6 БӨЛІМ
1938 жылдың тамызында қанішер Николай Ежов қызметінен босатылды. Тағдырдың тәлкегіне әбден семіп қалғаннан ба, қуана да, жылай да алмадым. Оның орнына Лаврентий Берия тағайындалды. Желтоқсан айының екінші онкүндігінің соңы еді. Біреу есікті қақты. Ашсам, милиция формасындағы кісі екен. Қолыма Мемлекеттік қауіпсіздік басқармасының шақыру қағазын ұстатты. Ертең, яғни 20 желтоқсанда, Алматыда болуым керек. Көрсеткен уақытынан кешіксем, не бармай қалсам, қылмысымның үстіне қылмыс қосылады. Үрейден жүрегім атша тулап, аузыма тығылды. «Мама, шақыру қағазын милицияның алып келуіне қарағанда, бұлар мені тергеп бітті. Енді мені АЛЖИР-ге айдататын шығар», – дедім тамағым кеуіп, зордан сөйледім. Анамның да өңі боп-боз болып, қаққан қазықтай сам-соз қалшиып тұрып қалды. Қолым ештеңеге барар емес. Сонда да жылы киімдерімді сөмкеге салып, жолға жинала бастадым. Альфияны соңғы рет бауырыма алып, емізіп отырып, басынан ұзақ иіскедім. «Туа бітті әкеңді көрген жоқсың, енді менен де айырылғалы отырсың-ау, жаным. Сендердің ендігі күндерің қалай болар екен?..». Жан дүниемді күйік кернеп, төгілген көз жасым тыя алсамшы. Айседора әлі сәби болса да әлденені сезгендей кішкене қолдарымен белімнен құшақтап алған. Қоштасар сәтте: «Мама, егер мен келмей қалсам, қыздарымды балалар үйіне өткіз де, өзің ағайындардың бірін панала», – дедім көз жасымды орамалымның ұшымен сүртіп жатып. Анам байғұстың да жылай-жылай көздерінің алды көнектей болып ісіп кеткен. Ол: «Жаратушы ием сені қыздарыңмен қайта қауышуға жазсын», – деп мен үйден шығып кеткенімше Құдайға жалынып, жалбарынумен болды. Алматыға түнде жеттім. Таңертең Әміржан ағаға: «Кешке дейін қайтып келмесем, мына киім салынған сөмкені тергеушіге апарып берерсіз», – дедім.
Комитеттің ауызғы бөлмесінде отырған кезекшіге келгенімді баяндадым.
Арғы жақтан бір қызметкер келіп, мені соңынан ертті. Үйдің екінші қабатына көтерілдік. Ұзын сұрғылт каридорды бойлап жүріп келеміз. Ауыр ойлар еңсемді езіп, меңдеп алған. «Осы каридормен Әзімбайымды талай рет тергеуге алып барып, жанын қинады-ау. Енді бұл менің де еркіндікте жер басып жүрген соңғы қадамдарым болар». Мені қапталдағы бір кабинетке кіргізді. Қарсы бет қабырға жақтағы стол басында отырған бейтаныс тергеуші орнынан тұрып, жымиды да: «Жолдас Елькибаева-Лекерова, келіңіз, мұнда жайғасыңыз», – деп алдындағы орындықты ұсынды. Мен бір жарым жылдан бері бұлардан «Азаматша» деген сөзді ғана естуші едім, құлағым жаңылыс есітті-ау шамасы деп ойладым. Тергеушінің майда жұмсақ үні мен ілтипаты да тосын көрінді.
Ол маған стол үстінде жатқан бір парақ жылтыр қағазды ұсынды да: «Балаларыңыз өсіп жатыр ма? Жұмысыңыз қалай?..» – деп майда қоңыр үнмен жағдайымды сұрап жатты. Қағаздағы жазуға қанша үңілсем де көзім бұлдырап, оқи алар емеспін. Ақыры болмаған соң тергеушіге қарап: «Мына қағазда не жазылғанын оқи алмадым», – дедім. Тергеуші жылы жүз танытып: «Сізді Мәскеу ақтады. Тергеу тоқтатылып, ісіңіз мұрағатқа өткізіледі», – деді. Қорыққан мен қуанған бірдей екен. Ал көзімнен ащы жас төгілсін бір. Қуаныштан жылап отырып, Әзімбайдың жазықсыз он жылға кесілгенін, көрген қорлықтарыма шыдай жүріп, анамның көмегінің арқасында балаларымды қалай өсіріп жатқанымды жыр етіп айттым. Ол бәрін үнсіз тыңдады да: «Мен сізге үш күнге мұрсат бере аламын. Үйіңізге жеделхат жолдаңыз да, әуелі өзіңізді ретке келтіріп алыңыз. Киноға барып, дүкендерді аралаңыз. Жұмысыңызға алаң болмаңыз. Біз оларды хабардар етеміз», – деді жанашыр үнмен.
Комитеттен шыққан бойда үйге жеделхат жолдадым. «Науқасымнан құлан-таза жазылдым. Қалада екі күндей боламын. Халида». Шаштаразға кіріп, шашымды сәнге келтірдім. Дүкендерді аралап, қалтамдағы азын-аулақ ақшаға қыздарыма, анама сыйлықтар алып, үшінші күні Қарғалыға қарай тарттым. Қас қарайған кезде үйдің есігін қағып едім, арғы жақтан анамның: «Бұл кім?» – деген әлсіз үні естілді. Мен: «Мама, мен Халидамын», – дедім дауыстап. Ол: «Халида жоқ… Халида жоқ…» – деді үздігіп, жыламсыраған үнмен. «Мама, бұл мен Халидамын», – деймін мен дауысымды бұрынғыдан да қаттырақ шығарып. Анам байғұс: «Халида жоқ… Халида жоқ…»– дейді мүлдем қарлыққан үнмен. Мен: «Мама, саған не болған? Есіңнен ауысқаннан саумысың. Бұл мен Халидамын!» – дедім бар дауысыммен айқайлап. Ол есікті ашып жіберді де, мені көріп, бір сәтке есінен танып қалды. Айседора мен Альфияны құшағыма алдым. Анам бізді құшақтап, ұзақ көрістік. Қуаныштан шыққан көз жасымыз көл-көсір болды.
Мен мектепте бар күш-жігерімді салып жұмыс істедім. Алайда маған ең төменгі еңбекақы жазылатын. Хорошилов бұл жолы да жөн сілтеді. Университеттің үш жылдығын бітірді деген анықтамамен жоғары еңбек ақы төлей алмайтындарын, жоғары оқу орнын бітірді деген диплом керектігін айтып, университеттегі оқуымды жалғастыруды ұсынды.
Университет ректоры Федор Трофимович Олихов мені атүсті қабылдады. Әзімбай Лекеровтің әйелі екенімді білген соң барып, жылы қабақ танытып: «Халида Рахматуллаевна, жағдайды өзіңіз де білесіз. Лекеровтің сотты болуына байланысты біз сізді оқуға қабылдауға құқымыз жоқ. Сізге диплом керек екен, ендеше, Педагогикалық институтқа барып көріңіз. Институт екі жылдық қой. Бәлкім, солар сізге көмектесер», – деді. Институттың ректоры С.Толыбеков те Әзімбайды қатты құрметтейтін жан екен. «Сіз кешігіп келдіңіз. Студенттердің емтихан тапсырып қойғанына бірнеше күн болды. Әйтсе де оқытушылармен сөйлесіп көріңіз. Олар емтихан алуға келіссе, менің қарсылығым жоқ», – деді. Оқытушыларға жағдайымды айттым. Олар келісті. Сол жолы негізгі пәндерден емтиханды ойдағдай тапсырып, институттың дипломын алдым.
Облыстық оқу бөлімі мені 1940 жылы шекаралық аудан Нарынқолға жіберді. Нарынқолда біздің жағдайымыз болмады. Мектеп директоры сағаттың бәрін туыстарына бөліп берген. Маған қалдырғаны күн көрісіме жетпейді. Денсаулығым да сыр беріп, Алматыдағы ауруханада ұзақ уақыт емделуіме тура келді. Жағдайыма байланысты 1942 жылы қалалық оқу бөліміне ауыстым. Екінші дүниежүзілік соғыстың жүріп жатқан кезі. Қаланың қазақ және орыс мектептерінде химия мен биология пәндерінен мұғалімдер жетіспегендіктен, қалалық оқу бөлімі маған №№ 55, 15, 12, 33, 18 орта мектеп оқушыларына сабақ беру жүйесін жасап берді. Таңертең мұнда, түсте анда, кешкісін қаланың тағы бір шетіндегі мектепке қарай жүгіремін. Сондай-ақ Алматыға эвакуация жасалған Севастополь кеме жасау техникумына аптаның бір күні химиялық қарудан қорғану бойынша курстық сабақ өткіземін.
Ең қиыны баспана болды. Қалалық Атқару комитетіндегілер Ленинград және Мәскеуден эвакуацияланып келгендерге байланысты баспанамен қамтамасыз ете алмайтындарын айтып, іздеп табуды өзіме жүктеді. Кешке сабақтан шыққан бойда қала көшелерін аралап, баспана іздеймін. Көп ұзамай оның да сәті түсті. Дзержинский көшесіндегі №16 үйдің бір жақ жартысында тұратын бір балалы қазақ әйелдің күйеуі соғыста қайтыс болған екен. Мұнда жағдайы болмаған соң ауылға көшейін десе қаржысы жоқ. Үйдің ауласы кең, биік дуалмен қоршалған. Дуал іргесінендегі арықтан мөлдір тау суының ерке толқындары сылдырап ағып жатыр. Көптен бері жөндеу көрмегені түскен сылақтарынан көрініп тұр. Еденіне тақтай төселінген. Үй маған ұнады. Мен иесіне қалтамдағы бар қаржыны бердім. Екеуміз қалалық Атқару комитетіне бардық. Ол екі бөлмелі үйін менің атыма аударды. Вокзалға шығарып салдым. Сол әйелдің жақсылығын әлі күнге ұмытқан емеспін.
Ертеңіне почтаға барып, Талғардағы Жаппар ағама телефон шалдым. Үй сатып алғанымды айтып, анам мен қыздарымды жеткізіп беруін өтіндім. Олар араға бір күн салып келді. Өз үйімізді көріп, анам мен қыздарымның қуанышында шек болмады. Анам асығып жүріп, азын-аулақ азық-түлігін Талғарда ұмыт қалдырған. Ал менің қалтамда соқыр тиын да жоқ. Аш болсақ та қуаныштан көңіліміз тоқ. Ертеңіне өзім бұрын тұрған Киров пен 8 Март көшелерінің қиылысындағы Миршановтың үйіне барып, дүкеннен азық-түлік алуға берген кепілдік қағазымды алдым да, иілме көпірбің ар жағындағы дүкеннің есігін аштым. Картішкі бойынша маған күніне 800 грамм нан тиесілі. Соны үш күннен бері алмаған едім. Сатушығы жағдайымды түсіндіріп едім, 2400 грамм нанды таразыға тартып берді.
Миршановтың үйіне барып, Рәзия апайға үйде анам мен қыздарымның аш отырғанын айтып, дайын тұрған шайын да ішпестен тез соларға жетуге асықтым. Апай сөмкеме қолында бар азық-түлігін салып берді. Үстіне өзім дүкеннен алған нанымды салып, асыға басып 8 Март көшесіндегі трамвай тоқтайтын аялдамаға келдім. Трамвайдың жетектегі вагонына мініп, бос орынға отыра бергенім сол еді, ет-жеңді, мол денелі бір орыс әйелі келіп, мені итеріп жіберді де, өзі былш етіп отыра кетті. Менің төбе жағымдағы ұзын тұтқадан ұстап, түрегеп тұрудан басқа амалым қалмады. Трамвай Талғар көшесімен жүрісін барынша жылдамдатып, жаңылмасам, Емелевтен бұрылып, төменгі жақтағы Пастер көшесіне қарай ағыза жөнелді. Мен түсетін Дзержинский аялдамасына дейін әлі біраз бар. Трамвай жылдамдығын үдетіп, жол бойындағы Октябрь, Гоголь аялдамаларына тоқтамай өте шықты. Пастер көшесіне жетіп шұғыл бұрылғаны сол еді, вагондар жолдан шығып кетіп, есіктері жағына қарай аударылды. Қас пен көздің арасында жұрт не болғанын біле алмай, айқай-шумен сапырылысып, бірінің үстіне бірі құлап жатыр. Менің денем мен аяғым құлаған жұрттың арасында қалды. Қозғалу мүмкін емес. Жылаған жандардың ащы дауысынан құлағың тұнғандай. Біреулер терезе әйнектерін сындырып, астында жатқан адамдарды жанши басып, шығып кетпекші болып жанталасуда. Ауыр салмақты әлдекімнің аяғы денемді езіп жібере жаздады. Тынысым тарылып, ыңырсып кеттім. Сол кезде денемнен жылымық қанды сездім. «Е, е ауыр жараланған екенмін ғой. Енді осы вагонда жан тәсілім ететін шығармын. Анам мен қыздарымның менсіз өткен күндері не болмақ? Қалай күн көреді? Олар да аштан өлетін болды-ау» деген қорқынышты ой санама сап ете қалды. Содан арғысын білмеймін.
Көзімді ашсам, аударылған вагоннан былайырақ жерде жатыр екенмін. Құтқарушылар келіп, вагоннан шығарып алса керек. Сөмкем жанымда жатыр. Ішіндегі бір бөлке сол күйінде де, жартылай кесілген екіншісіне қан сіңіпті. Құтқарушылардың бірі келіп, трамвайдың тежегіші істен шығып, содан апат болғанын, менің оң қолым буынынан шығып кеткенін, дәрігер соны орнына қайта салғанда қатты ауырғаннан есімді жиғанымды айтты. Басқа жарақатым жоқ екен. Ал менен орынды тартып алған әйелдің денесін сынған әйнектер кесіп, бақилық болыпты. Менің денемді жуған қан соныкі екенін сездім. Жалпы, екі вагоннан отызға жуық адам басқа дүниеге аттанған екен. Ақ халат киген дәрігер жаныма келіп, тұла бойымды тағы да қарап шықты. «Қызым, Құдай саған жарық күнді көруге жазыпты. Бақытты екенсің», – деді басымнан сипап. Сөйлеуге шамам жоқ. Жалаң аяқ үйге сүйретіліп зорға жеттім.
Жыртылған киімімді, өң-түс жоқ түрімді көріп, анам шошып кетті. Сол сәтте көршілерім Полина, Тася, Сергей және Маруся да келіп, жұбату сөздерін айтып, жанашырлықтарын танытумен болды. Анам пеш жағып, тез жылы су дайындап шомылдырды да, көрші Марьям кемпірді шақырып, дұға оқытып, бойымнан бар пәлені аластатты. Бәрі отырып, қан сіңген нанды не істейміз деп кеңесті. Полина ма, қайсысы екені есімде жоқ, «Нанның қан сіңген бөлігін кесіп алып, жерге көму керек те, қалғанын жуып, азық етуге болады», деген соң анам солай істеді. Содан бір күн бұрын өзім жұмыс істейтін №15-ші орта мектептің директорына жағдайымды айтып, қыздарымды оқуға қабылдауға келіскенмін. Анам таңертең оларды мектепке апарып тастапты. Түсте оқудан келгенше мен есімді жиып, үшеуін ештеңе болмағандай қарсы алдым.
Анам күн сайын ауланы сыпырып, ондағы әр алуан гүлдерді суарып отыратын. Көршілерге қайырымды болды. Олар да анамды жақсы көріп, бар ынта-шынталарымен сыйлаушы еді. Қыздарым да ауладағы өздері құралыптағы Гена, Эла, Нина, Сережа, Тимофеймен ешқандай таласып-тартыспай бірге ойнап-күліп өсті. Ай сайын еңбекақы алған күні мен қыздарымды қаланың Калинин көшесіндегі «Мороженное» кафесіне алып барып, бір-бірден бал татыған балмұздақ жегізіп, кинотеатрдан фильм көріп қайтатынбыз. Кешкісін келесі күннің сабақтарына дайындалып, содан соң оны-мұны маталардан қыздарыма көйлек тігемін.
Қазақ: «Басқа түссе, баспақшыл» демей ме. Тағдыр ауыртпалығын анам және мен ғана емес, қыздарым да көтерді. Әсіресе тоғыз жасқа толған үлкенім Айседора жаныма жалау болды. Қала басшылары отындыққа сексеуіл мен көмірді талон арқылы беретін. Ол кезде қазіргідей қанша керек болса, сонша алу қайда. Бір қысқа жетер-жетпесін алсаң, соған шүкірлік етесің. Мен мектептен шыға алмаймын. Тәртіп қатты. Оқушылар жиырма минут күтіп қалса болды, жұмыстан шықтым дей бер. Ал отын базда кезекте тұрғандар қаншама. Амал жоқ, база меңгерушісіне өтініш хат жазып, Айседораның қолына талон мен есептесуге қажетті ақша ұстатып, өзін жібердім. Содан сабақта қызыма алаңдап отыра алсамшы. Жанымды қоярға жер таппаған соң директорымыз Алимовқа барып, жағдайымды түсіндірдім. Қайырымды кісі еді, рұқсатын берді. Жолай үйге соғып, анама ескертіп кетуді ұйғардым.
Аулаға кірсем, сексеуіл мен көмір артқан жүк машинасы тұр. Айседора алдымнан жүгіріп шықты. Өмірімде дәл сол күнгідей қуанбаған шығармын, сірә. Қызым базда кезекте таласып-тармасып тұрған адамдардан кеңсенің талон қабылдайтын ашық терезесіне жете алмайтынын сезіп, отындық таситын машиналар кіріп-шығып жатқан дарбазадан елеусіздеу кіріп, іштегі кеңсе есігінің алдына барып тұрады. Сол кезде көмір жиналған жақтан бір үлкен, егде кісі келіп, оған адасып жүрген бала ма дегендей таңырқай қарайды да: «Қызым, сен кімсің? Мұнда неге келдің?» – дейді. Айседора оған қолындағы хатты береді. Әлгі кісі оқып шығып, оны кеңсеге өзімен бірге алып кіреді де, талон мен ақшаны алып, бір жүргізушіні шақырып, отындықты жүк машинасына артып, тиісті мекенжайға жеткізуді тапсырған. Айседора солай үлкен адамның шаруасын атқарып, зеректік танытты.
Сол кезде Альфия төрт жаста ғана еді. Балалар бақшасына баратын. Бақша біздің үйден үш көше арыда. Қызым өзі барып, өзі келуге дағдыланған. Жаппар аға маған бір метрдей шұға әкеп берген еді. Содан Альфияға пальто тіктім. Ақпан айының соңы болатын. Кешкісін үйге келсем, құлыншағым әлі жоқ. Жайшылықта ол бұл уақытта үйде отыратын. «Әскери мереке күні құрметіне тәрбиешілер бір мәдени шара дайындап жатқан шығар, Альфия әне-міне келіп қалар» деген оймен күтіп отыра бердім. Күн батып, қас қарайып кетті. Әдетте, өтіп бара жатқан қыс өшін ақпаннан алмақшы болып, қаһарына мініп, аязын барынша күшейтпей ме. Сонда ғана көңілім елгізіп: «Апырай, Альфияның келетін уақыты әлдеқашан болды ғой. Келе жатып, күтпеген бір жайсыздыққа ұрынып қалмаса жарар еді». – Апыл-ғұпыл киіндім де, жан ұшырып, үйден жүгіріп шыққаным сол еді, ауланың қақпасынан қызым кіріп келе жатыр. Үстінде пальтосы жоқ. Жалаң көйлектен тұла бойы қалш-қалш етеді. Ақшыл сары өңі суық сорғаннан көгеріп кеткені соншалық, тісі-тісіне сақылдап, сөйлер ала емес. Қатты қорыққаны да үрей билеген көздерінен көрініп тұр. Одан қайта-қайта сұрап, ұққаным мынау болды. Балабақшадан әдеттегідей уақытта шыққан. Жолай бір әйел кездесіп, саябақта балаларға қызықты ойындар көрсетіліп жатқанын айтып, ертіп бармақшы болады. Қызым сеніп, соңынан ілескен. Саябақта бір ғимараттың алдына тоқтап: «Ойын осы үйдің ішінде болады. Бірақ үйге пальтомен кіргізбейді», – деп пальтосын шешіп алады да. – Сен осы жерде мені күтіп тұра тұр. Мен қазір билет алып келемін». – Әйел үйді айналып, қалың ағаштың арасына кіріп қарасын батырады. Балапаным оны күн батқанша күткен. Әбден тоңған соң әйелдің алдағанын біліп, үйге қайтады. Біздің үй қайда, саябақ қайда? Екі арада бірнеше көше бар. Мені таңғалдырғаны — оның үйді адаспай тауып келгені.
Сексеуіл қысқа аздық ететін. Амал жоқ, көршілерім Тася, Марусия, Полина және мен түнде сексеуіл базға барып, ұрлық жасадық. Қолымызда сексеуілді байлайтын жіп пен сүйреткен шанамыз бар. Түнгі сағат екі шамасында баздың қарауылымен келісіп келдік. Оған әрқайсымыз 5 сомнан беретін болдық. Шанаға сексеуілді сыйғанынша артып, кері қайттық. Қорқыныштан қараңғы көшемен жан-жағымызға алақ-жұлақ қарап келеміз. Ұсталсақ бітті, темір тордың арғы жағынан бір-ақ шығарымыз анық. Үйге жеткенде ғана бар демімізді бірақ алдық. Менің Алла алдындағы жасаған жалғыз күнәм сол ғана.
Техникум директоры Николай Антонович Каличев байсалды жан екен. Мені кеңсесіне шақырып, хал-жағдайымды сұрады. Мен Әзімбай мен өзімнің тағдырым туралы біраз жайды айтып бердім. Бір күні ол әйелі екеуі біздің үйге қонаққа келді. Анам қамыр илеп, арасына қуырған пияз салып, жұмырлай орап, пісіріп алдарына қойып, «Батыр» шайымен құрмет көрсетті. Каличев жұпыны тұрмысымызды көріп, анамның әлгі жасаған орамының тәттілігіне ризалығын білдірді. Екі күннен соң Каличев мені өзіне қайта шақырды. Ол техникумның қатардағы аәй оқу орны емес, әскери қамқорлықта екенін, өзінің бізге аздап болса да материалдық тұрғыдан көмек бергісі келетінін айтып: «Ертең сағат 12-де үйде болыңыздар», — деді. Ертеңіне үш ер кісі келіп, ұн, қант, бұршақ, қалың жамылғыш, жамылғы мата, сүлгілер және бірнеше бөлек маталар әкелді. Көршілеріміз мына байлықты көріп, таңғалған еді. Мен өзім жұмыс істейтін техникумның әскери мәнде екенін, қызметкерлеріне осындай көмек беріп тұратынын айттым. Олар түсініп, айналаға сөз таратпады. Техникумда менің ұстаздық еңбегімді жоғары бағалап, «1941 – 1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы медаліне» ұсынды. Ал өзім жұмыс істеп жүрген №15 орта мектеп басшылары мені сол баяғы «халық жауының» әйелі ретінде қарап, ондай құрметке ұсынбақ түгілі, көздеріне де ілген жоқ.
Техникумға Ұзынағаш станциясының ар жағынан егістік жер берген. Көктемде сол жерге оқытушылар мен студенттер картоп пен жүгері егеді. Сол жылы қыс өтіп күн жылысымен бізді де алып барды. Қала маңындағы елді мекендерге қатынайтын пойызға мініп, Ұзынағашқа дейін бардық. Содан ары 8 сегіз шақырым жерді жаяу жүріп, егістікке жеттік. Әр оқытушының екі студент көмекшісі бар. Жер трактормен жыртылған екен. Палаткаларда қона жатып, ертеңіне кешке дейін өзімізге тиесілі жер бөлігіне картоп, жүгері және асқабақ дәнін ектік. Тамызда жиын-терін науқаны басталды. Техникум ұжымы сонда қона жатып, жер өнімдерін жинадық. Жүк машинасына тиеп, қаладағы базға жіберіп жатырмыз. Қайтатын күні басқалар секілді мен де рюкзагыма қыздарымды қуанту үшін аздаған картоп пен жүгері салып алдым. Станцияға қарай жаяулап келе жатыр едік, кенеттен жол бойынан екі өгіз жеккен арбашы кездесе кетті. Арбаның үстінде екі тақтайы бар демесең ұстайтын тұтқасы жоқ. Мен алдыңғы доңғалаққа жақын отырдым.
Арбакеш жастау жігіт екен өгіздерді қамшылап, «цоб, цобе, цоб, цобе» деп дауыстап, жүрісін жылдамдата түсті. Біз станцияға шаршамай жетіп қалатын болдық деп қуанып отырмыз. Арба қия жолмен биік қырға қарай көтеріліп барып, шұғыл солға бұрылды. Мен жерге құлап түстім. Әйелдер шошып, шу ете қалды. Ылдилаған арбаны арбакеш бірден тоқтата алмады. Артқы доңғалақ мені кеудемнен басып өтті. Есімнен танғаным жоқ. Алайда тұла бойым қақсап ауырып барады. «Қабырғам сынған шығар. Мүгедек болып қалдым-ау. Қыздарым мен анамды енді қойтып асыраймын». Қорқынышты ой тұла бойымды ілезде билеп, жан-дүнием құлазып сала берді. Ұлардай шулаған әйелдер жүгіріп келіп, қол-аяғымды, кеудемді олай-былай қозғап көрді. Бәрі орнында секілді. Олар ақырын кеудемді көтеріп тұрғызды.
Ауру жаныма батып тұрса да өзімнің жүруіме болатын секілді. Солай ет-қызумен үш шақырым жол жүріп, станцияға жеттім. Пойыз әлі келмепті. Жол жиегіндегі ұзынша орындыққа отыра кеттім. Біраздан соң ысылдап-пысылдап пойыз да келіп тоқтады. Мен орнымнан тұра алар емеспін. Тұла бойым зар қақсап, алып барады. Аяқтарым ісіп кеткен. Тіптен қозғалу мүмкін емес. Вагонға міне алмасам, далада қаларым анық. Өкініштен кеудемді өксік қысып, көз жасым бетімді жуды. Қарсы алдымдағы вагоннан солдаттардың түскені мұндай жақсы болар ма. Оларға әйелдер жағдайымды айтып, көмектесулерін сұрады. Екі солдат қолдарын айқастыра ұстап, мені отырғызды да вагонға алып кіріп, бос орынға жайғастырды. Екінші Алматыға келген соң да солдаттар мені әлгіндей тәсілмен көтеріп, жақын жердегі үйіме дейін әкеліп салды.
Анам ертеңгісін дәрігер шақыртты. Ол тұла бойымды көріп шығып, сынған жерімнің жоқ екенін, алайда арба доңғалағы басып өткен кеудем мен аяқтарым көгеріп кеткенін айтып, анама емдеу жолдарын түсіндірді. Анам тұзды ваннаға шомылдырып, әлдебір дәріні жағып, аз күннің ішінде аяғымнан тік тұрғызды.
Бір жолы Алматыға Әзімбайдың жақын туысының ұлы Ғалымжан келді. Кезінде біздің қолымызда тұрып, институт бітіріп, Семейге кеткен. Мені қаладағы ресторанның біріне шақырды. Стол үстін түрлі дәмді тамақтарға толтырды. Ащы судан өзі аздап ішіп отырған. Әуелі ауылдың жағдайын айтты. Содан кейін: «Жеңгей, Әзімбай ағам келе ме, келмей ме, белгісіз. Аман болса, оралатын уақыты да болды ғой. Елдегілердің күдер үзгені қашан. Ана үйдегі екі қызыңа әкелік қамқорлық керек. Қазақта әмеңгерлік деген бар. Сол бойынша мен саған үйленіп, екі қызға әке болсам ба деймін», – деді.
Қаным бірден басыма шапты. «Ғалымжан, сен нені айтып, сандырақтап тұрсың? Мен татармын. Біздің татарда әмеңгерлік деген жоқ. Әзімбай ертең келгенде, сен оның бетіне қалай қарайсың? Мен қалай қараймын? Мен мұнда сені Әзімбайдың інісі санап келіп едім, сенің ойың басқада екен ғой. Сенің маған жасаған мұндай сыйың құрысын, – деп орнымнан атып тұрдым да, столды төңкеріп тастадым. – Кет! Енді қайтып көзіме көрінуші болма!».
Ол ауылына барып, Бибінұр деген қызға үйленіпті. Бибінұрмен бертінге дейін қатысып тұрдым. Ал Әзімбай келмеді. Сарғая күтумен күндер өтіп, жылдар жылжып жатыр.
1945 жылы 9 мамырда көптен күткен Жеңіс күні де келді. Техникум директоры Николай Антонович Кальчев: «Халида Рахматуллаевна, біз Севастопольге қайта оралатын болдық. Білікті оқытушы ретінде сізді де сонда ала кетуді ұйғарып отырмыз», – деп қолқа салды. Анама өтінішін айтып едім: «Халида, онда бізді кім таниды? Ал мұнда Әміржан мен Насыр ағаларың бар. Әзімбай мерзімін өтеп келген соң бізді қайдан табады? Оны осы қаладан күтіп алайық, қызым», – деді.
Дзержинский көшесіндегі №16 үйде біз 1960 жылға дейін тұрдық. № 18 қазақ орта мектебінде оқытқан шәкірттерім – Асқар Құлыбаев, Жолмұхан Түрікпенұлы, Шәкен Ластаев, Қайсар Омаров, Үсенбай Манапбаев, Жақия Кәкішев, Кәрім Атшабаров және тағы басқалар ауылдан келген балалар еді. Олар бүгінде үлкен ғалымдар мен мемлекет және қоғам қайраткерлері. Жыл сайын туған күніммен құттықтап, хабарласып тұрады.
Анамның жүрегі сыр бере бастаған соң туысымдай болып кеткен терапевт дәрігер Камал Барлыбаевқа барып кеңестім. Ол Сызғанов атындағы ғылыми-зерттеу институтының білікті дәрігермен сөйлесіп, емдеуге келістірді. Дәрігердің қабылдауына кезек күтіп отыр едік, медбике ұзын дәлізбен бір реңді келген мол денелі жайдары кісіні ертіп келе жатты. Ақ маңдайынан төбесіне дейін шашы жоқ. Анам маған ұмсынып: «Бұл жазушы Мұхтар Әуезов, – деді сыбырлай сөйлеп. – Арада талай жыл өтті ғой. Қазір мені танымайтын да шығар». Әуезов дәрігердің есігін аша беріп, мамама жалт қарады. «Жаңылмасам, сіз Нәфиса жеңгей боларсыз», – деді жымия күліп, қолын созды. Анам орнынан тұрып: «Сізді танымайтын шығар, жолын бөгемей-ақ қояйын деп отыр едім. Танығаныңызға рақмет!», – деп мамам сәлемін алды. Әуезов қолынан сүйді де: «Неге танымай қалайын, жеңгей. Сырлы аяқтың сыры кетсе де, сыны кетпеген екен», – деп жеңіл әзілге бұрып, жағдай сұрасты. Әзімбайдың хабарын сұрады. Анам күтіп жүргенімізді айтып, мені таныстырды. Маңдайымнан сүйді де: «Әзімбай елден ерекше тұлға ғой. Сендерді кездестіргенге жазсын!» – деді қоңырқай үнмен. Үлкен жазушының ілтипаты, тілегі тұла бойымды жылытып жібергендей күй кештім.
Әзімбайдың 1938 жылы 26 ақпанда атылғанын 1957 жылы 7 желтоқсанда КСРО Жоғарғы Сотының әскери коллегиясы оның ісін қайта қарап, «Іс-әрекетінде қылмыстық іс жоқ» деп ақтағаннан кейін барып білдім. Мен «халық жауының» әйелі деген қара таңбадан да сол жылы құтылдым.
Анам Нәфиса 1960 жылы мәңгілікке көз жұмды. Бұл кезде қыздарым да есейіп, ес біліп қалған. Ақ жауып, арулап ақиреттік сапарға аттандырдық. Айседора мен Альфия әке жолымен ғылымға ден қойып, атақ-абыройға бөленді. Айседора әкесі туралы көп жылдардан бері ізденіп, деректер жинады. Күзге дейін баспадан кітап шығып қалар. Екеуінен қаншама немерелер сүйдім. Қыздарым Найманның Елкелді атасынан тарайтынын біледі. Әжесі Асқабике — Нұралы ханның шөбересі. Әзімбаймен алты жылға жуық отастым. Ол маған сол алты жылда өміріме жететін рухани азық берді. Қаншама қиындықтарды бастан кешсем де, оған ерге шыққаныма ешқашан да өкінбеймін. Тағдырдың талай қилы кезеңдерінде басына шәпкі, қолына пәпкі ұстағандар көркіме қызығып сөз салса да, Әзімбайдың отын өшіргенім жоқ. Ағайындарының да сынынан талай рет өтіп, Әзімбайға деген адалдығымды дәлелдей білдім. Ұрпағын өсірдім. Қазақтардың маған өкпесі жоқ шығар.
Үлкен бөлмеде тағы да тыныштық орнады. Мен қабырғаны тұтас алып жатқан жиһаздағы Әзімбайдың фотоларына қарадым. Отыздың үстіндегі көздерінен ұшқын шашып тұрған жігіт әр қырынан суретке тартылыпты. Жиһаздың жоғары жағына ілінген кестелерге көзім түсті. Шағын көлемдегі ақ маталарға тігілген әр алуан гүл дестелерін айтсайшы. Көздің жауын алады. Қызыққаным соншалық:
– Халида апа, мына кестелерді тіккен қыздарыңыз ба, әлде немерелеріңіз бе? Қайсысы болса да қолдарынан бал тамған өнерлі екен, – дедім таңданғанымды жасырмай.
Кәрия езу татты.
– Қазіргі балалар кесте тігуші ме еді. Бұл кестелер — өзімнің қиялымнан туған қолтумаларым. Бұлар түн жамылып отырып тіккен Әзімбайға деген сағынышым ғой, шырағым!
Иә, қазіргі жастар бұл өнерден мүлдем бейхабар. Бұрынғылар үйін осындай кестелермен сәндейтін. Ал мына кестелердің жөні, мәні бөлек екен. Халиданың ері Әзімбайға деген жан тазалығын, кіршіксіз махаббатын осы кесте гүлдері жырлап тұрғандай әсерде қалдым.
Менің ойымды Халиданың қоңырқай үні бөліп жіберді.
– Қайран Әзімбай! Ұлтын жанынан бетер сүюші еді ғой. Бір сөзді, уәдеге берік жігіт болатын. Иә, «Бесеудің хатын» ұйымдастырған да, жазған да өзі. Ал қол қойған «бесеуі» Голощекиннің алдында келісімдерінен тайқып, оны сатып кетті. Әзімбайға «ұлтшылдық» таңбасы сол кезден бастап жабысты. – Халида апа ой иірімдеріне түсіп кетті ме, үнсіз қалды.
Мен де: «Шынында да, «бесеуі» халық мың-миллиондап қырылып жатқан кезде хаттан бас тартпай, Голощекинге мәймеңкөлемей қарсы тұрғанда, үлкен саяси күш еді ғой. Абай жарықтықтың: «…Туысқаның, достарың – бәрі екі үшті, Сол себепті досыңнан дұшпан күшті», – дегенінің кері дерсіз. Сол Абайдың «…Бұл қазақтың сөзі басқа да, ісі неге басқа?» дегені де ойға оралды.
Халида апа аздан соң жүзі күреңітіп, шерлене тіл қатты.
– Мен оларды түсінемін, бірақ ешқашан да кешірмеймін! – Басын шайқады да, тағы үнсіз қалды. Аздан соң таяғына сүйеніп, орнынан тұрды да, орыс тілінде зіл тастай сөйледі. – Я их понимаю, но никогда не прощу!
Рас, шындықта бір қасиет бар. Ғасырға жуық уақыт көмбесінің астында жатса да өлмейді екен. Кезі келгенде жарқ етіп шыға келетініне қайран қаласың. Енді, міне, «Бесеудің хатын» Әзімбай Лекеровтің жазғанына ешкімнің күмәні қалмаса керек. Классикалық түрде жазылған саяси дүниенің өз авторын тапқаны осы болар.
Сағаттың қысқа тілі таңғы төртке жақындап қалыпты. Ол туралы алты аптаға созылған зерттеу мақаламның соңғы нүктесін қойдым.
Ал шындық кімдерге ащы, кімдерге тәтті?
Көлбай АДЫРБЕКҰЛЫ