күймен қарсы алды. Семей қаласының дамуы биыл да тың серпіндерге толы болатынына сенім мол. Құрметті жерлестер! Жыл иесі жылқыны – біздің халық төрт түліктің төресіне балаған. Еліміздің кешегі тарихы мен бүгінгі өмірінде арғымақтың орыны айрықша. Тұлпар бейнесіне Елтаңбамыздан лайықты орын берілуі соның айғағы. Сәйгүліктің серті — алға ұмтылып, топты жарып шығу! Шапшаңдық пен шыдамдылық, сұлулық пен мекенсүйгіштік жылқы малына тән ерекшелік. Осы ерекше белгілер жерлестеріміздің ырысын молайтып, ынтымағын арттыруға ықпал етсін демекпін. Жылқы мінездес халқымыз үшін биылғы жыл жақсылыққа толы болады деп үміттенеміз. Әз Наурыздағы әр тілек қабыл болсын! Әр шаңыраққа Қыдыр қонып, бақ дарысын! – деген А.Мүталапханұлы жиналғандар алдында ақ тілегін жеткізді.
Қала әкімінің құттықтауынан кейін «Возрождение» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Лилия Гончарук Шығыс халықтарының Жаңа жылы саналатын, жалпы, адамзат баласына ортақ мереке – Әз Наурыз күнімен Орталық алаңға жиналғандарды қаладағы барлық ұлттық-мәдени орталықтардың атынан құттықтады.
Наурыз мерекесінің салтанатты ашылу рәсімі де әсерлі басталды. Шаһардағы түрлі білім ордаларының қатысуымен, қалалық ішкі саясат бөлімі мен мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бірлесіп ұйымдастыруымен жастар театрландырылған көріністер қойды. Ұлттық киімдер киген мектеп оқушылары мен колледждер және жоғары оқу орындарының студенттері салтанатты шараға зор дайындықпен келген екен. Олар қойған театрландырылған көріністі тамашалаған жұртшылықтың көңілдері көтеріліп, шат-шадыман күй кешті.
Бұл күні күмбірлеген күйлер де шертілді, әуелеген әндер де шырқалып, алаңды жаң-ғыртты. Қаланың үздік әртістерінің эстрадалық әндерімен қатар, түрлі ұлт өкілдерінің өнерпаз ұжымдары ұлттық аспаптардың сүйемелдеуімен нақышына келтіре орындаған дәстүрлі әндері де мерекеге жиналған көпшіліктің қошеметіне бөленді.
Қала әкімі Айбек Кәрімов бастаған барлық сала басшылары мен қазыналы қарттар қазақ үйлерінің біріндегі дастархан басында бас қосып, ұлттық тағамдардан дәм татты. Дастархан басында сөз алғандар ақжарма ақ тілектерін ақтарып, елдің тыныштығы мен бейбітшіліктің баянды болуын тіледі. Ал, ақсақалдар ақ батасын берді.
Салтанатты шара барысында қолөнер бұйымдарының көрмесі де ұйымдастырылды. Мысалы, № 4 нашар еститін балаларға арналған мектеп-интернаттың оқушылары жасаған түрлі қолөнер бұйымдары мерекеге келген жұртшылықтың назарын еріксіз өзіне аударды. Онда кәдесыйлар және түрлі ұлттық бұйымдармен қатар, биылғы жыл иесі – Жылқының мүсіні мен атқа қонып, қолына қылыш ұстаған батырлар мен домбырасын асынған тарихымыздағы сал-серілердің мүсінін де көптеп кездестіруге болады.
Сонымен қатар, «Наурыз — батыр» атты қазақ күресі мен арқан тарту, гір көтеру, асық ату, тоғызқұмалақ сияқты ұлттық ойындар мен жасөспірімдер арасындағы шағын футбол, мергендер сайысы (шарды жару) сияқты бұқаралық спорт түрлерінен де бірқатар жарыстар өткізілді. Қазақ күресі спорт түрінен өткен жарыста біршама балуандар белдесіп, нәтижесінде жауырыны жер иіскемеген Еркебұлан Сапарғалиев есімді балуан мықтылығын танытып, «Наурыз – батыры» атанды. Бас жүлдені қанжығаға байлаған балуан сыйлық ретінде бір қошқарға ие болды.
«Үздік киіз үй» байқауы биыл да жалғасын тапты. Ұлттық үрдістің жарқын үлгісін көрсетіп, жасау-жабдығы әдемі ою-өрнектермен безендірілуі арқылы Наурыз нақышын бейнелеп, сондай-ақ, ұлттық тағамдарды әзірлеп, қонақ күтуде де салт-жоралғыларды сақтай білген киіз үйлердің үздігі салтанатты шара барысында анықталды. Нәтижесінде қалалық білім бөлімі тіккен үй І орын, Семей қаласының Шәкәрім атындағы мемлекеттік университетінің қазақ үйі ІІ орын, ал, Семей мемлекеттік медицина университетінің қазақ үйі ІІІ орынға ие болды. Барлық жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен марапатталды. Айтпақшы, биыл алғаш рет қала жастарының киіз үйі тігілді. Қалалық ішкі саясат бөліміне қарасты «Жастар орталығы» КММ мен «Қазақстан жастарын қолдау» қоғамдық бірлестігі, «Нұр Отан» партиясының Семей қалалық филиалының «Жас Отан» жастар қанаты және «Семей қаласы студенттер Альянсы» корпоративтік қорының бірлесіп, Орталық алаңға тіккен «Жастар» қазақ үйінде де мерекелік дастархан жайылып, меймандарға ұлттық тағамдар, наурыз көже ұсынылды.
{jcomments on}
Онда келушілер қатары да аз болмады. Олардың ішінде ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Серік Қоржыкенов пен ШҚО қазақ күресі қауымдастығының вице-президенті Амантай Хазымұлымен бірге «Қазақстан барысы» республикалық турнирінің жеңімпазы, батыр балуан Айбек Нұғымаров та болды. Мұнда да меймандардың құрметіне күміс көмей әншілер өнер көрсетіп, жас ақындар арнауларын айтты. Айта кету керек, «Жастар» киіз үйінде ғаламтор желісіне қосылған компьютер де қойыл-ған. Онда Елбасының «Мәңгілік Ел» идеясы мен «АТОМ» жобасына қолдау көрсетушілердің аты-жөндері тіркеліп отырды. Тіркеуден өтуге ниеттілер саны да аз болмады.
Әуезов алаңында болған мерекелік шараға да келген халықтың қарасы қалың болды. Ресми басталу уақыты сағат он бір деп белгіленгенімен тұрғындар Наурызды тойлауды одан ерте бастады. Жиналған жұртшылықтың көңіл күйіндегі қуанышты жүздерінен аңғаруға болатын еді. Бірі алтыбақан теуіп, енді бірі арнайы ұйымдастырыл-ған ойындарға қатысып ептілігіне сай сыйлықтар алып жатса, қолөнер бұйымдарына қызыққандары алаңды жағалай орналастырылған көрме сөрелерін тамашалады. Дәстүр бойынша жиналған халыққа арнап қазақтың ұлттық тағамдары мен наурыз көже де әзірленген болатын. Ұлыстың ұлы күнін тойлауға келген тұрғындарды қала әкімінің орынбасары Жағыпарбек Елубаев құттықтады. Жағыпарбек Елубайұлы Наурыз мейрамының мәні жылдан- жылға артып келе жатқанын айта келе, алаңға келген қауымға зор денсаулық пен береке-бірлік тіледі. Шара қаламыздың өнер ұжымдары әзірлеген әсем әуен мен әдемі әзіл аралас мерекелік концертке ұласты. Алдар Көсе мен Қожанасыр, Тазша бала сияқты ұлттық фольклордың кейіпкерлері сахнаға шығып, қағытпа қалжыңдарымен көрермен көңілін көтерді. Соңынан жиналған жұртқа Қыдыр ата ақ батасын берді.
Биылғы жыл әртүрлі мерейтойлар жылы. Нақтырақ айтқанда, Шәкен Аймановтың туғанына 100 жыл, әйгілі суретші Әбілхан Қастеевтің туғанына 110 жыл толады, Бибігүл Төлегеновадай халқымыздың бұлбұл әншісі 85 жасқа келеді. Сондай-ақ, «Семей таңы» газетінің 95 жылдығы, Абай атындағы сазды-драма театрының 80 жылдығы, Семей-Невада антиядролық қозғалысының 25 жылдығы, «Нұр Отан» партиясының 15 жылдығы сияқты ауқымды оқиғалар қамтылған жыл. Ұлыстың ұлы күні ұйымдастырылған шараның тақырыптары да осы мерейтойларға арналды. Сахнада айтылуымен қатар, атаулы даталар, қолөнер бұйымдары көрмесінен де өз деңгейінде көрініс тапқан. Қала мектептерінің оқушылары мен белгілі шеберлер әзірлеген кәдесыйлар әдемілігімен қатар, бір-біріне ұқсамайтын даралығымен ерекшеленді. Сондай-ақ, халық назарына оқушылардың мерейтойларға орай салған суреттері ұсынылды. Жас дарындардың туын- дыларына қарап тұрып, Шәкен Айманов, Әбілхан Қастеев, Бибігүл Төлегенова сияқты тұлғалардың қазақ өнеріне сіңірген еңбектері жайлы білуге болатындай. «Семей таңы» газетінің 95 жылды-ғына, Абай атындағы сазды-драма театрының 80 жылдығына, Семей-Невада антиядролық қозға- лысының 25 жылдығына, «Нұр Отан» партиясының 15 жылдығына арналған суреттер мен қолөнер бұйымдары мерейтойлардың қаншалықты мәнге ие екендігінен хабар беріп тұрды.
Ұлыстың ұлы күнін тойлауға келген халық болса, бір-бірін мерекемен құттықтап, жүрекжарды тілектерін айтып жатты. Сондай-ақ, тұрғындар Нау- рызға арналған шаралардың жақсы деңгейде ұйымдастырылғанын ерекше атап өтті. Мысалы, Рузия Сағадиева есімді әжеміз:
-Біз үлкендер қауымы Әз Наурыздың ұлы мереке екенін, күн мен түннің теңелетін күн екенін, теңдесі жоқ мереке екенін жастарға жеткізуге тырысып отырамыз! Наурыз мерекесі құтты болсын! Семей халқының денсаулығы мықты болсын! Бақ-береке қонсын! Алла не берсе де қайырымен беріп, ел-жұртымыз аман болсын! Президентіміз айтқан «Мәңгілік Ел» дәрежесін ұстап тұрайық!,- деп өзінің лебізін білдірді.
Сұхбаттасқан аға буын өкілдерінің барлығының тілегі осындай болды. Ұлыстың ұлы күнін мерекелеуге келген бауырлас ұлттардың өкілдері де өздерінің лебіздерін білдіріп, Әз Наурыздың мән-маңызы жайлы ойларын айтып жатты. Мәселен, Замир Азылов есімді қала тұрғыны мерекенің Шығыс халқы үшін аса маңызды екеніне тоқталып өтті.
— Наурыз мерекесі бәрімізге құтты болсын! Ұлыстың ұлы күні аталатын мейрамның барлық мұсылман халықтары үшін маңызы өте зор. Қаншама ұлт өкілдерінің шат-шадыман болып, Әз Наурызды тойлап жатқанын көріп отырмыз. Ұлыстың ұлы күнін тойлау еліміздің ынтымағын арттыра түсетіні белгілі. Ал, ынтымақ-бірліктің артуы Елбасы айт-қандай «Мәңгілік Елге» айналуымыздың басты кепілі,- деп өзінің жүрекжарды тілегін жеткізді.
Ал, Цементшілер кентіндегі «Көктем» сауда үйінің де маңында мереке мәнді өтіп, жиылған жұртшылықтың қарасы көп болды. Ұлыстың ұлы күнін ұлықтауға арналған шараның шымылдығын қала әкімі аппаратының басшысы Шаған Жұмақсанов ақжарма тілегімен ашты.
— Қымбатты семейліктер! Сіздерді көктемнің шуақты мерекесімен құттықтаймын. Бұл күні күн мен түн теңеліп, табиғат оянып, жаңаша серпінге ие болатын кез. Наурыз мейрамы қазақ халқы үшін шоқтығы биік, мәртебелі мереке. Бүгін осы алаңға жиылған сансыз көп семейліктерге қарап, бұл мереке біздің бірлігімізді нығайтып, ынтымағымызды арттыратыны сөзсіз деуге болады. Сіздерге сәттілік тілеймін, — деп атап өтті Шаған Манапұлы.
Жиылған жұртқа «Көктем» сауда үйінің директоры Ерғали Мергенбаев та ыстық ықыласын жеткізіп, жиылған жұртты Әз Наурыз мерекесімен құттықтады.
— Мұндай мерекені атап өту біз үшін дәстүрлі игі шараға айналды. Ұлыстың ұлы күнінде ауа райы да шуақ шашып тұрғандай. Мейрамды атап өтуде кәсіпкерлер мен сол жағалаудың депутаттары белсенділік танытты. Қала тұрғындары мен қонақ- тарына берекелі Наурыз мейрамын жақсы өткізулеріне тілектеспін. Мереке құтты болсын, қымбатты жерлестер!- деп атап өтті өз құттықтауында Е.Мергенбаев.
Сонымен қатар, Наурыз тойында мектеп оқушыларының үздік жұмыстары қойылған қолөнер көрмесі де өтті. Көрмеге қойылған заттардың барлығы дерлік бағалауға лайықты. Ұлттық ою-өрнекпен безендірілген кәдесыйлар мен өзге де жәдігерлер көпшіліктің көңілінен шықты. №10 мектептің ұстазы Наталья Шмаглиенко бұл жұмыстарды оқушылар Наурыз мейрамына арнап қолдарынан жасағандығын айтады.
-Көрмеге қойылған жәдігерлерді балалар өздері дайындады. Балалар бұл мерекені ерекше ықыласпен күтті, ұзақ уақыт еңбектенді. Біз биыл ғана көрме ұйымдастырып отырған жоқпыз, көпшілік біздің оқушылардың қолөнер бұйымдарын ұнатқандықтарын айтып жатыр. Ұнатпай қайтсін, кішкентай жүректердің қалауымен ізгі оймен туындаған туындылар ғой, — дейді ұстаз.
Сонымен қатар, мерекенің ең басты нышаны – наурызкөже болды. Халыққа 7 тағамнан әзірленген мәртебелі ас ұсынылып, мерекелік сауда-саттық ұйымдастырылды. Ардагерлер мен әлеуметтік жағдайы төмен отбасы мүшелеріне арнап мерекелік ас тарту етілді.
Дәл осындай мерекелік сәт «Кең сарай» мейрамханасының алдында, Силикат зауытының жанында да ұйымдастырылып, семейліктерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Осылайша, Наурыз думаны Семейді дүбірлетіп өтті. Дүбірлі той тәуліктің екінші жартысына дейін жалғасты. Ал, кеш бата орталық алаңында жастарға арналған мерекелік би кеші ұйымдастырылып, соңы салтанатты отшашуларға ұласты.
Мирас ҚҰСАЙЫН,
Әйгерім СӘРСЕНҒАЛИ,
Нұрдәулет КӘКІШЕВ.