Өткен жұма, 21 ақпан күні «Дариға-ай» жастар театры семейліктерге Мұхтар Әуезовтің «Абай» трагедиясы желісі бойынша қойылған «Ғажайып трагедиясы» спектаклін ұсынды.
М.Әуезовтің «Абай» трагедиясының желісі бойынша қойылған «Ғажайып трагедиясы» атты психологиялық драма ұлы ақынның қара сөздері мен өлеңдерінен құралған. Қойылым режиссері — елордадағы өнер университетінің түлегі Гаухар Адай, қоюшы әрі киім суретшісі — Қазақстан Суретшілер одағының, Еуразиялық Дизайнерлер одағының мүшесі, Еуразиялық Гильдия шығармашылығының мүшесі Гүлдана Журкабаева. Қойылымға барлығы 13 театр актері қатысты. Спектакльге дайындық жұмыстары төрт айға созылыпты.
— Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына арналған спектакльді қою біз үшін өте батыл қадам болды. Бұл қойылымға біз қараша айынан бастап дайындалдық. Бүгін еңбегіміздің жемісін көрермендерге ұсынып отырмыз,- деді театр директоры Амангелді Бахтинов.
Қойылым басталар алдында «Дариға-ай» театрының негізін қалаушы, профессор Дариға Тұранқұловаға қаламыздың мәдениет саласының дамуына қосқан үлесі үшін «Семей қаласының Құрметті азаматы» атағы берілді.
Психологиялық драмада актерлер Абай Құнанбайұлының ішкі жан дүниесін көрсетуге тырысты. Қойылым көрерменді ұлы ақынның шығармашылық әлеміне тереңнен ден қоюға, хакім жанын түсінуге, адамдықтан алыстамауға шақырады. Оның үстіне актерлер өз кейіпкерлерінің «көшірмелері» емес. Спектакльде шығармашылық ұжымның кейіпкерлер мінезін іс-әрекет арқылы жеткізуіне басты назар аударылған.
— Біз кейіпкерлеріміздің ерекшеліктерін дәл беруге тырыспадық. Абай рөлін ойнайтын актердің жалған сақалы да жоқ. Ол Абайға ұқсамайды. Біздің әртістер кейіпкерлердің образын сыртқы ұқсастықтар арқылы емес, эмоцияларымен жасауға тырысты, — дейді қойылым режиссері Гаухар Адай.
Қойылым премьерасы 21-22 ақпан күндері өтті. Театр ұжымы алдағы уақытта өзге өңірлерді де аралауды жоспарлап отыр.
Айтолқын САМАТОВА, «Семей таңы»{jcomments off}