Жуырда «Nur Otan» партиясының Аягөз аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Кенжегүл Габдуллина, Ақши ауылдық округінің әкімі А.Қалиев, аудандық «Қозы Көрпеш — Баян сұлу» мәдениет үйінің директоры К.Алпысбаев, партиялық бақылау комиссиясының және сол өңірдегі қоғамдық қауымдастықтың мүшелері ауылдық округтегі жалпы ахуалмен, соның ішінде жергілікті мәдениет үйінде атқарылған жөндеу жұмыстарымен танысып қайтқан болатын.
Осы сапар барысында анықталғандай, бүгінгі таңда ауылдың даму әлеуеті әлеуметтік-экономикалық дамудың нақты секторы ретінде және де әлеуметтік шеңбері және инфрақұрылымдық кешені ретінде серпінділігімен сипатталады.
Негізгі міндеттері инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту, өнімдерді өткізу нарықтары мен елді мекендер бойынша көлік қатынасын жақсарту, мемлекеттік және коммерциялық қызмет көрсету орталықтарын құру, халықты жұмыспен қамту және жаңа жұмыс орындарын ашуға бағытталған шараларды іске асыру болып саналады. Округтің жалпы ауданы 90320 га аумақты қамтиды. Яғни ауыл шаруашылығы бойынша жер көлемінің қомақты болуына байланысты ешқандай күрделі мәселе жоқ.
Тоқтала кетсек, әлеуметтік сала бойынша Ақши ауылдық округінде жаңа үлгідегі 180 орындық мектеп ғимараты, соның ішінде 70 орындық интернат пен шағын орталық жұмыс істейді. Дәрігерлік амбулатория, ауылдық клуб үйі және де жаңартылған кітапхана жүйелі жұмыс істеп тұр. Комиссия мүшелері аталған нысандарда атқарылған жөндеу жұмыстарының жай-жапсарымен танысып, жергілікті мәдениет саласы қызметкерлерімен де тілдесті.
Мамандардың айтуынша, бүгінгі күндері аудан әкімі Ділдабек Оразбаевтың тапсырмасымен аталмыш округте бірқатар игілікті шаралар нәтижелі жүзеге асқан. Өңір басшысы ауылға жиі ат басын тіреп, жергілікті тұрғындармен сөйлесіп, ұсыныс-тілектерін тыңдайды, мәселелердің шешімін қарастырады.
Сонымен қатар бүгінде жергілікті тұрғындарға қызмет көрсететін пошта бөлімшесі, АТС, екі азық-түлік дүкені, үш киім-кешек дүкені, бір наубайхана, тойхана, қоғамдық монша, мал сою алаңы тұрақты жұмыс істеп тұр.
Аталмыш округте тіркелген сегіз жеке кәсіпкер жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтып отыр. Шағын кәсіпкерлік халықты жұмыспен қамтудың айтарлықтай бөлігін құрайды. Бүгінгі күндері шағын кәсіпкерлік саласы ауыл тұрғындарының күнделікті сұранысын толығымен қанағаттандырып отыр.
Шаруа қожалық басшылары, жеке кәсіпкерлер арасында мемлекеттік бағдарламалар – «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры», «Құлан», «Сыбаға», «Алтын асық», «ҚазАгро» несиелендіру қоры арқылы лизингке техника алу, Нәтижелі жұмыспен қамтудың және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 — 2021 жылдарға арналған бағдарламасының екінші бағыты — «Егінжай» бағдарламасының бағыттары бойынша үнемі түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Сондай-ақ жаңадан кәсіп ашамын деген азаматтарға құжаттарын ресімдеуге көмек көрсетіледі.
Жалпы, Ақши ауылдық округ бойынша әлеуметтік инфрақұрылым қанағаттанарлық жағдайда. Әйтсе де ауылдың демографиялық жағдайы төмен, ағымдағы жылы халық саны азайған.
Білім саласы бойынша да атап өтуге тұрарлық жетістіктер бар. Мәселен, 2010 жылы Ақши ауылында жаңа үлгідегі 180 орындық мектеп ғимараты пайдалануға берілген болатын. «Ақши жалпы білім беретін орта мектеп жанындағы интернатпен» мекемесінде 34 мұғалім жұмыс істейді, 213 оқушы білім алуда, оның ішінде интернатта 64 оқушы тәрбиеленуде.
Аудан бюджетінен 240 000 мың теңге қаражат бөлініп, тұрмысы төмен отбасылардан шыққан 26 балаға сырт киімдер әперілген болатын. Бүгінгі күндері мектепте мультимедия, интерактивті тақта, 60 орындық асхана, 100 орындық мәдени шараларды өткізуге арналған зал бар. Барлық кабинеттер қажетті құралдармен толық жабдықталған. Мектепте әртүрлі үйірмелер (баскетбол, волейбол, шахмат, қазақша күрес, теннис, би, шебер қолдар және т.б.) жұмыс істейді.
Ақши ауылдық дәрігерлік амбулаториясында бір дәрігер, төрт медбике, Ақтүбек елді мекенінде бір фельдшер халыққа қызмет көрсетеді. Дәрігерлік амбулаторияға ауыл тұрғындарын диагноз түрлері бойынша арнайы базаға енгізіп отыру мақсатында интернет желісі орнатылды.
Сонымен қатар дәрігерлер Ақтүбек ауылын және қыстақтарды аралап, профилактикалық қарау, егу, диспансерлік бақылау және тіркеуде тұрған науқастарды бақылап, емдеу жұмыстарын жүргізеді. Жыл сайын рентген және «Саламатты Қазақстан» атты жылжымалы кешенді автомашинасы медициналық аппаратымен ауыл тұрғындарын тексеруден өткізеді.
Аудандық жергілікті бюджеттен 4098,0 мың теңге қаражат бөлініп, «Су» КММ Ақши ауылының су жүйесіне ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізді. Сусорғы станциясы ғимаратының төбесі шатырланып, ішіне бір дана сусорғы, екі пультпен басқару жәшігі, 25 колонка орнатылды, басқа да ұсақ-түйек саймандары ауыстырылды.
Ал Ақтүбек елді мекенінің тұрғындары ауыз суды ашық өзеннен пайдаланады. Бұл ауылда су көздерін іздеу жұмыстарын жүргізу керек. Ауылда «ШҚ АЭК» акционерлік қоғамына қарайтын электр желілері учаскесі жұмыс істейді. Ауылдық округтегі елді мекендердегі электр желілерінің техникалық жағдайы қанағаттанарлық.
Әкімшілік ғимараттарында «Қазпошта» АҚ облыстық филиалы Аягөз аудандық пошта байланыс торабының бөлімшесі орналасқан. Ауылдық округте 22 телефон нүктесі бар, оның ішінде Ақши ауылында сандық байланыс торабы орнатылған, нүкте саны 12, Ақтүбек елді мекенінде спутниктік байланыс торабы бар. Сонымен қоса тұрғындар «Актив», «KCELL», «Билайн» ұялы байланыс операторларының қызметін пайдаланады. Ауыл тұрғындарының ұялы байланыс жүйесін пайдалануына байланысты жоғарғы жылдамдықта істейтін 3G интернет жүйесі қажет.
Ауыл жолдарының жалпы ұзындығы 6,8 шақырым болады. Жолдың сапасы қанағаттанарлық. Ауыл ішіндегі жолдарға жөндеу жұмыстары қажет. Осы жолдардың үш шақырымын күтіп ұстау үшін «Аягөз жолдары» ҚМК бекітілген.
Сонымен қатар ауыл көшелерін абаттандыру жұмыстары аясында Ақтүбек елді мекенінде бес жерде, Ақши ауылында 88 жерде жарық орнатылған. Сол тәрізді биылғы жылы Н.Хасенов көшесіне 12 жерден жарық орнату жұмыстары жүргізіліпті.
Ауылдық округтегі халықтың әл-ауқатын арттыру, ауылдарды абаттандыру бағытындағы жұмыстар алдағы уақыттарда да осындай қарқынмен жүзеге асырыла беретініне сеніміміз мол.
А.ЖҰМАҒАЛИҰЛЫ{jcomments off}