Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде баскетболдан желілік спартакиаданың аймақтық кезеңі өтті. Жарысқа Семей, Өскемен, Талдықорған, Алматы, Шымкент қалаларындағы зияткерлік мектептердің ұлдар және қыздар командалары қатысты. 3 күн бойы көрерменге спорт мерекесін сыйлаған жарыс жоғары деңгейде ұйымдастырылып, оқушылардың есінде ұзаққа дейін сақталатындай әсер қалдырды.
— Бүгінгі спартакиада — достықтың, жастықтың символы. Құрметті оқушылар, осы жарыс барысында жаңа дос табуларыңызғ тілектеспін. Барлықтарыңыздың ерік-жігерлеріңіз мықты болсын. Достық жасасын! -деген тілек білдірді мектеп директоры Бағдан Қайыржанов жарыстың ашылу салтанатында.
Жарыс ережесіне сәйкес, әр команда айналмалы кезең бойынша бір-біріне қарсылас атанып, ұпай сандары есепке алынды. Әр команданың дайындығы әртүрлі. Бірде ұтып қуантса, бірде ұтылып жабырқатады. Дегенмен олардың көздерінен өз мектептерінің намысын барынша қорғауға тырысқан жалынды анық байқауға болады.
— Біз бұл спартакиадаға тыңғылықты дайындықпен келдік. Мақсатымыз – тек жеңіске жету. Спартакиаданы ұйымдастырушы «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ басшылығына үлкен алғысымызды білдіреміз. Бұл мектептер арасындағы байланысты нығайтып, оқушыларымыздың еркін қарым-қатынас жасауына жол ашады деп білемін. Семейдегі аймақтық кезең жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Жергілікті мектеп ұжымы құшақ жая қарсы алып, әр команданың жағдайына қарайласып жүр. Сол үшін жеке рақмет айтамын, — дейді Шымкент қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Нураддин Гасанов.
Спартакиада аяқталысымен жабылу салтанаты өтіп, оған спорт ардагерлері, Семей қаласынан шыққан қазақ елінің мақтаныштары шақырылды. Жарыс қорытындысы бойынша ұлдар арасында да, қыздар арасында да 1-орынды Шымкент қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі, 2-орынды Шымкент қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектептерінің командалары жеңіп алды. 3-орынды ұлдар арасында Алматы қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі, қыздар арасында Алматы қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің командасы жеңіп алды. Жеңімпаздар кубок, медальдармен марапатталды. Сонымен қатар түрлі аталымдар бойынша көзге түскен спортшылар жекелей марапатқа ие болды.
Спартакиада аясында Семейге келген қонақ оқушылар үшін арнайы саяхат ұйымдастырылып, олардың қала тарихымен танысып, шаһардағы көрнекті жерлерді аралауына мүмкіндік жасалды. Нәтижесінде қонақтарымыз тек қана спорттық бәсекеде бақ сынап қана қоймай, рухани азық алып қайтты.
Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің баспасөз қызметі{jcomments off}