СУ РЕСУРСТАРЫН ҮНЕМДІ ӘРІ ТИІМДІ ПАЙДАЛАНУ — СУ ШАРУАШЫЛЫҒЫ КЕШЕНІНДЕГІ БАСЫМ БАҒЫТ
ХХІ ғасырдағы жаһандық сын-қатерлердің, күрделену бағытына қарай бет алған мәселелердің бірі – су тапшылығы. Бүгінде әлемдік су ресурстары қатты қысым көріп отыр. Соңғы 60 жылда Жер шарында ауыз суды пайдалану 8 есе өскен. Демек, осы жүзжылдықтың ортасына қарай көп ел суды сырттан алдыруға мәжбүр болуы мүмкін. Сарапшылардың пайымынша, келешекте, дәлірек айтқанда, әрбір он жылда «шартты сценарий» бойынша әлемдегі су пайдалану үдерісі 10-12 пайызға өсіп, 2025-2030 жылдарға қарай 1995 жылмен салыстырғанда, 1,4 есеге артады, ал Қазақстанда су ресурстары 2030 жылға қарай 21 пайызға азаяды. Азаю үдерісі, негізінен, трансшекаралық өзендер есебінен болады, яғни көршілес елдерден келетін су көлемі 60 пайыздан астам мөлшерге кемиді. Себебі бүгінгі таңда көрші мемлекеттер өздерінің экономика салаларын дамыту үшін су ресурстарын пайдалану көрсеткіштерін арттырып келеді.
Бұған қоса, ғаламдағы климаттық үдерістердің өзгеруі, күн райының жылынуы, мұздықтардың еруі және тағы басқа да көптеген климаттық ауытқулар да су ресурстарына кері әсерін тигізіп отырғаны анық. Бұған еліміздегі суы аз жылдар циклінің ұзаруын да мысалға келтіруге болады. Сондықтан су ресурстарын үнемді пайдалану уақыт өткен сайын өзекті бола түсуде.
Журналистік сараптама
Ләйла ЕДІЛ,
«Семей таңы»
Cудың 50 пайызы сырттан келеді
Қазақстан – географиялық жағдайына байланысты барлық ірі өзендердің төменгі сағасында орналасқан мемлекет. Ендеше, еліміздегі су ресурстарының жетіспеуін, ең алдымен, осы трансшекаралық өзендер ағыстарының азаюымен байланыстыра қарауға болады. Өзендердің түгелге жуығы – Ертіс, Еміл, Іле, Шу, Талас, Сырдария, Жайық, Тобыл шет елдерде басталып, су ресурстарының жартысына жуығы елімізден тысқары жерде қалыптасады. Әр түрлі есептеулер бойынша, біздегі 100-ден аса текше шақырым судың 50 пайызы шет елден келеді. Ал жыл сайын көршілес мемлекеттер халқының саны ғана емес, экономикасы да өсетіні аян. Осы орайда кейбір сарапшылар 2030-2050 жылдары судың бағасы алтын мен мұнайдан да қымбат болады деген болжам айтуда. Мәселен, көрші елдер өз экономикасын дамыту мақсатында су ресурстарын қарқынды пайдаланып келеді, демек, болашақта бұл үдерістің арта түсуі заңды құбылысқа айналары хақ. Сондықтан бізге келетін су мөлшері де, сәйкесінше, кеми түседі.
Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі, Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің төрайымы Зульфия Сүлейменованың айтуынша, өзен ағысының көпжылдық динамикасы жергілікті және трансшекаралық ағындардың азаюы есебінен елімізде су ресурстарының кемігенін көрсетіп отыр. Егер 2000 жылдары орташа көп жылдық өзен ағыны 120 шекше шақырым болса, қазіргі уақытта ол шамамен 102 текше шақырымды құрайды екен. «Бұл климаттың өзгеруіне және антропогендік факторларға байланысты болып отыр. Соңғы жарты ғасырда температураның көтерілуіне байланысты мұздықтардың еруі байқалады. 2030 жылға қарай өзен ағынының 99,4 текше шақырымға дейін және басқа да су нысандарының одан әрі қысқаруы болжанып отыр. Қазіргі кезеңнің өзінде 17 текше шақырымнан астам су ресурстарының жетіспеушілігі байқалады, ол су экожүйелерінің қажеттіліктері есебінен мәжбүрлі түрде жабылады», – дейді Зульфия Болатқызы.
Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі бұл бағытта және өз құзыреті шеңберінде «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы аясында ағынды суларды аккумуляциялау, яғни жинақтау мақсатында еліміздің территориясында 9 су қоймасын салуды көздеп отыр. Сонымен қатар өндіріске алынатын таза судың көлемін 2025 жылға дейін 1,3 текше шақырымға дейін қысқарту және ауыл шаруашылығы дақылдарын суарудағы су шығындарының көрсеткішін 4 текше шақырымға азайту, су нысандарының экожүйелерін сақтау және т.б. жоспарлануда.
«Еліміздегі өзен су қорының жартысы сырттан, көршілес елдерден ағып келетіндіктен, министрлік тарапынан осы елдермен су бөлісуге бағытталған келіссөздерге айрықша мән беріледі. Қазақстан Республикасында негізгі 8 өзен бассейні бар. Олардың ішінде 7 өзен бассейні – трансшекаралық. Сондықтан су ағынының азаюы мен көбеюі сыртқы елдердің су жіберулеріне тәуелді екені айқын. Сонымен қатар соңғы жылдары Қазақстан Республикасы территориясында суы аз жылдар циклінің өтуі байқалуда. Әрбір трансшекаралық өзен бойында су деңгейін және шығынын қадағалайтын гидробекеттер бар. Оған жыл сайынғы жауын-шашынның мөлшері, қар жамылғысының қалыңдығы, топырақтың су сіңіру көрсеткіші, сырт елден ағып келген су мөлшері әсер етеді. Бұл бекеттерде су нысанының көп жылдық орташа су мөлшері белгіленіп отырады. Аталған көп жылдық орташа су мөлшерімен салыстырғанда, соңғы жылдары Жайық, Сырдария, Шу және Талас өзендерінің бассейндеріне судың аз түсуі байқалады», – дейді Зүльфия Сүлейменова.
Ол Қазақстан Республикасының сырт елдермен әрбір бассейн бойынша су ресурстарын бірлесіп басқару және қорғау келісімдері бар екеніне тоқтала келе, болашақта су тапшылығын болдырмау мақсатында осы келісімдерге сәйкес, суды әділетті бөлу министрліктің ерекше бақылауында екенін жеткізді.
«Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы су қатынастары екі ел үкіметтері арасындағы Трансшекаралық өзендерді пайдалану және қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы 2001 жылғы 12 қыркүйектегі келісімімен реттеледі. Дегенмен қазіргі уақытта ҚХР-мен су шаруашылығы ынтымақтастығы мәселелеріндегі негізгі проблема – трансшекаралық өзендердің су ресурстарын бөлу жөніндегі нормативтік-құқықтық базаның болмауы. 2015 жылы ҚР мен ҚХР арасындағы трансшекаралық өзендерде су бөлу туралы келісім жобасын дайындау және келісу бойынша арнайы жұмыс тобы құрылды. Осы бағытта Қытай тарапымен бірлесіп, трансшекаралық өзендерде су бөлу жөніндегі техникалық жұмыстардың негізгі бес мәселе бойынша зерттеулері іске асырылуда. Жоғарыда айтылған жұмыстардың нәтижелері су бөлу туралы келісім шеңберінде су лимитінің нақты мөлшерін айқындау кезінде пайдаланылатын болады. Сонымен қатар қазіргі уақытта Қытай тарапымен бірге трансшекарлық Ертіс, Іле және Емел өзендерінің барлық бассейні үшін су ресурстарын бағалау бойынша зерттеу жүргізілуде. Аталған жұмыс аясында жыл сайын трансшекаралық өзендер бассейнінде Қазақстан Республикасы мен Қытай аумағында қалыптасатын табиғи ағынның көлемі анықталады. Жұмыс нәтижелері табиғи су нысандарының, оның ішінде Балқаш, Зайсан, Алакөл және Іле өзенінің алқаптарын қоса алғанда, экожүйелердің бөліктері мен қажеттіліктерінің мөлшерін анықтауға пайдаланылатын болады», – дейді вице-министр.
Қазіргі таңда Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы су қатынастары қос мемлекет үкіметтері арасындағы Трансшекаралық өзендерді пайдалану және қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы келісіммен реттеліп отыр екен.
Өкінішке қарай, Қазақстан ғалымдары тағы бір экологиялық апат қаупі жөнінде болжам жасап келеді. Ол – Балқаш көлінің кұрғап кету қаупі. Біз осы көлдің бүгінгі экологиялық жағдайы мен болашағы турасында қандай болжам жасауға болатыны жөнінде де аталған мәселеге жауапты ведомство мамандарынан сұраған едік. Сала өкілдерінің айтуынша, Балқаш көлі бассейнінің басты су артериясы – Іле өзені. Іле өзенінің бассейні су жинау алаңының шамамен 70 пайызын және Балқаш көлінің жиынтық жер үсті ағынының 80 пайызын құрайды. Іле өзені бассейнінің негізгі ағынын құрайтын бөлігі Қытай Халық Республикасы аумағында орналасқан, онда су жинау жеткілікті дамыған гидрографияға ие. 2020-2021 жылдар Іле өзені ағынының көп жылдық деректерімен салыстырғанда, «Қазгидромет» РМК деректері бойынша, суы аз жылдар саналған.
«Суы аз және суы көп жылдар циклі көп жылдық мәліметтерге сәйкес қайталанып отырады. 2020 жылы нақты ағын – 9,807 текше шақырымды, 2021 жылы 9,608 текше шақырымдыы құрады. Қытай Халық Республикасынан келетін ағынның орташа жылдық нормасы – 11,56 текше шақырым, Іле өзені бассейніндегі құрғақшылыққа байланысты вегетациялық кезеңдерде 2020 жылдан бастап орташа 322 м3/с, 2021 жылы 279 м3/с дейін жетті. Сондай-ақ «Қазгидромет» РМК деректері бойынша, Балқаш көлі бойынша су деңгейінің динамикасындағы орташа айлық көрсеткіш 2013 жылы 342,65 метр, 2014 жылы 342,47 метр, 2015 жылы 342,15 метр, 2016 жылы 342,20 метр, 2017 жылы 342,58 метр, 2018 жылы 342,5 метр, 2019 жылы 342,58 метр, 2020 жылы 342,51 метр, 2021 жылы 342,17 метр және 2022 жылдың 1 наурызындағы жағдай бойынша, Балқаш көлінің деңгейі 341,81 метрді құраған. 2015 жылдан бастап комиссия шеңберінде Қазақстан мен Қытай арасындағы трансшекаралық өзендерде су бөлу туралы келісім бойынша арнайы жұмыс тобы жұмыс істейді. Қазақстандық топтың келіссөз мақсатының бірі – Балқаш көлі деңгейінің төмендеуінің алдын алу. Сонымен қатар, ғылыми негізделген ұстанымның жоқтығын ескере отырып, Балқаш көлі суының ең төменгі деңгейін анықтау жөнінде шешім қабылдау қажет. Ол экологиялық жай-күйдің бұзылуын болдырмай, оны толыққанды су нысаны ретінде сақтауды қамтамасыз етеді. Кеңес заманында және одан кейінгі жылдары жүргізілген барлық зерттеулерде Балқаш көлі үшін 341 метр төменгі белгі болып саналатыны туралы нақты ғылыми негіздеме бар», – дейді Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Зүльфия Сүлейменова.
«География және су қауіпсіздігі институты» АҚ директорының орынбасары Саят Әлімқұловтың айтуынша, Қазақстан бойынша суға шаруашылық сұраныс 23,0-25,0 текше шақырым, ол жаңғырмалы ресурстардың 25 пайызынан аспайды екен. «Яғни, бір қарағанда, алаңдайтындай қауіп жоқ сияқты. Бірақ, біріншіден, жаңғырмалы су ресурстарының жартысына жуығы бізге көрші елдерден ағып келеді, ол соңғы жылдары табиғи шамасынан 16,0-17,0 текше шақырымға азайды. Екіншіден, ресурстар мен суға сұраныстың еліміздің аймақтары бойынша таралуы бірдей емес. Үшіншіден, еліміздің аумағына сәйкес, экологиялық қажеттіліктеріміз де үлкен, ол 60,0 текше шақырым шамасында. Енді, халықаралық міндеттерімізге сай, көрші елдерге жіберетін су көлемін ескерсек (27,0-28,0 текше шақырым), орташа сулы жылдары су тапшылығы 4,0-7,0 текше шақырым, ал соңғы 2019-2021 жылдардағыдай, аз сулы жылдары 12,0 — 15,0 текше шақырым төңірегінде. Осындай жағдайларда бірінші болып экологиялық сұраныс қысқартылуда, мысалы, бұл шама соңғы жылдары 50,0-55,0 текше шақырымға азайған», – дейді Саят Құрбанбайұлы.
Оның айтуынша, табиғатта сулар жалпы теңіздерде, өзен-көлдерде, мұздықтарда, бөгендерде, жер қыртысында шоғырланған. Олар, біріншіден, тұщы және тұзды, екіншіден, көп жылдық (статикалық, яғни ұзақ жылдар қалыптасқан) және жаңғырмалы (жылда жаңадан қалыптасатын), үшіншіден, жер үсті және жер асты сулары болып бөлінеді. «Бізді көбірек қызықтыратыны, әрине, жылда қайта қалыптаса алатын тұщы сулар. Бұлардың басым бөлігі жер бетіндегі ағынсуларда, яғни, өзендерде қалыптасады. Жалпы, әлемде су ресурстары ретінде, пайдалану мүмкіндігі бар суларды – өзендер сулары деп қарастырады. Өзен суларының ресурстары біздің елімізде орташа сулы жылдары 105-110 текше шақырым шамасында, одан пайдаланатынымыз – 23,0-25,0 текше шақырым», – дейді маман.
Сонымен қатар ол Балқаш-Алакөл алабында қазіргі уақытта ресурс пен сұраныс тепе-тең деңгейде екенін, бірақ суының 40 пайызға жуығы Қытайдан келетінін ескерсек, мұндағы жағдай да мәз емес екенін атап өтті. «Қалған аймақтарда жағдай алдыңғылардан күрделі, бәрінде тапшылық бар, экономика салаларына жеткізгенімізбен, табиғат жүйелерін судан шектеп қойдық. Мәселен, соңғы жылдары Сырдария алабындағы көлдер жүйелері мен Арал теңізіне 3,5-5,5 текше шақырым су ғана барады, 1960 жылдары бұл шама 15,0 текше шақырымнан кем болған жоқ. Есесіне су пайдалану 9,0 текше шақырымнан асып келеді. Ал ресурсқа келер болсақ, мұнда барлығы 17,0 текше шақырымдай судың 12-14 текше шақырымы шет елден келіп отыр, өзіміздің аумақта бар-жоғы 3,0 текше шақырым шамасында ғана су қалыптасады. Яғни, шет елден келетін суға толық тәуелді болып отырмыз», – дейді Саят Құрбанбайұы.
Маман сондай-ақ Шу мен Талас өзендерінің төменгі ағысындағы сулы-батпақты табиғи жүйелердің сусыз қалғанына да алаңдаушылық білдірді. «Суландыру деген желеумен, шулап жүріп, қысқа уақыт су тасу кезінде ғана төменге су жіберіледі, басқа уақытта су жоқ десе де болады. Жайық пен Жем, Сарысу мен Торғай – бәрі де сарқылып барады»,– дейді ол.
Өз сөзінде Саят Әлімқұлов соңғы жылдары климаттың әсерінен жалпы өзендер суларының режімі қатты өзгеріске ұшырап отырғанына, 2000 жылдарға дейін бұл үдеріс аса байқалмағанымен, бірте-бірте, салыстырмалы түрде, қалыпты климаттық кезеңдегі су режімі түбегейлі өзгеріп бара жатқанына да тоқталды. Оның айтуынша, ең алдымен, қазіргі кездегі су режімін толыққанды зерттеп, өзгерістерін дәлелдеп, келешегіне болжам жасау қажет. Алайда ондай ірі зерттеулер бүгінге дейін жүргізілмеген. Жекелеген ізденістер кездескенімен, терең, іргелі зерттеулер жоқтың қасы. Екіншіден, суды басқару органдары да мұндай ізденістерді қажет етіп отырмаған көрінеді. «Ең өкініштісі, климаттық өзгерістердің, трансшекаралық сулар мәселелерінің су шаруашылығына, экономикамызға келтіріп отырған, әрі келешекте келтіруі мүмкін әсерлері жайлы су саласын басқарушы органдарда түсінік қалыптаспай отыр», – дейді маман.
Оның сөзіне қарағанда, бүгінде өзен суларының азаюының екі нақты әрі басты себебі анықталған. Біріншіден, ол – жалпы ғаламдық климаттық өзгерістердің әсері. Яғни, ғаламдық ылғал алмасу процесі өзгеріске ұшырған. Құрлықтың ішінде орналасқан Қазақстан сияқты аумақтарда құрғақшылық жиілеп барады. Жазық аудандарда бұл үдеріс ертерек, шамамен 2002-2005 жылдардан басталған. «Биік таулы оңтүстікте, көп жылдық ылғал қорларының әсерінен өзен сулары 2012-2015 жылдарға дейін азая қойған жоқ. Көп жылдық қорлар да қорек көздерінің азаюынан біртіндеп сарқылып қалды. Трансшекаралық суларға келсек, көрші елдер де ғаламдық тұрғыдан бізбен бір аймақта, ол аумақтарда да климаттың әсерінен судың азаюы байқалады. Екінші жағынан, су пайдалану мөлшері өсіп отыр. Суымыздың жартысынан астамы ел аумағында қалыптасқанымен, ауқымды су тораптары ірі өзендерге байланған. Ал ірі өзендеріміздің барлығы – трансшекаралық. Мысалы, Сырдария алабында жалпы тұтынатын суымыздың 80 пайызы тек Сырдария өзеніне тиесілі, яғни біз басым суы шеттен келетін нысанға тәуелдіміз. Шу — Талас алабында бұл көрсеткіш – 86 пайыз, Жайық алабында – 51 пайыз. Ал оған экологиялық қажеттілікті қосатын болсақ, тәуелділігіміз одан да жоғарылай түседі, тіпті суы мол Балқаш — Алакөл алабында да 80 пайызға жуықтайды», – дейді ол.
Ертіс бассейндік инспекциясының 40-тан астам функциясы бар
«География және су қауіпсіздігі институты» АҚ директоры орынбасарының айтуынша, бүгінде Қазақстанның қай аймағын алып қарасақ та, су мәселесі мәз емес. «Елімізде табиғи-шаруашылық жүйелер сумен толық қамтамасыз етілген әрі белгілі дәрежеде артық қоры бар бір ғана аймақ бар – ол Ертіс өзені алабы. Еліміздің жаңғырмалы су ресурстарының 32-34 пайызы осы алапта қалыптасады. Бұл алаптың өзінде де мәселе жетеді, 7,0-8,0 текше шақырым Қытайдан келсе, Ертіс өзенімен Ресейге жіберу міндетіміз тағы бар», – дейді Саят Әлімқұлов.
Расында, бүгінде Ертіс бассейнінің суы Абай, Шығыс Қазақстан, Павлодар облыстарын және Қ.Сәтбаев атындағы каналдың көмегімен Қарағанды облысы мен елорда – Астанаға дейінгі ауқымды аумақта шоғырланған халықтың суға деген сұранысын қанағаттандырып отыр. Семейде Су ресурстарын пайдалану мен қорғауды реттеу жөніндегі Ертіс бассейндік инспекциясы деп аталатын мемлекеттік мекеме бар. Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне қарайтын мекеме басшысының міндетін атқарушы Мирзан Иманжановтың айтуынша, Ертіс бассейндік инспекциясының негізгі міндеттері – су ресурстарын басқару саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру бойынша үйлестіруді қамтамасыз ету, су ресурстарын басқару саласындағы мемлекеттік бақылауды қамтамасыз ету және өз құзыреті шегінде инспекцияға жүктелген өзге де міндеттерді жүзеге асыру.
«Бұл міндеттерді іске асыру шеңберінде инспекция 40-тан астам функцияны орындайды, оның ішінде «бірге пайдаланатын су қоймаларының, салааралық, облысаралық және мемлекетаралық маңызы бар ірі су қоймаларының жұмыс режимін бақылау функциясы бар. Бұл ретте Ертіс ГЭС каскадын (Бұқтырма, Өскемен және Шүлбі) айту қажет. Каскадтың жұмыс режиміне бақылауды жүзеге асыру кезінде су шаруашылығы кешеніне барлық қатысушылардың, сондай-ақ олардың ведомствоға бағынышты екеніне қарамастан, су электр қондырғылары мен су қоймаларын пайдалануға байланысты ұйымдардың мүдделерінің теңгерімін сақтау басты шарт болып саналады. «Өзеннің жайылмасындағы биотоптардың су экожүйесін және экологиялық тепе-теңдігін сақтау мақсатында Ертіс өзенінің су ресурстарын пайдалану режимін және оларды кешенді пайдалану талаптарына сәйкес келетін шектеу жағдайларын белгілеу үшін Бұқтырма, Өскемен және Шүлбі су шаруашылығы құрылыстарының әсер ету аймағында орналасқан негізгі гидротехникалық құрылыстардың, халық пен шаруашылық нысандарының қауіпсіздігін қамтамасыз ететін «Жоғарғы Ертіс су қоймалары каскадының су ресурстарын пайдалану ережесі» әзірленді, ол 2002 жылдың 4 наурызында Қазақстан Республикасы Табиғи ресурстар және қоршаған ортаны қорғау министрлігі Су ресурстары комитеті төрағасының № 17-ө бұйрығымен бекітілді», – дейді Мирзан Тілеуқанұлы.
Оның сөзіне қарағанда, 2018 жылы жоғарыда аталған ережелер жаңаларымен ауыстырылмай қолданыстан шыққан. Сондықтан бүгінгі таңда Ертіс каскадының жұмысын реттеу функциясын орындауда қолданыстағы ережелердің жоқтығы әсіресе судың аз түсімі кезеңінде үлкен мәселеге айналып отыр екен. «Ертіс – Қазақстанның, Қытайдың, Ресейдің аумағы арқылы өтетін трансшекаралық өзен. Расында, Ертіс ағынының бір бөлігі бізге Қытайдан келеді. Ертістің су ресурстарын көршілес елдің барынша көп пайдалануына және осыған байланысты Қазақстанға келетін су көлемінің азаюына келетін болсақ, бұл мәселелер Қазақстан-Қытай бірлескен комиссияларында қаралады және Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Трансшекаралық сулар департаментінің құзыретіне жатады», – дейді Мирзан Иманжанов.
«Шығыс Қазақстан облысы Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы» мемлекеттік мекемесі басшысының орынбасары Арман Есентаев та Ертіс өзенінің трансшекаралық ағын су болып саналатынын айта келе, оның негізгі бөлігі Қытай мен Қазақстанда орналасқанын айтты. «Су нысандарын нормативтік жағдайда ұстау үшін бірқатар табиғат қорғау іс-шаралары – су қорғау аймақтары мен белдеулерін белгілеу, нөсерлі ағындарды жөндеу және жаңарту және тағы басқа іс-шаралар жүргізіледі. Ертіс өзенінде 2006-2022 жылдар кезеңінде «су қорғау аймақтары мен су қорғау белдеулерін және оларды шаруашылықта пайдалану режимін белгілеу туралы» барлығы 23 қаулы қабылданған. Шығыс Қазақстан аймағы – сумен қамтамасыз етілген өңірлердің бірі. Бүгінгі таңда қолданыстағы су заңнамасы – Су кодексі, су қорғау аймақтары мен белдеулерін белгілеу жөніндегі қағидалар барлық су нысандарында – батпақтарда, өзендерде, теңіздерде, бұлақтарда және т.б. су ресурстарын қорғау мақсатында ең төменгі ені кемінде 35 метр белдеу және кемінде 500 метр аймақты құрайтын су қорғау аймақтары мен белдеулерін белгілеу көзделген. Су қорғау аймақтары мен белдеулерінің жобалары Су кодексінің 39, 116-баптарына және су қорғау аймақтары мен белдеулерін белгілеу қағидаларына, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 18 мамырдағы № 19-1/446 бұйрығына сәйкес бюджет қаражаты есебінен, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалардың қаржысы есебінен әзірленді», – дейді А.Есентаев.
Сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету – өткір мәселе
Жасыратыны жоқ, бүгінде Қазақстан халқының біраз бөлігінің, оның ішінде ауылдағы ағайынның басты проблемасы – ауыз су. Себебі Қазақстанның кей өңірлерінде әлі күнге дейін сапалы ауыз су жетіспейді. Сарапшылардың айтуынша, елімізде тіршілік нәріне тарығып, сапалы ауыз суға қол жеткізе алмай отырған тұрғындардың саны 1 миллионнан асады, оның 770 мыңдайы – ауыл, 280 мыңдайы – қала тұрғындары. Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі, Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің төрайымы Зүльфия Сүлейменованың айтуынша, халықты ауыз сумен жүз пайыз қамтамасыз ету үшін 2025 жылға дейін «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы бекітілген. «Оның аясында халықты кезең-кезеңмен сумен қамтамасыз ету жоспары әзірленді және республиканың әрбір елді мекені ескерілді. Аталған ұлттық жоба шеңберінде 2025 жылға дейін топтық су құбырларын салу және жаңарту бойынша 9 жобаны іске асыру жоспарлануда. Осы арқылы жалпы саны 22,3 мың адам болатын 41 ауылдық елді мекенді сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету көзделген. Жалпы еліміз бойынша, 2021 жылдың қорытындысына сәйкес, сумен жабдықтау қызметіне қолжетімділік 96 пайызды құрады. Оның 93 пайызы – ауылдарда.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің ақпараты бойынша, ел аумағындағы 6302 ауылдың 4759-ы сумен жабдықтау қызметіне қол жеткізе алады. Қамтамасыз етілген ауылдардың 511-де орталықтандырылған сумен жабдықтау құрылысы жүргізілуде, ал халқы аз 1032 ауылда кешенді блок модульдер орнатылады. Қалған 1203 ауыл 2025 жылдың соңына дейін жоспарлы түрде қамтамасыз етіледі», – дейді Зүльфия Болатқызы.
Яғни, «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында өткен жылы халықты ауыз сумен қамтамасыз ету көрсеткіші 90 пайызға жетсе, биыл бұл көрсеткішті арттыру жоспарланып отырған көрінеді. Бұған қоса, 53 қалада кәріздік тазарту құрылыстарын жаңғырту және салу мәселесі күн тәртібінен түспей тұр. Ағынды сулардың 70,5 пайызы да тазартылуы тиіс. Сондықтан аталған жобаның нәтижесінде 2025 жылға қарай қалалар мен ауылдар 100 пайыз сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілуі, сондай-ақ қалалардағы ағынды сулар толықтай тазартылуы тиіс.
Зүльфия Сүлейменованың сөзіне қарағанда, бүгінде ауылдарды ауыз сумен қамтудың ең төмен деңгейі Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында байқалады. Ал Жамбыл облысы елдегі қала тұрғындарының ауыз суға қол жеткізуінің ең төмен деңгейіне ие. Жалпы, 5 жыл ішінде елді мекендерді сумен қамтамасыз ету көрсеткішін жоғарылату жоспарлануда. «Су кодексіне сәйкес, министрлік елді мекендердің шекарасына дейін сумен жабдықтау жөніндегі функцияларды жүзеге асырады және топтық су құбырын салу және жаңарту жөніндегі бюджеттік бағдарламалардың әкімшісі саналады. Тұтастай алғанда, министрліктің негізгі міндеті – магистральды желіні жергілікті су көздері жоқ елді мекенге жеткізу. Ал одан әрі қарай халыққа су беру Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің және облыс әкімдіктерінің құзыретіне жатады», – дейді вице-министр.
Жерасты сулары – стратегиялық қор
«География және су қауіпсіздігі институты» АҚ зерттеулерінің нәтижесі бойынша, Қазақстандағы 1974-2010 жылдар аралығында байқалған жер үсті суларының жиынтық ресурсы (тұрмыстық ағынды сулар) жылына 91,3 текше шақырымға тең болған, оның 44,3 текше шақырымы шекаралас елдерден келсе, 47,0 текше шақырымы – елімізде қалыптасқан өзен сулары. Минералдылығы 1,0 г/л дейін болатын жер асты су ресурстарына ең бай аумақ Балқаш — Алакөл (15,51 км3/жыл) және Ертіс (8,52 км3/жыл) алаптары, минералды суға «ең кедейі» – Тобыл — Торғай (0,94 км3/жыл) мен Есіл (0,80 км3/жыл) алаптары. Жер асты суларының пайдалануға болатын қорының 88 пайызын (13,52 км3) тұщы сулар құрайды.
Гидрогеолог мамандардың бағалауынша, бүгінде пайдалануға қолайлы жер асты сулары – 14-15 текше шақырым. Қазақстан Республикасында су нысандарынан жылына шамамен 25 текше шақырым су пайдаланылатын болса, бұл көрсеткіштің жер асты су көздерінен алынатын бөлігі шамамен 4-5 пайызды, немесе 1 текше шақырымды құрайды екен. Демек, жер асты суларын стратегиялық қор ретінде сақтаудың маңызы зор. Өйткені жер бетіндегі сулары аз шоғырланған аймақтарда жер асты сулары, ең алдымен, ауыз су қажеттілігінің кепілі бола алады.
Бүгінде әлемде ауыз су тапшылығы өзекті мәселеге айналғандықтан, әр ел өздеріндегі су қорын, оның мөлшерін анықтауды қолға ала бастаған. Бұл ретте Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Қазақстандағы жер асты суының мөлшерін, көлемін есептеп, мониторинг жүргізе ме? Бұл сауалға жауап берген аталған ведомствоның вице-министрі, Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің төрайымы Зүльфия Сүлейменованың айтуынша, Қазақстан Республикасының Су кодексіне сәйкес, жер асты суларының қоры мен олар жайлы геологиялық ақпарат жер қойнауын зерттеу бойынша уәкілетті органның құзыретіне жатады. «Дегенмен, 2021 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша, мемлекеттік баланспен тәулігіне 43 млн м3 көлемінде бекітілген пайдалану қорлары бар 4324 жер асты суларының кен орны (5282 учаске) есепке алынды. Қазіргі таңда Қазақстанның гидрогеологиялық картасын құрастыру жұмыстары жүріп жатыр. Оның қорытындысы бойынша жер асты суларының болжамдық қоры анықталатын болады», – дейді маман.
Су құбырларының 63 пайызы тозған
Алайда бұл ретте тағы бір күрделі мәселенің төбесі көрінеді. Мәселен, бүгінде ауыз суды даярлау үшін, яғни жер асты және жер үсті суларын алу үшін салынған су құбырлары мен ғимараттардың сапасы күрделі мәселеге айналған. Осы орайда еліміздегі су құбырлары желісі қаншалықты ескірген деген заңды сауал туындайтыны анық. Белгілі болғандай, бүгінгі таңда топтық су таратқыштар бойынша су құбыры желілерінің тозуы шамамен 63 пайызды құрайды екен. Олардың басым бөлігі Солтүстік Қазақстан облысына тиесілі, олар өткен ғасырдың 1960-1980 жылдары салынғандықтан, пайдалану мерзімі 2 есе асып кеткен. Осыған байланысты Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі қазіргі уақытта Соколов топтық су құбырының 2 кезегін, Булаев және Есіл топтық су құбырларының апатты учаскелерін жаңғырту жөніндегі жобаларды іске асыруда. Мамандардың айтуынша, топтық су құбырлары бойынша жұмыстар аяқталғаннан кейін тозу көрсеткіші шамамен 45 пайызға дейін қысқаруы тиіс.
Мәжіліс депутаты Елдос Абақанов өзінің бір сұхбатында: «Біздегі ең үлкен проблема – ол еліміздегі суды басқару жүйесінің әлсіз ұйымдастырылғаны. Қанша су келіп жатыр? Оның есебі жоқ. Инвентаризациясы дұрыс жасалмаған. Ал оны шешу үшін автоматтандыру процестерін жүргізу қажет», – деген еді. Депутат қолданыстағы гидротехникалық құрылғылардың ескіруін, олардың 40-50 жыл бұрын салынғанын, су келетін каналдар тесік болғандықтан, су ағып кететін жағдайлардың жиі орын алатынын алға тарта келе, судың 40 пайызға жуығы далаға кетіп жатқанын айтты. «Егер осы мәселелерді реттейтін болсақ, бюджет қаражатын дұрыс бөлсек, су каналдарын қалпына келтірсек, толыққанды қалыптасқан суды тиімді пайдалану арқылы тұтынушыларға дұрыс жеткізер едік», – деді ол бұл орайда.
Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің төрайымы Зүльфия Сүлейменова да еліміздегі гидротехникалық құрылымдардың көбінің тозығы жеткенін мойындап отыр. Маманның айтуынша, 527 гидротехникалық құрылымға жөндеу жұмыстарын жүргізу қажет. Оның ішінде 41 гидротехникалық құрылым апатты жағдайда тұр екен. Министрлік 2017-2021 жылдар аралығында апатты жағдайдағы гидротехникалық құрылымның 16-на жөндеу жұмыстарын жүргізіп, қалыпқа келтірген. Биыл тағы да 6 нысанға жөндеу жұмыстарын жүргізу көзделуде. Сонымен қатар «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы аясында 2025 жылға дейін 9 су қоймасын салу және каналдардың пайдалы әсер коэффициентін өсіру арқылы суармалы егіншілікте 4 текше шақырымға дейін су шығынын азайту белгіленген.
Алдағы уақытта су ресурстарын есепке алу және мониторингілеу бойынша мемлекеттік органдардың құзыретін нақты айқындау, барлық деректерді, бағалау мен болжамдарды қорыту бойынша құрылатын гидрологиялық орталық осындай олқылықтың орнын толтыра ала ма? Зүльфия Сүлейменованың айтуынша, гидрологиялық орталық аталған іс-шараларды қамтыған жағдайда, судың есебі мен инвентаризациялау, автоматтандыру сияқты процестерді шешуге атсалысар еді. «Дегенмен бұл мәселелерді тиімді шешудің жолы – Су кодексіне толықтырулар мен өзгерулер енгізу. Осы бағытта министрлік жаңа Су кодексін әзірлеу жұмыстарын қарқынды түрде жүргізіп келеді», – дейді Зүльфия Болатқызы.
Жаңа Су кодексінің артықшылығы неде?
Жалпы, су саясатының тиімділігін арттыруда Су кодексінің орны айрықша. Осы орайда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биыл Үкіметке климаттың өзгеруі мен шекаралас елдердің саясатын ескеретін жаңа Су кодексін әзірлеуді тапсырған еді. «2003 жылы қабылданған Су кодексі суды шаруашылық мақсатқа пайдалану тәртібін ғана реттейді. Бұл құжат су ресурстарын сақтауға және оны тиімді пайдалануға мүмкіндік бермейді. Ауа райының өзгеруі, су саласында қордаланған мәселелер қазірдің өзінде еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуын тежейтін кедергіге айналып отыр», – деді Мемлекет басшысы бұл жөнінде. Президент бұл мәселені заңнаманы жаңарту арқылы шешуге болатынын жеткізді. «Үкіметке сарапшылармен бірлесіп, жаңа Су кодексінің жобасын әзірлеуді тапсырамын. Кодекс климаттың өзгеруін және шекаралас елдердің саясатын ескере отырып, су ресурстарының тапшылығын азайтуға септігін тигізуі керек»,– деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі, Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің төрайымы Зүльфия Сүлейменова бүгінгі таңда, Президент тапсырмасына сәйкес, Су кодексіне толықтырулар мен түзетулер енгізіле бастағанын, оның жаңа редакциясы 2023 жылға белгіленгенін айтты. Оның пікірінше, жаңа Су кодексіндегі өзгертулер ішкі және сыртқы су саясатының тиімділігін арттыруға бағытталған. «Оған қоса, мамандар мен уәкілетті органдар Қазақстан Республикасының су ресурстарын басқарудың 2020-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасын қарастырып, пысықтауда. Сонымен қатар ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы аясында биыл Қазақстан Республикасының Су кеңесі құрылып, оның екі отырысы Премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өтті. Аталған кеңес шеңберінде су басқару саласын бір уәкілетті орган құзыретіне жүктеу қарастырылып жатыр. Бұған қоса, Қазақстан Үкіметі трансшекаралық өзендер бойынша келіссөздер жұмысын күшейту және жаңа серпін беруге айрықша мән беруде», – дейді Зүльфия Сүлейменова.
Оның айтуынша, су — қоршаған ортаның негізгі элементі, себебі су адамның экономикалық қызметінің барлық түрлерінде қажет. «Бұл тұрғыда су ресурстарын сарқылудан және ластанудан қорғау оны басқарудың негізгі тәсілі болады. Осы тұрғыда су ресурстарын пайдалануға және оларды қорғауға қойылатын талаптарды айқындайтын барлық нормалар, оның ішінде басқа да заңнамалық актілер қайта қаралатын болады», – дейді ол.
Сонымен, жаңа кодекстің консультативтік құжаттарында бірқатар мәселелер және оларды шешу жолдары қарастырылуда. 1. Су ресурстарының болуы мен пайдаланылуын объективті есепке алудың, сондай-ақ дұрыс емес басқарушылық шешімдерге алып келетін су ресурстарын бағалаудың болмауы; 2. Суды тиімсіз пайдалану; 3. Су үнемдеу әдістері мен құралдарын, автоматтандыруды және цифрландыруды әлсіз енгізу (пайдалану); 4. Су ресурстарын қорғау жөніндегі су қатынастары субъектілерінің қызметін мемлекеттік реттеудің жеткіліксіздігі; 5. Су пайдалануды және су ресурстарын басқару жөніндегі қызметті ғылыми тұрғыдан әлсіз сүйемелдеу. Саланы білікті кадрлармен қамтамасыз ету проблемалары; 6. Су ресурстарын қорғау және пайдалану саласындағы басқару мен бақылауға жұртшылықтың нашар қатысуы; 7. Су кодексімен реттелетін құқықтық қатынастардың кең ауқымы; 8. Су шаруашылығы инфрақұрылымының жоғары дәрежеде тозуы; 9. Жер асты суларының құқықтық мәртебесінің белгісіздігі; 10. Ғылыми-зерттеу жұмыстарын, су қорын қорғау және өсімін молайту жөніндегі қызметті, сондай-ақ су шаруашылығын дамыту жобаларын қаржыландырудың әлсіздігі; 11. Ауыл шаруашылығындағы үлкен су шығыны.
«Жаңа заңнама су ресурстарын қорғау мен пайдалануды мемлекеттік реттеудің тиімділігін арттыруға, сондай-ақ бірыңғай мемлекеттік су саясатын іске асырудың құқықтық негізі мен тетіктерін дамытуға сеп болады деп ойлаймыз», – дейді бұл жөнінде Зүльфия Сүлейменова.
2025 жылға дейін 173 суару каналы автоматтандырылады
Бүгінде мамандар еліміздегі жыл сайынғы демографиялық жағдайдың жақсаруы, өнеркәсіп орындарының өнім қуаттылығының өсуі, суармалы жерлер көлемінің ұлғаюы сияқты көрсеткіштер еліміздегі су нысандарынан алынатын су көлемдерінің ұлғаюына алып келетінін алға тартуда. Қазақстан Республикасында су нысандарынан жылына шамамен 25 текше шақырым су әр түрлі экономикалық салалардың мұқтаждығын қанағаттандыру үшін алынады екен. Ол судың шамамен 60-65 пайызы ауыл шаруашылығы саласына тиесілі. Себебі Қазақстан – ауыл шаруашылығы саласындағы суармалы егіншілікте жетекші рөл атқаратын елдердің бірі. Қазақстан Республикасы бойынша жыл сайын ауыл шаруашылығы саласына шамамен 15 текше шақырым су алынатын болса, оның ішінде суармалы егіншілікке шамамен 11-12 текше шақырым су көлемі тиесілі, ол шамамен 70-80 пайызды құрайды.
Бұл ретте ауыл шаруашылығында суды үнемдейтін технологияларды, мәселен, тамшылатып суару әдістерін қолданудың маңызы зор. Осыған байланысты Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі 2025 жылға дейін ұзындығы 2,3 мың шақырым болатын 120 суару каналын кезең-кезеңімен қайта жаңарту және қалпына келтіру жұмыстарын жоспарлап отыр. Мәселен, 2021 жылы 1,05 мың шақырымға жұмыс жүргізілді, бұл су шығынын 250 млн текше шақырымға дейін азайтуға мүмкіндік береді. «Бұдан бөлек, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 12 қазандағы №732 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасының Агроөнеркәсіптік кешенін дамыту жөніндегі 2021 — 2025 жылдарға арналған ұлттық жобасына сәйкес, 2025 жылға қарай су үнемдеу технологияларымен қамтылған алаңдарды 450 мың гектарға дейін жеткізу көзделуде. Бұл 1,5 текше шақырым көлемінде суды жыл сайын үнемдеуге сеп болады. Сонымен қатар суды есепке алу және ұтымды бөлу бойынша заманауи цифрлық технологияларды қолдану бойынша жұмыстар жүргізілуде. Еліміздің оңтүстік аймақтары – Алматы, Жамбыл, Түркістан, Қызылорда облыстарында 212 негізгі магистральдық және шаруашылықаралық арналарды автоматтандыруды көздейтін Қазақ Су шаруашылығы ғылыми зерттеу институтының суару желісін автоматтандырудың 2021-2025 жылдарға арналған жоспары әзірленді. 2021 жылы 16 суару каналы цифрландырылды. Қазіргі уақытта 23 суару каналы бойынша жобалау-сметалық құжаттама әзірленуде, 2025 жылға дейін 173 суару каналы автоматтандырылады», – дейді вице-министр Зүльфия Сүлейменова.
Сонымен қатар өндіріс көлемінің өсуі де су ресурстарының азаюына тікелей әсер етуі мүмкін. Өйткені өнеркәсіп саласына шамамен жыл сайын 6-7 текше шақырым су пайдаланылады, ол жалпы су пайдаланудың шамамен 30 пайызын құрайды. «Жыл сайынғы өнеркәсіп саласындағы көрсеткіштердің өсуін ескеретін болсақ, бұл саладағы су үнемдеуді де күшейткен абзал. Сондықтан министрлік «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы аясында өндірістік салаға алынатын таза судың көлемін 2025 жылға дейін 1,3 текше шақырымға азайтуды көздеп отыр», – дейді Зүльфия Болатқызы.
Суды үнемдеу мен тиімді пайдалану бағытында
Сала мамандары биыл Қазақстан өзендері бассейндерінде өткен жылдардағыдай аз су циклы жалғасып келе жатқанын алға тартуда. Олардың пікірінше, соңғы жылдары су тапшылығы елдің оңтүстік өңірлерінде өткір сезілуде. «Бұл өңірлерде вегетациялық кезеңнің тұрақты өтуін қамтамасыз ету үшін 2021 жылдың қарашасынан алдағы вегетациялық кезеңге дайындық жұмыстары басталды. Министрліктің 2021-2022 жылдардағы вегетацияаралық және вегетациялық кезеңдердегі жұмыс жоспары бекітілді және іске асырылуда. Онда электр энергиясының тауар айналымы және вегетациялық кезеңдегі су қоймаларының жұмыс режимін келісу шеңберінде «Тоқтоғұл» және «Бахри Точик» су қоймаларынан қосымша су ағызуды қамтамасыз ету бойынша Қырғызстанмен, Тәжікстанмен және Өзбекстанмен жұмыстарды жалғастырып, жоспарлы су қоймаларын қамтамасыз ету бойынша Қырғызстанмен жұмысты жалғастыру көзделген. Сондай-ақ мақта, күріш, пияз сияқты ылғалды көп қажет ететін дақылдарды қысқарту көзделген. Түркістан және Қызылорда облысындағы мақта мен күріш егуге арналмаған жерлерде күріш егуге жол бермеу бойынша шаралар қабылдануда. Ауыл шаруашылығы министрлігі мен жергілікті атқарушы органдар арасындағы меморандумға сәйкес, күріш алқаптарының алаңдарын азайту жоспарланған. Вегетациялық кезеңге дайындық жұмыстары шеңберінде оңтүстіктің барлық 4 өңірінде көшпелі кеңестер өткізілді. Онда қалыптасқан су шаруашылығы жағдайы бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді және тараптардың іс-әрекеттері айқындалды», – дейді вице-министр.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта Алматы облысында су ресурстарының тапшылығын азайту мақсатында облыс әкімдігі ылғалды көп қажет ететін дақылдардың, оның ішінде күріштің егістігін Балқаш ауданында 0,6 мың гектарға азайтқан. Облыстың барлық су қоймалары, бекітілген кестеге сәйкес, вегетациялық кезеңге арналған. Жамбыл облысы бойынша Шу және Талас өзендерінің бассейндеріндегі жағдай тұрақты. Шу-Талас су шаруашылығы комиссиясының 20 сәуірдегі 30-шы отырысы барысында мемлекетаралық арналар бойынша Талас өзені бассейні бойынша 500 млн текше метр су беру кестесіне қол қойылған. «Қазіргі уақытта каналдар арқылы су кестеге сәйкес беріледі. Жалпы, осы екі облыс бойынша ағымдағы вегетациялық кезең өткен жылдың деңгейінде өтеді деп күтілуде. Сондай-ақ жыл басынан бері Сырдария өзенінің бассейні бойынша сумен қамтамасыз ету аясында шекаралас елдермен белсенді жұмыс жүргізілуде. 27 сәуірде Түркістан қаласында Мемлекетаралық үйлестіру бағытындағы Су шаруашылығы комиссиясының отырысы шеңберінде Нарын-Сырдария су қоймалары каскадының болжамды жұмыс режимі келісілді. Келісімге сәйкес, Шардара су қоймасына вегетациялық кезеңдегі ағын 3 млрд 900 млн текше метрді құрауы тиіс, ол вегетациялық кезеңнен елеулі шығынсыз өтуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар Қазақстан мен Өзбекстан «Бахри Точик» су қоймасының вегетациялық кезеңдегі жұмыс режимін Тәжікстанмен келісті. Жалпы, қабылданған шаралар Түркістан облысының Жетісай және Мақтаарал аудандарының фермерлеріне «Достық» каналы арқылы өткен жылғы деңгейде суармалы су беруді қамтамасыз етуге мүмкіндік беруі тиіс. Қазіргі уақытта Шардара су қоймасынан төмен су бөлу жағдайы тұрақты», – дейді вице-министр.
Зүльфия Сүлейменованың айтуынша, министрлік суармалы суды ұтымды әрі тиімді бөлу бойынша шаралар қабылдауда. Қазіргі уақытта суармалы сумен қамтамасыз ету және су тапшылығының теріс әсерін азайту үшін 65 жобаны іске асыруға 3,7 млрд теңге сомасында нысаналы трансферттер түрінде Үкіметтің шұғыл шығындарға арналған резервінен қаражат бөлінген екен.
Бұған қоса, магистральдық және суару арналарының өткізу қабілетін арттыру мақсатында арналарға механикалық тазарту жүргізу, оларды жөндеу және қайта жаңарту, су пайдаланушыларға суармалы мақсатта су беру жөніндегі жұмысты оңтайландыру жоспарлануда. Сондай-ақ, өткен жылдардың тәжірибесі бойынша, суару кезектілігін қолдану және коллекторлық-дренаждық суларды қайта пайдалану бойынша шаралар қабылданатын болады. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы өндірушілерімен суармалы жерлерде су үнемдеу технологияларын енгізуді ұлғайту және суды көп қажет ететін және күріш және мақтаның үлесін төмендету арқылы ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс алқаптарын әртараптандыру бойынша жұмыстар жүргізу туралы түсіндіру шаралары жүргізіліп жатыр екен. «Бұлардың барлығы, әрине, суды тиімді және үнемді пайдалану мақсатында атқарылып жатқанын айту қажет», – дейді Зүльфия Болатқызы.
Мамандар тапшы ма?
Су саласын зерттеуде ғалымдар әлеуетінің, ғылыми институттар қызметінің маңызы зор. Бұл ретте ғалымдар әлеуеті қаншалықты дұрыс қолданылып отыр, ғылыми институттар бұл жұмысқа толыққанды араласа ма? Мұндай сауалдардың туындауы заңды. Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі, Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің төрайымы Зүльфия Сүлейменованың айтуынша, су ресурстарын басқарудағы ғылымның рөлін және мамандардың кадрлық әлеуетін арттыру міндетін іске асыру үшін министрліктің қарамағындағы Қазақ Су шаруашылығы ғылыми зерттеу институтының жанында Ақпараттық-талдау орталығын аша отырып, оны күшейту көзделіп отыр. «ҚазҚСҒЗИ-ды күшейту су ресурстарын басқаруды толыққанды ғылыми сүйемелдеуді, стратегиялық мақсаттарды іске асыруды, болжауды және тұжырымдауды, сондай-ақ суды ұтымды пайдалану мәселелерінде инновацияларды енгізу үшін ғылыми зерттеулерді үйлестіруді қамтамасыз етеді. Ғылыми шешімдерге негізделген су ресурстарын басқару жүйесі су қауіпсіздігінің сын-қатерлеріне ден қоюдың сындарлы жоспарларын әзірлеуге мүмкіндік береді. Кадр әлеуетін жақсарту үшін орта буыннан (колледж), бакалаврлардан, магистрлерден және ғылым докторларынан мамандардың кең спектрін даярлаудың барлық сатылары шоғырланған Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің жанынан мамандандырылған су ресурстары және су шаруашылығы институтын құру қажет. Сондай-ақ су шаруашылығы саласындағы кадрлардың біліктілігін арттыру жүйесін жетілдіру керек. Ұсынылған шешімдер су ресурстарын басқарудың біртұтас ұйымдық құрылымын құруға мүмкіндік береді. Сол уақытта ғана ғылыми негізделген шешімдер қабылданады және жүйе қажетті білікті кадрлармен қамтамасыз етіледі. Жоғарыда көрсетілген шараларды іске асырғаннан кейін ғана су саласын зерттеуге ғылыми институттар толыққанды араласады деп айта аламыз», – дейді вице-министр.
Маманның сөзіне қарағанда, «Болашақ» бағдарламасымен осы сала бойынша соңғы бірнеше жылда 25 адам ғана білім алыпты. Бұл – су саласына маманданған кадрлардың тапшылығы бар деген сөз.
«Бірақ соңғы жылдары жағдай біршама жақсарып келеді. Қазіргі уақытта су саласында кадрлар даярлау «Су ресурстары және суды пайдалану» және «Су шаруашылығы» бағыттары бойынша еліміздің 10 жоғары оқу орнында жүзеге асырылады. Олар – Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ, ҚазҰАУ, Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ, М.Әуезов атындағы ОҚУ, М.Х. Дулати атындағы ТарМУ, Д. Серікбаев атындағы БҚТУ, Жәңгір хан атындағы ШҚТУ, С. Сейфуллин атындағы ҚАТУ, Қорқыт ата атындағы ҚУ. 2021-2022 оқу жылында жоғарыда көрсетілген бағыттар бойынша білім алушылар контингенті екі мыңнан аса адамды құрады. Су саласын дамыту үшін кадрлар даярлау мақсатында жыл сайын «Су ресурстары және суды пайдалану», «Су шаруашылығы» бағыттары бойынша көптеген гранттар бөлінеді. Сондай-ақ 2020 жылы М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде су шаруашылығы және табиғат қорғау институты ашылды. Қазіргі уақытта институтта су ресурстары және суды пайдалану, жерді мелиорациялау және суару, гидротехникалық құрылыс және құрылысжайлар, елді мекендерді сумен жабдықтау және су бұру, су ресурстарын басқару мамандықтары бойынша мыңға жуық студент білім алуда. Институт құрамында «Су ресурстары», «Мелиорация және агрономия» кафедралары жұмыс істейді. Су шаруашылығы үшін мамандар даярлау су ресурстарын кешенді пайдалануды есепке алуды, жоспарлауды және болжауды, жер үсті және жер асты суларын ластану мен сарқылудан қорғауды, оларды тұтыну орнына тасымалдауды зерделеуді қамтиды.
Жалпы, су саласы үшін мамандар даярлау мәселесі Үкіметтің тұрақты бақылауында», – дейді Зүльфия Болатқызы.
Сонымен қатар елімізде су ресурстары проблемаларын зерттейтін ғылыми-талдау орталығы құрылмақ. Мамандардың пайымынша, аталған орталық құрылған жағдайда, ол талдау, ғылыми сүйемелдеу жұмыстарымен айналысады. Бұған қоса, мемлекеттік бағдарламалар мен бастамаларға ғылыми талдау жасау, дүниежүзілік тәжірибені сараптау, жалпы, қазіргі таңда су шаруашылығы саласында кемшін түсіп отырған ғылыми сүйемелдеу бағытында қызметтер атқару көзделмек.
Ал «География және су қауіпсіздігі институты» АҚ директорының орынбасары Саят Әлімқұлов бұл мәселе жөнінде мүлдем басқаша пікірде. Оның сөзіне қарағанда, еліміздің ғалымдары су тапшылығын, еліміздің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі су ресурстарының маңыздылығын айтып жүргеніне 20 жылдан асқан. Ғалымдар, ең алдымен, трансшекаралық өзендер бойынша ынтымақтастықты күшейту, өз үлесімізді дәйектеп отыру, көрші елдермен өзара тиімді ірі су шаруашылығы бойынша шараларды іске асыру, су пайдалануда үнемдеу технологияларына көшу, судың ысырап болуын азайту, ресурстарды ұлғайтудың альтернатив жолдарын – тұзды суларды тұщыландыру және т.б. көптеген тәсілдерді айқындап көрсетіп те берген екен. «Өкінішке қарай, соңғы жылдары су саласын басқару жүйесі қай жағынан алса да қиын жағдайда. Басқасын айтпағанда, ең алдымен, кадрлар тапшы, соның салдарынан саланың стратегиялық дамуы жайлы түсінік әлсіз, тек мәселе ушыққанда ғана әрекет ететіндей жағдайда қалып отырмыз. Кадрлар дайындауға да бір жақты қарау басым. Бізде тек жоғары оқу орнын немесе осы салаға қажетті мамандықтарды көбірек ашып, көбірек грант бөлсек, соның өзі жеткілікті деген түсінік басым. Алайда маман дайындау – кешенді әрі жүйелі салалық мәселе. Жоғарғы оқу орнының түлегінен жақсы маман дайындау үшін кемі 3-4 жыл ғылыми, ең болмағанда, жобалаушылық тәжірибе қажет», – дейді Саят Құрбанбайұлы.
Сонымен қатар маман еліміздің көрші елдерге қатысты «су тәуелділігін» төмендету үшін тиісті күш салынбай отырғанына, трансшекаралық өзендер бойынша өкілетті орган жылдан-жылға қысқарып, олардың ел позициясын ұстануына қажетті ғылыми-техникалық ақпараттармен қамтамасыз ету жұмыстары назардан тыс қалып келе жатқанына, тіпті көрші елдермен арадағы келісімдер шешімін жүзеге асыру да шамадан тыс күрделеніп кеткеніне өз қынжылысын білдірді. «Ал бұл мәселелерді дер уақытында шешпей, мерзімнен ұтылу – трансшекаралық өзендердің ең төменгі жағында орналасқан біздің ел үшін қашанда су үлесін бөлуде ұтылумен пара-пар болып отыр», – дейді бұл жөнінде Саят Әлімқұлов.
Расында, су – стратегиялық ресурс. Сондықтан салаға білікті, кәсіби кадрларды шоғырландыру, озық технологияларды игеру, тіршілік нәрін үнемдеуге басымдық беру, су сапасын арттыру, трансшекаралық өзендерден алатын үлесімізге кәсіби тұрғыдан қарау – кезек күттірмейтін мәселе. Себебі бұл проблемаларды жүзеге асырмайынша, су ресурстарын тиімді басқаруға қатысты түйткілді дүниелер түбегейлі шешілмесі анық.