Төрт айға жуық уақыт болды, бүкіл ел назары СЕМЕЙДЕ…
Тып-тыныш жатқан қаламыздағы қалталылар тобы аяқ астынан айтыс-ты да кетті. Бірі бірінің «ішкені» мен «жегенін» айтып кезек-кезек өткізген баспасөз конференциясы домбырасыз өткен айтысқа (киелі өнерді келеңсіз жағдаймен салыстырғаным үшін оқырман қауымнан кешірім сұраймын…) айналып кетті… Бірінен бірі асып түсіп, басым түсіп жатыр…
Ию-қию… Жалдамалы БЛОГЕРЛЕР… Тапсырыспен дайындалған ФИЛЬМ… Ең сорақысы, «өздерінікі» және «аналардікі» деп екіге бөлінген ТОП… Ел арасына іріткі түсіп, жікшілдік пайда болды. Тіпті өздерінің лас ойындарына шетелдік ЛИЯ-АФЕЛИЯ деген азаматшаны араластыру сияқты сұмдық та болды…
Заман азды ма, әлде жүйке тозды ма?
«Малға достың мұңы жоқ малдан басқа…»- деп Абай айтпақшы, осы бүлікті бастап отырғандар әлеуметтік жағдайлары төмен, тіпті орташалар қатарынан да емес… Билікке наразылар командасының басында тұрған — Серікжан Әйкелевтің меншігіндегі кәсіпорындарды тізе берсек, газеттің беті аздық етер деп ойлаймыз…
«Горэнергострой» ЖШС, анасының атындағы «Гордорстрой», әйелі Алтынай Әйкелеваның атындағы «Бесқарағай Агро» ЖШС мен «Алакөл Нұр-Ай» ЖШС, «ПК Цементный завод», «Казсельбурводстрой» кәсіпорындары, қайын атасы Сәбит Шідербаевтың атындағы «ЖБИ Семей құрылыс» ЖШС, қайын енесі Айгүл Жұмырбаеваның атына жазылған «Семей жолдары» ЖШС, «Зеленстрой» ЖШС…
Бұл — Серікжан Серікқалиұлының меншігіндегі фирмалардың қысқа тізімі ғана. Көптің көзі қырағы. Аталған фирмалардың бірі анасының, бірі әйелінің, бірі інісінің, бірі қайын атасы мен енесінің немесе досының атына тіркелгенімен, бәрінің басында тұрған кәсіпкер — СЕРІКЖАН ӘЙКЕЛЕВ дейді, білетіндер.
2019 жылы Семейдегі қоғамдық көліктердің тозып кеткеніне назар аударған облыс басшылығы автопаркті «БРК-Лизинг» АҚ арқылы жаңалау жұмысын бастаған. Лизинг шартының жеңілдігін пайдалану үшін мемлекеттік–жекеменшік әріптестік аясында «SEMEY BUS» автопаркі құрылып, 51 пайызы «Семей автобус паркі» ЖШС–не, ал 49 пайызы мемлекет меншігіне берілген болатын. Серікжан Әйкелевтің қарамағындағы сол «SEMEY BUS» кәсіпорны жұмыс істеген екі жыл уақыт ішінде миллиардтаған қарызға батқан.
Сонымен, 4,2 миллиард теңгеге лизингке 170 автобус сатып алынып, жұмысын енді бастаған жаңа кәсіпорынның жүгін жеңілдету мақсатында облыстық бюджеттен 633 миллион теңге қаржы бөлінеді. Осы қаржының есебінен лизинг қарызы 3,5 миллиард теңгеге дейін азайған… Бизнесті қолдау мақсатында Семей қаласының әкімдігі әлеуметтік маңызды маршруттарды, қаржылық тұрғыдан тиімсіз болған жағдайда, субсидия бөліп, қолдайтындықтары жайлы міндеттеме де алған екен.
Өкінішке орай, осындай қолдауларға қарамастан, «SEMEY BUS» ЖШС жұмысты ойдағыдай жүргізе алмаған. «SEMEY BUS» ЖШС-нің лизинг алған алғашқы күннен өздерінің несиелік міндеттемелерін орындамағаны көп қарыздың қордалануының басты себебі болып отыр. Кәсіпорынға жеңілдік уақыты да берілген, алайда қарыз көбейіп кеткен.
2019 жылдың қыркүйек айында маршрутқа шыққан «SEMEY BUS» ЖШС кәсіпорны 2020 жылдың наурыз айында алғашқы субсидияға сұрау жолдайды. Жобаның жалпы құны 4,2 миллиард теңге көлемінде болса, әкімдік ол қаржының біраз бөлігін облыстық бюджеттен жауып берген. Алайда кәсіпорын жыл сайын 3,5 миллиард теңге көлемінде мемлекеттің қолдауын және жолаушы тасымалы қызметі үшін тарифті қымбаттатуды талап еткен. (Сонда бір жылғы құны 3,5 миллиард теңге болса, жобаның жалпы құны қанша болады?..) 2021 жылдың 10 ақпанында кәсіпорын бюджеттен тағы 3,5 миллиард теңге, ал 21 ақпан күні 773 миллион, 29 наурыз күні екі жылға 7,4 миллиард теңге қаржы сұраған. Байқап отырған боларсыздар, бұл лизинг бағасынан екі есе көп. Атқарушы билік жолаушы тасымалдаушы кәсіпорын тарапынан сұралып отырған бұл қаржыға ешқандай экономикалық және субсидия бөлу талаптарына сәйкес келетін негіздеме жоқтығын айтады.
Осыдан кейін «SEMEY BUS» ЖШС-інде қаржы және аудиттік тексеру жүргізіліп, көптеген заң бұзушылық фактілері анықталған. Мысалы, қарызының көптігіне қарамастан, аталған кәсіпорын өзінің меншігіндегі автобус паркінен автобустарды жалға алып отырған. Бизнес класты жеңіл автокөліктерді де жалға алып, жиһаз сатып алуға қыруар қаржы жұмсаған. (Жағдайы жоқ кәсіпорын ең бірінші келісімшарттық міндеттемелерін орындаса керек-ті…) Қызметкерлердің зейнетақы қорына аударылуға тиісті төлемдері мен міндетті салық қарызы да аз еместігі белгілі болған.
2020 жылы облыстық бюджеттен Семейдегі көп балалы және аз қамтылған жанұяларға қоғамдық көліктерде жүру жеңілдігі үшін 140 миллион теңге бөлінген болса, сол қаржының 5,9 миллионы ғана игеріліп, қалғаны облыстық бюджетке кері қайтарылған. Жаңадан сатып алынған 170 автобустың 30-ы бір жылға жетер-жетпес уақытта техникалық ақаулар себебінен тоқтап қалса, биыл олардың саны 70-ке жеткен. Бұл жолаушы тасымалдайтын көліктерге техникалық қызмет көрсетудің де ойдағыдай еместігін аңғартса керек.
Сонымен, «БРК-лизинг» «SEMEY BUS» кәсіпорнына дефолт жариялады. 16 сәуір күні Семей қалалық әкімдігі де «SEMEY BUS» серіктестігімен әріптестікті тоқтататындықтарын мәлімдеп, «Семавтопарк» уақытша мердігер ретінде тағайындалды. Алайда есепшоттары бұғақтаулы, әкімшіліктің келісімшартты бұзғанына қарамастан, «SEMEY BUS» ЖШС жұмысын тоқтатпай, соттың шешімін талап еткен. «БРК-лизинг» «SEMEY BUS» кәсіпорнымен келісімшартты бұзу мақсатында Нұр-Сұлтан қалалық ауданаралық экономикалық сотына талап арыз түсірген болатын. 11 маусым күні іс сотта қаралып, «БРК-лизингтің» талап арызы қанағаттандырылды. Қазір жауап беруші жақ өздерінің апелляциялық шағымына байланысты сот шешімін күтуде.
Шындығын айту керек, осы айқай-шудан көпшілік жалықты!!! Қалың даудың қақ ортасында жолға қарап көлік тосқан жолаушылар қалды.
Бюджет қаржысынан «көп асап» үйренген осы кәсіпкерлер үшін қазақтың рухани қазынасының да құны көк тиын сияқты. Олай болмағанда, Абайдың 175 жылдығы атап өтілетін жылы «Абай жолы» аллеясы мен ақын атындағы мұражай алаңын жөндеуге бөлінген қажыны игеру кезінде «халтураға» жол берілмес еді ғой.
Абайдың 175 жылдығы аясында Алматы облысы (тапсырыс беруші – «Талдықорған қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы» ММ) ақынның мерейтойына тарту ретінде Семейдің сол жағалауындағы «Абай жолы» жаяу жүргіншілер аллеясын жөндеуге конкурс жариялаған болатын. Жұмысты орындайтын мердігер — «Асыл тау» ЖШС (Алматы облысы).
Жоба аясында жаяу жүргіншілер жолының ені кеңейтіліп, велосипед жолы жөнделіп, спорт және балалар алаңы жасақталып, жарықтандыру жұмыстары жүргізілу керек болатын. Абайдың даналық сөздері жазылған композициялар дайындап, ағаштар отырғызу, абаттандыру да конкурс талаптарының қатарында бар. 2021 жылдың сәуір айында «Семей қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы» ММ мамандары тарапынан болған тексеру барысында атқарылған жұмыс сапасына байланысты көптеген ақаулар анықталды. Жолға жайылған төсеніш тастар түзу емес, газон шөптердің шығу сапасы өте төмен, балалар алаңы талапқа сай жасалмаған, көшені жарықтандыру жұмысы мүлде жоқ. Осы тексеру қорытындысы бойынша, тапсырыс беруші Талдықорған қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығына кемшілікті жою қажеттігі жайлы қатынас қағаз жіберілді. Ресми хатта айтылған ескертулер жөнделер-ау… Алайда «Осы кемшіліктер әу баста неге жіберілді? Мердігер компания сеніп тапсырған қосымша мердігерлер кім?» деген сауалға жауап іздеп көрген едік. Ресми емес ақпарат көздерінен естуімізше, соңғы кездері блогерлер мен журналистердің басын қосып, баспасөз конференциясын өткізудің шебері болып танылып жүрген Рафаил Хазипов сияқты. «Асыл тау» ЖШС төсеніш тастармен қамтамасыз ету үшін семейлік «Семей табиғат» ЖШС-мен келісімшарт жасасқан. «Семей табиғат» ЖШС құрылтайшысы кім? Көпшілік «аталған фирманың тасасында тығылып тұрған Рафаил Хазипов» деседі. Рафаил Хазипов те Серікжан Әйкелевтің командасындағы бизнес әріптестерінің бірі. Қаладағы басқа да құрылыс нысандарындағы жұмысы сапасыз мердігерлер жайлы сөз болғанда, Рафаил Хазиповтің аты жиі аталып жүр.
Семейліктердің наразылығына тақырып болып жүрген объектілердің бірі Орталық саябақ есігі екі жыл жабық тұрып, 1 маусым күні ғана ашылған болатын. Бұл — Мәңгілік ел көшесінің Жамақаев көшесімен қиылысынан Шмидт көшесіне дейін (Арбат) жөндеуге арналған жоба негізінде жүзеге асырылған жұмыс .
Тапсырыс беруші — «Семей қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы »ММ. Мердігер — «Еңбек-Семей» РМК-ға қарасты шаруашылық жүргізу құқығындағы «Еңбек» филиалы және «Көкжартас-құрылыс» ЖШС. Саябақтағы жөндеу жұмысы 2019 жылдың 16 қыркүйегінде басталған болатын. Құрылыс-монтаж жұмысының құны 991,0 млн теңге болса, оның 919,941 миллионы сол 2019 жылы игеріліп, 2020 жылы 64,233 миллион теңгенің жұмысы атқарылған. Құрылыс жұмысы 2021 жылы аяқталу керек болатын. 2021 жылға 4,620 миллион қаржы бөлініп, оның 1,338 миллион теңгесі игерілді. Саябақ, қала тұрғындары күткендей, керемет демалыс орнына айналып кетпегенімен, бірқатар жұмыстар атқарылды. Алайда МИЛЛИАРД теңге жұмсалған саябақтағы сапасыз жұмысқа байланысты мердігер компания «Еңбек-Семей» РМК-ға қарасты шаруашылық жүргізу құқығындағы «Еңбек» филиалына сотқа дейінгі ескерту жасалған хат жіберіліп, маусым айының 30 күні іс сотқа кетті. Орталық саябақтағы сапасыз жұмыс жайлы бұрын да жазғанбыз. Нақты айтқанда, «Көкжартас-құрылыс» ЖШС саябақтағы төсеніш тастарды жаюға жауапты болатын. Алайда екі тапсырысты («Абай жолы» мен Орталық саябақты) қатар алған қосымша мердігердің орындау мүмкіндіктері жетпеген. Тапсырыс берушілер тарапынан қанша ескерту жасалғанымен, күнде «ертеңмен» мерзімін созып алған олар алғашқы қар жауғанша саябақ жаққа ат ізін салмаған. Ал жер қатқан соң төселген тастардың күн жылына қопарылып қалғаны саябақтың ашылуын зарыға күткен көпшіліктің көз алдында. Рас — өтірігін кім білсін, саябақтағы сапасыз төселген тас төсеніштер «жырының авторы да» Рафаил Хазипов деседі халық.
Айтпақшы, 2016 жылы татар ақыны Ғабдолла Тоқайға Семейдегі Ертіс жағалауына ескерткіш қойылды. Татар әдебиетінің классигі Ғабдолла Тоқай рухына көрсетілген құрметке ешқандай қарсылығымыз жоқ. Дегенмен гүлге көмкерген Ғабдолла Тоқай ескерткішінен кейін Мәңгілік ел көшесі бойындағы қазақтың тәуелсіздігін аңсап, сол жолда құрбан болған ұлт көсемі Әлихан Бөкейхан ескерткішіне барған адамның көңілі құлазиды. Ескерткіш маңындағы қурап қалған көгалды көргенде намысы жоқ қандасымыз ғана жерге қарамас… Катонқарағай ауданынан сыйлыққа келген шыршаларды отырғызған да Рафаил Хазипов сияқты… Елінің азаттығын аңсаған Әлихан бабамызға тірісінде жасалған қиянат әлі де жалғасып жатқандай сезімде болғанымызды да жасырмаймыз.
Семей қазақтың тарихи орталығы болып саналады. Бұл — жай айтыла салған емес, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өз аузынан шыққан сөз. Соңғы кездері Семейдегі тарихи ғимараттардың азайып бара жатқаны көпшілікті алаңдатып–ақ отыр… Солардың бірі — Уранхаев көшесінде орналасқан бұрынғы Семей зоотехникалық-малдәрігерлік институтының ғимараты. 1873 жылы қыздар гимназиясы болған, кейіннен Семей өңіріне ғана емес, бүкіл Одақтың мал шаруашылығына қажетті жоғары білімді мамандар дайындап шығарған іргелі білім ордасының бас ғимараты 1986 жылы тілсіз жаудың «құрбаны» болды. Сонан бері қаңырап тұр. Тұғыры мықты тарихи ғимаратты қалпына келтіру мәселесі аз айтылып жүрген жоқ. ШҚО әкімдігінің 2021 жылғы 12 қаңтардағы №4 қаулысымен қаладағы тарихи және мәдени ескерткіштер тізіміне енген бұл ғимарат отыз бес жыл бойы қолдан-қолға көшумен келеді. Алайда ешкім қалпына келтіруге ниет байқатқан емес. Құжат бойынша, соңғы қожайын — «Семей Молл» ЖШС. Серіктестіктің құрытайшысы ресми құжатта Айдос Кисаменов деп жазылғанымен, нақты қожайын Серікжан Әйкелев деседі білетіндер. Ғимараттың оңтүстік жағындағы Шайжүнісов және Уранхаев көшелерінің қиылысқан жеріндегі бұрышының құлап қалуына байланысты үстіміздегі жылдың ақпан айының 25 күні «Қазқайтажаңарту» РММ тарапынан сараптама жасалған. Сараптама қорытындысы бойынша, әдейі құлатылмағаны айтылып, құрылыс индустриясының жаңа мүмкіндіктерін пайдалана отырып тарихи ғимаратты қалпына келтіруге кеңес берілген екен. Алайда көкейде маза бермей тұрған бір сауал: 35 жыл бойы қолданыста болмаса да құламай қасқиып тұрған қарт ғимарат бұрышы дәл биыл — жанынан «Семей Молл» сауда құрылысы басталған кезде неге құлады?
Сырт көзге ғимараттың құлаған жағынан төгілген топырақ үйіндісі қасақана жасалғандай көрінетінін де жасырмаймыз. Мәдени мұрамыз болып саналатын ескерткіштердің уақыт өткен сайын азайып бара жатқаны — алаңдатарлық жағдай. Елімізде осы саламен Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты «Қазқайтажаңарту» республикалық мемлекеттік кәсіпорны айналысады. Талай ғасырдың тарихын бойына жинақтаған сәулет ерекшеліктерін сақтап қалудың маңызы зор. Ендеше, «Қазқайтажаңарту» мекемесінен сараптаманың әділ өтуін талап ету қажет деп есептейміз. Қалалық мәдениет бөлімінің басшысы Назерке Аққожинаның айтуынша, сараптама «Семей Молл» ЖШС тапсырысымен жасалған көрінеді. Тапсырыс беруші тарапынан жасалған сараптаманың әділдігі күдік тудырады… Біз осы мәселені құзырлы органдарға құлаққағыс еткіміз келеді.
Алғашқыда кәсіпкерлердің ашық айқасын көрген көпшілік ай адасып жерге түскендей, күн жаңылып шығысқа батқандай күйді бастан кешіріп, «аяғы не болар екен» деп қызыға құлақ түрген. Кейіннен жалығып, телеэкраннан осы тақырыпта кезекті жаңалық жалт етсе, дереу пультті басып өшіріп, желіде көріп қалса, парақты дереу аударып жіберетін болды.
«Даудың басы — Дайрабайдың көк сиыры» деген сөз бар екенін жақсы білесіз ғой, оқырман. Биағамызға тақырып болған көк сиыр халықтың несібесі болатын. Ал автобустарды тоқтатып, жолаушыны жолға қаратып зарықтырған, тұрмыстық қалдықтарды шығармай, қаланы қоқысқа айналдырған, рухани мұрамызды қасақана бұзып жатқан кәсіпкерлердің көздегені қарапайым халықтың мүддесі ме? Қалай ойлайсыздар?
P.S.
Жолаушылар тасымалына байланысты қалада автобус жүргізушілері бірнеше рет митингі де өткізген болатын. «Semey Bus» кәсіпорны тарапынан жұмысшыларының зейнетақы қорына міндетті жарна аударылмауы мәжбүр еткен осы наразылық жайлы заңгерлердің пікірі қандай?
Автопарктің жұмысын тоқтатқаны қала тұрғындары үшін ғана емес, кәсіпорын қызметкерлеріне де қолайсыздық тудырып отыр. Семей қалалық жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары бөлімінің заңгері Айбек Жаппаровтың айтуынша, жұмысшылар өздерінің зейнетақы қорына тиесілі қаржысын өндіріп алу үшін құзырлы органдарға, еңбек инспекциясына немесе сотқа шағымданулары керек. Зейнетақы, басқа да міндетті әлеуметтік төлемдерді, ҚР Еңбек туралы заңына сәйкес, жұмыс беруші аударуға тиіс. Бұл еңбек заңында жазылған және ол төлемдердің ай сайын аударылуы міндетті. Бұл орайда арыз ұжымдық немесе жеке адамдар тарапынан да қабылдана береді.
Даулы жағдайға байланысты салалық кәсіподақтар комитетінің төрағасы Сәбит Ибраев:
— Әр жүргізуші кәсіпорын бухгалтериясынан өзіне тиесілі қаржы жайлы анықтама алуы керек. Осы анықтамамен еңбек инспекциясына, басқа да құзырлы органдарға шағымдана алады. Автобус жүргізушілерінің жұмысы ауыр. Жұмыс уақыты 12 сағатқа дейін созылатынын білеміз. Сондықтан төленетін еңбекақы да жоғары болу керек. Бұл жағдайда шеру, наразылық акцияларымен еш нәрсе шешілмейді. Заңгерлер мен еңбек инспекциясының көмегіне сүйеніп, заңды түрде шешу қажет,- дейді.
РИЗА АСАНҚЫЗЫ