1 Мамыр — Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесі қарсаңында қалалық әкімдікте көпбалалы аналарды «Күміс алқа» төсбелгісімен марапаттау рәсімі өтті. Салтанатты шараға Семей қаласы әкімі аппаратының басшысы Зәуреш Исабаева, қалалық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Алмагүл Жұмағұлова, Семей қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі жетекшісінің міндетін атқарушы Данара Ахметова және көпбалалы аналар мен олардың туған-туыстары жиналды.
Семей қаласы әкімі аппаратының басшысы Зәуреш Исабаева «Кү-міс алқа» төсбелгілерімен алтын құрсақты аналарды марапаттай келе, аяулы жандарға өзінің ақ жарма тілегін білдірді. Зәуреш Рамазанқызы өз сөзінде үлкен жанұялардың болуы мемлекеттің тұрақты дамып келе жатқанының көрінісі деп атап өтті.
— Бүгінде Семей өңірінде «Күміс алқа» және «Алтын алқа» төсбелгілері 2 499 адамға табысталды. Айтулы мерекелерде Семей қаласы әкімдігінде осындай шараларды өткізу игі дәстүрге айналған. Ана болу, бала сүю — үлкен бақыт. Бір баланы өсіріп, тәрбиелеп жеткізу үлкен ерлікпен парапар. Ал сіздер алты баланы қатарластарынан кем қалдырмай, түн ұйқыларыңызды төрт бөліп тәрбиелеп өсірдіңіздер. Бар-шаларыңызды Семей қаласының әкімі Ермак Бидахметұлының атынан құттықтауға рұқсат етіңіздер. Жанұяларыңызда тек қана береке-бірлік болсын. Сіздер мемле-кетіміздің демографиялық саясатына үлкен үлес қосып отырсыздар. Өзге де аналар сіздердей 6-7 баланы дүниеге әкелсе, халқымыздың саны еселене түсетіні даусыз,- деген Зәуреш Рамазанқызы жас отбасыларды осы «Күміс алқа» иегерлері сынды еліміздің демографиялық ахуалын жақсартуға шақырды.
Сонымен қатар құттықтау лебізін қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының міндетін атқарушы Д.Ахметова мен Семей қаласы ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары А.Жұмағұлова да жеткізді. Бұл жолы қаланың үш анасы — Ардақ Мұхаметқалиева, Мария Кариева және Гүлнар Яушева «Күміс алқа» төсбелгісімен марапатталды. Өз кезегінде алтын құрсақты жандар атқарушы билік өкілдеріне құрмет көрсеткендері үшін ризашылықтарын білдірді.
— Қалалық әкімдік тарапынан бізге құрмет көрсеткендері үшін алғысымды айтамын. Өзге де азаматшаларды ұлтымыздың санын көбейтуге күш салуға шақырамын. Келе жатқан мейраммен барша шаһар тұрғындарын шын жүректен құттықтаймын. Еліміздің тұғыры әрқашан да биік болсын,- дейді көпбалалы ана Ардақ Мұхаметқалиева.
Айта кету керек, енді «Күміс алқа» иегерлеріне әр ай сайын Үкімет тарапынан 13 мың 575 теңге көлемінде мемлекеттік жәрдемақы төленетін болады.
Жақсылық МҰРАТҚАЛИҰЛЫ, «Семей таңы»