Бірінші тоқсанның аяқталғанына да біраз уақыт өтті. Ал екінші тоқсанда семейлік оқушылар қалай оқиды? Жалпы, мектептердегі эпидемиологиялық жағдай қандай? Бұл жөнінде аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн-брифинг барысында қалалық білім бөлімінің басшысы Наталья Фесенко айтып берді.
Соңғы уақыттарда оқушылар арасында коронавирус инфекциясын жұқтыру жағдайлары жиі тіркеле бастаған. Семейде бүгінгі күнге дейін 80 оқушы коронавирус індетін жұқтырған. Олардың 14-і сауығып шықса, қалғаны амбулоториялық ем қабылдауда. Инфекцияға шалдыққан оқушылардың 54-і - қашықтықтан білім алғандар. Олар мектепке мүлде келмеген, яғни ауруды үй жағдайында, отбасында жұқтырған. Сол сияқты кезекші сыныптарда да мұндай жағдайлар кездесіп отыр. Кезекші сыныптардан 26 бала коронавирус жұқтырды. Бүгінгі күні 5 бала сауығып шықса, 21 бала амбулатория жағдайында емделуде.
Н.Фесенконың айтуынша, бүгінгі таңда қаламызда КВИ-дің бірнеше жағдайы тіркелген 8 мектеп жұмысын тоқтатқан.
Брифингте сонымен қоса білім ошақтарындағы санитарлық талаптардың орындалуы жайлы да айтылды. Қалалық білім бөлімінің басшысы Наталья Фесенко бүгінде барлық мектептерде санитарлық-эпидемиологиялық нормалар сақталып отырғанын мәлім етті.
- Әр мектепте тексеру-өткізу пункті бар, онда оқушылар мен мұғалімдердің дене қызуы тексеріледі, бәрі де дезинфекциялық төсеніштер арқылы өтеді. Егер дене қызуы бар бала анықталса, оқшаулау бөлмесіне жіберіліп, медициналық қызметкердің тексеруінен өтеді және денсаулық жағдайына байланысты үйіне немесе ауруханаға жіберіледі. Барлық мекемелер дене температурасын өлшеуге арналған термопрепараттармен, дезинфекциялық кілемшелермен және антисептиктермен, бактерицидтік шамдармен қамтамасыз етілген, сонымен қатар әр оқушыға берілетін бірнеше рет қолданылатын маскалар, қамту қызметкеріне арналған маскалар мен қолғаптар бар. Әр сабақтан кейін кабинеттер бактерицидті шаммен өңделеді, тазалық жұмыстары жүргізіліп, желдетіледі. Сондай-ақ қолды жылы сумен жуу үшін су жылытқыштар сатылып алынды. «Бір бағыттағы қозғалыс» ережесі бойынша әлеуметтік арақашықтықты сақтау үшін мектеп ішінде және аумағында белгілер қойылған, - деді Наталья Фесенко.
Білім бөлімі басшысының айтуынша, мектептерде оқушыларды қашықтықтан оқыту кезінде белгілі бір бағдарламалар немесе платформалармен айналысуға ыңғайлы болу жағы да қарастырылыпты. Осыған орай жыл басындағы педкеңестерде мұғалімдер тарапынан түрлі ұсыныстар түсіп, оқытуға қолайлы платформаларды өздері таңдаған. Қаламыздағы мектептердің дені Online mektep платформасын таңдаса, бірқатар мектептер Daryn.online платформасын қолдануда. Ұстаздардың пікірінше, бұл платформалармен жұмыс істеу өте ыңғайлы екен.
Ал балалардың компьютерлермен қамтамасыз етілуі — қазіргі оқыту жағдайындағы басты мәселелердің бірі. Айта кету керек, кез келген отбасыда кем дегенде бір байланыс құралы, ноутбук, планшет немесе смартфондар, бар. Соған қарамастан, оқу жылының басында мектептерде қолда бар компьютерлік техникаға түгендеу жүргізіліп, аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларға 900 дана компьютер таратылған. Оған қоса жергілікті бюджет арқылы 1 500 дана ноутбук, 1 300 дана компьютер, сонымен қатар республикалық қаражат есебінен 1 100 дана планшет сатылып алынған.
Ал алдағы тоқсанда мектептер оқытуды онлайн режимінде жалғастыра ма, жоқ па, ол әлі белгісіз.
— Облыс аумағында шектеу шаралары күшейтілгендіктен, біз бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің қаулысын күтеміз. Оқушылардың екінші тоқсанда білім алуы қалай ұйымдастырылатыны осыдан кейін белгілі болады, — деді Наталья Фесенко.
Абылай МАҚСҰТБЕК,
«Семей таңы»{jcomments off}