Қазақстан — Қытай шекарасының барлық мәселелерінің халықаралық заңнама талаптарына сәйкес реттелуі — біздің дипломатиямыздың жарқын жетістігі. Қазақстан небәрі он жылдың ішінде Қытаймен территориялық мәселені толық реттестіре алды. Демаркацияланған шекараның жалпы ұзындығы 1783 километрді құрады. Өткен ғасырдың 60-шы жылдарында басталып, әлемнің екі ірі ядролық державасын қарулы қақтығысқа жеткізген, оны былай қойғанда, кәдімгі соғысқа жақындатуға дейін барған талас жаңа жағдайда толық шешілді. Шекара сызығын белгілеу жөніндегі жұмыс екі кезеңнен тұрды. Әуелде, 1994 жылы, шекараның ұзына бойындағы сызықтың өтуі туралы келісімге қол қойылды. Талас тудыратын учаскелер ғана ол келісімнен сырт қалдырылды. Мұның өзі екі жақтың шетін мәселе бойынша келісуге әзірлігін қуаттаған үлкен қадам еді.
Н.Назарбаевтың С.Абдрахмановқа берген сұхбатынан,
«Шекараны шегендеу» кітабы
«Ауылдың өркендеуі – мемлекеттің өркендеуі» деген сөз өмір шындығынан алынған. Елдің азық-түлік қауіпсіздігінің төркіні ауылда екені де ақиқат. Сондықтан да ауыл проблемасын шешу мемлекетіміздің стратегиялық даму бағыттарының бірі болды және солай қалып отыр. Бүгінде Елбасының бастамасымен «Ауыл – Ел бесігі» атты инфрақұрылым жобасы жүзеге асырылуда. Аса маңызды мәселелердің бірі ауылды кешенді түрде дамыту екенін атап өткен Қасым-Жомарт Тоқаев ауылдарға нақты қолдау көрсетіп, заманауи инфрақұрылымды дамытуды тапсырды. Міне, осы тапсырмалардың қалай орындалып жатқанын, әсіресе шекара шебінде қоныстанған жұрттың тыныс-тіршілігін, замана ағысынан қалмау үшін қандай қам-қарекет жасап жатқанын көріп қайту үшін Жаңаауыл ауылдық округіне жол тартқан едік.
Жаңаауыл
Жаңаауыл — Тарбағатай ауданындағы ең шалғайда орналасқан елді мекен. Отан шебінде тұрған ауыл. Шекара таяқ тастам жерде, тиіп тұр. Ауылдарды дамыту шараларының шалғайдағы елді мекендерден бастау алғанын естігенде, ішің жылып қалады. Бұл істе ең алдымен шұрайлы жерді мал өсіруге, егін салуға, халық игілігіне пайдалану, ол үшін халыққа қажетті жағдайдың бәрін жасау мақсаты көзделгені көңіліңе қонады.
«Алтай» телеарнасынының түсірілім тобын, облыстық, аудандық газет тілшілерін алыстағы Жаңаауылға Тарбағатай ауданы әкімінің орынбасары Ержан Сабырбаев бастап барды. Жаңаауыл аудан орталығы Ақсуат ауылынан оңтүстік-шығысқа қарай 195 шақырым, ауылдық округке қарасты Ахметбұлақ ауылы 215 шақырымдай жерде орналасқан екен.
«Жол қысқарсын» деп әңгіме бастаған әкім орынбасары Ержан Советбекұлы машинада отырғандарды әдемі әзілімен бір күлдіріп алды да, шұрайлы өлкені мекендеген еңбекшіл халықтың ата кәсібіміз мал өсірумен айналысып жатқаны, береке-бірлігі жарасқан жұрттың ұлттық салт-дәстүрді сақтауы, облыс басшысы Даниал Кенжетайұлының бастамасымен ауыл халқын әлеуметтік қолдау бағытында жүзеге асырылып жатқан көптеген шаралар, көп балалы отбасыларға арналып салынған тұрғын үйлер, жол жөндеу жұмыстары, соның нәтижесінде ауылдардың көркейіп, гүлденіп келе жатқаны, өңірдің тұлғалы азаматтары жайлы баяндап берді.
Көктемде болған қалың бұршақты нөсер жауыннан Жаңаауыл ауылында 26 үйге су кіріп, абырой болғанда, мал-жан аман қалған екен. Тосыннан болған табиғи жағдайдың салдарын жою, қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп, ауыл тіршілігі мемлекеттік қолдау нәтижесінде бұрынғы қалпына оралыпты.
Тау қойнауындағы ауылдық округтің жері кең екен. Округте Жаңаауыл, Жаңаталап, Ахметбұлақ, Сарыөлең деп аталатын төрт елді мекен орналасқан. Бүгінгі мәліметке қарағанда, округтегі жалпы халық саны 1348 адам болса, аула саны — 321. Жаңаауылда 173, Ахметбұлақта 55, Жаңаталапта 63, Сарыөлеңде 30 үй бар екен.
Қазіргі уақытта ауылдық округ бойынша 80 шаруа қожалығы жұмыс істеп тұр. Ірі қара 7100, қой-ешкі 28 550, жылқы 1800 басқа жеткен. Ауылдықтар құс өсіруден де қалыспайтын көрінеді. Бір мың бір жүзге жуық қаз-тауық пен үйрек өсіріледі екен. Ауыл еңбекшілері бір жылда 14 755 центнер ет, 74 180 центнер сүт, 16 9750 дана жұмыртқа, 438 центнер жүн дайындайды деген деректер мәліметте көрсетілген.
Әкімшілік қызметкерлері, сала мамандары тарапынан болған жүйелі түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде мемлекеттік бағдарламалармен жан-жақты танысқан ауыл халқы іске асыруға атсалысып, замана көшінен қалмауға тырысуда, өмір талабына сай, мал басын асылдандыру жұмыстарын да мықтап қолға ала бастапты. Осы бағытта былтырдан бері 85 бас асыл тұқымды бұқа сатылып алынып, табындарға қосылған. Мақсатты түрде атқарылған жұмыстар нәтижесінде 32 шаруа қожалығы мемлекеттен субсидия алған. 12 шаруа қожалығы күннен қуат алатын жарық құрылғысымен қамтамасыз етіліпті.
Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 — 2021 жылдарға арналған бағдарламасы бойынша «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы ірі қара малдарын өсіру мақсатында «Сергек» шаруа қожалығы (жетекшісі — С.Тұрсынханов) 13 млн теңге несие алып, кәсібін дамытуда. «Дәулет» шаруа қожалығы (жетекшісі — Ж.Сахиолдина) қой малын өсіру үшін 14 млн теңге несие алуға құжаттарын өткізіп қойыпты. «Бастау — Бизнес» бағдарламасы бойынша 2 адам кәсіпкерлік негіздерін оқып келіп, 583,0 мың теңгеден қайтарымсыз несие алыпты.
Абаттандыру, көгалдандыру жұмыстары да өз деңгейінде жүргізілуде. Ауылдық округке қарасты барлық елді мекендерде тазарту, көркейту шаралары қолға алынған. Ауыл тұрғындары мен мекемелердегі қызметкерлерден көше комитеттері құрылған. Мекемелердің, тұрғын үйлердің маңайлары тазаланып, ағаштар әктеліп, көшелердегі жарық шамдарының бағаналары боялып, үй қоршауларына жөндеу жұмыстары жүргізіліпті. Ауылдық округте биыл 110 түп шырша ағашы, 338 дана петунья және басқа да гүл көшеттері отырғызылған екен.
Жаңаауыл ауылының тумасы, белгілі кәсіпкер, облыстық мәслихат депутаты Қайрат Қабдешұлы Қожахметов өз қаражаты есебінен Жаңаталап ауылының әр үйіне су құбырын кіргізу жұмыстарын қолға алыпты.
Мемлекеттік – жеке меншік әріптестік аясында мердігер Жәнібек Сламбайұлы Қайдаров Жаңаауыл ауылында 2 пәтерлі 1 тұрғын үй салуда. Көктемгі су тасқынының алдын алу мақсатында Сарыөлең ауылына дамбы орнату үшін 8 млн теңгеге жобалық –сметалық құжат жасалыныпты. Қ.Ақынов мектебінің төбесін шатырлауға 69 млн теңге бөлінген. Ахметбұлақ, Жаңаталап елді мекендеріне телеқондырғы орнату үшін «LС» коммерциялық ЖШС әр елді мекенге аумағы 225 шаршы метрден жер телімін алыпты.
Сенбе жұртқа, тұрса да қанша мақтап,
Әуре етеді ішіне қулық сақтап.
Өзіңе сен, өзіңді алып шығар,
Еңбегің мен ақылың екі жақтап,-
деп Абай айтқандай, өңір халқы өз күштеріне, өз еңбегіне, ынтымағы жарасқан береке-бірлігіне сенеді. Ауыл әкімі – атқарушы билік өкілі. Әкім мен оның аппарат қызметкерлері ауылдардағы іргелі істерге ұйытқы болуда. Елді мекен тұрғындарының тұрмысы жақсара түссе екен деген ортақ мақсат жолындағы шаралар жастар тарапынан да қолдау тауыпты. Округ тұрғындарының игілігі үшін атқарылып жатқан істер көп. «Жол қадірін жүрген біледі» демекші, ауыл көшелері жөнделіп, асфальтталып, баспаналар тұрғызылып жатыр. Осының өзі халықтың тілегі атқарушы биліктің назарында екенін білдіреді.
Ауылдың баласымын…
Ауылдардағы игілікті істер жастар тарапынан да қолдау тауып отырғанын жоғарыда айттық. Сонау бір жылдары дүрмекке еріп, алыс қалаларға көшіп кеткен азаматтар туған ауылдарына қайтадан көшіп келіп жатыр. Жер алып, мал өсіріп, ауылда да жеке бизнес жасауға болатынын іспен дәлелдеуде. Өңірлерді дамыту бағдарламасына ұйымдаса кірісіп кеткен жастар «Дипломмен – ауылға» жобасын да қолдап отыр. Жаңаауылдық жастар белгілі өнер қайраткері Назар Смағұлдың өздері жиі айтатын «Ауылдың баласымын» әнін негізге алып, ауылды көркейтіп, көгалдандыру бағытындағы сенбіліктен көріністер әзірлеп, әлеуметтік бейнеролик түсіріпті.
Болса да қалада бәрі дайын,
Сағынам ауылдың сары майын.
Ауылдас, қарындас, сендерді ойлап,
Жеп жүрмін сары уайым,- деп келетін ауыл жастарының жүрегінен мықтап орын алған, жанға жайлы, жүрекке жылы тиетін, туған жерге деген сүйіспеншілікті, патриоттық сезімді оятатын Назар Смағұлдың бұл әнін Жаңаауыл жастары жиын-тойларда, көңілді отырыстарда, басқосуларда жиі айтады екен.
Таулы аймақтағы тарам-тарам жолдардың тегістігіне таңғаласың. Кейбір ауылдың, тіпті қаланың кеше ғана салынған кедір-бұдыр асфальтінен қырдың табиғи жолы, бұралаңы көп демесең, мың есе артық. Машина тізгінін ұстаған жүргізуші Ерлан Нүрекешов те дала жолының қала жолынан артықшылығын айтып, ауылдық жердің ерекшелігі туралы журналистер қозғаған әңгіме тақырыбын өзі көрген тәжірибелермен толықтырып қояды.
Жетпіс үйге таза су беріледі
Аудан әкімінің орынбасары Ержан Советбекұлы бастаған тілшілер тобы ат басын алыстағы Жаңаталап ауылына тіреді.
— Жаңаталап – атына заты сай ауыл. Бұл ауылға келгенде көңіліміз бір көтеріліп қалады. Орталықтан алыста болғанымен, жаңалыққа жақын ауыл. Оған өздеріңіз куә бласыздар,- деп аудандық ішкі саясат бөлімінің бас маманы Данагүл Қабыкенова тілшілер тобында бірге жүрген «Алтай» телеарнасының тілшісі Нұрболат пен «Дидар» газетінің тілшісі Ерлан Бапановқа ауылды таныстырып жатыр.
Жаңаауыл ауылдық округінің әкімі Ерболат Дүйсенұлы мен Қайрат Қожахметов басқаратын құрылыс компаниясының прорабы Дидар Бітібаевты іс басында жолықтырдық.
— Ауылдағы жетпіс үйге таза су апару үшін құбыр орнатып болып қалдық. Құбырды әрбір үйдің іргесіне дейін жеткізіп бердік. Енді үйге кіргізіп алу ғана қалды. Таза су ішіп отырған тұрғындар да бар. Ақжардағы ДЭУ мекемесінен грейдер алдырып, көше жолдарын тегістетіп жатырмыз. Ауылда Астыңғы, Үстіңгі деп аталатын екі көше бер. Су құбыры тартылған Үстіңгі көшені жарықтандырдық, енді Астыңғы көшеге де жарық тартамыз. Су құбырын тартуда Отан Тоқтарбеков, Нұрлан Базарбеков деген азаматтар жақсы жұмыс істеп жатыр. Осы ауылдың Бекмұхамбет, Мұқатай деген азаматтары да жұмысқа білек сыбана кірісіп, көп іс тындырды. Бұл шаруаны ары кетсе бір аптада аяқтаймыз деп отырмыз. Былтыр Жаңаауылдың жолын жөндеп, көшесін жарықтандырғанбыз,- дейді Дидар Бітібаев.
«Туған елге тағзым ету — парызым, туған жерге қызмет ету — қарызым» демекші, «Туған жерге тағзым» бастамасын ең алғаш қолдаған азаматтардың бірі, белгілі бизнесмен, танымал меценат Қайрат Қожахметовке Жаңаталаптың әрбір тұрғыны алғыстарын жаудырып жатады. Ауылға өз қаражаты есебінен таза су құбырын тартып беріп, көшелерді жарықтандырып, басқа да қолдан келген көмектерін жасап жүрген елжанды азаматқа деген алғыс сезімін журналистерге жеткізгісі келетіндер көп болды. Ауыл тұрғыны Қарлығаш Қонысбаева мен Мұхаметбек Бекенұлы жүрекжарды тілектерін айтып, ауылдарының жарқырап, жайнай түсуіне үлес қосып, үлкен азаматтық танытқан жерлестері Қайрат Қожахметовке шексіз алғыстарын білдірді.
Mектеп — ауылдың рухани тірегі
Бұл сөзді Жаңаталаптағы мектептің директоры Айнұр Қамзаевадан естідік. Бізбен әңгімесін осындай түйінді оймен бастаған Айнұр білім үйінде атқарылып жатқан игілікті істерді молынан әңгімелеп берді.
Мектептің сырты қандай әдемі болса, іші де солай жайнап тұр. Байырғы білім ордасында 75 бала оқиды екен. Оның жиырма бесі шағын орталыққа қамтылған. Мектепті былтыр бес бала бітірсе, оның екеуі грантқа ие болып, Семей медицина университетіне оқуға түсіпті, тағы екеуі Өскемендегі университеттің студенті атаныпты. Жақсы көрсеткіш. Осының өзінен-ақ мектепте білім беру сапасының қаншалықты дәрежеде екенін аңғаруға болады.
— Мектептегі шәкірттер саны жыл сайын көбейіп келеді. Оның басты себебі — тұрғындардың ауылдан көшіп кетуі азайды. Керісінше, басқа өңірлерден біздің ауылға келіп қоныстанушылар қатары көп. Жуырда Нұр-Сұлтан қаласынан төрт баласы бар бір отбасы ауылымызға көшіп келді. Тағы бір төрт балалы отбасы Алматыдан келді. Үш балалы ерлі-зайыптылар да біздің ауылды жанға жайлы қоныс деп таңдапты,- дейді мектеп директоры Айнұр Қамзаева.
Мектеп шалғайдағы ауылда болса да, заман талабына сай. Мұғалімдер ұжымы намысқа тырысып, қатардан қалмау үшін жұмыла жұмыс істеуде. Оны шәкірттерінің жетістігінен де аңғаруға болады. Биыл «Айғанат» республикалық білім сайысына қатысқан бір оқушы жүлделі орын алып, оқуға түсіпті.
Мектеп директорының айтуынша, оқу ордасында жиырма мұғалім, он үш қамту қызметкері жұмыс істейді. Екі дене тәрбиесі мұғалімі бар. Арнайы спорт залы болмаса да балалардың дене шынықтыру мен спортқа деген қызығушылығы қуантады. Оқушылар түрлі жарыстарға барып, жүлделі орындар алып жүр екен.
Білім ошағының аумағын көгалдандыру жұмыстары наурыз айынан бастап қолға алынады. Аулаларға жүз түрлі гүл егіліпті.
— Гүлді жақсы көремін. Өзім осы мектепке биология пәні мұғалім болып келгелі осы істі ұйымдастырып, мектепті гүлге көмкеруді мақсат еттім. Бізде күн салқын, сондықтан гүл көшеттерін алдын ала бөлмелерде егіп, дайындаймыз. Бес жылға арнап «Гүлденген мектеп» деген акция бастадық. Оқушылар, мұғалімдер бәсекелестік тұрғысында ең әдемі гүл өсіруге тырысады. Еңбек пәнінің мұғалімдері Ахметбек Бітібаев пен Гүлнар Қыдырбекқызы, еңбек тәжірибесіне қатысатын балалар жиырма күннен кезектесіп гүлбақшаға күтім жасайды. Осылайша, бақшаны бір сынып бір сыныпқа кезекпен өткізіп отырады. Қыркүйекте оқу жылы басталғанда мектебімізде гүл жайқалып тұрады,- дейді мектеп директоры Айнұр Қамзаева.
Жаңаталап
Жаңаауыл ауылдық округіндегі іргелі елді мекендердің бірі — Жаңаталап ауылы. Басқа ауылдардағы сияқты намысты қолдан бермейтін, еселі еңбегімен өзіне де, өзгеге де табыс пен береке, ырыс-құт әкелетін тиімді шаруа тындырып жүрген тұлғалар мұнда да көп екен. Қарапайымдылықты ұнататындықтан елеулі істері елеусіз қалатын әдепті азаматтар біздің ауданымызда да аз емес. Сондай азаматтардың бірі – Қайрат Қожахметов. Қайратқа алғыс айтушылар Жаңаталапта тіпті көп екен.
— Мен Жаңаталап ауылының тұрғынымын,- дейді Айгүл Бекенқызы. — Соңғы жылдары ауылымызда жағымды өзгерістер көбейіп келеді. Жол жөнделіп, су құбыры тартылып жатыр. Тіршілік көзі – таза судың ауылымызға келуі – біз үшін көптен күткен үлкен қуаныш, үлкен жаңалық. Осының бәрі мемлекетіміздің ауылдарды дамыту мақсатында жасап жатқан шараларының нәтижесі. Мемлекеттік бағдарламаларды іске асыруға атсалысып жүрген халық қалаулысы Қайратқа ауыл жұрты атынан көп рақмет айтамын. Қайрат сияқты азаматтар көп болса екен деп тілеймін. Ауылдың жағдайы жақсарған сайын жастар көптеп көшіп келіп, қоныстанып жатыр.
Түстікбай тоғаны
Журналистер жүрген жерінде тарихи орындарға, мәдени ескерткіштерге назар аударып, мәнін білуге тырысып, ізденіп жүреді ғой. Бұл жолы да солай болды. Жаңаталап ауылына таяғанда «Дидар» газетінің тілшісі Ерлан Бапанов: «Осы тұста тау басына су шығарған тоған бар еді»,- деп, әңгімені тың арнаға бұрып жіберді. Шындығында, бұл ескі заманды еске түсіретін, кезінде тіршілік үшін маңызы зор болған ғажап дүние екен. Егіншілікпен ертеден-ақ айналысқан осы өңірде мекендеген бабаларымыз суармалы жерді тиімді пайдалану үшін тереңнен жазыққа су шығару тәсілдерін де білген ғой. Соның бір дәлелі — осы тоған. Айнала тау. Тереңде жатқан Терісайрық өзенінен тауды бөктерлей, тасты қалап отырып жасалған каналдың сұлбасы кешегі тіршілік қарекетінен хабар бергендей, көненің куәсіндей, тертөкті еңбектің ескерткішіндей көрген адамды таңғалдырады.
Бұл тоған кезінде Түстікбай тоғаны деп аталыпты. Оны көру үшін біз тау бөктеріне терлеп-тепшіп әрең шықтық. Төменде Терісайрық өзені ағып жатыр. Тарам-тарам жолда кетіп бара жатқан машиналар көрінеді. Жапатармағай суретке түсіріп жатырмыз. «Шіркін-ай, осы тоғанның тарихын айтып беретін адам табылса»,- деп қояды журналистер. Оны айтатын шежірелі қарттар табылады ғой, бірақ ондай кісіні іздеп баруға уақыт тар, сағат санаулы, дәл бүгін басқа да жоспарлы жұмыстар күтіп тұр, тоғанның тарихын танудың кейін бір реті болар деп өзімізді-өзіміз сендіріп, суретке түсіргенімізге мәз болып, сапарымызды жалғастырдық. Қалай дегенмен де, бұл тоған аға ұрпақтың өмір сүру үшін маңдай терін төгіп, қиындықпен күресе білгенін, азапты еңбектің жемісін жеген еңбекшілдік дәстүрін әйгілеп тұр. Осы өңірді мекендеген бүгінгі ұрпақтың бойынан сол бабаларынікіндей қайсарлық, жоқтан бар жасайтын тапқырлық, еңбекшілдік қасиет табылып жатса, нұр үстіне нұр емес пе!
Тоғанның өзі биікте. Сол тоған жағасындағы тағы бір биікке мәрмәр тастан ескерткіш қойылыпты.
«Қиын-қыстау кезеңде (1931 — 1932 жж) ел игілігі үшін тоған қазып, артында өшпес із қалдырған ата-бабамыз Түстікбай мен Нұр-Мұхаметтің рухына бас иеміз. Ұрпақтары, 2013 жыл»,- деп жазылыпты әлгі ескерткіш тақтада.
Маңырақ
— Ауылдарды дамыту, инфрақұрлымын жақсарту мақсатындағы «Ауыл – Ел бесігі» жобасы «Nur Otan» партиясының он сегізінші съезінде Елбасы Н.Назарбаевтың бастамасымен іске қосылған болатын. Бұл жоба 2025 жылға дейін ұзартылды. Міне, осы жоба аясында біздің Маңырақ ауылдық округінде де жұмыстар жүргізіліп жатыр. Ауылымызға мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру барысында талай жаңалық келді. Мұнда жер байлығы, су байлығы жеткілікті. Соған байланысты бұл жаққа көшіп келіп, қоныстанғысы келетіндер қатары артуда. Жолдар салынып, су құбырлары тартылып, тұрғын үйлер салына бастады,- дейді ауыл әкімі Абылқайыр Қожахметов.
— Тарбағатайдың жақпар-жақпар тауларының бір буыны Маңырақ деп аталады. Сол киелі таудың етегіндегі Маңырақ, Дәулетбай, Жаңғызтөбе деген ауылдардан құралған Маңырақ ауылдық округінде екі жарым мыңға жуық адам тұрады. Маңырақ ауылының бүгінгі ажары көз қуантады. Тоқырау жылдарындағы тозған ауылдың тамырына қан жүгіріп, реңі кірген. Бұл – туған жердің түтіні түзу шықсын деген ниетпен еңбек етіп жатқан ел азаматтарының іргелі істерінің нәтижесі. Ауыл әкімі болып келгеніне үш жыл тола қоймаған Абылқайыр Қожахметовтің іскерлігі мен ұйымдастырушылық қабілетіне жергілікті жұртшылық дән риза. Имандылық ұйыған жерде береке бар, бірлік бар. Маңырақ ауылында өсіп-өнген белді кәсіпкер Нұрбол Сәдуақасов мешіт құрылысын бастап, істі соңына дейін жеткізе білді. Тек айтуға ғана оңай, әйтпесе мына заманда кім жинаған қаржысын қиып, мәрттік танытсын. Туған жерге деген махаббаты күшті адамның қолынан келетін өнегелі іс! Басқа өңірде жүрсе де ауылын ойлаған Ернар Сәдуақасов, Дархан Долдабаев, Нұрлан Тұқпиев, Ермек Қаратаев сынды азаматтар кейін осы мешітке күрделі жөндеу жүргізіп, жарықтандырып, жиһазбен қамтамасыз етіп берді.
Сол ауылдың тумалары Қайрат Рақышев балабақша ашса, Сайлаубек Ақшалов тойхананы жұртшылық игілігіне арнады. Наубайхана ашып, елдің ризалығына ие болған Жоли Қожабаевтың ісі бір төбе. Жем, басқа да азық түрлерін Қайрош Өмірбеков дайындап, ісін жүргізіп отырса, Баян Қияшов тауық өсірумен айналысады. Мал сою пунктін Мақсұт ашып, елге көмегін тигізді. Темір жинап, сауда-саттық жасайтын Дүйсенбек Іляшев, сол темірден түйін түйген шебер, темірді пісіріп, дәнекерлеуші Өмірхан Қабиев та осы ауылдан. Ұлттық тағам — қымызбен, етпен ел тұрғындарын қамтамасыз етіп отырған екі кәсіпкер — Сержан Әбілқасымов пен Серік Әлімғожин шаруасын шатқаяқтатпай, дөңгелетіп-ақ отыр. Шөбі шүйгін, іргеде суы сылдырап ағып жатқан ауылға қандас бауырларымыз көп қоныстанған.
Шағын ауылда бүгінде 85-ке жуық отбасы тірлік кешіп жатыр. Бұлардың басым көпшілігі мал шаруашылығымен айналысып, ауылды етпен, сүтпен, басқа да табиғи таза өнімдермен жарылқап отыр. Картоп өсірумен айналысатын Жармаш, Төкен, Құмыт Мұхтархан есімді қандастар ел ауқатының артуына септігін тигізуде. Маңырақты интеллигенция өкілдері көп шыққан ауыл деп бекер мақтамайды. Бұл ауылдан шыққан ақын-жазушылар, тарихшылар, журналистер республикаға танымал.
Ауылдағы А.Байтұрсынұлы атындағы орта мектеп бұрынғы қалпынан мүлде өзгеріп, түрленіп шыға келді. Ішіне күрделі жөндеу жүргізіліп, сынып бөлмелері қайта жабдықталған. Оны компьютерлік кабинеттен айқын аңғаруға болады. Аудандағы үлгілі, беделді білім ордасын бүгінгі таңда Бақытхан Такиров басқарып отыр. Мектептің 2010 жылғы түлектері — Бауыржан Қожахметов бастаған бір топ азаматтар білім ошағы ауласына тал отырғызды. Көшені абаттандыру, жарықтандыру, гүлдендіру жұмыстары жақсы жүргізілді.
1976 — 1977 жылы туған түлектер былтыр ауылға шырша талдарын екті. Бүгінде тамыр жайған бұл ағаштар ертеңгі күні ауылға көрік берері сөзсіз. Денсаулық саласы туралы айтпай кетуге болмас. Ауылдағы дәрігерлік амбулаторияның бас дәрігері Жанат Күдерова, Рабиға Теміршеева – көпті көрген, оқыған-тоқығаны мол, жоғары санатты мамандар. Сонымен қатар халық емшісі Қарақожа Майланның емшілігіне жүгінетіндер де жоқ емес.
Сол ауылдың тумалары Қадылбек Шаяхметов, Ербол Нұржақыпов, Амангелді Сейілханов салауатты өмір салты үшін ауылдың қақ ортасынан мұз айдынын жасап шықты. Ал Ерболат Ахметқалиев өз қаржысына бильярд сатып алып, мәдениет үйінің ішіне орнатты. Мұның бәрі жергілікті атқарушы билік пен жеке кәсіпкерлердің өзара түсіністігінен, елді ойлаған жанашырлықтан туындаған берекелі істер. «Туған жерге туыңды тік» деген сөз бар. Осы сөзді жүрегіне түйіп өскен ұлан ғана еліне қызмет етеді. Маңырақтағы жарқын істердің нәтижесі жалғаса бермек,- дейді Заңғар Кәрімхан.
Маңырақ ауылында көп балалы отбасыларға арналып екі пәтерлі үй салынып жатыр екен. Оны кәсіпкер Қайрат Қожахметовтің құрылысшылары қолға алыпты. Ыстық, суық суы бар, жуынатын бөлмесі жабдықталған қала үйлеріндегідей болады деп күтіліп отырған бұл үйді Айқын Өмірбеков, Айқын Кәрішев, Болатқан Әуелбеков, Асхат Мәукенов және Асхат Кәрішев тұрғызып жатыр. Демек, ауылдағы баспана қаладағыдан кем болмайды.
Сарыөлең
«Ауыл — руханиятымыздың темірқазығы, ұлттық құндылығымыздың алтын бесігі, береке мен байлығымыздың бастауы» дейді үлкендер. Бүгінгі күні ел басына түскен ауыртпалық пен қиындыққа қарамай, ауыл халқының әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларын жақсарту шаралары одан әрі жалғасын табуда. Осының өзі бұқараның көңіліне үлкен сенім ұялатуда.
«Әркімге туған жері – Мысыр шәрі» деп текке айтылмаса керек. Ширек ғасырдан астам уақыт облыс орталығында тұрсам да, туған ауылға деген перзенттік ыстық сағынышым бір басылған емес. Жетсем болды, қаланың күйбең тіршілігінен, еңсені езген ауыртпалығынан арылып, жан дүнием жеңілденіп, өзгеше күйге түсемін,- дейді «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері, замандасымыз Біржан Шаймерденов. Өзінің туған жеріне осындай ыстық ілтипатпен, перзенттік жауапкершілікпен қарайтын азаматтар Жаңаауыл ауылдық округіне қарасты Сарыөлең ауылында да көп екен.
«Сарыөлеңге көшіп келгендер көп екен» деген жылы хабарды жиі еститінбіз. Тау қойнауында, шұрайлы аймақтың күнгейінде орналасқан бұл ауыл — шындығында да ел көшіп келсе келгендей, малға да, жанға да жайлы мекен.
Ауылға кіргенде, әдеттегідей, мектептің алдына келіп тоқтадық. Мұндағы тоғыз жылдық білім ордасының басшысы Ержан Искаков бізді ауылдастарымен бірге қарсы алды. Маңайы тап-таза, жасыл желекке бөленген білім ұясы көрер көзге жылы ұшырап, ерекше әсерге бөлеп, адамды өзіне тартып тұр.
Аудан әкімінің орынбасары Ержан Сабырбаев жиналғандардың хал-жайын сұрап, жаңалықтарымен бөлісіп жатыр. Әңгімеге бірден араласқан Асхат Асқарбекұлы Түсіпжанов көкейде жүрген ойларын ортаға салды. Ол да Өскеменнен көшіп келіп, мектепке жұмысқа орналасыпты, үй шаруашылығын дамытып, тұрмысын түзеген азаматтардың бірі екен.
Асхаттың қуана айтқан жаңалықтарының бірі — «Ауыл – Ел бесігі» жобасын қолдаған жастардың бірқатары осында көшіп келіп, жеке кәсібін бастап, төрт түлік мал жинап, балаларын мектепке беріп, ауылды өркендетуге үлес қоса бастаған екен. Сондай-ақ ол Ермек, Алтын, Діна деген азаматтар да ауылға бет бұрып, өздерімен бірге қала мәдениетін ала келгенін, қоғамдық өмірге де араласып жүргендерін айтты. Азаматтардың ауылға қоныстануы мұндағы мектептің де абыройын биіктетіп, сыныптардағы бала санының артуы мұғалімдерді қуантып отыр.
«Елге ел қосылса – құт» дейді дана халқымыз. Сарыөлең ауылы да өсіп-өркендеп, өрісі малға, қамбасы астыққа толып, мектебінде бала саны көбейіп, ел еңсесі көтеріле берсін деген тілек біздің де көкейімізде тұрды.
Хамза Сәтиев, «Семей таңы»