Әзілхан Нұршайықовтың туғанына 100 жыл
Әзілхан Нұршайықовты біз сегіз қырлы, бір сырлы қаламгер ретінде танимыз. Бірде ол жаныңды жадыратар, көзіңнен парлатып жас аққызар лирик, бірде тарихты тереңнен толғататын эпик, бірде шынды жайып салар көсемсөзші, бірде көнекөзді көз алдыңа әкелер жанды суреткер, бірде өзіңмен сырлас дос секілді. Осыдан келіп қаламгердің көпқырлылығын көреміз. Оның да өзіндік өсу жолы бар.
Ә.Нұршайықов өз шығармашылығын публицистикамен бастап, градациялық кейіппен әдеби өрлеуден өтті. Ол публицистикадан бастап естелік, әдеби мақала, новелла, әңгіме, повесть, роман (диалог, эпистолярлық) секілді жанрлардың бәрінде қалам тербеді. Жазушы бақыты деген, бір жағынан, осы да шығар. Жоғарыда біз қаламгердің қазақ әдебиетіне роман-диалог жанрын әкелуші ретіндегі шығармашылық еңбектерін талдадық. Енді оның жаңа бір қырын қарастырайық. Жалпы, қазақ әдебиеттану ғылымында эпистолярлық жанр ежелден келе жатқан түр. Бірақ уақыт талабы жағынан өте кенже дамып келді. Өйткені бұл жанр арагідік көркем прозалардың ішінде өмір сүрді, өте-мөте тар көлемде жүзеге асты. Осы бағытты қайтадан жаңғыртып, қазақ әдебиеттану ғылымына жаңа түр мен сара жолды салған — Әзілхан Нұршайықов. Естелік, күнделік, эссе, хикая, публицистикалық шығармалар – қоғамдық өмірдегі күнделікті адам өмірін нақты тірлікпен, шындық қалыппен бейнелейтін туындылар. Өйткені, өмірде болған адамның болмыс-бітімі, шынайы келбеті, мінез-құлқы осындай эпистолярлық туындылардан айқын көрінеді. Көркем шығармадан гөрі, эпистолярлық жанрдың кеңістік ауқымының зор болатыны сондықтан. Көркем шығарма шындық оқиғаның сәулелі көрінісі болса, эпистолярлық туынды – қаламгердің жан-дүниесінен шығатын деректі туынды деуге болады.
Қаламгердің эпистолярлық жанрдағы еңбектері өте мол. Бұл жанрда жазылған Ә.Нұршайықов шығармаларында сол кезеңдегі тағдыр, заман ауқымы, халық тарихы, ұлт мәселесі, қазақтың біртуар азаматтары, оның айналасындағы үзеңгілестері, сол кездегі әр жанның психологиясы кең тұрғыдан сараланады. Тек сараланып қана қоймай, қаламгер оларға замандас тұрғысынан қарап, замандастарына кейіпкерін толыққанды танытуды мақсат етіп қояды. Мәселен, Ә.Нұршайықовтың М.Әуезов жайында жазған естелігінде мынадай үзінді бар: «Естелікті ескіргеннен кейін жазу керек деген теріс сөз. Ескіргеннен кейін деген – ескермеу деген. Оның арты мүлде ұмыту, жоққа шығару болады. Керек іс кейінге қалдырылмайды. Естелік – орыс әдбиетінің ең бір құнды және жұрт құныға, құмарлана оқитын саласы. Естеліктер арқылы елдің ардагер ұлдары өз халқымен қоса өмір сүреді. Алаңдарға ардақты адамдардың тастан қашалған мүсіндері қойылады. Естелік те сол сияқты. Бірақ бұл сөзбен соғылған әдеби мүсін, жанды бейне. Жанды болатыны – оқырман ол мүсінді түрегеп тұрған тас бейне күйінде емес, бір топ адам бірігіп жасайды. Әрқайсысы сол ескерткіш-адамның тірі күндегі өздері көрген, өз ойларындағы бейне, мүсінін қағазға түсіреді» (Нұршайықов Ә. Таңдамалы шығармаларының он томдығы. Т.3. – 400 б.)
Шындығында, эпистолярлық жанр батыс, әсіресе орыс әдебиетінде қарқынды дамыды. Естелік те – сөзбен сомдалған ескерткіш. Мүсіншілер тастан қашап ескерткіш қояды. Ал қаламгер сырлы сөздің құдіретімен өмірдегі ұлы тұлғаны қайта кейіптендіреді, оның көркем бейнесін сомдайды. Ал ақ қағазға жазылған жазба мәңгілікке ел жадында сақталары белгілі. Автор «Екі естелік» атты естеліктер жинағында қазақтың біртуар жазушылары М.Әуезов пен С.Мұқанов бейнелерін сомдап, олардың халыққа белгісіз жаңа қасиеттері мен адами болмыс-бітімдерін суреттейді. Тек қасиеттерін баяндап қана қоймай, нақты, дәлелді оқиғалы сюжеттермен астастыра баяндай отырып, көз алдыңа жанды сурет, қаламгерлердің портретін жасаған.
Жазушының «Екі естелік» деген атпен шыққан еңбегі өз заманында үлкен ілтипатқа ие болды. Бұл еңбекте танымал қаламгерлер – Мұхтар Әуезов және Сәбит Мұқанов жөнінде әңгіме толғайды. Жас болса да бас болып, ұлы тұлғалармен болған жүздесуден алған әсерін баяндай жырлаған еңбегінде ол тек өз атынан сөйлемейтін сияқты, оның астарынан қазақ халқының типтік көрінісін көреміз. Заман, уақыт тынысын да сеземіз.
1958 жылы 24 маусымда Павлодар қаласына Мұхтар Әуезовті қонақ ретінде шақырады. Ол кезде Ә.Нұршайықов Павлодарда қызмет істейтін. Кеңес Одағының кезінде Павлодар ең өндірісті қалалардың бірі болғаны белгілі. Сол себепті қаланың басым көпшілігін құрылысшылар құрады. Осы мақсаттарда, олардың рухани-мәдени рухын, әлеуеттілігін көтеру мақсатында қоғам қайраткерлерін қонаққа шақырып тұрды. М.Әуезовтің ол уақытта «Абай жолы» роман-эпопеясының аясында атағының дүрілдеп тұрған кезі. Оны білмейтін адам жоқ еді. Ә.Нұршайықов та М.Әуезовтің ұлы жазушылығын, жай ғана жазушы не қоғам қайраткері емес, елінің елеулісі екендігін, халқының біртуар ұлы екендігін дәлелдегісі келген. Мұны естеліктегі: «Алғы лекте көсіле зымырап қара «ЗИМ» кетіп барады. Оның соңында түйдектеле тайпалған бірнеше «Волга» көрінеді. Төңкерілген астауға ұқсап, екі-үш «Победа» және жүйткиді. Солардың соңын ала, аңшының алдынан қашқан орқояндай безектеп, «Газ-69-дар» тоңқаңдайды. «Қалдым-ау», «қалдым-ау» дегендей ышқынып, бар күшін сала «Москвичтер» мықшыңдайды. Беліне екі-үш кісіден мінгестіріп, артына көк түтіннен шеңбер шашқан мотоциклдер де тырқ-тырқ ете дедек қағысады. Велосипедке мінген он-он бес ересек бала қаздай тізіліп, қалың шаңның ішінде келеді. Олардан арқан бойы алыста қалған, аяғы велосипед педаліне еркін жетіңкіремейтін кішірек бала, құйрығы бұлтыңдап ершіктің ол жағына бір, бұл жағына бір аунап, жаны қалмай ілгері ұмтылады. Ол да аэропортқа халықпен қатар жетуге асығады. Ең соңында, Керекудің ескі «таксиі» аталған жеңіл жайдақ арбалар өз алдына бір тізбек құраған. Арбаларға аяқтарын салбыратып ақ жаулықты аналар мен ақ сақалды қарттар жайғасқан. Әр әженің тізесінде немерелері және шоқаяды. Қарттардың кейбіреулері алақандарымен көздерін көлегейлеп, бастарын шалқайта аэропорт жаққа қарап қояды» (Нұршайықов Ә. Таңдамалы шығармаларының он томдығы. Т.3. – 400 б.), — деген үзіндідегі аэропортқа жазушыны күтуге қаланың еңбектеген баласынан еңкейген кәрісіне дейінгі адамдардың бәрі асыққанын шебер суреттейді. Түрлі эпитет, метафоралар арқылы көркем сөздің құдіретімен қаланың әр әлеуметтік тобының жазушыны көруге қалай асыққанын нақты детальдар арқылы береді. Қаламгер бұл эпизод арқылы бар қала тұрғынының жазушыны қадірлейтінін, халықтың оны аса ұлы мәртебемен сыйлайтынын баса көрсетіп, дәлелдегісі келді. Осылайша қаламгер М.Әуезовтің азаматтық тұлғасы жайлы ой қозғайды.
Парк ішіндегі «Жазғы театр» аталатын үлкен үйде М.Әуезовтің құрметіне жиын болады. Бұл жиынға да халық толассыз келеді. Жиын кезіндегі жазушының өзіндік әдебі, халыққа деген сыйластығы нанымды суреттеледі. Ә.Нұршайықов адамы лық толы залдағы жұртшылықтың шапалағының ілтипатты екендігін «жұқа тақтайдан жасалған жазғы кинотеатрдың қабырғасы қақырап жарылып кете жаздағандай» деп, көркем тілмен әсерлендіре түседі. Жазушы сахна төріне шығысымен барлық халық орнынан тұрып қошаметтеп, қолпаштап, орындарына отырады. Бірақ жалғыз әйел ғана отырмайды, жұрт көзі сол әйелге түсіп, бәрі ду күліседі. Бұл эпизодты қаламгер былайша өрбітеді: «Жазушы алдыңғы қатарда жалғыз өзі шошайып түрегеп тұрған қазақ әйелін көрді. Қою шашын маңдайынан қақ жара бөлген қос бұрымды, отыздың ішіндегі ақ жүзді ажарлы әйел. Жаңа ғана қол соққан жұрттың ырғағымен, салалы саусақтарын сол қолының әр жеріндегі от күйдіріп, темір қарыған тұстары қарақотырланып, кей жері тыртық боп қалған жұмыскер алақанын қайта-қайта соғып тұр екен. Айналадағы жұрттың тегіс орындарына отырғанын сезбей, екі көзін жазушыға қадап, әлі құрмет көрсетуде» (Сонда. 236-б).
Осы жолдардан да қарапайым қазақ әйелін суреттеу арқылы Ә.Нұршайықов сол кездегі заман әйелінің типтік бейнесін шығарды. Яғни, әйел затының, соның ішінде қазақ әйелдерінің жазушыға білдірген шексіз алғысын бейнелейді. Осы ретте көз алдымызға «Әуезов әйелдері» «термині» еске түседі. Сөйтіп, қаламгер қазақ әйелі бойындағы жалғыз әдеби деталь арқылы қалың оқырманға Әуезов қаламынан туған асыл әйелдердің кең панорамада ашылған келбетін суреттеген. Өмір келбетін, замандастар бейнесін шынайы жеткізеді. Уақыт бедерін де тиісінше ашады.
М.Әуезов тек өз ісінің білгірі, халық қалаулысы, ілтипатты, мейірімді жан емес, бірде сыншыл, бірде патриот екенін байқаймыз. Ә.Нұршайықов бұл жерде ащы мысқылды тұздық есебінде естелікте келтірсе керек. Яғни, М.Әуезов және оны күтіп алушы қалалықтар атақты Баянауылға барады. Әуезовтің Баянауылға әдейі келе жатқан реті де бар. Мұнда өзінің Ә.Марғұлан мен Қ.Сәтпаев сынды айнымас достары дүниеге келген. Ауылдың бір тұрғынының үйінде алқа-қотан отырғанда Баянауыл аудандық атқару комитетінің председателі Сақтаған Шурин деген есікті аша сала «Ассаламағалейкум, Мұха, апаздал қалдым» деп айтып қоймайды. Соған ызаланған М.Әуезов: « — Олай болса, ана тілі де халық тілі емес пе? Ел басшылары жалғыз малдың ғана сапасын жақсарту үшін емес, ана тілін де таза ұстап, дұрыс сөйлеуге тырысуы керек қой. «Апаздал қалдым» дегенше, «кешігіп қалдым» демейсіз бе? Басшы бәріне де үлгі. Сіз қалай сөйлесеңіз, сіздің аузыңызға қарайтын жұрт та солай сөйлейді, таза тілді бұзу осыдан басталады. Егер ағып тұрсаңыз, бірыңғай орысша сөйлеңіз» (Сонда. 265-б), — дейді. Ежелдегі «ердің құнын екі ауыз сөзбен шешкен» билерше қызыл сөздің қанжарымен Шуриннің не орысша емес, не қазақша емес, шұбарланған тілін сынайды. Бұдан жазушының өрмінезділігін, өрлігін, тілді қадірлейтін мәдениеттілігін көруге болады.
Баянауыл сапарында оны Кәрібай Уайысов атты ақсақалдың үйіне апарады. Сексеннің сеңгірінен асқан ақсақал да елдің ардақты ұлының абыройының асқақ екенін ұлағатты насихатымен жалғастырады: « — Біліп тұрмын, танып тұрмын. Алатауды көрмеген көп, бірақ оны байтақ халық біледі. Жақсының өзі үйде отырса да, атағы алысты шарлап жүреді. Жақсының жүзі бір көргеннен-ақ өзінің кім екенін айтып тұрады, жаманды жүз көрсең де тану қиын. Мұхаң өзі алыс Алматыда отырғанымен, әр қалада, әр ауылда, әр отбасында, әрқайсысымыздың көкірегімізде ғой» (Сонда. 265-б). Ақсақалдың жүрегінен шыққан маржан сөздері әркімнің өз Әуезовінің бар екенін еске салады. Осылайша Кәрібай ақсақалмен сұхбаттасқан жазушы сөздерін Ә.Нұршайықов сәтті бейнелеп берген. Яғни, жастың да, әйелдің де, ердің де, кәрінің де көңілінен шыққан М.Әуезовтің ғұламалық келбетін ашып беріп отырады. Кәрібай ақсақалдың Мұхтар Әуезовпен сұхбатын беруде қаламгер жазушы және оның заманы деген тақырыпқа тоқталады. «Ендігі Абай өзіңізсіз ғой, Мұха» дегенге:
— Пәлі, о не дегеніңіз, Кәреке, — деп Мұхаң күле отырып басын шайқады. — Абайдың көрген күні күн бе еді? Әйтпесе, Абай халықтың біртуары ғой! Тартпаған азап, «ішпеген уы» жоқ. Ойшыл, уайымшыл Абайға қарағанда біз ерке бала ғана сияқтымыз. Заманның еркесіміз. Бізді халық пен партия, үкіметіміз алақанына салып әлпештеп отыр. Жақсы еңбегімізді жалықпай бағалайды. Сыйлықтар береді, лауреат, депутат, делегат етеді. Біз заманға қарыздармыз. Ол қарыздарды озық еңбекпен өтеуіміз керек. Ал Абай осы құрметтің мыңнан бірін де көрген жоқ қой» (Сонда. 269-б), — деген үзінді арқылы Әуезов Абай заманы мен өз замынының арасындағы жер мен көктей айырмашылықты, Абайдың басындағы қалың мұңды, оның «қырық жамау болған жүрегін», «ішпеген уы жоқ» ел ағасының назы мен өкпесін саралай айтып береді. Бұдан да қоғам көріністері, заман, уақыт шындықтары танылады.
М.Әуезов – нар тұлғасымен де, дара келбетімен де, ұлағатты абыройымен де асқақ тұлға. Баянауыл жеріндегі Сұлтанмахмұт зиратына тәжім етуге барғандағы ұлы жазушының кескін-келбеті тіптен өзгеріп, ұлық алдында кішік болып, бір шөкім болып қалады. Ә.Нұршайықов та ұлы жазушының өткенге салауат айтып, өзінен бұрын өткен ақынға бас иіп, оның байыбын былайша түсіндіреді: «Мұхаң шляпасын шешіп, басын төмен иіп, Сұлтанмахмұт зиратының алдында ұзақ тұрып қалды. Қатты толғанып тебіреніске түскендей болды. Екі-үш күннен бері қасында жүріп, оның жүзіне бауыр басып қалғандай едік. Өзімізге асқар таудай көрінген, жаңа ғана Хами шопан балуан тұлғалы, батыр пішінді екенсің деп сипаттаған Мұхаң зират қасында жаңа бір қырынан танылғандай болды. Көздерінің алдын мұң торлап, өркештей көрінетін екі иығы салбырап, нар шөккендей аласарып көрінді» (Сонда. 276-б.). Бұл үзіндіден алып Әуезовтің мұңды жүзі әр оқырманға ой салары сөзсіз. Осы жерден-ақ Ә.Нұршайықовтың кейіпкерді таныту тенденциясы өте биік тұғырда дамығандығын көреміз. Оның аңдатуы да осы жерден бастау алады. Жазушы оқырманның жүрегіне сұрақ ұялатады, жазушы жанының тереңдігін түсінуге одан сайын талпындырады. Қаламгер авторлық идея өзегі шығарманы, сол арқылы оқырманды да кейіпкер бейнесі маңайына топтастыра бейнелеген. Сөйтіп, естелік мазмұны Әуезовтің сырына тереңдегісі келетін оқырманын өзіне тартып, оның мәнісін кеңінен түсіндіреді. Ұлы жазушы Баянауыл жерінің қасиеттілігі мен құдіреттілігі турасында айта келе, алдыңғы үзіндіде жылт еткен ой-ұшқынын қайта тұтатады. Ұлылар дүниеге келген Баянауыл жерінде қазақтың аяулы ақыны Сұлтанмахмұт Торайғыровтың басына өндірісті мекенде отырып, бір ескерткіш тұрғызбай, не Торайғыр көлінің басындағы совхозды («Александровский») ақынның атына бермей отырған озбырлықты көріп, қатты налиды. «Сіздер дүбірлетіп алақан соғып жатырсыздар ғой. Оларыңызға рақмет. Ал енді мен сіздерге алақан соқпайтын бір әңгіме айтайын, — деп өзіне жұрт қол соққан кездегі әдетімен мұрнының ұшынан ұстап, Баянауыл жерінің ұлы перзенті Сұлтанмахмұттың зиратына тәуап еттік. Оның басына орнатылған ескерткішті көрдік. Ескерткіші қандай екен дейсіздер ғой? Қандай екенін айтуға аузым бармайды, ұят. Пляж бастарында көлеңке үшін қалқитып қоятын тақтай күркелер болушы еді. Соған ұқсайды. Одан да нашар. Сұлтанмахмұттай ұлы адам, ақын азаматтың аруағынан ұялғандықтан, мен жерден басымды көтере алмадым. Ұялатыным – қай елге барсаң да, сол жердің топырағынан жаратылған асыл ұлдарына әсем ескерткіштер қойылған. Латвиядағы Райнис ескерткіші қандай ғаламат! Армениядағы Акопян ескерткіші неге тұрады? Грузияның ақын-жазушыларына орнатылған көз сүйсініп, көңіл қуанар қаншама ескерткіштер бар. Сұлтанмахмұт солардың қайсысынан кем? … Қойнынан күміс шашып, алтын лақтырып жатқан осы Баянауыл жерінен сол ақынға, осы елдің өз перзентіне ескерткіш орнатарлық ештеңе табылмап па? … Және Торайғыр көлінің басындағы совхозды «Александровский» совхозы деп атайды екенсіздер. Неге ол шаруашылықты Торайғыров совхозы деп айтпасқа» (Сонда. 281-б), — деп келетін шығарма жолдарында Ә.Нұршайықов жазушының атаның ұлы емес, адамның ұлы, қалыптың ұлы емес, халықтың ұлы екенін танытып, М.Әуезовтің азаматтық бейнесін жасап шығарды. Ол тек үлкен мәселенің басын ашып беріп қана қоймайды, бірінші жағынан, басқа ұлт, басқа елдердегі ақындар мәртебесінің биік екенін ашындыра айтса, екінші жағынан, қойнынан қола, көкірегінен күміс, миығынан мыс, төскейінен темір, алқабынан алтын шығып жатқан атыраптан бір тас мүсіннің қойылмағанын назалана жеткізеді.
Қаламгер өз замандасы М.Әуезовтің барлық қасиет-қалыбын, болмыс-бітімін айнытпай суреттеген. Оның пионерлермен, қазақ әйелімен, кәрі-қартаңмен, жұмысшылармен қарапайым тең дәрежеде әңгімелесіп, жылы шырай білдірісуі жазушының адами болмысының өрелігін көрсетеді. Өмірде ертеректе болған тарихи тұлға, ес білмеген тұста өткен тарихи оқиға туралы деректердің көмегімен үлкен-үлкен романдар жазуға болады. Мәселен, Шыңғысхан, Томирис патша, Әмір Темір, тіпті беріректегі Абылай, Әбілқайыр хан турасында. Бірақ біздің ойымызша, қоспасы мол «жасанды» тарихтан, қаламгердің өзі көзімен көріп, тікелей тілдескен замандасы (ол мейлі өз дәуірінің атақты ұлы, перзенті болсын, ол мейлі қарапайым құрылысшы, жұмысшы болсын) турасында жазылған шынайы шындықтан туындаған шағын көлемді шығарма қымбатырақ болады.
Жоғарыда Ә.Нұршайықовтың М.Әуезов турасындағы естілігін талдасақ, енді екінші естеліктегі Сәбит Мұқанов бейнесін суреттеуіне ден қоямыз.
Ә.Нұршайықов естелікті бастамас бұрын алғысөзде былай дейді: «Біздің міндетіміз – тірі Сәбитпен тілдескен, сонымен жанасып жақын жүрген тұстарда алған әсерімізді, оның қолдау, көмегін көрген немесе жанға жігер берер жылы сөздерін естіген сәттерімізді, бір сөзбен айтқанда, Мұқановтың адамгершілік дарыны мен азаматтық бейнесінің өзіміз білетін тұстарын баяндап беру» (Сонда. 306-б). Қаламгер өз естелігінде С.Мұқановпен болған кездесудегі өз замандасының жарқын бейнесін ашуға тырысады.
Бірінші Белорус майданында соғысып жатқан Бірінші Брест атқыштар дивизиясының үш жауынгері Алматыдан майданға қайтқалы жатады. Яғни, сол бөлімнен елге делегат болып келеді. Осылайша үш жауынгердің елде жүргенін естіген Сәбит Мұқанов олар келді дегеннен іздеп табады. Олар жатқан үйге келіп, бір ұлы халықтың атынан келіп тұрғандай құшақ жая табысады. Үш жауынгердің бірі Ә.Нұршайықов С.Мұқановтың атын естімесе, әрқайсысымызды бауырына басып, құшақтай амандасты. Екі жолдасыма қарағанда, орта бойлы, шағын денелі мен Сәкеңнің мол құшағына енгенде, шынында да, бала сияқты боп қалдым. бәріңді де, тіріңді де, өліңді де қысқан құшағым, — деді ол ең соңынан мені босатып жатып.
Сәкеңнің қазіргі түр-әлпеті оның қасындағы біз тұрғай, майдангер өлі солдатты да емірене құшатындығын аңғартқандай еді. Жазушының үлкен жүрегінің тұлпар дүрсілі үшеуімізге де айқын естіліп тұрған сияқтанды» (Сонда. 308-б), — деген үзіндіден мейірім мен жылылықты көреміз. Әкелік, ағалық қамқорлығын аямай төгіп, ыстық құшағы арқылы қажыған әскерлерді баурап, елітіп, жандарын жадыратады. Әркімнің аты-жөнін, туған жері, ата-аналарын сұрап, олардың үй-іштеріне қандай көмек керек екендіктерін біліп, өз қамқорлығын жасауды міндеті деп санаған қарапайым жазушы майдангерлерді жақын замандастары ретінде үйіне қонаққа шақырады. Өз бауырларындай жылы тартып, майдан өмірінен, әсіресе батыр қыз Мәншүктің ерлігі турасында, олардың майдандағы жағдайы, ахуалы жөнінде әңгіме шерткізеді.
С.Мұқанов майданға өзі кетпегенмен, мынадай сөзін жібереді: «Брест атқыштар дивизиясының жауынгерлеріне, сендердің Отанға деген махаббаттарың Сұлушаш – Алтай – Қайсар арасындағы достық, жолдастық махаббаттай берік болып, жауды жайпап, жеңіспен елге келсін деп, автор» (Сонда. 318-б). Бұл қолтаңба жазушының «Сұлушаш» романына жазылып, майданға кетеді. Майдан төрінде жаумен айқасып, аш қасқырдай кезіп жүрген қас батырға бұл қолтаңба бойтұмардай көрініп, құдіретінің мықты болары сөзсіз.
Ә.Нұршайықовтың С.Мұқанов турасындағы естелігі 2 бөлімнен тұрады. Жоғарыда біз талдаған тұстар «Танысу» деген бөлімде баяндалған. Яғни, бұл бөлімде қаламгердің С.Мұқановпен Ұлы Отан соғысы кезінде елге делегат ретінде келген кезде танысып-біліскендігі туралы айтылса, «Танысқаннан кейін» деп аталатын екінші тарауда жазушы мен Ә.Нұршайықовтың соғыс жылдарынан кейінгі өмір көрінісі суреттеледі. Қаламгер С.Мұқановтың ешкімге ұқсамайтын қарапайымдылығын, бауырмалдығын мынадай әсерлі пікірімен білдіреді: «Бірақ Сәбит Мұқановтың адамды өзіне тартып тұратын өзгеше бір қасиеті бар еді. Оны бауырмалдық деуге де келеді. Мұқановтың бауырмалдығы адамның мамандық тұрғысына, қызмет дәрежесіне, үлкен-кішілігіне, ұлттық тегіне қарамайтын. Сәкеңнің сол бауырмалдылығының арқасында көп адам онымен дос, сыйлас, сырлас, сапарлас, табақтас болды. Оның түпсіз әңгімелерін тыңдап, жазушыны жақыннан бақылады. Панасын сағалап, пайдасын көргендер де баршылық» (Сонда. 322-б). Адамзат баласының дархан сыйлығы – асыл мінездердің барлығы қаламгердің қарымды қаламының арқасында Сәбит Мұқановтың жеке басына жиналғандай.
Сәбит Мұқанов қамқор, мейірімді, қолынан келер көмегін аямайтын азамат ретінде ғана емес, жанайын деп тұрғанға от берер, ұшайын деп тұрғанға қанат бітірер, жалынды жігері бар жасты шығармашылыққа жетелеп жүріп өмірдің көшіне ілестіріп жіберер аяулы рухани әке ретінде де көрініс тапты. Ә.Нұршайықов композициялық өлшем мен сюжеттік желіні қатар астастырып бейнелеуде үлкен жетістікке жете білді. Жанды портреттері, анау бір өмірдегі сол қалпындағы қанық бояуымен жеткізетін мінезді суреттері көркемдікпен қатар өріліп, эстетикалық талғаммен жымдасады.
Автор мен жазушы арасында сюжеттік желі одан сайын өрби түседі. Жазушы мен Ә.Нұршайықовтың таныстығы ұлы қаламгерді шығармашылық өреге жетеледі. С.Мұқанов жас ақынның өлеңдерін сұратып, шетінен оқып шығып, жинақ етіп бастыруды, газет, жинақ беттеріне жариялауды мақсат етіп қойды. Бұл жас ақынның ешқашан күтпеген құрметі еді. Өз сезімін автор: «Мен Жазушылар одағынан жатақханаға құстай ұшып, қуанып қайттым. Сәбит Мұқанов өзінің әкелік мейір, жылы лебізімен жаныма қанат бітіргендей болды» (Сонда. 328-б), — деген жолдар арқылы жеткізеді. Ә.Нұршайықов заманынан озық туған қазақтың біртуар ұлының шынайы бейнесін одан сайын көріктендіре аша түседі. Өйткені, көз көрген замандастың шынайы келбетін нақты аша білу – заманы бір, тек заманы ғана емес, әдеби жазу амалы бір адамдардың қолынан келер іс.
Қаламгер естеліктерінің стилі өте ерекше. Ол естелік құрылымында хат, телеграмма секілді эпистолярлық жанрдың барлық түрлері қатар жүреді. Қаламгер шеберлігінің бір қыры да – тақырыптың идеясын ашу барысында белгілі мәтін құрылымында құжатты өз орнында қолдана білуінде. Егер қаламгер шығармаға арқау болар, не шығарманың идеясын ашар хатты (не басқа да күнделік, телеграмма) төлеу сөзге айналдырып, сөз арасында тек баяндап өтсе, оқиға шындық болмысынан айырылып, нанымсыз болып шығар еді.
С.Мұқановтың өтінішке, уәдеге беріктігін хаттарынан да көруге болады. Ә.Нұршайықов өтінген істі (Украинаның 300 жылдық мерекесіне байланысты) аяқсыз қалдырмауы – оның азаматтық парызын дәлелдеуге тырысқан ең ұтымды тәсіл арқылы шыққан эпизод. «Мынау сол «циклдардың» бас жағы. Саған арнап жазуға уақытым жететін емес. Өтінішіңді орындамау тағы ыңғайсыз – сыйлайтын жолдассың. Сондықтан жіберіп отырмын» (Сонда. 335-б), — деген үзінді өз арнасына салиқалы парасаттылық қалпын сыйдырады. С.Мұқановтың Украинаның 300 жылдығына арнаған очеркі Ә.Нұршайықов жұмыс істеген Павлодар «Қызыл ту» облыстық газетінің 6 нөміріне қатарынан шығады. Газетке жазыла алмай қалған жұртшылық дүңгіршік, редакцияға тыным бермей, жазушы мақаласын оқу үшін жандарын салады. Бірақ С.Мұқанов очеркті бастырып үлгермей, черновик түрін жібереді. Сол үшін де қатты ұялады. Бұл турасында Қанай Әміров атты қарт журналист очеркке былайша баға береді: «Редакцияға жолдаған материалын черновик күйінде жібергеніне, машинкаға бастырып үлгермегеніне автор үш жерден кешірім сұрапты. Бұл атақты жазушының нағыз коммунист, қарапайым, кішіпейіл адам екендігін және көрсетеді. Сәбиттен басқа біреу болса, кешірім сұрамақ тұрғай, шимайымды жібергеніме шүкірлік ет деп шіренер еді» (Сонда. 341-б). Қаламгер тек өз атынан баяндап, оқиғаны бір негізден өрбітпейді. Бейне бейнесін ашуда бірнеше сюжеттік процестерді, қосалқы және жанама кейіпкерлер әлемін шығарма өзегінде өзара бірлікте суреттейді.
Естелік жанрының ерекшелігі – көркем әдебиетке қарағанда, тұспалдың емес, нақты бір фактілер тілінің сөйлеуі. Автор да естелікте бейненің сом тұлғасын беруде бұл жайды кеңінен қолданады. Мысалы, С.Мұқановтың ерекше бір қасиетін былайша бейнелейді: «Мұқановпен көшеде кездесу де ғанибет еді. Үлкенді-кішілі көше жұртының ішінде оны танымайтын ешкім болмайтын. Сәбиттің басында сусар бөркі болса да, шляпа кисе де, немесе қара барқыт тақиямен келе жатса да, ел оны жазбай танып үздіксіз ілтипат білдіретін. Сәбит жұрттың бәріне жалықпастан бас изейтін. …Қолыңды алғаннан кейін, қасыңа тоқтап, бөгелетін. Ең алдымен:
- Әй, келін, балалар аман ба? – дейтін.
Әрине, бұлай сенің әйелің, балаң сияқты ет жақыныңның аманшылығын алдымен сұрау тек жанашыр адамға ғана тән қасиет қой. Бұған әрі қуанып, әрі әлі қолынан дәм татпаған келіні мен көрмеген балаларды сұрағанына қысылып та қаласың» (Сонда.343-б). Сөйтіп, жаны жайсаң жанның кіршіксіз көңілінің ақ қардай таза екенін айта келе, үйіне қонақ етіп шақырмағанына да өкінеді. Өйткені, көрмеген келін-баланы сұрап, ет жақының секілді іші-бауырыңа кірген жазушы үлкен адамшылық нышанын танытады. Осылайша қаламгер С.Мұқановтың жанға жылу берер әзиз де мейірімді жан екенін тағы дәлелдейді. «Сәкеңнің жүзін көріп, жұмсақ алақанын ұстап, бір ауыз жылы сөзін естігеннің өзіне жан семіріп қалатын еді. Көзің күлімдеп, көңілің көтеріліп, мерейің өсетін. Көңіліңнің көтерілетіні сонша, содан кейін өз-өзіңнен ыңылдап ән айтқың да келетін. Айналасындағы адамдарға жан жылуын шашып, кісіге қуаныш сыйлау – Сәбит Мұқановтың бойына біткен ерекше адамгершілік қасиеттердің бірі» (Сонда. 343-б), — деген үзіндіде С.Мұқановпен болған кездесуден кейінгі алар әсердің, түйер түйіннің негізінде ішкі жан-дүниеде болар жұмақ-әлемді баяндайды. Қаламгер тілінің уыттылығы да, қаламының қуаттылығы да жанды сюжет жасағандығында. Осы үзінді жай ғана эпизод емес, көз алдыңда болып жатқан оқиға секілді кинолентаның бір үзігі іспетті көрінеді.
Жалпы алғанда, Ә.Нұршайықов шығармашылығында замандас бейнесі түрлі қырынан ашылып, оның бәрінен ел-жерге сүйіспеншілік, адамға құрмет терең танылады.
Шайза ДОСКЕЕВА,
Әлихан Бөкейхан университетінің аға оқытушысы,
филология ғылымдарының кандидаты