СЫҢСЫҒАН ҚАРАҒАЙЛЫ ОРМАНДАРЫҢ
СЫЙЛЫҒЫ ТАБИҒАТТЫҢ, ҚОНҒАН БАҒЫҢ!
БЕСҚАРАҒАЙ, СЕНДЕГІ СҰЛУЛЫҚҚА,
БЕУ, ШІРКІН, МҮМКІНЕМЕСТАҢДАНБАУЫМ!
«Семей таңы» газетінің 95 жылдық мерейтойына орай өңіріміздегі оқырманы көп аудандарда көшпелі редакцияның жұмыс сапары жалғасуда. Оқырмандармен кездесе отырып, халықтың көкейіндегі газетімізге қатысты пікірлерін естіп, елдің тұрмыс-тіршілігі мен әлеуметтік-экономикалық даму деңгейімен танысу мақсатында 27-28 мамыр күндері көшпелі редакция Бесқарағай ауданында болып қайтты.
Тасы өрге домалаған шаруашылықтар
Көшпелі редакцияның Бесқарағай ауданындағы сапары Глуховка ауылдық округіндегі өсімдік шаруашылығымен айналысатын “Семей” шаруа қожалығының жұмысымен танысудан басталды. Қожалық иелігіндегі жердің жалпы көлемі 140 гектарды құрайды. Онда картоп, орамжапырақ, қияр сияқты көкөніс түрлері өсіріледі екен. Қожалық жұмысымен танысу барысында өнімнің мол болуына елеулі септігін тигізетін жаңа технологиялардың кеңінен пайдаланыла бастағанына куә болдық. Атап айтқанда, “Қаз-агрофинанс” арқылы лизингке себелеп суаруға арналған қондырғы алыныпты. Картоп, сәбіз сияқты көкөніс түрлерін өсіруде қолданылатын бұл қондырғының бұрынғыларынан ерекшелігі суды үнемдейтінінде. Сондай-ақ, тамшылатып суару жүйесі кеңінен пайдаланылатын көрінеді. Жалпы қожалық басшысы Владимир Хегай техникамен қамтамасыз етуде үкімет тарапынан көп көмек көрсетілетінін айтады. Жоғарыда сөз болған себелеп суару қондырғысынан бөлек “Қазагрофинанс” арқылы лизингке картопөңдеуші құрылғылар, доминаторлар мен жердің құнарын сақтай отырып өңдейтін арнайы соқасы бар техника алынған екен. Сондай-ақ, Владимир Анатольевич жергілікті атқарушы билік тарапынан көрсетілетін көмек туралы:
— Аудан, округ билігі жайлы айтатын болсам, ауылшаруашылығының дамуына барынша жағдай жасалып жатыр дер едім. Мәселен, егістік көлемін арттыру жайлы ұсыныс болса, пайдалануға жарайтын жер телімін кеңейтіп беруден тиісті орындар бас тартқан емес. Ең бас-тысы, қандай мақсатпен сұрап отырғаныңды көрсетіп, арнайы ұйымдастырылатын конкурстан өтсең болғаны,-дейді.
Сондай-ақ, қожалық басшысы мұнда өсірілген көкөністердің Бесқарағай ауданы мен Семейде саудаланатынынан да хабардар етті. Болашақ жоспары жайлы сұрағанымызда Владимир Анатольевич алдағы уақытта егістік алқабын кеңейтіп, пияз өсіруді қолға алу ойда бар екенін жеткізді.
Қазіргі уақытта “Семей” шаруа қожалығында тұрақты түрде 12 адам жұмыс істейді. Егу және жиын-терін кезінде қосымша 10-12 кісі еңбекке тартылатын көрінеді. Олардың арасында егістік алқабында жұмыс істеп, табыс тапқысы келген округтегі мектептердің жоғары сынып оқушылары да бар. Әлбетте, бұл балалардың ата-аналарының келісі-мімен жүзеге асырылады. Қожалық басшысы өнім жинауда ерекше белсенділік танытқан оқушыларға оқу жылының басында қосымша қаржылай ынталандыру жасайды екен.
Әлеуметтік жауапкершілік жайлы айтсақ, “Семей” шаруа қожалығы бұл жағынан да құр алақан емес. Мүмкіндігі жеткенінше аз қамтылған тұрғындарға жәрдемдесіп келеді. Қажетті мөлшерде отынын, жем шөбін тасып беріп, қаржылай көмек те көрсетіп тұруды дәстүрге айналдырған. Осында еңбек ететін азаматтардың алатын жалақысынан бөлек көкөніс түрлерімен де қамтамасыз етеді. Бұл мақсатта арнайы шағын жер теліміне көкөніс те егілген. Биыл бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі бойынша округ басшылығы мен қожалық меморандумға қол қойған. Владимир Анатольевич бұл аз қамтылған тұрғындарға көмек көрсетуде жүйелі жұмыс атқаруға мүмкіндік беретінін атап өтті. Осылайша іскер азамат кәсібін дамытумен қатар, жергілікті билікпен тығыз байланыс орната отырып, ауданның дамуына үлес қоса бермек. “Семей” шаруа қожалығының жұмысымен танысып болған соң сапарымызды ары қарай жалғастырдық.
Глуховка ауылдық округінде мал шаруа- шылығы және өсімдік шаруашылығымен қатар айналысып келе жатқан бірден-бір қожалық “Балке” деп аталады. Жұмысының бірінші әрі негізгі бағытына келсек, мұнда қазір сүт бағытындағы 200-ге тарта сиыр бар. Жалпы зеңгі баба төлінің саны 350-ден асады. Қожалық басшысы Оралбек Тоқашев жұмыс барысымен таныстыра келе, үкімет тарапынан берілетін субсидияларға тоқталып өтті:
— Қазіргі таңда сүттің литріне 10 теңгеден субсидия алып отырмыз. Жылына 2-3 миллиондай болады. Енді тек сауын сиырдың санын арттыру керек. Сонда мемлекеттік бағдарламалардың шарттары бойынша сүттің литріне 25 теңге субсидия алатын боламыз. Қаржылай көмек мөлшері артқан соң, сәйкесінше шаруашылықты ары қарай кеңейтуге мүмкіндік пайда болмақ.
Осы орайда Глуховка ауылдық округінің әкімі Әсемхан Ысқақов қыс мезгілінде қатты аяз болған кездерде облыс тарапынан арзандатылған бағамен жем берілгенін де айтып өтті. Бұл мал өсірумен айналысатын шаруашылықтарға үлкен көмек болған көрінеді. Себебі, аяз қыспаққа алған шақта жем таусылса, қыстан шығынсыз шығу қиынға соғар еді.
Сондай-ақ, қожалық басшысы сиыр саууға арналған қондырғы туралы сөз етті. Биылғы жылы қаңтардың 13-і күні іске қосылған қысқы сауын орнына қойылған қондырғы қазіргі заман талаптарына толық жауап береді. Қазір бұл жерде бір мезгілде 138 сиыр сауылады. Технологияның ыңғайлылығына көз жеткізген соң, мамыр айының басында 120 басқа арналған жазғы сауын орнын аш-қан көрінеді.
— Бұл қондырғының ұтымды жері сол, электр қуатын бұрынғы осындай техникаға қарағанда аз тұтынады. Және жұмыс күшін көп қажет етпейді. Сауыншылар ыдыс тасып әуреге түспейді. Сүт арнайы құбырлар арқылы суытқышы бар сүт сақтайтын цистернаға құйылады. Бұл өндірістегі адами фактор әсерінің деңгейі төмендеп, өнімнің тазалығы толық сақталады дегенді білдіреді,-дейді Оралбек Тоқашев.
Сонымен қатар, қожалық басшысы мұнда сауылған сүттің сұранысқа ие екенін айтты. Мәселен, бұл бағытта Семейлік балалар тағамын жасайтын “Хаким” кәсіпорнымен және “Поливит-продукт” кәсіпорнымен тығыз серіктестік байланыс орнаған. Басқа да өндірушілер сұраныс беріп жатқан көрінеді.
“Бәлке” қожалығы жұмысының екінші бағыты өсімдік шаруашылығына келетін болсақ, бұл мақсатта пайдаланылатын жердің көлемі шамамен 800 гектарды құрайды. Оның 300 гектары тамшылатып суару жүйесімен суарылуға арналған. Қожалық басшысы берілген жердің аумағында көкөністің бізге белгілі түрлерімен қатар, қарбыз да өсірілетінін айтты. Мемлекет тарапынан өсімдік шаруашылығын дамытуға берілетін субсидиялар жайына да тоқталып өтті:
— Негізі, үкімет тарапынан қаржылай көмек көп көрсетіледі. Бір ғана мысал келтіре кетейін, өткен жылы тамшылатып суару жүйесін енгізу үшін алынатын қондырғыға 6 миллион теңге көлемінде субсидия берілсе, биыл бұл бағыттағы қаржылай көмектің көлемі артып, 7 миллионға жетіп отыр.
Қазіргі таңда ауылшаруашылығы сияқты маңызды салада ғылыми институттармен, ғылыми кадрларды дайындау жұмысы жақсы жолға қойылған оқу орындарымен тығыз байланыс орнату өте маңызды. Себебі, өндіріс қарқынды дамып, басталған істің ілгері басуы үшін жан-жақты зерделенген жүйелі жұмыс жасаумен бірге сол жұмысты алға бастыратын білікті мамандар қажет. Бұл орайда “Бәлке” шаруа қожалығы Семей қаласының Шәкәрім атындағы мемлекеттік университетімен байланыс орнатқан екен. Соның бір көрінісі ретінде аталмыш жоғарғы оқу орны студенттерінің осында іс-тәжірибеден өтетінін айтуға болады.
— Шәкәрім университетінің аграрлық сала бойынша білім алып жатқан студент- тері біздің қожалықта іс-тәжірибеден өтіп жүр. Біздегі жұмыс барысын көріп отырып, болашақ мамандар теориялық білімдерін өндірісте пайдалануды үйренеді. Олардың біздің шаруашылықта іс-тәжірибеден өтуіне байланысты барлық шығындарды өз мойныма алдым. Себебі, елімнің патриоты ретінде мемлекетіміздің аграрлық саласын дамытатын болашақ мамандардың білікті болып шыққанын қалаймын. Іс-тәжірибеден өткеннен бөлек студенттер күздегі өнім жинау жұмыстарына да көмектесіп, еңбекақы алады. Араларында оқуды тәмамдағаннан кейін болашақта ауылды жерде жұмыс істеуге ниет білдіргендері де бар,-дейді Оралбек Тоқашев.
“Бәлке” шаруа қожалығы өзі орналасқан жетпіс түтіннен құралған шағын Бірлік ауылының тұрғындарын жұмыспен қамтып отыр деп айтуға толық негіз бар. Бір бөлігі зеңгі баба төлін бағып табыс тауып жүрсе, енді бір бөлігі өсімдік шаруашылығында еңбек етуде. Глуховка ауылдық округінің әкімі Әсемхан Смағұлұлының айтуынша, шаруа қожалығы бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында да белсенділік танытып, әртүрлі шараларға атсалысып, аз қамтылған тұрғындарға жәрдемдесуде өзіндік үлесін қосып келе жатқан көрінеді. Оралбек Тоқашев бұл бағыттағы жұмыстың алда да жалғасын табатынын тілге тиек ете отырып, өзінің болашақтағы жоспарларымен бөлісті. Нақтырақ айтқанда, жем дайындау жұмысын қолға алып, сауынды сиырдың санын көбейту арқылы сүт өндірісін дамыту да ойында бар екен. Жоспар жүзеге асса, 2-3 жылдың ішінде жергілікті нарыққа қожалықта өндірілген сүтті шығара бастамақ.
{jcomments on}Орман тұқымы
кешені салынуда
Көшпелі редакцияның жұмыс сапары одан әрі Канонерка ауылдық округінде жалғасты. Мұнда біз қазіргі уақыттың өзінде қарқын алған орманды алқапты қалпына келтіру жұмыстарын үдете түсу бағытында шаруалар атқарылып жатқанының куәсі болдық. Атап айтқанда, 2013 жылдың қыркүйек айында Дүние-жүзілік банкінің арнайы экологиялық жобасының аясында жаңа орман тұқым кешенінің құрылысы басталған екен. Қажетті барлық қаражатты халықаралық қаржы институты бөлетін көрінеді. Озық технология бойынша салынып жатқан нысанның жалпы аумағы 20,8 гектарды құрайды. “Семей орманы” резерваты Канонерка филиалының еңбек қорғау инспекторы Нариман Сағындықов орман тұқымбағы кешенінің ерекшелігі туралы былай дейді:
— Қазіргі тұқымбақтарда ағаш көшеттері екі жылда өсірілсе, мына кешенде ол жұмыстарды екі есе жылдам жүргізуге болады. Яғни, уақыт үнемделеді деген сөз. Оның үстіне қазір жұмыс істеп тұрған тұқымбақтарда өсірілген көшеттерді тек жазғытұрым, сәуір айында отырғыза алсақ, мына кешеннің тұқымбағында жетілген өскіндерді көктемде, жазда және күз айларында еге беруге мүмкіндік туады. Себебі, көшеттер жылыжайда өсіріледі де арнайы алаңқайда күн райына бейімделеді. Осылайша кешен салынып біткен соң, орманды қалпына келтіру жұмыстары екі есе тез жүргізілмек.
Жалпы Нариман Баткенұлының айтуын- ша, бұл замануи технология бойынша жұмыс істейтін республика аумағындағы жалғыз кешен болмақ екен. Тұрақты түрде 20 адам жұмыспен қамтылса, нау-қан кезінде жұмыс істейтіндердің саны 50-ге жетеді деп жоспарлануда. Тағы бір айта кетерлігі, орман тұқымы кешені “Семей орманы” резерватынан бөлек көршілес Павлодар облысындағы “Ертіс орманы” резерватын да қарағай көшеттерімен қамтамасыз етпек. Швед технологиясымен салынып жатқан нысан құрылысының құны 685 миллион теңгені құрайды. Кешенде қолданылатын осы елден әкелінетін қондырғылардың бағасы 600 миллион теңге болады. Құрылыс ағымдағы жылы толық аяқталып, кешен пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Қазақ елінің табиғи байлығы, мақтанышына айналған қарағайлы орманды қалпына келтіруге серпін беретін нысанның салынып жатқанын көріп біз де қуанып қалдық. Тұқымбақ кешенінің Елбасының “Жасыл ел” идеясын жүзеге асырудағы рөлі ерекше болмақ.
Мал басында өсім бар
Бесқарағай өңірінде мал шаруашылығының даму деңгейі қарқынды түрде өсіп келеді екен. Бұлай дейтініміз, осы бағытта жұмыс істейтін қожалықтардың әл-ауқатының соңғы жылдары едәуір жақсарғанын білдік. К-Владимировка ауылдық округіндегі “Арбиев” шаруа қожалығы осы айтылған сөзімізге толық дәлел бола алады. 2010 жылы ашылған қожалық ет бағытындағы сиыр малын өсірумен айналысады. Қазіргі таңда мұндағы зеңгі баба төлінің саны тура 605-ке жетіп отыр. Ет бағытындағы ірі-қара мал өсіретін кез-келген қожалықтың кеңеюі мен дамуы үшін маңызды фактор — шұрайлы шабындық пен жайылымның болуы. Бұл орайда “Арбиев” қожалығының пайдалануындағы жердің көлемі 10 мың гектарды құрайтынын айта кету керек. Оның 4,5 мың гектары жайылым болса, қалғаны шабындық. Қожалықта атқарылып жатқан шаруа қыруар. Мәселен, былтыр әрқайсысы 400 бас сиырға есептелген бес металл ангар салынған. Қожалық заңгері Қанат Қайдауылов биыл олардың санын онға жеткізу көзделіп отырғанын айтады.
— Биыл сондай-ақ, қос қабатты жұмыс кеңсесі салынды. Қасапхана құрылысы да биыл аяқталды. Қазір базарларға апаратын еттің сапасы талаптарға сай болуы керек. Әрі түрлі мал ауруларын уақытында анықтап біліп отырған абзал. Осы мақсатта біз ветеринарлық зертхана салдық,-дейді Қанат Қайдауылов.
Сондай-ақ, ол қожалықта асыл тұқымды мал өсіру көзделіп отырғанын жеткізді. Ол үшін биыл “Қазақтың ақ бас сиыры” мен “Герефорд” тұқымынан 3000-ға жуық сиыр әкелінбек. Осылайша, “Арбиев” қожалығы биылғы жылдың соңына дейін асыл тұқымды мал өсіретін қожалық мәртебесіне ие болады. Осыған орай инфрақұрылым да жетілдіріліп жатыр. Жоғарыда айтылған ангарлар мен ветеринарлық зертханадан бөлек арнайы дәнді дақылдар мен жем сақтау қоймасы салынған. Қазір жем Павлодар облысынан тасымалданса, биыл “Жаңбыр” бағдарламасы бойынша жемшөп дақылдарын өсіруге қосымша 3000 гектар жер алуға өтініш берілген. Бүгінде қожалықта 18 адам еңбек етеді. Жалақы мөлшері орташа есеппен 30 мың теңгені құрайды. Жоғарыда айтылған жоспардың бәрі жүзеге асқаннан кейін қосымша 15 жұмыс орны ашылмақ.
Қожалықтың техникамен қамтамасыз етілуін де жақсарта түсу жоспарлануда. Қазіргі таңда 5 трактор, К-700 маркалы техника мен шөп жинаушы трактор бар көрінеді. Қожалықтың техникамен қамтамасыз етілуіндегі арнайы бағдарламалардың үлесі жайлы Қанат Қайдауылов былай дейді:
— Жалпы мемлекеттік бағдарламалардың ауылшаруашылығының дамуына тигізер септігі зор деп айта аламын. Биылдың өзінде біз лизингке 5 жаңа трактор алғалы отырмыз “Қазагро- финанс” арқылы. Несиені төлеуге екі жылдық каникул берілетінін ескерсек, мұның өзі біз үшін үлкен көмек.
Сұхбат барысында бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі бойынша қандай шаралар атқарылғанын сұрап едік, қожалықтың аталмыш бағытта жергілікті жерде ұйымдастырылған шаралардан қалыс қалмайтыны белгілі болды. Бұл жайында К-Владимировка ауылдық округінің әкімі Юрий Слоницкий мынадай мәлімет берді:
— Жалпы ауылдық округтегі қожалықтар мен басқа да бизнес өкілдерінің бұл бағытта белсенділігі соңғы жылдары біртіндеп артып келеді. Мәселен, “Арбиев” шаруа қожалығы былтыр ауылдық округтің футбол командасының арнайы киім сатып алуына демеушілік жасады. Ашылғалы бері әртүрлі шараларға қатысып, мүмкіндігінше көмектесіп келеді. Біз ұсыныс жасамай-ақ, өздері ниет білдіретін кездері де болады. Бұл игі дәстүр ары қарай жалғасатынына толық сенімдімін.
Қазірдің өзінде 20 шақты адамды жұмыспен қамтып, қарқынды дамуға бет алған “Арбиев” қожалығының тыныс-тіршілігі, міне, осындай.
К-Владимировка ауылдық округінен кейін ат басын Баскөл ауылдық округіне бұрдық. Мұнда да ауылшаруашылығы өз деңгейінде дамып келеді. Халықты жұмыспен қамтуға бағытталған бағдарламалар бойынша да жұмыс жүргізіліп жатқанын білдік. Ауылдық округ әкімі Нұрлан Балықбаев:
— “Агробизнес” бағдарламасы аясында атқарылар шаруа әлі көп. Дегенмен,қазір ауылшаруашылығының, оның ішінде өсімдік шаруашылығының қарқынды дамып келе жатқанын айта кету керек. Әсіресе, жем-шөп дақылдарын, нақтырақ атасақ, арпа, сұлы, көпжылдық шөптерді өсірумен айналысатындардың саны жыл санап артуда. Былтыр “Қазагрофинанс” арқылы 5 миллион 800 мың теңгеге ауылшаруашылығы техникасы сатып алынды. Сондай-ақ, ауылдық округіміздегі қожалықтар асыл тұқымды ірі қара малын сатып алды. Барлығын қосқанда мал басы жыл сайын 2-4 пайызға өсуде. Қазір қолдануға берілген сегіз жарым мың гектарға жуық егістік толығымен пайдаланылады. Олардан түсетін дәнді және жем-шөп дақылдарының өнімі де жеткілікті мөлшерде,-деп өзі басқарып отырған округтегі ауылшаруашылығының ахуалы жайлы мәлімет берді.
Бұдан бөлек Нұрлан Ақанұлы инвестициялар көлемінің артып келе жатқанын тілге тиек етті. Мәселен, Баскөл ауылдық округінің дамуына биылғы жылдың бірінші тоқсанында 3 миллионға жуық теңге құйылса, екінші тоқсанда бұл қаржы 10 миллион теңгеге жетеді деген нақты жоспар бар. Салыстырмалы түрде айтсақ, былтыр жыл бойы салынған инвестицияның көлемі 17 миллион теңгені құраған. Баскөл ауылдық округінің халқы мелекеттік бағдарламалар аясында да белсенді жұмыс істеп жатқан көрінеді. Сөзіміз дәлелді болу үшін “Жұмыспен қамтудың жол картасы — 2020” бағдарламасы бойынша жүзеге асқан екі жоба туралы айта кетейік. Бұлардың біреуі автокөлікке техникалық қызмет көрсету стансасы болса, екіншісі қымыз өндірісін дамытуға қатысты. Сондай-ақ, қасапхана салу да жоспарда бар екен. Ауылдық округте жоспарланған шаруалардың саны бұнымен ғана шектелмейді.
— Баскөл ауылында шағын комплектілі мектептің биылғы құрылыс жұмыстарына облыстық бюджеттен 90 миллион теңге бөлінді. Нысанды келесі жылдың 1 қаңтарында пайдалануға беру жоспарланып отыр. Сонымен қатар, Қарағайлы ауылында су құбырын тартуға байланысты жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр. Бұл мақсатқа 7 миллион теңге көлемінде қаражат бөлінді. Келесі жылы су құбырын тарту жұмыстарын бастау жоспарда бар,-дейді Нұрлан Балықбаев.
Көшет өсірудегі кешенді іс
“Атаңнан мал қалғанша тал қалсын”, “Бір тал кессең, он тал ек”. Әлімсақтан табиғатты, оның тарту еткен аса қымбат сыйы саналатын жасыл желекті орман, тоғайды айрықша бағалаған дана қазақтың осы іспеттес нақыл сөздері жетерлік. “Семей таңы” газетінің 95 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған көшпелі редакцияның Бесқарағай ауданындағы сапары барысында халқымыздың табиғатқа қатысты мақал-мәтелдерінің астарын анық ұғынып, соған орай әрекет етудің нақты үлгісін көрдік. Баскөл ауылдық округіндегі “Семей орманы” резерватының Бөкебай филиалының жұмысы сөзіміздің дәлелі бола алады. Қарамағындағы орманды алқаптың ауданы 64 731 гектар. Құрамында Рамадан, Бөкебай және Шадрушинское орманшылықтары бар. 2005 жылдан бері тұқымбақ жұмыс істейді. Алғаш ашыл-ғандағы аумағы 5 гектарды құраған екен. Берер пайдасы өлшеусіз игілікті іс қар-қын алып, қазіргі таңда тұқымбақтағы жердің көлемі 15 гектарға жетіп отыр. Филиал директоры Сейілхан Кемпіров бізге тұқымбақта жасалып жатқан жұмыс- тар туралы жан-жақты айтып берді.
— Біздің негізгі мақсатымыз, өздеріңіз білесіздер, орманды сақтау мен кезінде өртенген жерлердегі орман алқаптарын қалпына келтіру. Былтыр үш гектар жерге қарағай дәнін ексек, биыл да үш гектар жерге ектік. Енді осыны күтіп, баптап өсіру керек. Жетілген соң көшеттерді өртенген жерлерге апарып отырғызамыз. Биыл 500 гектар жерге жас талдар егілді. Бұл 500 гектар өртенген қарағайлы алқапты қалпына келтіруге қадам жасадық,-дейді Сейілхан Мұқанұлы.
Қай заманда болмасын, табиғатты аялау ісінде “осы да жетер” деп тоқмейілсуге жол бермеу керек. Бұл да Бөкебай филиалын басқарып, орманды қалпына келтіруге атсалысып жүргеніне біраз жылдың жүзі болған Сейілхан Кемпіров ағамыздың айтқаны. Сөзіне ісі сай болып тұр. Бұлай дейтін себебіміз, тұқымбақты тағы да 10 гектарға кеңейту жоспарланып отырғанын білдік. Әрекетке-берекет. Тынбай еңбектеніп, табандылық танытсаң әр істің лайықты жемісі болады. Жоспар жүзеге асып, тұқымбақ аумағы ұлғайған кезде өртенген жерлерге отырғызылатын көшеттердің саны да еселенбек. Осының өзі түпкі мақсат — қарағайлы орманды толық қалпына келтіруге жасалатын үлкен қадам деуге тұрарлықтай.
Тұқымбақта шынар ағашының көшеттері де өсіріледі. Он төрт мың түп. Сейілхан Мұқанұлының айтуынша, өңіріміздегі қалалар мен елдімекендерді абаттандыруда сұранысқа ие екен. Атап өтерлік тағы бір жайт, тұқымбақтағы суару жүйесі қазіргі заманның талаптарына толық жауап беретін қондырғылармен қамтамасыз етілген. Мұның өзі сапалы көшеттер өсіріп шығаруға зор септігін тигізеді.
Мемлекетіміз үшін үлкен мәнге ие атаулы күндер әр жерде әр түрлі аталып өтіліп жатыр. Солардың ең маңыздысы 2011 жылы тойланған Қазақ елінің Тәуелсіздігінің жиырма жылдығы. Осы бір мерейлі датаға орай ұйымдастырылған сан қилы ауқымды шаралардан “Бөкебай” филиалы да қалыс қалмаған. Қазақ елінің Тәуелсіздігінің жиырма жылдығына байланысты аумағы 0,2 гектарды құрайтын дендрабақ ашқан екен. Мұнда жалпы саны ағаштың жиырма түрі егілген. Өсу жылдамдығы әркелкі болса да, отырғызылған талдар өзара жарасымын тауып ерекше салтанат құрып тұр. Сондай-ақ, филиал қызметкерлері мен жергілікті халықтың “Бөкебай” деген сөзді планетамыздың орбитасынан көрінетіндей қарағай егіп жазуы — қатардағы бастамалардың бірі емес, патриотизмнің нақты көрінісі деп атауға болады.
“Бөкебай” филиалында қазір тұрақты түрде 110 адам еңбек етеді. Тұқымбақтағы маусымдық шаруаларды атқаруға, көшет отырғызуға науқан кезінде қосымша 90 адам жұмыс істейді. Тағы бір атап өтуге тұрарлық мәселе, қазіргі таңда филиал өрт сөндіру техникаларымен толық қамтамасыз етілген. Тілсіз жауды дер кезінде ауыздықтап отыруға барлық жағдай жасалған. Бұған осы филиалдың иелі-гіндегі тікұшақтың да тигізіп отырған ықпалы зор екені сөзсіз.
Нәтижелі жұмыс, тындырымды әрекет елеусіз қалмақ емес. “Бөкебай” филиалының қоршаған ортаны қорғауға бағытталған шаралар аясында алған жүлделері осы сөзіміздің нақты айғағы бола алады. Жыл сайын дәстүрлі түрде өткізілетін “Саябақтар маршы” акциясында алдыңғы қатардан көрініп мақтау-мадақтау алып жататыны өз алдына. Былтыр осынау халықаралық шараның аясында екінші орынды иеленсе, биыл жеңімпаз атанып, арнайы кубокты ұтып алды. Сейілхан Мұқанұлы мұндай жеңіске жету жолында филиал қызметкерлерімен қатар, жергілікті халықтың елеулі үлес қосқанын айтады. Сондай-ақ, “Бөкебай” филиалының өңіріміздің жас буын өкілдеріне экологиялық тәрбие беруде үлкен рөл атқарып келе жатқанын атап өту керек. Қоршаған ортаны аялау тақырыбындағы түрлі шаралар тұрақты түрде өткізіліп тұрады.
“Семей таңы” газетінің 95 жылдығына орай ұйымдастырылған сапар барысында 27 мамыр күні Канонерка ауылдық округіндегі “ISUN PLAST” зауытының жұмысымен таныстық. Сондай-ақ, Ерназар ауылдық округіндегі “Мукинов” шаруа қожалығының тыныс-тіршілігі жайында ақпарат алдық. Бұл екі кәсіпорын туралы мақалаларды газетіміздің алдағы сандарынан оқи аласыздар.
Әр салада серпін бар
28 мамыр күні көшпелі редакцияның сапары Бесқарағай ауданының орталығы Бесқарағай ауылында жалғасты. Мұндағы жұмысымызды аудан әкімі Нұрлан Сыдықовтан атқарылып жатқан шаруалар жайында сұхбат алудан бастадық.
— Аудан әкімінің басты міндеті инвестиция тарта білу. Мейлі жеке адамның қаржысы болсын, мейлі, облыстық, немесе республикалық бюджеттен бөлінетін қаражат болсын, әкім өзі басқарып отырған ауданға инвестиция құйылуын қамтамасыз ете білу керек деп есептеймін. Бұл орайда айтатыным, Жетіжар ауылдық округі мен Кривинкада “Жаңбыр” бағдарламасы бойынша құны 1 миллиард 700 миллион теңгені құрайтын суару жүйесінің құрылысын бастау жоспарланып отыр. Сондай-ақ, Мостик және Баскөл ауылдарында жаңа мектеп салуға қаржы бөлінген. Бесқарағай колледжіндегі күрделі жөндеу жұмыстарын, тоқсан балаға арналған балабақша құрылысын аяқтау да билғы жылдың жоспарында,-деді өз сөзінде Нұрлан Батташұлы. Сондай-ақ, аудан әкімі биылғы жылы аудандық аурухананың да күрделі жөндеуден өтіп жатқанын, дене шынықтыру- сауықтыру кешенін салу жоспарланып отырғанын тілге тиек етті.
“Ауылын көр де, азаматын таны”. Айтыла-айтыла нілі шығып, бояуы оңа бастағандай көрінгенімен, қазақтың бұл нақыл сөзі қашан да үлкен мән-мағына беріп тұрары анық. Аудан орталығы Бесқарағайда атқарылып жатқан жұмыстарды көріп осы бір мақалдың шын екеніне көзіміз жетті. Жоғарыда айтылған құрылыс жобаларымен қатар, биыл “Ақбұлақ” бағдарламасының аясында Бесқарағай ауылында жүргізіліп жатқан су құбырларын тарту жұмыстары маусым айында аяқталады деп жоспарлануда. Яғни, осы ауылда талайдан бері келе жатқан таза ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі шешіледі деген сөз. Аудан әкімінің осы қызметке келген бір жылға жетпейтін уақыттан бергі жеткен жетістігі жалғыз бұл емес. Егер 2013 жылдың маусым айында Нұрлан Батташұлы басшылыққа тағайындалған кезде Бесқарағай ауданы әлеуметтік-экономикалық даму динамикасы жағынан облыс аудандарының арасында 18-ші орында тұрса, жарты жылдың ішінде жасалған жұмыстардың нәтижесінде аталмыш рейтингте 1-ші орынға шыққан. Қазір де Бесқарағай ауданы осы көрсеткішін төмендетпей, жоғары деңгейде ұстап тұр.
Әлеуметтік мекемелердің әлеуеті мықты
Аудан әкімімен болған сұхбаттан кейін Бесқарағай ауылындағы атқарылып жатқан шаруаларды өз көзімізбен көріп қайту мақсатымен нысандарды аралауға шықтық. Соның ішінде күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатқан аудандық ауруханаға бардық. Бізбен сұхбат барысында Бас дәрігер Баубек Абылқасымов мекемеде көрсетілетін медициналық қызмет түрлеріне тоқталып өтті.
— Біздің орталық аурухана екі бөлімнен тұрады. Стационарлық көмек көрсетеміз, сосын емхана бар. Емханада алғашқы медициналық көмек көрсетіледі. Ал, стационарда 46 адамды қабылдай аламыз. Стационарлық көмектің өзі бірнеше бөлімшеден тұрады. Онда хирургиялық көмек көрсетіледі. Балалар бөлімі бар, перзентхана бар. Терапия бөлімі жұмыс істеп тұр. Дәрі-дәрмектің барлық түрі тегін беріледі. Сонымен қатар, бізде жедел медициналық жәрдем бөлімі бар,-деді өз сөзінде Баубек Шайзадаұлы. Осы орайда, Бесқарағай ауданындағы денсаулық сақтау саласы бойынша атқарылып жатқан шаруалармен танысу мақсатында еліміздің Денсаулық сақтау министрі арнайы іссапармен келген кезінде осы ауруханада болып қайтқанын айта кеткен жөн. Себебі, республиканың Бас дәрігері аурухананың көрсеткіштерімен танысып, оның жұмысына оң бағасын берген көрінеді. Сұхбат барысында Баубек Шайзадаұлы ауруханада көрсетілетін скринингтік қызмет жайында мынадай мәлімет берді:
— Бұл бағытта көптеген бағдарламалар бар. Өзімізге келетін болсақ, 18 жасқа дейінгі балаларды қараймыз. Обыр ауруларына байланысты тексерістер жүргіземіз. Қан қысымын анықтау мен көз қан тамырлары қысымын анықтау скринингін де жүргіземіз. Жалпы скринингтердің орындалу деңгейі 72 пайызды құрайды. Осы атқарылып жатқан жұмыстардың ар-қасында былтырғы жылмен салыстырғанда обыр ауруларынан өлім-жітім 22 пайызға, қан қысымы ауруларынан өлім 94 пайызға азайды. Бұның өзі біздің скринингтік бағдарламалардың тиімділігін көрсетеді.
Сондай-ақ, бас дәрігер ауруханада 36 дәрігер, 123 медбике, 80 қосымша қызметкер жұмыс істейтінін тілге тиек ете отырып, емханада жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстары жайлы айтты.
— Бұл орайда облыс әкімі Бердібек Мәшбекұлының еңбегі зор екенін атап өтуім керек. Сол кісінің тікелей қаражат бөлуімен күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жиыны 66,5 миллион теңге бөлінді. Жаңадан шатыр жабылып, есік-терезе қойылатынын айтпағанда, ғимараттың ішіндегі бөлмелер талаптарға сәйкестендіріліп кеңейтіледі,-дейді Баубек Шайзадаұлы. Жалпы алғанда биылғы жылы мамырдың ортасында басталған күрделі жөндеу жұмыстары қазан айына таман аяқталады деп жоспарлануда. Сол кезде емхана аудан тұрғындарына толыққанды алғашқы медициналық қызмет түрлерін көрсете бастамақ.
Аудандық аурухана жұмысымен танысқаннан кейін Бесқарағайдағы мүгедектер мен қарттарға арналған аумақтық орталықта болып қайттық. 2012 жылы сәуір айында ашылған бұл мекеме Семей ядролық полигоны салдарынан зардап шеккен мүмкіндіктері шектеулі балаларға, он сегіз жастан асқан психоневрологиялық патологиялары бар мүгедектерге және қарттарға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетеді. Орталық басшысы Ғалия Байқадамова мұнда мүгедектер мен қарттарға үйде әлеуметтік көмек көрсету бөлімі мен мүмкіндіктері шектеулі балаларға арналған күндізгі бөлім жұмыс істейтінін айтып өтті. Жалпы алғанда мекеме аудан бойынша 259 адамға арнаулы көмек көрсетеді.
— Біздің орталықта қазіргі таңда 48 маман жұмыс істейді. Олар 244 мүмкіндігі шектеулі жандарға үйде әлеуметтік қызмет көрсетеді. Олардың ішінде 36-сы 18 жасқа толмаған балалар болса, 85-і бірінші және екінші топтағы жүйке кемістігі бар мүмкіндігі шектеулі жандар. Сонымен қатар, біздің мекеменің қарауында 111 жалғызбасты қарт адам және 12 жалғызбасты мүгедектер бар. Ал, қалған 15 бала күндізгі бөлімде,-дейді Ғалия Мұқашқызы. Орталық мамандары кепілдендірілген әлеуметтік қызметтердің сегіз түрін көрсетеді. Республикалық бюджеттен күндізгі бөлімге қаражат бөлінетін көрінеді. Бұл бөлімде мүмкіндігі шектеулі балалардың дамуына барынша жағдай жасалған. Арнайы жабдықталған кабинеттердің барын айтпағанда мұнда еңбек терапевті, медбике, балалар мейірбикесі мен уқалаушы (массаж) жұмыс істейді. Мүмкіндігі шектеулі азаматтардың өздерін қоғамның толыққанды мүшесі сезінулері үшін әлеуметтік қызмет көрсетудің аздық ететіні түсінікті. Сол себепті, Ғалия Байқадамованың айтуынша, орталық мамандары күнделікті жүргізілетін жұмыстардан бөлек қамқорлығындағы жандарға арнап әртүрлі шаралар өткізуді дәстүрге айналдырған. Мысалы, таяуда ғана мүмкіндігі шектеулі балалар өрт сөндіру бөлімінде болып қайтыпты. Онда олар өрт сөндірушілердің жұмысымен танысумен қатар, өрт қауіпсіздігін сақтамаудың қоршаған ортаға қаншалықты зиян екенін, өрт шыға қалған жағдайда қалай әрекет ету қажеттігі жайлы ақпарат алған көрінеді. Шекара комендатурасында да мүмкіндігі шектеулі балаларға арнайы экскурсия ұймдастырылған. Әлбетте, бұл шараның мақсаты — жас ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеу.
Орталықта атқарылған басты жұмыстардың бірі — бұл ауданның радиациялық базасының қалыптастырылуы. Онда 19 мыңдай адам тіркелген. Базаны құрастыру сауалнамалық негізде жүргізілген. — Семей ядролық полигонының зардабынан туындаған ауруларды анықтадық. Бес ұрпақтың қандай дертке душар болғандары жайлы мәліметтерді жинақтап базаға тіркедік. Құрастырылған базаны Семей қаласының радиациялық орталығына өткіздік. Біздің қызметкерлер арнайы сауалнама жүргізді. Ал, ол мекеменің мамандары келіп аудан тұрғындарын тексеруден өткізді,-дейді Ғалия Мұқашқызы. Бұл базаның басты пайдасы Бесқарағай ауданының әр тұрғыны өзінің ата-бабаларының бес буынының Семей ядролық полигонының салдарынан қашан және қаншалықты мөлшерде радиация алғанын біле алады.
Бесқарағай ауданында атқарылып жат-қан және жүзеге асқан шаруалар легі мұнымен шектелмейді. 95 жылдық мерейтойымызға орай ұйымдастырған арнайы сапар кезінде біз мемлекеттік бағдарламалар аясындағы жобалардың іске асырылу барысымен, сондай-ақ, Ү-Владимировка орта мектебіндегі “Қазақстан жолы” кабинетінің жұмысымен танысып, Қазақстан Республикасы мәслихаттарының 20 жылдығына орай аудандық мәслихат хатшысы Қайырбек Садықовпен сұхбаттастық. Осы тақырыптарға арналған мақалаларды газетіміздің алдағы сандарынан оқи аласыздар.
Аудан активімен өткен жайдары жүздесу
«Семей таңы» газетінің Бесқарағай ауданындағы күндерінің екінші күні түс ауа әкімдіктің мәжіліс залында аудан активімен кездесуімен жалғасты. «Семей таңы» және «Вести Семей» газеттерінің оқырмандарының қатары көп аудандардың бірегейі — Бесқарағай. Сондықтан болар, қос газеттің ұжымымен кездесуге келгендердің қарасы да қалың болды.
Аудан әкімі Нұрлан Батташұлы ғасырға жуық тарихы бар, қазақстандағы алғашқы қазақ басылымдарының бірі саналатын «Семей таңы»газеті жайлы өзінің орамды ойын жеткізіп, залда отырғандарының көбінің балалық және жастық шақтарының осы «Семей таңы» газетімен тығыз байланыста екендігін атап өтті. Нұрлан Батташұлы Алаш арыстарының ізі қалған газеттің әр санынан тұщынып оқитын танымдық, ақпараттық мақалалармен қауышатындығына, тіпті, әр ауданның жетістігі, өтіп жатқан мәдени іс – шаралар тізбегін көріп, өзге аудандардың тыныс – тіршілігімен де «Семей таңы» газеті ар-қылы танысып отыратындығына да тоқталды. Нұрлан Батташұлы Семей облысының көзіндей болып қалған тарихы тереңде жатқан «Семей таңы» газетінің таралу аймағын қаламен ғана шектеп, аудандық газеттердің деңгейіне түсірмей, өрісін кеңейтіп отырған басылым ұжымына өз елінің патриоты ретінде алғысын айтуды да ұмытпады. Айтпақшы, Нұрлан Батташұлының басылымға байланысты айтар естелігі де бар екен. Біраз жылдар бұрын Семейден 18 ғасырда салынған ескі үй сатып алып, құрылысшылар бұзып жүргенде «Револьвер» маркалы пистолет тауып алады. Тіпті, жыл сайын рұқсат етіліп ұзартылған қағазы, «Револьвер» иесінің суреті де бар екен. Рұқсат қағазының 1937-ші жылмен тоқтаған. Сол кезде аса мән бермеген Нұрлан Батташұлы «Револьверді» аңға шыққанда өзімен бірге алып та жүрген. Уақытқа тоқтам бар ма. «Семей таңы» газетінің 80 жылдығы қарсаңында газет беттерін ақтарып отырып, Нұрлан Батташұлының көзіне таныс сурет оттай басылады. Газет бетіндегі сурет өзі тауып алған «Револьвердің» иесінің суретімен сәйкес келеді. Бұл сурет «Семей таңы» газетінің алғашқы редакторлардың бірі – Мәннән Тұрғанбаевтың суреті еді. Ал, «Револьвер» Мәннән Тұрғанбаевқа тиесілі болып шықты. Ол кезде қазақ тілінің жанашыры, әкесі марқұм Бәтташ Сыдықұлының көзі тірі кезі. Нұрлан Батташұлы сол кезде «револьверді» газеттің 80 жылдығында тарту болсын деп әке қолына береді. Айтқандай газеттің 80 жылдығы да кең көлемде аталып өтіп, сол кездесуде Батташ ақсақал Абай театрында дүйім жұрттың алдында «револьверді» редакция ұжымына тарту еткен тарихи сәттің өткеніне де міне, 15 жылдың жүзі болды.
Бесқарағай ауданындағы Бөдене ауылы «Семей таңы» газетінің бас редакторы Риза Асанқызының туған топырағы. Бел баласын бұл жолы да барлығы ыстық ықыласпен, жылы лебізбен қарсы алды. Әлбетте, Алаш арыстарының ізі қалған басылымға басшылық жасап, халықтың қалаулысы атанып отырғаны да туған топырақтың киесі мен өскен ортаның тәрбиесі. Сондықтан болар, Риза Асанқызы тілегін жеткізуге шыққанда жиылған жұрттың қошеметі айрықша болды. Кім болса да туған жерінде елдің алдына шыққанда толқыныстың болары хақ. Оның үстіне Бесқарағай ауданының жұртшылығымен Бас редактор болған 18 жылға жуық уақыт ішіндегі бірінші кездесуі екен.
-Өткен жылдан бері Бесқарағай ауданына Нұрлан Батташұлының басшылыққа келуімен біздің газетке деген халықтың дұрыс көзқарасы қалыптасып келе жатқандығына редакция ұжымы қуанышты. Нұрлан Батташұлының «Семей таңына» оң көзқараста болуының да өзіндік себебі бар. Өйткені, қазақ тілінің жанашыры болған, қазақ тілі десе қайсар мінезін көрсете білетін Батташ Сыдықұлы сынды текті адамның ұрпағы қашан да ұлттық мүддені жоғары қояды. Ал, біздің басылым қашан да ұлттық мүдде жолында. Елбасы саясатының өңірлерде жүзеге асуын үнемі халыққа жеткізуші, — деп атап өтті өз сөзінде Риза Асанқызы. – 1997 жылы Семей облысы мен ШҚО біріктіргенде газет жабылудың аз – ақ алдында қалды. Міне, сол уақыттан бері 18 жыл да өте шықты. Алаш арыстарының киесі, халықтың қолдауымен осы күнге жетіп отырмыз деп ойлаймыз. Биыл бұйырса 95 жылдықты атап өтудің алдында оқырманымыз көп аудандарда дәл осындай кездесулер өтуде. Осыған дейін Зайсан, Тарбағатай аудандарының халқы жылы қабылдап, ойларын ортаға салды, пікірлерін білдірді, қолдады. «Семей таңы» мемлекет саясатын насихаттайтын 20 мың данамен облысқа тарайтын саяси басылым. Сіздердің де орамды ойларыңыз, ұстанымдарыңыз біз үшін әрқашан маңызды.
Кездесуде тілектер көп айтылды, жиналғандар берік ұстанымдарын жеткізді. Пайымды пікірлер, парасатты ойдың ортасы да осы жер болды деуге негіз бар.
— Мен өз басым «Вести Семей» газетін үнемі оқып, Шығыс Қазақстанның, оның ішінде өзіміздің Бесқарағай ауданының жағымды жаңалықтарын қалт жібермеймін. Ауданның әлеуметтік – экономикалық дамуы, халыққа білім беру, әдебиет пен мәдениет, денсаулық сияқты жетекші салалар жұмыстары газет бетінен жиі орын алады. Қайнаған қоғамның бел ортасында жүріп зейнеткерлікке шықтым. Ал, қазір жаңалықтардың барлығын газет беттерінен оқып отырамын. Бұл тұрғыда сіздердің газеттеріңіздің мен үшін орны бөлек, — деген Ираида Безрукова өз ойын ортаға салды. Ираида Григорьевна бүгінгі күннің еңбек адамдары жайында аз жазылатындығын айтып, ауылдың тұрмысы тұрғысында да мақалалар көптеп жарыққа шықса деген ниетін білдірді.
Ал, Бесқарағай ауданының Кривинка ауылының тұрғыны Күлсабира Құсжанова өзі «Семей таңы» газетімен сонау 1968 жылдан бері сырлас екендігін еске алды. Сол жылдардан бері газеттен бір сәтке де қол үзбеген. Қырық жылдан астам ұстаз болған Күлсабира апайдың қаламы да үнемі қолында. Келер буынның өз ауданы, өз ауылының тарихын біліп өссін деген ниетпен көнекөздерден естігенін, көргенін ақ қағазға түсіріп келе жатқан жайы бар.
-Риза Асанқызы, мен тұратын Кривинка ауылының тарихы өте бай. 27 ұлттың өкілдері бір атаның баласындай өмір сүрген бірлігі бекем, түтіні түзу ұшқан ауыл. Бұл да кішкентай ауылдың өзіне тән тарихы. Осы ауылдың бүгінгі өмірін, тынысын «Семей таңы» газетінің бетінен көргім келеді,-деген Күлсабира апай игі тілегі мен лебізін білдірді.
Аудан ақсақалдары үшін әрине, аудандағы жаңалықтар, өзгерістер, тың бастамалар қашан да маңызды. Осы аталғандарды әлбетте, «Семей таңы» газетінен оқуға мүмкіндік бар. Бұл аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Марат Шегебаевтың пікірі.
— Шыны керек, қазір баспасөздің қатары көп. Әркім талғамына қарай таңдап оқып жатады. Еліміз бойынша екі жарым мың басылым бар екен. Мақтау айтып, мадағын асырып тұрғаным жоқ. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген. Мен өзім «Семей таңын» жаныма жақын тұтамын. Әсіресе, Бесқарағай ауданы жайында жазылған мақалалардың мен үшін орны бөлек. Салиқалы, салмақты басылым. Ұлттық мүдде, әдебиет пен мәдениет топтасқан, тарихи тағылымы мол мақалалар да жиі жарық көреді. Ақпарат айдынында өзіндік үні бар басылымды 95 жылдығымын шын жүректен құттықтаймын,-деп тілек білдірді Марат Шегебаев.
Канонерка ауылдық округінің әкімі Наталья Беленкова, бесқарағайлық жалынды жастар атынан Зарина Сон, аудандық қоғамдық кеңестің төрайымы Күлпәш Мұхаметқалиева, “Семей таңының” 95 жылдығына арналған жүрекжарды лебіздерін білдірді.
— Біз осы Семей таңы газетін оқып өстік. Газеттегі жоғары кәсіби журналистік шеберлік, тілшілікке тән жылдамдық, ұшқыр ой, тартымды мақалаларына қанықпыз. Біздің Бесқарағай ауданы мен газет арасындағы сыйластық көп жылдық достық қарым – қатынас пен әріптестіктің негізінде жүзеге асуда. ШҚО жұртшылығы «Семей таңы» газеті арқылы біздің Бесқарағай ауданындағы берекелі істерді біле алады. Аудандағы ауқымды жұмыстарға қаныға алады. Осындай алғашқы қазақ басылымдарының біріне басшылық жасап отырған жерлесіміз Риза Асанқызын әрқашан мақтан тұтамыз, — деген Күлпәш Смағұлқызы редакция ұжымының алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі.
Кездесуде аудан әкімінің орынбасары Ерболат Рахметуллин «Семей таңының» 1997 жылғы «қыл көпірде» тұрған шағында жүрексінбей, батыл қадаммен газеттің басшылығын қолына алған Риза Асанқызының газетті осы күнге жеткізіп отырғаны үлкен абырой екендігін тағы бір мәрте атап өтті. Өз кезегінде “Семей таңы” газетінің ұжымы да сый жасады. Белсенді оқырмандарына 2014 жылдың екінші жарты жылдығымен 2015 жылы газетті тегін алуға мүмкіндік беретін сертификаттар табысталды. Газеттің ауданда таралуына үлес қосқан азаматтарға Алғыс хатпен, жеті жас отбасыға тұрмысқа қажетті заттар сыйға берілді. Қаламы ұшқыр бес жас-қа меншікті тілші куәлігі тарту етілді.
Достықтың дархан ұясындай
Достықтың дархан ұясы. Осы сөз тіркесін тілге тиек етуіміз тегін емес. Себебі, аудан әкімі Нұрлан Сыдықов атап өткендей, Бесқарағай ауданының екі «бренді» бар. Бірі — аудандық Достық үйі болса, екіншісі — музыкалық мектебі. Біріншісі 27 ұлттың өкілдерінің ортақ шаңырағы, ал, екіншісі өнердің ордасы. Талай шәкірт қанатын қатайтқан,өнер өлкесіне бет түзеген орда.
Аудан әкімінің орынбасары Ерболат Еренұлының өзі редакция ұжымын аудандық Достық үйіне бастап апарды. Аудандағы этно-мәдени бірлестіктердің ортақ шаңырағына айналған Достық үйін шынымен де ауданның «бренді» деуге негіз бар.
Қазіргі таңда Достық үйінде «Асыл әжелер» қазақ фольклорлық тобы, «Башкүл» аудандық татар мәдени орталығы, славян және неміс этномәдени бірлестіктері істерімен мақтана алады. Әзірбайжан мен корей этностарының өкілдерінің де сандарының аздығына қарамастан халық бірлігін нығайтуға өзіндік үлесін қосып келе жатқан жайы бар.
Бір шаңыраққа топтасқан этномәдени бірестіктердің ортақ ойы да, мақсат-мүддесі де бір. Ол — қазақ еліндегі бейбітшілік пен келісімді, барша ұлттар арасындағы өзара түсіністік пен ынтымақты сақтай отырып әлемдегі озық отыздық қатарына кіруге бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығару.
Міне, жоғарыда аталған құндылықтарға апарар жолда бесқарағайлық этномәдени бірлестіктер аянып қалып жатқан жоқ. Түрлі іс – шаралар өткізуде. Әр мерекені ауданда айрықша атап өту дәстүрге айналған.
Достық үйі тек бас қосып, бағдар жасайтын ғимарат қана емес, тұнып тұрған көрме деуге келеді. Бір бөлмесін толыққанды орыстың ағаш үйіндей етіп жабдықтаған екен. Мұнда орыс халқының күнделікті тұрмыста қолданатын заттары орын алған. Жиналған жәдігерлердің барлығын да алыстан емес, осында тұратын бесқарағайлықтардың көненің көзіндей сақтап жүрген жәдігерлер екен.
Ал, қазақтың қара шаңырағы тіптен ерекше екендігі бөлмеге аяқ басқаннан анық ағарылады. Түс киіз, жүк аяқтан бастап қазақ халықының тұрмысында қолданылған дүниелердің барлығы да көздің жауын алатындай әдемі.
Міне, Бесқарағайды бекерге «Берекелі Бесқарағай» атамағанын бір ғана Достық үйіне кіріп, танысып шыққан жан бірден ұғынар.
«Қарты бар ауыл — қазыналы ауыл» дейді қазақ. Осынау ардақты қарияларымыздың батырлығынан, ерлігінен, жүректілігінен жас ұрпақ ғибрат алып үлгі тұтарлықтай, отансүйгіштікке, аға буынды құрметтеуге дәріптейтін маңызды іс-шаралар Бесқарағай ауданында жиі өткізілуде. Солардың бірі ретінде аудан әкімі Нұрлан Сыдықовтың қолдауымен, аудандық ардагерлер кеңесінің бастамасымен мамырдың 28-ші жұлдызы Мәдениет үйінде өткен аудандық «Қайран ерлер, қаһарман ардагерлер» фестивалін айрықша атап өтуге болады.
Ардақты қарияларымыздың арасынан дарынды әнші, сазгер, он саусағынан өнер тамған шебер, суретші не болмаса қолөнерімен тәнті қылар жандарды анықтау, әрі қолдауды көздеген бұл байқау ауданға қарасты барлық ауылдық округтерді қамтып, іріктеу кезеңінде алдыңғы қатарлардан танылған қарттардың аталмыш байқауға қатысуларына жол ашты. Байқау басталмас бұрын көрермен қауым үздік деп танылған қарттарымыздың әзірлеген көрмесін тамашалай алды. Көрмеде әсіресе Қарағайлы ауылынан келген зейнеткер В.Процюк, Н.Исина, Ә.Хасанова, Бесқарағай ауылынан Г.Д.Баюн, С.З.Бектасова, Ерназардан К.М.Штеп, Бөдене ауылынан Ш.Тоқтаубектің қолымен даярлаған туындыларына көпшіліктің назары ауды.
Байқау шымылдығы аудан әкімі Нұрлан Батташұлы Сыдықов пен «Семей таңы-Вести Семей» газеттерінің директоры — Бас редакторы Риза Асанқызы Молдашеваның құттықтау сөздерімен ашылды. Әр ауылдан келген ардагерлер 8 номинация бойынша сынға түсіп, әрбір ауылдық округ өз өнерлерін жоғары дәрежеде көрсете білді. Атап айтқанда, «Сарман бойлары» Башкуль ауылының вокалдық тобы, «Мостикшанские зори» вокалдық тобы, Кіші Владимировкадан келген «Деревенька моя» вокалдық тобы, Бесқарағай ауылының «Асыл әжелер» вокалдық тобы, Канонерка ауылынан «Воскресенье» вокалдық тобы көрермен көзайымына айналса, жеке орындаушы Дүйсенбаев Қайырғазы, Галина Баюн, Николай Чухлебов туа біткен таланттарымен жерлестерін тамсандырды. Өз жанынан шыққан өлең жолдарын, әсерлі әндерін, көңілді билерін ала келген өзге де ардагерлеріміз осы күні қатардан қалмай аудан жастарын жақсылыққа үндей білді.
Қазылар алқасының әділ шешімімен байқау соңында жүлделі 1-ші орынды Бесқарағай ауылдық округі, 2-ші орынды Баскөл ауылдық округі, 3-ші орынды Қарабас ауылдық округі иеленді. Байқауда бақ сынаған барлық қатысушылар мен жеңімпаздар аудан әкімінің мақтау қағаздарымен, Алғыс хаттарымен және бағалы сыйлықтарымен марапатталды. Сондай-ақ, аға буынды ардақ тұтқан «Нұр Отан» партиясының аудандық филиалы атынан Н.Идрисова, жастар орталығының атынан М.Табылдин ардагерлерге қосымша сыйлықтарын үлестірді.
РЕДАКЦИЯДАН: «Семей таңы» газетінің Бесқарағай ауданындағы күндерін өткізуге қолдау көрсеткендері үшін аудан әкімі Нұрлан Батташұлы Сыдықовқа, аудан әкімінің орынбасары Ерболат Еренұлы Рахметуллинге, аудандық ішкі саясат бөлімінің қызметкерлеріне алғыс айтамыз.
Мирас ҚҰСАЙЫН,
Ерзат ЖАНАТҰЛЫ, Әсел ҚАСЫМҒОЖИНА, «Семей таңы»