Қазақ әдебиетінің классигі, Алтайдың асқақ ұлы Оралхан Бөкейдің туғанына биыл 80 жыл. Жүрек қылын шертетін нәзік те өктем шығармаларымен әдеби әлемде ойып тұрып орын алған жазушының шығармашылық әлемі әлі де өз биігінде. Өткен жылы, Оралхан Бөкейдің туған күніне орай, «Ауыл хикаялары» атты тұңғыш республикалық байқау өткен-ді. Сол байқаудың бас жүлдегері, жазушы, филолог Қуат Қиықбаймен сұхбатымызды назарларыңызға ұсынып отырмыз.
— «Алтайдың кербұғысы» атанған Оралханның шығармалары исі қазақтың жүрегінен орын алды десек, өтірік емес-ау. Оның туындылары әр жазушының кітапханасынан табылары анық. Өзіңіз де бір сөзіңізде «Оралханның әдеби әлемі жаныма жақын» деген екенсіз. Бұл қызығушылық қайдан пайда болды? Ең алғаш қай шығармасын оқыдыңыз?
— Оралхан Бөкейдің шығармашылығымен бала кезден таныспын. Десе де көңіл қойып оқып, зер салып, қыр-сырына үңілуім 16 жасымнан басталды. Қатты әсер еткен туындысы — «Кербұғы» әңгімесі. Төрт рет оқыған шығармын. Алғашында мұнда не жазылған, не айтқысы келді деген ойлар мазалады. Кейін барып түсіне бастадым. Кербұғы әңгімесінің негізгі идеясы адамның еркін өмір сүруі, бостандықты аңсауы деп те қабылдауымыз мүмкін. Мұнда қазақтың езгіге түсуі, еркінен айырылған елдің тағдыры да жатыр. Сол шығармасында «еркіндігін аңсаған Кербұғы тіпті де өлген жоқ немесе еркіндік алған бұғылар тек қана о дүниеде…». Сыры не мұның? Оралхан оқырманға ой тастап отыр. Жазушы осы қарама-қайшы екі ойды ұштастырып берген. Мұны «Қайдасың, қасқа құлыным?» повесінде кеңінен жазады. «Мен бұғының көзінен өзімді көрдім, ал ол нені көрді екен?» деген жол бар.
Одан кейін «Ардақ», «Бура», «Қамшыгер» әңгімелерін оқыдым. Оралханды жазушы дейміз ғой. Кейде ойланам «ақын ғой» деп. Оралханның шығармаларында жыраулық дәстүр, номадтық сарын басым. Мұнда ойды ой қуалап отырады да, тіптен тұңғиыққа батырып жібереді. Тілінің өзінде де айқын аңғарылып тұратын ерекшелік бар.
Бертін келе студент кезімізде, 2010-2012 жылдар аралығында, екі жыл бойы тек Оралханның шығармаларын оқыдым. Күндіз-түні оқып, тұңғиығына сүңгіп кеттім. Менің шығармашылығыма ерекше әсер еткен бірінші осы Оралхан Бөкей, екіншісі жазушы Талаптан Ахметжан болды. Біз бұл жазушылар Алтайды жырлап, Алтайдың табиғатын сипаттап отыр деп жалпылама айтамыз ғой. Ендеше, неге оқырманы көп? Неге Алтайдың адамдары ғана оқымайды? Жоқ, олай емес. Оның шығармасында, оқырманға ұнайтын реалды өмірмен қатар, лирика да, натурализм де бар. Осы тұрғыдан алғанда, оның туындылары құнды, шығармаларының тақырыбы қай кезеңде де оқырман үшін өзекті.
— Әр жазушының өз қолтаңбасы, өз стилі болады. Оралхан Бөкейді басқа жазушылардан ерекшелеп тұрған не?
— Шығыстан шыққан танымал жазушыларды ойға алайықшы. Мысалы, сол Алтайда туған Қалихан Ысқақ, Оралхан Бөкей, Дидахмет Әшімхан мен сұлу сөздің суреткері Талаптан Ахметжан, қазіргі қоғамда бізбен бірге өмір сүріп жатқан Әлібек Асқар мен тамаша талант иесі Асқар Алтай. «Оларды өзінің тұрғыластарынан не ерекшелейді?» десек, ол – ой. Яғни, ой тереңдігі. Одан кейін барлығы қиялшыл. Оралхан Бөкейдің «Ұйқым келмейді» шығармасына үңілсек, мұнда бір ғана деталь арқылы адамның махаббатқа тұрақсыздығын, сезімнің адам өмірінде алатын орнын қалай астарлап жеткізген деп тамсанасың. «Жылымық» әңгімесінде де лирика сайрап тұр, адамның жан-дүниесінің жұмбағын ашып бергендей күй кешесің.
Оралханның шығармаларын оқып отырғанда, шебер жазғаны соншалық, бәрі оның өз басынан өтіп жатқан сияқты көрінеді. Жоғары курста оқып жүргенде, бір танысым «Оралхан Бөкейдің әкесі екі әйел алыпты ғой, иә?» дейді. «Қой, ол қайдан шықты?»- десем, «Қайдасың, қасқа құлыным» әңгімесінде жазыпты ғой»,- дейді. Біздегі қателік осында. «Мен» деп бірінші жақпен жазатын болсақ, ел өзінің тағдырын жазып отыр екен деп ойлайды. Бұл жерде айтып отырған оның «мені» мен оқырманның «мені» шығармашылық биіктікте шектесуі тиіс.
Одан кейінгі басқа жазушылардан ерекшелігі — тақырыпқа толықтай дендей білуі, соны сезінуі. Өте тар түсінікте «Айпара ана» повесін Абайдың елінен шыққан, болмаса Айпара анамыздың руласы немесе соның жерлесі, жақын адамы жазуы мүмкін деп ойлайсыз. Ал шындап қарасаңыз, Абай елі қайда, Оралхан қайда?!
«Құм мінезі» деген повесі бар. Мұндағы ерекшелік – тақырыпты игеруі. «Біздің жақта қыс ұзақ» деп өзі айтқандай, қысы ұзақ болатын елде туып-өсіп, «Құм мінезін» жазып отыр. Шерхан Мұртазаның өзі таңғалады ғой. Бір жұмадан аз уақытқа ғана Қызылқұм өлкесіне іссапармен барып келгеннен кейін осы туындыны жазған. Мұнда не байқалады? Шығармашылық адамда болуы тиіс қырағылық, байқампаздық. Жай адам байқамайтын, көрмейтін нәрсені Оралхан көріп отыр.
Үшіншіден, ол нәзік лирикалық желіні деталь ретінде пайдаланады. Мысалы, «Құм мінезі» шығармасында «Аспанда тағы да бір ұшақ ұшып өтті, ішінде кім кетіп бара жатыр екен» деп жердегі қойшы ойланады. Тағы бірде «Батыстан шығысқа, шығыстан батысқа жөңкіп жатқан пойыздар, оның ішінде кімдер кетіп барады екен?!» дейді. Мұнда не айтып отыр дейсіз ғой. Мұнда сырғып жатқан сағатты, көшіп жатқан күнді, жылжып жатқан жылды айтып отыр. Мұның бәрін нәзік бір иіріммен жеткізген.
— Оралхан Бөкей шығармаларындағы әлеуметтік сарын қандай?
— Жалпы, шығармашылық адамның ішінде «аттан» мен «ураға», «аттан, айғайға» еріп кетпейтін протестік қарсылық болғаны ләзім. Осы нәрсе Оралханда қалай? «Қайдасың, қасқа құлыным?» шығармасында 70-80-ші жылдардың аяғында белең алған, біздің санамызда сақталып, күнделікті өмір тіршілігімізде біте қайнасып жүрген салтымыздан безіну, тілдің шұбарлануы сынды мәселелер көтерілген. Біреу сізге орыс тілінде сауал қойып, сіз қазақша жауап берсеңіз, «мамбет» деген сөзді еститін кезеңдер еді. Ол қазір де бар.
Терең бойлай қарасаңыз, «Қайдасың, қасқа құлыным?» шығармасында биеден егіз боп туған құлынның сыңарын аңсап отырғанын емес, екіге бөлініп кеткен қазақты айтып отыр. Бірі — өзінің қазақылығын жоғалтпаған, бірақ мүсәпір, халі мүшкіл болып өмір сүріп жатқан қазақ. Екіншісі — жағдайы жақсы, бірақ өзінің дәстүрінен, мәдениетінен безініп, жаңа қазақ боп өмір сүріп жүрген кеңес адамы.
Қазақ өзі жылқы мінезді. Алыс кетсек, кісінеп, жақын келсек, айғырша айқасып, тай-құлынша тебісе кететін халықпыз ғой. «Қайдасың, қасқа құлыным?» дегенін «Қайдасың, қазағым?» деген мағынада қабылдасаңыз, шығарма шындығы ашылады. Мұнда Аналық, Қаршыға, Сарқыт деген кейіпкерлер бар. Сарқыт шалды тірідей, оның дүниелерімен — ұстаған заттарымен, киген киімі, пышағымен бірге көмуге кіріседі. Сонда Сарқыт пышақты кері лақтырып жіберіп, «Иə, пышақты сендерге қалдырдым. Не жауыңа, не бір-біріңе жаратарсың»,- дейді. Мұнда өшпенділік, қатыгездік, өкпе-реніш дегеннің өмір бойы кетпейтінін айтып отыр.
«Жетім бота» повесінде бір детальді тұстан қарастырамыз. «Теңіздің үстінде ботасын жетектеп қыз кетіп бара жатыр. Толқынға әні-міне, әні-міне батып кетердей бара жатыр». Символикалық тұрғыдан алып қарағанда, теңіз дегеніңіз — өмір, толқын дегеніңіз — қоғамдағы келеңсіздіктер. «Әні-міне батып кетердей көз ұшында ботасын жетектеген қыз кетіп бара жатыр» деп суреттеледі. Ол, шын мәнінде, сол кездегі мәңгүрттену, бұратана ұлт ретінде жаныштауға түскен қазақтың жойылып кету қаупі.
Осыған ұқсас нәрсе «Атаукереде» баяндалады. Оның екінші атауы «Қауіпті будан» ғой. Тағы да шығармасын тереңдеп оқып қарасаңыз, мұнда аралас некенің қазаққа әкелер зардабы туралы айтады. «Христиан болсын, католик болсын, некелескен соң ислам дінін қабылдаса, мұсылман болып өледі» деген ойымыздың қате екендігін кейіпкер Нюраның әрекетімен көрсетеді. Ол мұсылман дінін қабылдап, бес уақыт намазын оқып, парызын өтеп жүреді. Ең соңғы, өлім сағаты соғатын сәтінде жастығының астында жасырынған иконасын алып, шоқынып барып дем шығарады. Қазір бұл — қоғамда талас-тартыста жүрген мәселе.
Бүгінде «араб боламыз» деп сақал қойдық, хиджап кидік. Адамшылығымызды көрсету үшін емес, құдайшылығымызды көрсету үшін сан ғасыр бойғы салтымызды дұрыс емес екен деп, бәрін саттық қой. Түптеп келгенде, біз басқа бола алмаймыз, түрімізді ауыстырғанымызбен, тегімізді, қанымызды ауыстыра алмаймыз ғой.
Соғыс жылдарында осы аралас некеден туған балалар өздерінің не қазақ екенін, не басқа ұлт екенін дәлелдей алмай өтті. Тура осылай Нюраның баласы Ерік те не ара емес, не шыбын емес, әлдеқандай бір жәндікке айналып кетті. Неге? Себебі, біздің қазақта «дүниеқоңыз» деген сөз бар ғой, дәл осы теңеу автордың қолтаңбасында басқаша бағытта өрбіп отыр. Бұл жерде адамның ғана емес, жануарлардың да будандасуының қаупін көрсетіп тұр. Өмірде тепе-теңдік сақталуы керек. Бүгінде дамыған заман деп ат пен есекті, қасқыр мен итті шатыстырып жатырмыз. Арғымақ ат пен есек екеуін будандастырсаңыз, қашыр шығады. Тұрқына қарасаң, аттан кіші, есектен үлкен болғанымен, жолда келе жатып көрінген нәрсені жеуі немесе ақырып-бақырып тұрып алуы мүмкін. Шын мәнінде тепе-теңдік сақталуы керек. Қазақ қазақ болып өмір сүруі қажет. Жылқы жылқы болып қалуы керек.
«Классика» — ешқашан сәннен қалмайтын, өміршең дүние. Әр оқыған сайын саған жаңадан ой түйіп береді.
— Оралхан Бөкейдің «Қар қызы» повесіндегі реализм мен романтизм туралы ойыңыз?
— Мұны қияли, романтикалық шығармасы деп айтамыз ғой. Бәрібір астарынан көп нәрсені аңғаруға болады. Мысалы, Абай қыстың өзін «басқан жері сықырлап келіп қалды» деп тірі бейнеге көшірді. Табиғатта болатын құбылыстарға адамның төтеп беріп, күресуі суреттеледі. Біздің қазіргі қоғамда күрескерлік деген жоқ қой. Ал мына «Қар қызының» кейіпкерлеріне қарасаңыз, жап-жас балалар. Біз дауыл соғып, найзағай ойнаса, үйден шықпай қаламыз. Ол кезеңде адамдар түз тағысы тәрізді өмір сүрген. Заты адам болғанымен, табиғатпен астасып ғұмыр кешкен. Меңіреу табиғаттың құрсауында, құшағында қалып, содан тірі шығу деген күрескерлік рухтың биік шыңы деп білемін.
Мұнда мистикалық сарын да бар. Өткенде бір әдеби талдауларда «Бұл негізі хорор бағытындағы ғой» деген сөздер естідім. Мен оған келісе қоймаймын. «Мистикалық сарын» басым дегенге келісуге болар. Автор Аспан шал образы мен қар қызы арқылы не айтқысы келді? Мұнда тағы оқиға желісі емес, ой тереңдеп кеткен. Сол сомдалған образдар арқылы жазушы бәрін ашық айтып отыр. Түсініп оқысақ, ішкі сырына үңілсек, табарымыз да, ойланарымызда да көп-ақ.
— «Атаукере» шығармасындағы Тағанның «Неге біз осы?..» деген сөзі арқылы сол замандағы талас-тартыс пен қайшылықтарды көреміз. Қазіргі біздің қоғам жайлы не айтасыз?
— «Неге біз осы?…» деген Оралханның шығармашылық зертханасының биік шыңы ғой. Шығарманы оқып отырып, қойылған сұрақтың жауабын біліп те тұрасыз. Алайда, оқыған сайын, ойланасыз. Бұл шығармашылық адамының сауал қоя отырып оқырманды ойландыруы, жаңадан ой қалыптасуына көмек беруі.
Неге біз осы көп оқымаймыз? Неге біз осы Оралханның өзін оқымаймыз? Біз оны ол туралы жазылған ғылыми танымдық монографиялардан, ғылыми танымдық зерттеулерден іздемеуіміз қажет. Өйткені менің Оралханым басқа, сіздің түйсіктегі Оралхан басқа. Шығармасын оқи отырып, өзін тануымыз қажет.
Өткенде бір оқиғаға тап болдым. Семейде бір көп қабатты үйге қонаққа бардым. Сол үйдің адамдары «мына төбеден су ағып, мазамызды қашырды, әкімдік қашан төбемізді жасап береді» дейді. Мен: «Оның залалын сіздер шегіп отырсыздар ғой? Әкімдік төбеңізді жасағанмен, қабырғаңызды бояп бермейді ғой»,- десем, «Егер тұрғындар біріксек, төбесін шатырлап тастасақ болады»,- дейді. Рас қой, бірінші қабаттан бесінші қабатқа дейін су ағады екен. Бес қабатты үйде қаншама тұрғын бар, тек бірігу жоқ. Неге бізде бір идеяға топтасу, күресу, өзіміз іс қылу деген жоқ? «Қашан жасап береді, қашан келеді?» деп күткенді ғана ұнатамыз.
Неге біз осы жариялылыққа құмармыз? Бір жерде қате кетсе, аттандап шығамыз. Оны соңында жанашырлық қой деп жаба саламыз. Шын мәнінде, жанашырлық олай жасалмайды. Егер де, шынымен жаныңыз ашыса, ең бірінші өзіне айту керек. «Мына жерде осындай қате кетіпті, келесіде байқарсың»,- деп өзіне айтсаңыз, бұл ақылға қонымды.
Неге біз осы шынайы емеспіз? Неге жасандылық басым? Ойнақшып тұрған көздер, сенімсіз айтқан сөздер бір-бірімізге деген сенімнен, жақындықтан айырып жатыр. Ол қазір кез келген адамның ісінен, сөзінен байқалып тұрады. Неге біз осы өзіміз жалқау бола тұра, іс бастаған адамға қолдау білдіре алмаймыз? «Ой, оның ісі өнбейді, қолынан келмейді» деген сөздер бірінші айтылады. Ол сенің досың ба, замандасың ба, әріптесің бе, бәрібір, алдымен қолдау маңызды.
Неге біз осы өз ойымызбен өмір сүре алмаймыз? Неге біз осы «о позиция» дегенді теріс түсініп, біреудің ойын айтып жүргенімізді білмейміз? «О позиция» деген өзіңнің ұстанатын позицияң емес пе?! Ал бізде қалай? «Мен оппозиционермін» десеңіз, билікке қарсы адам деп қана қабылдайды.
Неге біз осы ізденбейміз? Неге біз осы жақсы нәрсеге біліммен, ізгілікке толы істермен жететінімізді білмейміз? Менде де тура осындай сауал көп. Үлкеннің кішіге, кішінің үлкенге, өзіңе және өзгеге қоятын «Атаукереден» бастау алған осы бір сұрақ әлі күнге дейін өзекті. 30-40 жылда өзіміздің деңгейімізді жақсартпасақ, күреспесек, «неге біз осы?..» деп қоғам боп хормен әлі талай сұрақ қойып жүреміз.
— «Ауыл хикаялары» атты Оралхан Бөкейдің туған күніне арналған республикалық байқауда «Аран» әңгімесімен бас жүлде иелендіңіз. «Аранды» жазуға не түрткі болды?
— «Аран» шығармасы 2017 жылы жазылып, бес жылдан кейін байқауға қатысты. Бұл шығарманы қалай жазамын деп екі-үш жыл ойланып жүрдім. Басында ақбөкендер туралы жазғым келген. Жалпы, адамның ойына не келсе, соны жаза алады ғой. Негізінде, ненің азабын тартасың, соны жазасың.
Бала кезімде Айдарлы қызыл, Майлышат, Байпаққорасы деген үлкен жайлауларда жүріп өстік қой. Сонда тауда жатқанда арқарлар төбеңнен төніп тұратын. Елдің иесі, жердің киесі болмағандықтан, аңдар да азаяды екен. Сол жазық далада жүретін ақбөкендермен де, таудан тасқа секіріп жүрген арқарлармен де дала көрікті болатын. Мұның бәрінің ар жағында сонау Семей полигонының зардабы жатыр. Бір «саңырауқұлақ» пайда болған кезде, қаша алғаны қашып құтылып, қалғаны сол жерде күйіп кетеді екен. Соның салдарынан да жартысы бетпақдалаға қашып, жартысы өліп, қазір тіпті азайып бара жатыр. Осындайда «Арқа жайлы болса, арқар ауып несі бар?» деген сұрақ туындайды. Бұл — бір.
Екіншіден, аз сомада мемлекеттің бюджетін өзінің пайдасына асыра пайдаланып біреу ұсталды дегенді естімейсің, миллиардтар жымқырылады. Сонда менің таңғалатыным — адамның тәбеті неге соншалықты зор? Байқап қарасақ, пара алып ұсталып жатқандар қол астында істейтін қызметкерлерінен кем дегенде 3 есе артық жалақы алады. Материалдық жағдайының бәрі жасалған. Сонда не жетпейді деген ой келеді. Бұл неден? Бұл біздің аранымыздың ашылғанынан. Жол апаты неден болады? Неге жаңа салынған үйлер қирайды? Неге шахтада апатты жағдайлар көп болып, адамдар өлім құшады? Мұнда да жаңағы араны ашылған адамдардың залалы болуы мүмкін.
Үшіншіден, қазіргі қоғамда аңшылықпен күнін көріп жүрген адамдар бар ма? Олар туралы естідіңіз бе? Ондайлар жоқ. Қазір ол — хобби. Адамның аранының ашылғаны соншалық — бір үйір арқар, бір үйір қасқыр көрсе, бәрін қырып тастағысы келіп тұрады. Аналығын аман қалдыру, төлдейтін уақытында тиіспеу дегенді ешкім де ойламайды. Өзінің белінен жаралған балаларды аямай жатқан қоғамда табиғатты аялау деген не тәйірі?! Біз қазір итқұс қалың боп кетіпті дегенді көп естиміз. Итқұс неге қалың болады? Өйткені ол аш қалғаннан кейін сенің үйіңдегі қораға кіреді. Оның жейтін арқарын, қоянын адам баласы қырып тастаса, ол не жейді?! Қасқырдың жемсауына адам түскеннен кейін, олар да бізге шауып жатыр. Осы дүниелерді астарлап көрсеткім келді. Сондықтан да әңгімемді «Аран» деп атадым
— Кейіпкерлері өмірден алынған ба?
— Байқаудың аты «Ауыл хикаялары» болғаннан кейін қазіргі ауылдың көрінісін бергім келді. Бізде қазір ауыл қаладан қыртымбай қылық жасап барған адамдардың штаб пәтері сияқты. Бұрын «елім», «жерім» деп аңсап, сағынып барушы еді. Бүгінде сағыныштан гөрі дүниелік нәрселер басым. Соғым союға, әке-шешенің жаз бойы тірнектеп жиғанын алуға, демалып, табиғатқа зиян келтіруге баратын секілдіміз. Жай ғана көкке серуенге шыққанда, өзімізден қалған қоқысты да жинамаймыз ғой. Содан кейін «ауыл қазір өзгерген, бұрынғыдай емес» деп ренжиміз. Қалай өзгермейді? Егер сол ауылға шөбіне, құрылысына көмектесейін деген ниетпен барсаң, қуанар еді. Жоқ, қазір ойлайтынымыз — тек пайда.
Мұндағы оқиға желісі, кейіпкерлер өмірде болған. Осыдан 10 жыл бұрын Қалбатау өңірінде болған оқиға. Егер сіз біреуге залал келтірсеңіз, жылатсаңыз, ала жібін аттасаңыз, ол міндетті түрде өзіңізге қайтып келеді. «Сапар мен Алмас мінген автокөлік осыдан бірнеше жыл бұрын аудан шенеуніктері ауылға су жеткіземіз деп қазып қойған жыраға бар жылдамдығымен ұшып келіп, құлап түскен еді». Сапар мен Алмастың да өлім сағаты тура сол аңшылық үстінде соқты. Өмірде де шынымен осылай болған. Қазақы мифологиямен алып қарасақ, аңның киесі атты, наласы ұрды дейміз ғой. Мүмкін, ол да себеп болған шығар. Тағы бір айтатын нәрсе — бұл оқиғаның кейіпкерлердің әкімшілік су тартамыз деп қазып қойған жыраға құлауымен аяқталуы. Мұнда да жоғарыда айтып кеткен астарлы дүние жатыр.
— Оралхан Бөкейдің шығармаларын оқып отырып, туған жерге деген шексіз сезімді байқаймыз. Бүгінгі қазақ прозасында Оралханның сарынындағы жазушылар деп кімдерді айтар едіңіз?
— Меніңше, Оралхан — қазақ әдебиетіндегі өлшем. Сен не одан кем жазып, оның көлеңкесінде қала бересің, не асырып жазуың керек, бірақ ол керемет асып кеттім деген сөз емес. Сонда да Оралхан өзі бір төбе болып тұра береді. Мысалы, өзім көзін көрмесем де, шығармашылығы маған етене жақын Талаптан Ахметжан Оралханға еліктеген. Одан кейін Асқар Алтайдың суреттеулері, тосын тіркестері ұқсас. Оның шын аты Асқар Алпысбаев қой, бірақ оған сен Алтайдың Асқарысың деп «Алтай» деген тек қойып береді. Дидахмет Әшімханда стиль, қысқа миниатюраларды беру, суреттеу жағынан осы сарын байқалады. Алтай тауын бейнелеуде, адамдарын суреттеуде Әлібек Асқардан да ұқсас идеяларды аңғаруға болады.
— «Оралханның прозасы өзінің терең өміршеңдігімен құнды. Ол – өз оқырманын ешқашан жоғалтып алмайтын шын бақытты жазушы» деген сөз бар. Бүгінгі таңда қазақ прозасының алдағы 30 жылда да өзіндік идеясын, оқырманын жоғалтпайтын шығармалар бар ма?
— Біз айтсақ та, айтпасақ та, Оралханның кітаптары өзінің оқырманын көп күтпейді. Оралханның ойлы дүниелері оқырманын жоғалтпайды. Әдеби мұрасы қолдан қолға ауыса береді. Себебі жастарды романтикалық сарынымен, орта буынды идеясымен қызықтырады. Оның шығармасы кез келген жасқа икемделе алады. Махаббат іздесең, ол да бар, шытырман оқиға іздесең, ол да бар. Өміршеңдік деген осы деп білемін.
Кейінгі буынның жазған дүниелеріне қарап, отыз жылдан кейін Оралхандай оқылатын шығармалар бар деп айта алмаймын. Отыз жыл емес, үш жылдан кейін кімдер оқылады екен деп те ойлаймын. Біз шын әдебиет пен жасанды дүниенің парқын айырудан қалдық. Себебі әдеби туындыларға теория тұрғысынан қарайтын адам жоқ. «Менің бір сынық мүйізді сиырым бар еді, бір көзі жоқ итім болды» деп әңгіме жаза берсек, қайда барамыз?! Туындының астарында идея болмаса, бәрі бекер. Ал әдеби шығарманың бір ғана емес, бірнеше идеясы, беретін ойы болуы керек. Біз неге әлем әдебиетінің асқары Мұхтар Әуезов немесе Қабдеш Жұмаділов, Мұхтар Мағауин туралы айтамыз. Өйткені негізгі идеясы, қуаты бар. Бонапарттың найзасы жаулай алмаған әлемді Бальзактың қаламынан туған шығармалар жаулап алды. Бұл – сөздің құдіреті. Сөз бүкіл қоғамды аударып тастайды. Ал қазіргі қоғамда жалаң сөйлеу көп, кейіпкерді құрастыру деген жоқ. Ал образдың бойында сіздің айналаңызда жүрген 20 адамның мінез-құлығы, іс-әрекеті, эмоциясы болуы мүмкін. Екіншіден, бізде үлгі алатын адам жоқ. Барлық кейіпкерлер күйреуік. Қит етсе жіпке, мылтыққа жүгіреді. Бізге дейінгі классикалық әдебиеттегі күрескерлік күш бүгінде бәсеңдеп бара жатыр. Өзіңнен кейін не болатынын білуің үшін, өзіңе дейін не болғанын білуің керек. Шығармашыл адам деген сол ғой, көп ізденіс пен қырағылықты, көп адам көрмейтін детальдарды көре отырып, сезіне жазуың керек.
— Сұхбатыңызға көп рақмет! Қаламыңыз қарымды болсын! Шығармашылық табыс тілеймін!
Сұхбаттасқан Зарина КӘП,
«Семей таңы»