БАҒА мен ШАМА арасы алшақтай бере ме?
Соңғы уақыттарда азық-түлік пен тұтыну тауарлары бағасының өсуі БАҚ беттеріндегі негізгі тақырыпқа айналып отыр. Ел Үкіметі мен түрлі деңгейдегі әкімдіктердің басты міндеттері баға тұрақтылығын қамтамасыз ету екендігін ескерсек, мәселенің тым терең екенін түсінуге болады.
Тапшылық па, сұраныстың артуы ма?
Қазақстанда өткен жылдың наурызынан бері азық-түлік 15 пайызға қымбаттаған екен. Бұл ақпаратты Стратегиялық жоспарлау және реформалау агенттігінің Ұлттық статистика бюросы таратты. Тым сенімсіздеу көрінгенімен ресми мәліметке жүгінбеске амал жоқ. Осы ретте, ел шығысындағы тауар бағасының өсімі қаншалықты деңгейде? Нәсібін кәсіптен тауып сауда саласында жүрген жандардың алдағы нарық жайлы болжамы қандай? Осы сұрақтардың жауабын іздеп, Семей қаласындағы ірі сауда желілеріне барып, ондағы баға жайында сатушылар мен дүкендер қожайындарын сөзге тартқан едік.
Біз бас сұққан «Арзан» атауымен көтерме тауар тарататын сауда орталығында кісі қарасы көп емес екен. Азық-түлік пен тұрмыстық тұтыну бұйымдарын сататын нысандағы сөрелер тауарға толып тұр. Яғни тапшылық жоқ. Бірден қант пен ұнды іздедік. Шекердің келісі 600 теңгеден, ал 25 келілік ұн 4900 теңегеден тұр.
— Жалпы азық-түлік бағасы апта сайын көтеріліп жатыр деуге болады. Сауда агенттері келесі аптадан бастап 10 – 15 теңгеден қосылатынын ескертіп кетеді. Жалпы фирмалардан босату бағасы жоғары болып келеді. Әсіресе ұн өнімдері мен шетелден экспортталатын тауарлар айтарлықтай қымбаттауда. Тек қант бағасы ғана төмен түсіп жатыр. Мәселен, өткен бір аптаның ішінде тәтті ақ ұнтақтың бағасы 30 теңгеге дейін арзандады. Қазір қантты көп көлемде қоймаға тығып қойған саудагерлер бұл өнімді біртіндеп сөрелерге шығарып жатыр. Оның үстіне тосап қайнататын маусым емес. Сондықтан ұзақ жылдан бері саудада жүргендіктен қант бағасы әлі де төмендеп, нақты нарықтағы бағасына келеді деп топшылаймыз, — дейді Аслан есімді саудагер.
Сонымен қатар жыл сайын маусымдық сипатпен қымбаттайтын азық-түлік өнімдері де бар екенін айтқан, ол алдағы мамыр айынан бастап картоп пен сәбіз, пияз сынды көкөніс бағасы көтеріледі деп болжам жасады.
Ал SMALL сауда үйіндегі сатушылар бағаны тұрақты ұстап тұрғандарын айтады. Басты мақсат тұтынушыларды көптеп тарту. Сол үшін де келушілер үшін жиі-жиі акциялар ұйымдастырады. Мәселен, қазіргі күні наурыздың 30-шы жұлдызынан 12-ші сәуірге дейін қастерлі Рамазан айының құрметіне орай кейбір азық-түліктерге төмен бағалар қойылыпты. Олардың ішінде ауыз ашар дастарқанынан түспейтін ирандық балғын құрмалар 739 теңге, «Петропавловское» сүті 365 теңге, «Брест-Литовск» ірімшігі 3199 теңге, Активия йогурты 139 теңгеден екен. Алайда бұл жерде сауда жасап жүргендер арасынан орталықтағы «Ақшың» базарынан бұдан да төмен бағаға алуға болады деп шағым айтушылар да табылды. Әйтсе де «SMALL ближе — цены ниже!» ұранымен жұмыс жүргізетін сауда үйінің бағаны мейлінше төмен ұстауға тырысатынын байқауға болады.
Ал қала ішіндегі базарларда азық-түлік пен өзге де тауарлар бағасы ала-құла болып тұр. Саудагерлер қоймада жатып қалған өнімдер ескі бағамен тұрғанын, сондықтан арзан екенін, ал қымбаттырағы Ресей елінен жаңа бағамен жеткенін алға тартады.
Саудагерлер құрылысқа арналған заттар бағасы алдағы уақытта көтерілуі мүмкін екенін айтады, ал кейбір өнім түрлері Ресейден мүлде жеткізілмей жатқан көрінеді. Отандық өнімдердің бағасы да сұраныстың күрт артуына байланысты қымбаттап кеткен.
Арзан азық-түлік қайда бар?
Баға мәселесі сөз болғанда «әкімдік қайда қарап отыр?» деген жаттанды сауал туындайтыны бар. Бұл ретте жергілікті атқарушы билік тарапынан жыл басынан бері халық жиі тұтынатын 19 түрлі әлеуметтік өнімдер жекелеген орындарда төмен бағамен сатылып жатқанын айта кету ләзім. Мәселен, бүгінгі таңда Семей қаласында тұрақтандыру қорының 26 сауда орны жұмыс істеп тұр. Сонымен қатар қалада «Ертіс «ӘКК» АҚ-ның 9 сауда павильоны және тұрақтандыру қорының өнімін өткізуге шарт жасаған 17 дүкен бар.
Бірден айта кетейік, тұрақтандыру қорының негізгі мақсаты — маусымаралық кезеңде неғұрлым сұранысқа ие әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бойынша нарықтық бағалардың маусымдық ауытқуын реттеу. Жеміс–көкөніс өнімдері дүкендер мен павильондарда сауда үстемесінсіз 1 келі үшін 82 теңгеден сатылып жатыр. Яғни дастарқан басынан күнделікті табылатын картоп, пияз, сәбізді осы бағаға ала аласыз. Тек алыпсатарлыққа жол берілмес үшін шекті мөлшермен — әр адамға шамамен екі-үш келіден ғана босатылады.
Енді “Ертіс “ӘКК” АҚ сауда павильондарындағы тұрақты бағамен сатылатын өзге азық түрлеріне тоқталайық. Біз бас сұққан 20-кварталдағы дүңгіршекте қанттың келісі 305 тг, рожки – 200 тг, күріш – 235 тг, күнбағыс майының литрі 630 тг, 1-ші сұрыпты ұнның келісі 130 тг, 1-ші санаттағы жұмыртқаның бір данасы 32 теңгеден екен. Дегенмен сатушылардың айтар уәждері де бар екен. Мысалы, жұрт көп сұрайтын картоп соңғы уақыттарда өте аз көлемде әкелінуде. Бұрындары бес қап жеткізілсе, бүгінде екі қапқа дейін түсіп қалған. «Екінші нан» атанған бұл әлеуметтік өнім сөреден мүлде жоғалып кете ме деген қауіп бар. Ал өсімдік майы мен қант алу үшін тұрғындар ұзын-сонар кезекке тұрғанына куә болдық. Басым көпшілігі зейнеткерлер екені аңғарылады.
Енді әкімдік тарапынан азық-түлік нарқын реттеуге ықпал ету, жоғары сұранысқа ие көкөніс түрлері бағаларының маусымдық шарықтауын тежеу, өнім бағасының негізсіз өсуін болдырмау және алыпсатарлыққа жол бермеу мақсатында қолға алынған бұл шара қаншалықты нәтиже беруде деген сауалға келсек, біз сөзге тартқан көтерме саудамен айналысатын кәсіпкерлер тұрақтандыру қоры әсіресе картоп, сарымсақ сынды көкөніс бағасына әсер ететінін алға тартады.
— Он теңгесін болса да үнемдегісі келетін халық, әрине, ерінбестен ең арзан жерге барып сауда жасайды. Ал қордың өнімдері таусылатын мамыр-маусым айларында көкөніс бағасы шарықтап кетуі мүмкін. Өткен жылы бағасы бананнан асып кеткен картоп пен қызылша естеріңізде ме? — дейді олар.
Осы орайда, Семей қалалық ауылшаруашылық бөлімі ұсынған мәліметтерге сүйенсек, тұрақтандыру қорына 3100 тонна жеміс және көкөніс өнімдері сатып алынған. Оның ішінде картоп — 1500 тонна, қырыққабат — 450 тонна, сәбіз — 400 тонна, пияз – 750 тоннаны құрайды екен. Болжам бойынша бұл көкөніс түрлері алдағы мамыр айына дейін жетуі тиіс.
Әкімдік қызметкерлерінің айтуынша, қала әкімдігіне тұрғындардан тұрақтандыру қорының дұрыс қызмет көрсетпеуі туралы жазбаша және телефон арқылы өтініштер келіп түседі. Тексеру барысында өнімнің көлемі мен жеткізу кестесі жиі бұзылатыны, дүкендердің өтінімдері уақтылы орындалмайтыны, көлік жетіспеушілігі сынды кемшіліктер анықталған. Сондай-ақ сапасы төмен тауарлар жеткізілетін жағдайлар да тіркеліпті. Мұндай келеңсіздіктердің алдын алу үшін Семей қаласындағы тұрақтандыру қорының өнімдерін жүзеге асырудағы негізгі проблемалар бойынша Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Е.Нұрбаевтың атына қызметтік жазба жіберілген екен.
Статистика қаншалықты сенімді?
Енді ел көлеміндегі азық-түлік бағасына қатысты жағдайға тоқталайық. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, қант 51,5 пайыз, жеміс-жидек 44 пайыз, картоп 37,8 пайызға қымбаттаған. Құс еті 25,5 пайыз, күнбағыс майы 23,8 пайыз, жарма 22,2 пайыз, макарон өнімдері 17,7 пайыз, қой еті 16,7 пайыз, жылқы еті 15,1 пайыз, ұн 15 пайыз, ұн өнімдері 13,6 пайыз, пастерленген сүт 13,1 пайыз, ет өнімдері 12,6 пайыз, сүт өнімдері 12,5 пайыз, қатты ірімшік 12,1 пайыз, нан, сары май 11,4 пайыз, кондитер өнімдері 11,3 пайыз, шошқа еті 11,1 пайызға қымбаттаған көрінеді.
Ал минералды ауыз су бағасы бір жыл ішінде 15,9 пайызға, темекі 15,2 пайызға, салқын сусындар 14,3 пайызға, алкогольдік ішімдіктер 9,6 пайызға өскен.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, жұмыртқа 4,6 пайыз арзандаған.
Ал азық-түлік өнімдеріне жатпайтын тауар бір жылда 10,9 пайызға, ақылы қызметтер 8,3 пайызға қымбаттаған.
Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, Қазақстандағы жылдық тұтыну инфляциясы наурызда 12 пайыз болған, бұл өткен жылдың ақпанымен салыстырғанда 3,3 пайызға көп.
Ұлттық статистика бюросының есебі азық-түлік пен өзге де тауарлар қымбаттап жатқанда жарияланып отыр.
Ел үкіметі 15 наурызда «жағдайды бақылап» отырғанын, экономикалық ахуалдың түрлі сценарийлерін шешуге дайындық жасайтынын мәлімдеген еді. Бұл мәлімдемеде бағаны ұстап тұру үшін түрлі шара қолға алынғанын айтып, халықты тек ресми ақпараттарға сенуге шақырған. Арандату сипатындағы жалған ақпарат таратқандар жауапқа тартылатынын да ескерткен.
Әйтсе де, мамандар азық-түлік пен өзге де тауарлар бағасының жоғарылауына әлемдегі жағдай әсер етіп отырғанын, бұл тек біздің елімізде ғана емес, әлем бойынша орын алып отырған құбылыс екенін алға тартуда.
Әлібек КЕМЕЛХАН,
«Семей таңы»