Өткен жұмада Абай атындағы театрда облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев Семей қаласы тұрғындарымен есептік кездесу өткізді. Семейліктердің алдында облыс әкімі Нұрлан Телманұлы Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауының басты бағыттарын орындау, қала тұрғындарының әлеуетін көтеру, қолайлы жағдай жасау мақсатында қолға алынған ұлттық жобалар мен мемлекеттік бағдарламалардың іске асырылу барысын баяндады.
Жиын басында, Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес, жұртшылықпен кезекті рет жүздесіп отырғанын айтқан облыс әкімі бұл кездесудің мақсаты жыл басынан бері атқарылған жұмыстар жөнінде есеп беру екенін атап өтті. Нұрлан Телманұлы сонымен қатар қала халқымен мейлінше тығыз байланыс орнату мақсатында қаланы жиі аралап, тұрғындардың жеке өтініштері бойынша мұң-мұқтажын тыңдау үшін арнайы барып кездесулер, жеке қабылдаулар өткізгенін айтып өтті.
— Орын алып жатқан өзгерістердің барлығы көз алдарыңызда. Өздеріңіздің қолдаударыңыз бен ақыл-кеңестеріңіздің арқасында қаламыз көркейіп келеді. Оны көрмеу мүмкін емес. Барлығы жоспарлы түрде, кезең-кезеңімен іске асуда. Семейдің еліміз үшін орны ерекше. Оны Президентіміз де айтып отырады. Сондықтан туған қаламызды бірге гүлдендіруге, бірге дамытуға міндеттіміз. Қазақша айтқанда, қисығын түзеп, сынығын жөндеу — ортақ парызымыз. 25 жылда жиналған проблеманы бірігіп шешпесек — елдігімізге сын. Ал енді жасалған дүниені күтіп ұстау – бөлек әңгіме, — деді облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев.
Аймақ басшысы атап өткендей, биыл аялдамадан бастап қоғамдық кеңістіктер, жер асты өткелдері, арбат, саябақтар мен аулалар жасалынып, 25 жыл жөндеу көрмеген кейбір көшелерге асфальт төселіп, халықтың игілігіне берілді. Ендігі міндет — жұмыстарды осы қарқынмен жалғастырып, жаңаны күтіп ұстау.
— Бірақ көп ұзамай жаңаны бүлдіру, жарығын шағып, сымдарын кесіп алу, жұлып тастау, тағы басқа оғаш әрекетті көргенде, ренжитініміз жасырын емес. Сондықтан қаламыздың жаңарып, жақсаруы үшін ортаны бірге тәрбиелейік. Көріп қалсақ, ескерту жасайық. Жауапкершілікке тартайық. Желіде сынайық. Міне, нағыз сын осы болады. Бәлкім, басқасы ұялып, мұндай әрекеттерге барар алдында ойланар. Бірақ көз жұма беруге болмайды. Бұл – менің күнделікті оқып, көріп, біліп жүргеннен туған ойым, — деді Нұрлан Телманұлы.
Аймақ басшысы осыдан соң әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерге тоқталып, облыста тұрақты даму бар екендігін атап өтті. Айтуынша, жалпы, жыл көлемінде, ай сайын, барлық индикаторлар бойынша тұрақты өсім сақталуда. Мәселен, аймақтың қысқа мерзімді экономикалық индикаторы 107,5 пайызды құраған. Сонымен қатар негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі де айтарлықтай өсіп, 141 пайызға жетіп, 475,1 теңгені құрапты. Соның ішінде Семей қаласына 187 млрд теңгенің инвестициясы тартылған. Бұл соңғы жылдардағы ең жоғары көрсеткіш болып отыр.
Әсіресе құрылыс саласына салынған инвестиция көлемі айтарлықтай артқаны байқалады. Бұл саладағы капитал көлемі 130 пайызға жеткен. Оның ішінде Семей қаласының үлесі 42 пайызды құрап отыр.
Кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы, тұрғын үй құрылысы салаларында да айтарлықтай өсім бар.
Облыс әкімінің айтуынша, орташа айлық жалақы 17,6 пайызға өсіп, 292,8 мың теңгені құрады. Облыс бюджетінің өз кірістері, ағымдағы жылдың 1 қарашасындағы жағдайға сәйкес, 141 пайызға өсіп, қазынаға 87,4 млрд теңге түскен. Бұл көрсеткіш өткен жылдың салыстырмалы кезеңінде 62 млрд теңге болған. Биыл облыс бюджетінің көлемі 419,2 млрд теңгеге жетіпті.
Сумен жабдықтау нысандарын қаржыландыру үш есеге (10,5 млрд теңге), жолдарды жөндеу 2,3 есеге (9,5 млрд теңге) ұлғайды. Білім беру саласы бойынша шығыстар 1,2 есеге (24 млрд теңге), денсаулық сақтау екі есеге (5,5 млрд теңге), ауыл шаруашылығы жеті еседен артық (21,2 млрд теңге) өскен.
Облыс орталығы Семей қаласының бюджеті 103,1 млрд теңгені құрапты. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 51,4 пайызға артық.
Сонымен қатар биыл тұрғын үй — коммуналдық шаруашылық саласын қаржыландыру екі есеге, әлеуметтік қорғау 23 пайызға ұлғайған.
— Мұның барлығы статистика болғанымен, нақты көрсеткіштер. Оның сыртында қарапайым адамдар, өзіміздің жерлестеріміздің күнделікті еңбегі тұр. Барлық жетістіктерімізді халық көріп, игілігін сезінуі керек. Әкімдік те жұмысын осыған бағыттап келеді. Орталықтан өңірімізге қолдау ерекше. Жылдың басында қабылданған Кешенді жоспарды басшылыққа ала отырып, бөлінген қаражат шегінде жұмыстар атқарылуда, — деді аймақ басшысы.
Өз баяндамасында облыс әкімі ауыл шаруашылығы саласына ерекше тоқталып өтті. Биылғы жылы бұл саладағы өнім көлемі 488 млрд теңгеге артып отыр. Сонымен қатар жаңадан көптеген нысандар салынуда. Мәселен, өңдеу өнеркәсібін дамыту мақсатында ет-консерві шығаратын «Ықылас Инвест» зауытының құрылысы аяқталды. Жылына 600 тонна дайын өнім шығаратын кәсіпорын жақын арада пайдалануға беріледі.
Сонымен қатар қала аумағында қуаттылығы жылына 12 600 тоннаны құрайтын «Евразия Агро Семей» ет комбинатын салу жоспарда бар.
Жыл ішінде сонымен қатар, Президент тапсырмасына сәйкес, пайдаланылмайтын жер учаскелерін мемлекет меншігіне қайтаруға байланысты жұмыстар да жүргізілді. Әлі де жалғасуда. Жалпы ауданы 387,9 мың гектар болатын жер учаскесі анықталып, қазіргі таңда оның 157 мың гектары қайтарылған. Қалған 97 мың гектар жыл аяғына дейін мемлекет меншігіне алынып, жылдық жоспар толық орындалады деп күтілуде. Яғни, биыл 250 мың гектар жер мемлекетке қайтарылады.
Облыс әкімі Семейде халықтың өмір сүру сапасын жақсарту бағытында атқарылған жұмыстарға да тоқталып өтті.
Семей қаласында инженерлік-коммуникациялық және көлік инфрақұрылымы қарқынды дамып келеді. Биылғы жылы көлік саласын жақсартуға 11 млрд теңге көлемінде қаражат бөлінді. Қаланың 50 шақырым жол желісі жөнделді. 2025 жылға дейін облыстағы 800 шақырым жолды орташа жөндеу жоспарланған. Өңірді 2026 жылға дейін дамытудың кешенді жоспары аясында аспалы көпір қайта жаңғыртудан өткізіледі.
— Тұрғын үй құрылысында да айтарлықтай өсім байқалады. Қазіргі таңда жалпы ауданы 480 мың шаршы метр (3811 пәтер) болатын 68 көп қабатты және жеке тұрғын үй салынып жатыр, оның 2443-і биыл пайдалануға берілді. Бүгінге дейін 285 мың шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді, оның 79,5 пайызы Семей қаласына тиесілі, — деді Нұрлан Ұранхаев.
Дегенмен, 19 мыңнан астам адам баспана кезегінде тұр, оның ішінде Семей қаласында — 13 959 адам. Биыл көп балалы және әлеуметтік осал топтар санатындағы отбасыларға 134 пәтер берілді. Алдағы үш жылда жалпы ауданы шамамен 694 мың шаршы метр болатын тағы 148 көп қабатты тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланып отыр. Бұл 6800 отбасының баспаналы болуына мүмкіндік береді.
Облыс әкімі қазіргі таңда халықты таза ауыз сумен қамтамасыз ету бойынша да ауқымды жұмыстар атқарылғаны туралы кеңірек айтып өтті. Нұрлан Телманұлының айтуынша, облыста 15,5 млрд теңгеге 54 жоба іске асырылуда. 20 жоба биыл аяқталса, 34 жоба өтпелі кезеңге қалдырылды.
Жалпы, қазіргі күндері облыс тұрғындарының таза ауыз сумен қамтылу деңгейі 93,4 пайызды құрап отыр. Қаланың Восточный кентінде сумен қамту желілері салынды. Абыралы ауылындағы су құбырлары жаңғыртылды.
Биыл 19 жоба іске асырылуда. Ол үшін бюджеттен 6,1 млрд теңге қаражат бөлінген. Инфрақұрылымдық сипаттағы проблемаларды шешуге ерекше назар аударылып келеді. Бұл жерде ең маңызды мәселе – жылумен жабдықтау. Семейде, оң жағалауда, 125 Гкал жылу энергиясының тапшылығы орын алған еді. Оны азайту үшін екі жылу қазандығы қайта жаңғыртудан өтіп, жылу қуаты 40 Гкал-ға ұлғайды. Қалған тапшылық – 85 Гкал. Сол сияқты жылу желілерінің тозу мәселесі де бар. Олардың жалпы ұзындығы 464,5 шақырым. Орташа тозу деңгейі – 68 пайыз. Желінің 279 шақырымы қайта жөндеуді қажет етеді. Биыл 24 млрд теңгеге жылу желілері мен көздерін жөндеу, жаңғырту жұмыстары жүргізілген. Президент тапсырмасымен, жыл аяғына дейін жаңа, үшінші жылу электр орталығының техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленеді.
«Самұрық-Энерго» акционерлік қоғамы ЖЭО-3 құрылысының техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеу бойынша жұмыстарды аяқтауға жақын қалды. Алдын ала есептеулерге сәйкес, жоспарланған жылу қуаты 1200 Гкал/сағ және электр қуаты 320 МВт болады деп күтілуде.
Сонымен бірг, меморандум аясында облыста жылу көздерін салу және қайта жаңғырту бойынша 11 жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр, олардың 9-ы Семей қаласына қатысты жобалар.
Көше жарығы – қауіпсіздік кепілі. Облыс орталығындағы көшелерді жарықтандыру үшін жергілікті бюджеттен 907,4 млн теңге бөлінді. Әсіресе қаланың шеткері аудандарында жарық шамдарын орнату өте өзекті. Бұл орайда Бобровка, Мұрат кенттеріндегі көшелер жарықтандырылғанын айта кетуге болады.
Облыс орталығында абаттандыру жұмыстары жалғасуда. Семей қаласына осы мақсатта биыл 3 млрд теңге бөлініпті. Аталған қаржыға 14 қоғамдық кеңістік абаттандырылды, 30 балалар алаңы салынып, 70 тұрғын үй ауласы жөндеуден өтті.
Қала көркі жайлы сөз болғанда қоқыс шығару мәселесі жөнінде айтпай кету мүмкін емес. Аймақ басшысының айтуынша, облысты дамытудың кешенді жоспарына Семей қаласында қоқыс сұрыптау желісін орналастыру үшін жаңа заманауи қатты тұрмыстық қалдықтар полигонының құрылысы енгізілген. Қазіргі таңда инвесторлар есебінен жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде.
— Президент тапсырмасына сәйкес, қолға алынған Семей қаласын дамытудың Бас жоспары 2024 жылы аяқталмақ. Ауылдық округтерді облыс орталығынан бөлу және жаңа Жаңасемей ауданын құру, ЖЭО-3 салу, айналма жолды таксирлеуге өзгерістер енгізу, жаңа көпірлер мен темір жол салу, қатты тұрмыстық қалдықтардың орналасқан жерін, қалалық ипподромның мал қорымын көшіру көзделеді. Сонымен қатар саяжайлардың мәртебесін өзгерту мәселесі қарастырылуда. Жалпы, Семей қаласының шеткері аймақтарында 20 мыңнан астам халқы бар 21 178 учаскеден тұратын 9 саяжай массиві орналасқан, — деді Н.Ұранхаев.
— Көптен бері шешімі табылмаған мәселенің бірі – педагогиканың қара шаңырағы М.Әуезов атындағы педагогикалық колледжін орталықтандырылған жылу жүйесіне қосу болатын. Мәселе шешіледі. Қазір колледж аумағында заманауи концерт залы салынып жатыр. Сол сияқты Көпбейінді оқушылар сарайын салуды жоспарлап отырмыз.
Президент тапсырмасына сәйкес, биыл Шәкәрім университетінде «Shakarim High School» және Ә.Бөкейхан университетінде «Abay IT-School» мектептері ашылып, облыстағы жоғары оқу орындарына қосымша 500 арнаулы білім гранты бөлінді,- деді Н.Ұранхаев.
Мемлекетіміздің басты капиталы – дені сау халқы. Медицина саласының әл-ауқатын жақсартып, тұрғындарға көрсетілетін көмектің сапасын арттыру мақсатында облыста 2025 жылға дейін 10,8 млрд теңгеге 65 алғашқы медициналық-санитарлық көмек нысандары салынады деп жоспарланып отыр. Қазір жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр. Семей қаласында 100,4 млрд теңгеге 5 медициналық нысан салу көзделіп отыр.
Сонымен қатар Қарағайлы шағын ауданында жеке инвесторлар есебінен емхана мен нефрология орталығының құрылысы басталмақ.
Халықтың тұрмысын жақсартуға бағытталған іс-шаралардың ең маңыздысы – тұрғындарды жұмыспен қамту. Биыл 24 926 жұмыс орнын құру жоспарланса, ол 99 пайызға орындалып, жыл басынан бері 24 765 орын ашылыпты. Бұдан бөлек, жеке қосалқы шаруашылықтарды қолдау және дамыту үшін 2,05 млрд теңгеге 340 жеңілдетілген несие, жастардың кәсіпкерлік бастамалары үшін 1,1 млрд теңгеге 2,5 пайыздық үстемемен 224 шағын несие берілген. Сол сияқты кредиттердің пайыздық мөлшерлемесін субсидиялауға 1 млрд теңге бөлініпті.
Аймақ басшысы сонымен қатар облысымыз алғашқы болып, Президент тапсырмасына орай, мүгедектігі бар адамдарға арналған 150 орындық заманауи оңалту орталығын ашты.
— Облысымыз үшін бұл орталықтың маңызы зор. Себебі облыста 24 481 мүгедектігі бар адам тұрады. Оның 2 905-і – балалар. Бұдан бөлек, Кешенді жоспарға сәйкес, біз тағы да, Семей мен Аягөзде 150 орындық екі орталық салуды көздеп отырмыз. Қазір жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр,- деді Нұрлан Ұранхаев.
Қай елдің мәдениеті мықты болса, сол елдің еңсесі биік болады. Мәдениет және спорт саласындағы жетістіктер де ауыз толтырып айтарлықтай. Бұл саладағы көп жетістіктердің біріне облыс әкімі ерекше тоқталды.
— Біз тұрған театр… Семейді, нақты айтқанда «Ойқұдықты», қазақ театрының «қара шаңырағы» деп айтады. Олай болса, бір шаңырақ астында үш бірдей өнер ұжымының жұмыс істеуі ыңғайсыз. Сондықтан біз келешекте Семейдің Жаңасемей бөлігінде, бұрынғы Алаштың жұртында, заманауи мәдени нысан – конгресс-холл салуды жоспарлап қойдық,- деді Нұрлан Телманұлы.
Футбол дегенде қазақ футболының да отаны Семей екендігі ойға оралады. Араға уақыт салып «Елім-ай» футбол командасы қайта жаңғырды. Қазіргі таңда футбол клубында 370 спортшының жаттығуына мүмкіндік жасалған.
— Жалпы, іске асырылып жатқан барлық іс-шаралар, бұрын айтылғандай, облысты дамыту міндеттерін сапалы шешуге, адами капиталдың сапасын, азаматтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған. Біздің қызметіміздің басымдығы Президенттің Жолдаулары, облысты дамытудың ұзақ мерзімді бағдарламасы мен Кешенді жоспары аясында экономиканы жаңғыртудың стратегиялық міндеттерін тиімді іске асыру болып табылады.
Аймағымызда шешімін таппаған мәселелер баршылық. Семейде де уақыт күттірмейтін шаруалар аз емес. Қала әкімдігі күрделі мәселелердің бәрімен таныс, бәрін жақсы біледі, шешу жолдарын да қарастырды,- деп сөзін қорытындылады Нұрлан Ұранхаев.
Семей қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы шаһар басшысы Нұрбол Нұрсағатов та халық алдында есеп берді.
— Мемлекет басшысының тікелей тапсырмаларын іске асыру шеңберінде облыс әкімі Нұрлан Телманұлының қолдауымен жүзеге асырылып жатқан кешенді шаралар мен мемлекеттік бағдарламалардың берген мүмкіндігінің арқасында қаламыз даму үстінде. Қала экономикасының негізі – өнеркәсіп саласы. Абай облысының өнеркәсіптік өндірісінің жалпы көлемі бойынша Семей қаласы 58,3 пайыз үлес салмағымен бірінші орында тұр,- деді қала әкімі.
Он бір айдың қорытындысы бойынша Семей қаласында шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері қызметінің негізгі көрсеткіштері бойынша оң динамика байқалған. Тіркелген шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 34 мыңнан асып, бұл салада 59 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылған. 2023 жылдың басынан бері кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында несиенің жалпы сомасы 14,9 млрд теңгені құрайтын 322 жобаға қолдау көрсетілген.
Облыста өңдеу өнеркәсібі мен агроөнеркәсіптік кешенді қолдау және дамыту үшін «Қарапайым заттар экономикасы» жеңілдетілген несиелеу бағдарламасы іске асырылуда. Нәтижесінде 2020 жылдан бастап жалпы сомасы 7,2 млрд теңгеге 47 жоба қаржыландырылған. Ал 2023 жылдың сәуір айынан бастап «Қамқор» шағын және орта бизнес субъектілерін қаржыландырудың өңірлік бағдарламасы қолға алынып, оның шеңберінде 363,5 млн теңге сомасына 7 жоба бойынша қолдау көрсетілген.
Қазіргі таңда Семей қаласын әлеуметтік – экономикалық дамытудың 2023 – 2027 жылдарға арналған кешенді жоспары аясында жалпы көлемі 17,9 млрд теңге қаржыға 6 инвестициялық жоба іске асырылуда.
— Бағаны тұрақтандыру үшін әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына үнемі мониторинг жүргізілуде. Сондай-ақ әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына 10 пайыз ғана сауда үстемесін қолдану бойынша меморандумдар жасалды. Аталған бағыттағы жұмыстар келесі жылы да ерекше бақылауда болады. Қазіргі таңда Президент тапсырмасы бойынша Семей қаласының облыс орталығы ретіндегі жаңа бас жоспары әзірлену үстінде. Семей қаласының қолданыстағы Бас жоспары Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 25 маусымдағы №707 қаулысымен бекітілген,- деді қала басшысы.
Нұрбол Төлегенұлының айтуынша, Бас жоспардың негізінде Семей қаласының оң және сол жағалауының егжей-тегжейлі жоспарлау жұмыстары әзірленіп, 22 жоба бекітілген. Бұдан бөлек, Оң және Сол жақ Шығыс саяжай массивтерін анықтау жобасы бекітіліп, қоғамдық тыңдаулар өткізілген.
Бекітілген жобалар нәтижесінде сол жағалаудағы Молдағалиев көшесінде жеке құрылыс компанияларының қаражаты есебінен жер учаскелері сатып алынып, көп қабатты тұрғын үйлер мен мектеп құрылысы басталды, сонымен қатар 140 және 240 орындық екі балабақша құрылысы жобаланған.
— Үстіміздегі жылы Семей қаласында тұрғын үй құрылысын дамыту мақсатында ауқымды жобалар жүзеге асырылды. 2023 жылдың қаңтар-қазан айларында 182 296 шаршы метр тұрғын үй іске қосылды, бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 12 921 шаршы метрге артық,- деді Нұрбол Төлегенұлы.
Қазіргі уақытта қала шегінде 20 көп қабатты бюджеттік тұрғын үй және 27 коммерциялық үйлердің құрылысы жүргізілуде. Жыл соңына дейін қала шегінде мемлекеттік бағдарлама бойынша салынып жатқан 17 көп қабатты тұрғын үйдегі 487 пәтер халық игілігіне берілмек.
Жалпы, Cемей қаласы бойынша тұрғын үй кезегінде 13 445 азамат тіркелген. 2019 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін сатып алу құқығынсыз жалдамалы тұрғын үймен 708 отбасы қамтамасыз етіліпті.
Биыл мемлекеттік тұрғын үй қорынан Қарағайлы шағын ауданынан 72 пәтер кезекте тұрған азаматтарға берілді, сондай-ақ Ұшақтар кентінен көп балалы отбасыларға 72 бір қабатты жеке үйлердің кілттері табысталған. Жыл соңына дейін тағы 50 отбасыға жалдамалы үй беру жоспарлануда.
— Былтыр желтоқсан айында жұмыс істейтін жастардың тұрғын үй сатып алуы үшін «Абай жастары» бағдарламасы іске қосылды. «Абай жастары» бағдарламасына қалалық бюджеттен 573 млн теңге бөлінді, оған 18-35 жас аралығындағы жергілікті атқарушы орган қызметкерлері, журналистер, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт қызметкерлері қатысып, 41 азамат аталған бағдарлама арқылы пәтер иесі атанды. 2024 жылы қала бюджетінен қаржы қарастырылып, жастарды тұрғын үймен қамтамасыз етуге арналған «Абай жастары» бағдарламасы өз жалғасын табатын болады.
Биыл тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты дамыту шеңберінде қаланың сыртқы келбетін жақсарту мақсатында 41 көп пәтерлі үйдің қасбеттері жөнделіп, 9 көп пәтерлі үйдің қабырғаларына муралдар салынды. Бұл жұмыстар келесі жылы да жалғаспақ. 2024 жылы 43 көп пәтерлі тұрғын үйдің қасбетін ағымдағы жөндеуден өткізу, 100-ге жуық лифті жаңғырту және ауыстыру, тозығы жеткен көп қабатты тұрғын үйлердің шатырын күрделі жөндеу және тағы басқа жұмыстар жоспарлануда,- деді Н.Нұрсағатов.
Қала әкімінің айтуынша, осы жылы қалада жалпы ұзындығы 60 шақырым болатын 54 көше жөнделіпті, 4000-нан астам жол белгілері орнатылып, 100 шақырымнан астам жолсызық белгілері салынған. 32 көшеге қиыршық тас себілген. Бейбітшілік аралындағы этноауылдың жаяу жүргіншілер аймақтары асфальтталып, борттық тастар орнатылған. Сондай-ақ Абай көшесіндегі Балалар мен жастар шығармашылық сарайының аумағындағы тұрақ алаңдары мен тротуарлар жөнделді. Қаланың орталық бөлігі ғана емес, шеткері аумақтарындағы саяжайлардың жолдары да асфальтталды.
Биыл Семей қаласына қарайтын Қыземшек, Верхнее-Березовский, Жарқын ауылдарының ұзындығы 10 шақырым болатын кіреберіс жолына да орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді.
— Осы жылы жүргізілген жол жөндеу жұмыстарын ескерсек, қаладағы жолдардың 60 пайызы қанағаттанарлық жағдайда деп айтуға болады. Сондай-ақ, кешенді жоспарға сәйкес Омбы — Майқапшағай тас жолынан Энергетик ауданындағы «Солтүстік» сауда-логистикалық орталығына дейінгі жол құрылысын салу жоспарланды. Қазіргі таңда мердігер ұйыммен келісімшарт жасалып, жер астындағы инженерлік желілер ауыстырылуда. Келер жылы да көлік инфрақұрылымын жақсарту жұмыстары жалғасады. 2024 жылы ұзындығы 60 шақырым болатын 40 көшені асфальттау жоспарлануда. Сондай-ақ биыл қаламыздағы 8 жер асты өткелінің үшеуі күрделі, қалған бесеуі ағымдағы жөндеуден өтті. Жер асты өткелдеріндегі тозығы жеткен электр сымдары ауыстырылып, жарық шамдары орнатылды. Өткел ішіне әр түрлі кескіндегі муралдар, музыкалық колонкалар мен 65 «Сергек» бейнебақылау жүйесі орнатылып, полиция басқармасының теңгеріміне берілді,- деді Н.Нұрсағатов.
Қала әкімі Семей қаласының облыс орталығы мәртебесін қайта алуы қаланың абаттандыру жұмыстарын жеделдетуге де оң ықпалын тигізгенін атап өтті. Биыл Жамақаев, Мәңгілік ел, сол жағалаудағы көпір асты кеңістігі мен Шығыс кентіндегі Декоративная көшесін жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, қала шетіндегі кенттер мен орталық бөліктерінде жалпы саны 11 қоғамдық кеңістік қолданысқа берілді. Семей қаласына қарасты 30 елді мекенде балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт және футбол алаңдары орнатылды.
Жалпы, 180 тұрғын үйді қамтитын 71 аула аумағы абаттандырылды, оның ішінде 41 аула қосымша футбол және баскетбол алаңдарымен жабдықталды. Абаттандыру шеңберінде аула ішіндегі аумақтар ішінара асфальтталып, жабыны бар спорттық, футбол және балалар ойын алаңдары салынып, орындықтар мен қоқыс жәшіктері қойылды.
Жазғы және қысқы мезгілде қала аумағының санитарлық тазалығын қамтамасыз ету, күтіп ұстау және көгалдандыру да маңызды. 2023 жылы санитарлық тазарту жаңа схема бойынша жүргізілді. Әкімдіктің бастамасымен көктем және күз маусымдарында экологиялық тазалық акциялары ұйымдастырылды. Сенбілік аясында, қаланы қоқыстан тазартудан басқа, 20 мыңнан астам жас көшеттер мен ағаш, саябақ аймақтарында, аллеяларда, алаңдарда, жол айрықтарында 13 мың шаршы метр аумаққа көп жылдық гүлзарлар отырғызылды.
— Стихиялық полигондарды жою бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілгенін атап өткен жөн. Бұған дейін ғарыштық мониторинг Семей аумағында 283 қоқыс үйіндісін анықтаған болатын, оның 39-ы ауылдық округтерде. Рұқсат етілмеген аумақтағы қоқыс үйінділерін шығару және жою жұмыстарын әкімдік бөлімдері мен ауылдық округ әкімдері ұйымдастырып, 283 қоқыс полигоны түпкілікті тазартылды. Семей қаласының полиция басқармасымен бірлесіп, «Сергек» бейнебақылау камералары арқылы қоқысты рұқсатсыз шығару фактілерін анықтау бойынша мобильді патруль жұмысы ұйымдастырылды,- деді Н.Нұрсағатов.
Жылу беру маусымының басталуына байланысты қазіргі күннің ең өзекті мәселесі жылумен қамту екені белгілі. Былтыр қалада бірнеше рет жылу көздері мен жылу желілерінде апат қаупі төнген болатын. Шаһар басшысы қолданыстағы желілердің 68 пайызы күрделі жөндеуді қажет ететінін атап өтті.
Осы жылы тұрғын үйлерді сапалы және үздіксіз жылумен қамтамасыз ету үшін әрқайсысына 20 Гкал/сағ қосымша ыстық су қазандығын орнату арқылы «Орталық» және «Ғаббасов» қазандықтары қайта жаңғыртылған болатын.
— 2023-2024 жылу беру маусымына дайындық барысында республикалық, облыстық және қалалық бюджет қаражаты есебінен 48 шақырымнан астам жылу желілері және 5 орталық жылу пункті жөнделіп, тозу деңгейі 15 пайызға төмендеді. Сонымен қатар кәсіпорын қаражатына жылу желілері мен орталық жылу пункттері қалпына келтірілді,- деді Н.Нұрсағатов.
Биыл көшелерді жарықтандыруға баса назар аударылып, Семей қаласының орталық бөлігіндегі және шалғай елді мекендердегі 55-тен астам көшеге жарық бағаналары орнатылды. Тозған тіректер ауыстырылып, істен шыққан шамдар жартылай жөнделді. Сәтбаев көшесі, Жеңіс саябағы, Бейбітшілік аралы, Жамақаева көшесіндегі қоғамдық орындар, шіркеу алдындағы алаң, сонымен қатар аквапарк аумақтары қосымша жарықтандырылды.
Семей қаласының аумағында 11 саяжай болса, олардың барлығы электр энергиясымен қамтамасыз етілген. Бірақ электр желілерінің 70 пайызға жуығының тозуына байланысты кернеудің төмендеуі мәселесі туындап отыр. Келісімшарт негізінде мердігер «Біріккен энергетикалық сервис компаниясы» АҚ Оң жақ Шығыс кентінде 434 электр желісі тіректерін жаңартуда. Ал Бобровка және Мұрат саяжайларында электр желілерін салу жобалары әзірленіп, «ABSCConstruction» ЖШС-мен электр желілерін тартуға келісімшарт жасалған.
— Қалада халықты таза ауыз сумен қамтамасыз ету шаралары да жүргізілуде. 20 жоба әзірленіп, алдағы екі жылда жүзеге асыру жоспарлануда. 2023 жылы 19 жобаны Шақаман, Алғабас, Половинка ауылдарында, Восход, Водный, Бобровка, Мұрат және Шығыс кенттерінде, «Смычка» 3 көтергішінен Восход кентіне дейінгі арлықта, Ладочная, Алматы көшелерінде жүзеге асыру жоспарланды. Оның ішінде мыңға жуық халықты қамтитын 4 жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде. 2023 жылы сондай-ақ бұрын орталық су құбырымен жабдықталмаған көшелерге су тартудың жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленді,- деді Н.Нұрсағатов.
Семейліктерді толғандыратын тағы бір маңызды мәселе – қоғамдық көлік қозғалысының ретсіздігі. Бүгінгі күні 4 тасымалдаушы компанияда 42 бағыт бойынша 331 қоғамдық көлік халыққа қызмет көрсетеді. Жыл басынан бері «Семавтопарк» ЖШС шағын және орта санатты 34 автобус, «ЭКОБУС» ЖШС үлкен класты 10 автобус, «АвтотрансСемей» ЖШС орта және үлкен класты 11 автобус, «Таксомоторный парк» ЖШС 12 автобус сатып алса, 2024 жылы автопарктер тағы 70 жаңа автобуспен толықпақ.
— Бұл маршруттық автобустардың жиілігін арттырып, қаладағы қоғамдық көлік мәселесін ішінара шешуге мүмкіндік береді. Жалпы, қоғамдық көлік мәселесі бір күнде пайда болған жоқ, сондықтан кезең-кезеңімен шешуді талап етеді. Біз қаладағы көлік парктерімен бірлесіп автобустарды кезең-кезеңімен жаңарту кестесін жасадық. Ағымдағы жылы Семей қаласының әкімдігі 110 металл аялдама павильондарын орнатып, 250 аялдама павильонын ағымдағы жөндеуден өткізді. Бұл жұмыс келесі жылы да жалғасын табады. Қала тұрғындары қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару мәселесіне де жиі шағымданады. Әкімдіктің жоспарлы жұмысының нәтижесінде арыз-шағымдар айтарлықтай азайды. Биыл қала ішінде 150-ден астам қоқыс алаңы жабдықталып, жаңа форматтағы 1325 контейнер орнатылды. Сонымен қатар қатты тұрмыстық қалдықтарды шығаратын кәсіпорын төрт арнайы техника сатып алды. Алдағы үш жылда кәсіпорын қуаттылығы жоғары қосымша арнайы техника сатып алуды жоспарлап отыр. Қоқыс шығару мәселесін шешумен қатар, Знаменка тас жолының 13-шақырымында қатты тұрмыстық қалдықтар полигонын салуға 100 гектар жер бөлінді. Оның құрылысын жүргізу үшін ағымдағы жылы жобалық-сметалық құжаттаманы дайындау жоспарлануда,- деді қала әкімі.
Тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсарту, оларды жұмыспен қамту мәселелері де басты назарда. Қалада 54 мың зейнеткер, 14,6 мың мүмкіндігі шектеулі жан, 6,7 мың көп балалы, 2 810 Ұлы Отан соғысының ардагері және оларға теңестірілген адамдар, 2,2 мыңға жуық аз қамтылған отбасы тұрады.
Халықтың әлеуметтік осал топтары санатындағы азаматтарға атаулы әлеуметтік көмек, 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларға қосымша төлем, тұрғын үй жәрдемақыларын төлеу түрінде көмек көрсетіледі.
Биылғы қаңтар-қараша айларында өкілетті органдарға 9 мың адам жұмыссыздық мәселесі бойынша жүгінген. Еңбек нарығында сұранысқа ие кәсіптер бойынша қысқа мерзімді оқытуға 84 адам жіберіліп, 110 адам мемлекеттік грант, 29 жас 2,5 пайызбен жеңілдетілген шағын несие алған.
— Мемлекет басшысының зорлық-зомбылықсыз мемлекет құру тұжырымдамасын іске асыру мақсатында, ағымдағы жылдың 25 тамызында қалада 25 төсек-орынға арналған Дағдарыс орталығы ашылды. Қазіргі уақытта орталық тұрақты негізде өз қызметін жүзеге асыруда. Бұдан бөлек, ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған Ш. Уәлиханов көшесінде орналасқан «Арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» мекемесінің қызмет көрсету мүмкіндігі шектеулі болғандықтан, аталған орталықтың жұмыс істеу базасын ұлғайту және балаларға жайлы орта қалыптастыру мақсатында қалалық бюджеттен қаржы қарастырылып, Цементшілер кентінен арнайы ғимарат бөлінді. Биыл Қарағайлы шағын ауданында нефрологиялық орталық пен емхана салу мақсатында ауданы 0,4906 гектар жер телімі бөлініп, құрылыс басталып кетті. Халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған жұмыстар әлі де кезең-кезеңімен жалғасатын болады,- деді Н.Нұсағатов.
Қаламыздағы 68 мектепте 54 мың оқушы білім алуда. Биыл №№4, 31, 39 және Озерки ауылының мектептері күрделі және №51 мектеп ағымдағы жөндеуден өтті. Оқушы орындарының тапшылығын қысқарту мақсатында Қарағайлы ықшам ауданында 1200, Водный кентінде 600 орынға арналған, сондай-ақ Абай облысының 2023-2027 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспарына сәйкес, сол жағалаудағы оқушы орындарының тапшылығын азайту мақсатында Молдағалиев көшесінде «KAZ Minerals» ЖШС-мен жасалған меморандум шеңберінде 1200 орындық мектеп құрылыс басталды. Қазіргі уақытта аталған учаскеде орналасқан жеке үйлерді сатып алу және сүру жұмыстары аяқталды.
Қоғамның толыққанды дамуын қамтамасыз ету үшін мәдениетті дамыту және қолдау ерекше маңызға ие. Семей қаласы Қазақстанның тарихи, мәдени және рухани орталығы болғандықтан, мәдениет мекемелеріне тиісті деңгейде көңіл бөлінуде. Ағымдағы жылдың 11 айында мәдениет мекемелерінің ұжымдарымен миллионнан астам адамды қамтитын 5 мыңнан аса іс-шара, оның ішінде бір жарым мыңы ауылдық округтерде өткізілген.
— 2024 жылға мерейтойлық күндер мен жыл сайынғы мемлекеттік және ұлттық мерекелерге арналған мәдени-бұқаралық іс-шаралар жоспарланған. Халықты дене шынықтырумен қамту бойынша жоспарлы және нәтижелі жұмыс жүргізілуде, спорттық инфрақұрылымды дамыту желісі айқындалды. Қалада 395 спорт нысаны жұмыс істейді, оның ішінде 4 стадион (Спартак, Локомотив, Ертіс, Цементник), 7 бассейн, 6 дене шынықтыру-сауықтыру кешені, 2 ипподром, 3 шаңғы базасы, жасанды жабыны бар 58 футбол алаңы, 130 спорт залы бар. Биыл 150 мыңнан астам адамды қамтитын 4000-нан астам жарыс өткізілді. Қала спортшылары 167 халықаралық, республикалық және облыстық жарыстарға қатысып, 120-дан астам спортшы жеңімпаз және жүлдегер атанды. Экономиканы одан әрі дамыту, әлеуметтік сала проблемаларын шешу, өңірде халықтың әл-ауқатын арттыру бойынша қабылданған шаралардың нәтижесінде қаламызда тұрақты қоғамдық-саяси жағдай сақталуда. Бүгінгі таңда өңірде Достық пен келісімде 20-дан астам ұлт өкілдері тұрады, 130-дан астам қоғамдық бірлестіктер, саяси партиялардың 7 филиалы, 23 этномәдени және 40 діни бірлестіктер құрылып, жұмыс істеуде. Қоғамдық кеңестер, Діни бірлестіктер, жастар орталығы, әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат, кәмелетке толмағандар істері жөніндегі комиссиялар сияқты консультативтік-кеңесші органдардың қызметі жандандырылды. Құрметті қала тұрғындары, аталған жұмыстар қаламыздың әлеуметтік-экономикалық дамуын жоғарылатып, халықтың әл-ауқаты мен тұрмысын жақсартып, тәуелсіз еліміздің мерейін одан әрі асқақтатуға үлесін қосады деп есептеймін. Алдағы уақытта да қаламыздың әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерін жоғарылату үшін ауқымды жұмыстар атқарылатын болады,- деп баяндамасын түйіндеді қала әкімі Нұрбол Нұрсағатов.
Осыдан соң облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев пен қала әкімі Нұрбол Нұрсағатов тұрғындар сауалдарына жауап берді.
Есептік кездесуден кейін облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев азаматтарды жеке мәселелерімен қабылдады. Жеке қабылдауға 50-ден астам адам жазылды. Қабылдау барысында тұрғындар инфрақұрылым, әлеуметтік қорғау, халықты жұмыспен қамту мәселелерін көтерді. Көбінесе тұрғын үй мәселесіне қатысты сұрақтар қойылды.
Өз кезегінде облыс әкімі тұрғындардың түйткілді мәселелерін тыңдап, мамандарға тиісті тапсырмалар жүктеді. Мәселелерді шешу барысы облыс басшысының жеке бақылауына алынды. Жеке қабылдауға қатысқан басқарма басшылары да азаматтардың сауалдарына жан-жақты жауап берді.
PS: Бұл кездесудің бұрынғы кездесуден ерекше екі өзгешелігі болды. Біріншісі — мемлекеттік тілде өткендігі. Әкімдер өз баяндамаларында кейбір мәліметтерде ғана орыс тілінде аударма қолданды. Сұрақтар, негізінен, қазақ тілінде қойылды. Оған мемлекеттік тілде жауап берілді.
Кездесудің екінші ерекшелігі туралы облыс әкімінің есебіне қатысқан қала тұрғыны Аймұханбет Бейсембеков өзінің фейсбук парақшасында: «Облыс әкімі Ұранхаев әкімдердің атқарған жақсы істерін мақтаған тұрғынның пікірінен кейін: «Құрметті азаматтар, бұл жиында әкімдерге мақтау айтып, уақытты алмаңыздар! Тек облысымыздағы, қаладағы шешімін таппаған, тұрғындарға қажетті түйткілді мәселелер туралы сұрақ қойыңыздар», — деп өтініш жасады («Сайрағыштар» бұл жолы сайрай алмай қалды)»,- деп жазыпты.
Жадыра ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
Әйгерім СӘРСЕНҚАЛИ,
«Semeı tańy»