Елімізде қабылданған стратегиялық құжат, мемлекеттік бағдарлама көп. Солардың бірі – «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы. Дегенмен, бұл жобаның басқалардан айырмашылығы неде? Тиімділігі қандай? Одан ел не күтеді?
Ең алдымен, оны бірнеше министрлік, дәлірек айтқанда, Ұлттық экономика, Ауыл шаруашылығы, Экология және табиғи ресурстар, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Индустрия және инфрақұрылымды дамыту министрліктері бірлесіп іске асыратынын айту қажет. Екіншіден, ол «Өңірлерді дамыту», «Нұрлы жер» және «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламаларындағы бағыттарды біріктіріп, ортақ бір жобаға айналған. Үшіншіден, оның басқа мемлекеттік бағдарламалардан айырмашылығы – ұлттық жобаның форматы барынша ықшам, кіріспе-талдаусыз және нақты атқарылатын іс-шараларға басымдық берілген.
Ұлттық жобаның бірінші бағыты – халықтың негізгі әлеуметтік қызметтерге тең қолжетімділігін қамтамасыз ету, оларды газ, су, электр және жылумен қамту, тұрғын үй-коммуналдық жағдайын жақсарту, тұрғын үй құрылысын жандандыру, екінші бағыты – көлік байланысын қамтамасыз ету және елдің көлік-транзит әлеуетін арттыру, яғни көлік-логистика инфрақұрылымын кешенді түрде дамыту арқылы азаматтардың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау.
Бұл жобаны қаржыландырудың жалпы көлемі 7,6 трлн теңгені құрайды. Оның ішінде республикалық бюджеттен 4 трлн теңге, жергілікті бюджеттен 786 млрд теңге, бюджеттен тыс қорлардан, яғни жеке инвестиция көздерінен 2,7 трлн теңге қарастырылған.
Сонымен бұл ұлттық жоба бірінші бағыт бойынша қандай маңызды мәселелерді шешеді? Жасыратыны жоқ, бүгінде Қазақстан халқының біраз бөлігінің, оның ішінде ауылдағы ағайынның басты проблемасы – ауыз су. Сарапшылардың айтуынша, елімізде тіршілік нәріне тарығып, сапалы ауыз суға қол жеткізе алмай отырған тұрғындардың саны 1 миллионнан асады, оның 770 мыңдайы – ауыл, 280 мыңдайы – қала тұрғындары. Ұлттық жоба аясында өткен жылы халықты ауыз сумен қамтамасыз ету көрсеткіші 90%-ке жетсе, биыл бұл көрсеткішті арттыру жоспарланып отырған көрінеді.
Бұған қоса, 53 қалада кәріздік тазарту құрылыстарын жаңғырту және салу мәселесі күн тәртібінен түспей тұр. Ал ағынды сулардың 70,5 пайызы тазартылуы тиіс. Сондықтан, аталған жобаның нәтижесінде 2025 жылға қарай қалалар мен ауылдар 100 пайыз сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілуі, сондай-ақ қалалардағы ағынды сулар толықтай тазартылуы тиіс. Бұған қоса, 3,5 мың тірек және серіктес ауылдарды жаңғырту мақсатында «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 12 мың шақырым инженерлік желілерді (электр, газ және жылумен қамту), сондай-ақ 1,5 мыңнан астам әлеуметтік нысанды салу, қайта жаңарту және жөндеу жұмыстары жүргізілуі қажет. Олар – мектептер, балабақшалар, фельдшерлік-акушерлік пункттер, мәдениет және спорт нысандары. Жалпы, аталған ұлттық жобаны жүзеге асырудың барлық кезеңінде шамамен 103 млн шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарлануда. Ал жеке тұрғын үй құрылысына арналған 235 мың жер учаскесі тиісті инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылыммен қамтамасыз етілетін болады.
42 көп пәтерлі тұрғын апатты жағдайда тұр
Баспана мәселесі – қазақ қоғамының ең бір жанды жері. Осы орайда, «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында көп балалы отбасылар мен халықтың әлеуметтік осал топтарының тұрғын үй мәселесін шешу үшін қандай мүмкіндіктер қарастырылған? Біз бұл сауалымызды Шығыс Қазақстан облысы Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы мамандарына қойдық. Олардың берген ресми мәліметіне сүйенсек, мемлекеттік тұрғын үй қоры арқылы тұрғын үймен қамтамасыз ету Қазақстан Республикасының «Тұрғын үй қатынастары» туралы Заңымен реттеледі және заңнама нормаларына сәйкес кезекте тұрғандарға беріледі. «Жергілікті атқарушы органдар мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйге мұқтаж азаматтарға бос тұрғын үй болған жағдайда, кезекке сәйкес береді. Сонымен бірге, мемлекеттік тұрғын үй қорынан кезекте тұрған көп балалы отбасылар, толық емес және мүгедек балалары бар немесе мүгедек бала асырап отырған отбасылар «Бақытты отбасы» бағдарламасына қатысып, аталған бағдарламаның шартына сәйкес, кредиттік баспанаға ие болуы мүмкін. Бағдарламаның шарттары бойынша «Отбасы банк» АҚ аталған санаттағы азаматтарға жеңілдетілген шарттар бойынша банктегі шотта бастапқы жарна болған жағдайда, алдын ала және аралық тұрғын үй несиелерін ұсынады», – дейді басқарма басшысының орынбасары Нұрлан Рамазанов.
Бұл ретте, үлестік құрылыстағы барлық проблемалық тұрғын үйлерді аяқтау, «ескі кварталдарды» жөндеу және апатты, тозығы жеткен тұрғын үйлерді бұзу, жергілікті тұрғындарға тұрғын үй салу және сатып алу бойынша жұмыстар да өзекті екені анық. Басқарма басшысы орынбасарының айтуынша, «Нұрлы жер» тұрғын үй-коммуналдық дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына сәйкес, тұрғын үй қорын жаңарту көзделген, ол апатты (ескірген) тұрғын үйлерді бұзу және тұрғын үй мен жер учаскесін реквизициялау тәртібі негізінде одан азаматтарды көшіру жолымен қалалардың ескі орамдарын кешенді реконструкциялауды қамтиды. Бұл ретте тұрғын үй-жайлардың иелеріне ауданы бойынша бірдей, бірақ бір бөлмелі пәтерден кем емес мөлшерде жаңа пәтерлер берілуі тиіс. Қазіргі таңда Шығыс Қазақстан облысы бойынша апатты жағдайда тұрған 42 көп пәтерлі тұрғын үй бар екен. Олардың 37-і – Өскемен қаласында, 4-і, – Риддер қаласында, 1-і Глубокое ауданында орналасқан.
«AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасын орындау жөніндегі «Өзгерістер жолы: әркімге лайықты өмір!» жол картасына сәйкес, 2022-2025 жылдар кезеңінде облыс бойынша Өскемен және Риддер қалаларында тұрғын үй қорын реновациялау, яғни апатты тұрғын үйді бұзу жұмыстарын жүргізу мәселелері қарастырылуда», – дейді бұл жөнінде басқарма басшысының орынбасары.
Кәріздік-тазарту құрылыстарының 70-80 пайызы тозған
Шығыс Қазақстан облысы Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқарма басшысының орынбасары Нұрлан Рамазановтың айтуынша, ұлттық жобаға сәйкес, облыста кәріздік тазарту құрылыстарын жаңғырту және салу жұмыстары да жүргізіліп жатыр екен. Мәселен, бұл аймақта кәріздік-тазарту құрылыстары бар орталықтандырылған су бұру жүйесі жұмыс істейді. Ал өткен ғасырдың 60-жылдары салынған кәріздік-тазарту құрылыстарының 70-80 пайызының тозығы жеткен.
Бүгінде сондай-ақ Шығыс Қазақстан облысы халқының орталықтандырылған сумен жабдықтауға және су бұруға қолжетімділігін арттыру мақсатында 2022 жылы 21 құрылыс және реконструкциялау жобасын іске асыруға 3,5 млрд теңге, оның ішінде республикалық бюджеттен 2,4 млрд, жергілікті бюджеттен 1,1 млрд теңге бөлінген. Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы мамандарының айтуынша, бұдан басқа 11 ауылдық елді мекенде 0,4 млрд теңгеге 17 блокты-модульді су тазарту станцияларын салу жоспарлануда. Осы жылдың соңына қарай құрылыс пен реконструкциялауға қатысты 19 жобаны іске асыру жоспарланып отыр екен. Осылайша, жыл қорытындысы бойынша, орталықтандырылған сумен жабдықтауға қол жеткізу облыс бойынша 98,3% құрайды, оның ішінде ауыл халқын қамту 95,4%-ға, қала халқын қамту 99,2%-ға, ауылдық елді мекендерді қамту 94,9%-ға жетпек. «Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігімен сумен жабдықтау нысандарын салу және реконструкциялау жобаларын кезең-кезеңмен іске асырудың 2023-2025 жылдарға арналған жоспары келісілді, бұл жосар бойынша 2025 жылы сумен қамтамасыз етудің 100 пайыздық көрсеткішіне қол жеткізіледі», – дейді бұл туралы басқарма басшысының орынбасары Нұрлан Рамазанов.
Оның сөзінше, Шығыс Қазақстан облысында жылумен, сумен жабдықтау және су бұру желілерін жаңарту бойынша жұмыстар тұрақты негізде жүргізіліп келеді. Мәселен, жылумен жабдықтау желілерінің тозуын төмендету үшін Ұлан ауданының Қасым Қайсенов кентінде оңтүстік-шығыс ауданының магистральдық жылу желілерінің, «Риддер ЖЭО» АҚ-дан Риддер қаласының преспективалық құрылыс аудандарына дейін жерүсті құбырының құрылысы жүргізілуде. Ал Өскемен қаласында жылу желісін және жылу учаскесін, Катонқарағай ауданы Катонқарағай ауылындағы орталық қазандықты реконструкциялау жоспарланған екен. Сонымен қатар, Күршім ауданы Марқакөл ауылындағы жылу жүйелерін қайта жаңартуға және Шығыс Қазақстан облысы, Ұлан ауданы, Таврия ауылындағы жылу желілерінің құрылысына жобалау-сметалық құжаттама әзірленуде. «Сумен жабдықтау желілерінің тозуын төмендету мақсатында Катонқарағай ауданының Топқайың, Үлкен Нарын, Самар ауданының Самар ауылдарында су құбыры желілерін қайта жаңарту жүргізілуде. Қалаларда қайта құрудың 5 жобасы іске асырылуда. Оларға Өскемен қаласының Красина кентін, Риддер қаласын және «Ботаника» ауданын, Алтай қаласының орталық және батыс бөлігін сумен жабдықтау кіреді», – дейді бұл туралы Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары.
Оның айтуынша, Глубокое ауданының Опытное Поле және Алтай ауылдарында су бұруды қайта жаңарту, Ұлан ауданы Қасым Қайсенов кентінің оңтүстік-шығыс ауданында магистарльдық желілерді салу бойынша 3 жоба іске асырылуда. Ал Риддер қаласында қолданыстағы су бұру желілерін жаңарту және Геолог шағын ауданында желілер салу жүргізілуде.
Жолдар – мемлекеттің күретамыры
Сондай-ақ, жолдар – өңірлер өмірінің маңызды элементі. Ендеше, «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында өңірлерді бір-біріне жақындататын жүйе құрыла ма? Сала мамандарының айтуынша, аталған ұлттық жоба аясында ішкі көлік желісін дамытудың жеке міндеті қарастырылған. Бұл – облыстар ішіндегі, елді мекендер мен облыс, аудан орталықтары арасындағы жолдар және сыртқы нарыққа шығу үшін аймақтардың бір-бірімен байланысын арттыру. Осыған сәйкес, 12 мың шақырым жолды салу және қайта жаңарту есебінен республикалық автомобиль жол желісін жаңғырту аяқталады. Ал 27 мың шақырым жергілікті жолдарды салу және жөндеу есебінен нормативті жағдайдағы жергілікті маңызы бар жолдардың үлесі 95 пайызға дейін ұлғайтылады. Сондай-ақ 1173 тірек ауылдарда ауылішілік жолдарды салу және қайта жаңарту есебінен 100 пайыз елдімекенішілік жолдарды жақсы және қанағаттанарлық жағдайға жеткізу көзделіп отыр. Барлық жол бойындағы қызмет көрсету нысандарын ұлттық стандартқа сәйкестендіріп, 1,8 мыңнан 2,3 мың бірлікке дейін ұлғайту жоспарлануда. Жоғары жылдамдықты «Түркістан–Шымкент–Ташкент» магистралінің құрылысы бүкіл макроөңірдің туристік және инвестициялық тартымдылығын едәуір арттырады.
Бұған қоса, сыртқы байланыс пен транзит әлеуетін дамытуға қатысты екінші жолдарды салу және Достық-Мойынты теміржол желісін электрлендіру есебінен Қытай-Еуропа-Қытай қатынасының өткізу қабілетін 5 есеге арттыру көзделуде. Сондай-ақ, Сарыағаш станциясының өткізу қабілетін 2 есеге арттыру мақсатында Дарбаза-Мақтаарал теміржол желісін салу жоспарланып отыр. Мамандардың айтуынша, бұл жүктерді тасымалдау уақытын 1,5 есеге қысқартады. Алматы станциясын айналып өтетін теміржол желісін салу жобасы жүктерді тасымалдау мерзімін 2 тәулікке қысқартуға мүмкіндік береді. Бұдан басқа, Ақтау портында контейнерлік хаб құру, жұмыс істеп тұрған 51 пункттен 34 өткізу пунктін, сондай-ақ өңіраралық және сыртқы байланыс инфрақұрылымын дамыту бойынша бес әуежайдың жерүсті инфрақұрылымын жаңғырту, жергілікті әуе желілерінің 8 әуеайлағын қалпына келтіру бойынша шаралар көзделген. «Аумақтардың сыртқы байланысын арттыру міндеті транзит көлемін 2025 жылға қарай 23,5 миллион тоннадан 30 миллион тоннаға, контейнерлерді жылына 876 мың тоннадан 2 миллион тоннаға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді», – дейді сала мамандары.
Мәселен, Шығыс Қазақстан облысы Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының берген мәліметіне сүйенсек, «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасына сәйкес, Шығыс Қазақстан облысында өңірдің жол-көлік инфрақұрылымын жақсартуды көздейтін бірнеше жобаның басы қайырылса, алдағы уақытта басқа да жұмыстар өз кезегін күтіп тұр. Қазіргі таңда
жолдар мен көше-жол желісін қоса алғанда, жол жөндеу жұмыстарымен 548 шақырым жол қамтылған, оның ішінде 286 шақырым облыстық және аудандық маңызы бар, 262 шақырым елді мекендер көшелері. Биыл жұмыстарды қаржыландыру көлемі 35,7 млрд теңгені құраса, бұл қаржыға 122 жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Ұлттық жоба шеңберінде сондай-ақ, 2025 жылға дейін Зайсан қаласындағы әуежайдың ұшу-қону жолағын қайта жаңарту және Катонқарағай ауылында ұшу-қону жолағын салу жоспарланып отыр. Дегенмен, аталған жұмыстардың құны анықталмағандықтан, қазіргі таңда жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу мәселесі әлі пысықталып жатыр екен.
Шығыс Қазақстан облысы Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұрбек Тұраровтың айтуынша, 2022 жылы облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдары мен елді мекендердің 604 жолдары және көшелерін, 6 көпірді жөндеу бойынша 127 жоба іске асырылуда. Олардың ішінде Шығыс Қазақстан облысы бойынша 245 шақырым жолдар мен көшелерді, сондай-ақ 5 көпірді жөндеу аясында 75 жоба қолға алынған.
«Абай облысында 359 шақырым жолдар мен көшелерді және 1 көпірді жөндеу бойынша 52 жоба іске асырылуда. Бұған қоса, көпірлерді салу және қайта жаңғырту жоспарланған. Мәселен, Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін көпір құрылысы, Семей қаласының автомобиль көпірін қайта жаңғырту», «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Шығыс Қазақстан облысы Глубокое ауданында 2 көпірге және Риддер қаласында да 2 көпірге құрылыс жұмыстары жүргізіледі», – дейді Нұрбек Ерланұлы.
Сонымен қатар, ол облыстық және аудандық маңызы бар жолдарды, мәселен, тепе-тең қаржыландыру шеңберінде облыстық және аудандық маңызы бар 235 шақырым жолды жөндеу назарда тұрғанын атап өтті. Оның сөзінше, жоспарланған 19 жобаның 13 жобасы бойынша жұмыстар қолға алынса, 6 учаске бойынша конкурстық рәсімдер жүргізіліп жатыр екен. «Бұл жобалардың ішінде алдағы уақытта Шығыс Қазақстан облысының автомобиль жолдарының 96 шақырымын орташа жөндеу, атап айтсақ, Алтай ауданының «Технологиялық трасса-Парыгино» автомобиль жолын (6,3 шақырым), Октябрь өткелі-Алтай-Жаңа Хайрузовка» автомобиль жолын (18 шақырым), Катонқарағай ауданының «Язевое көліне кіреберіс» автомобиль жолын (20 шақырым), «Сөгір-Барлық-Ақсу» автомобиль жолын (13 шақырым), Самар ауданының «Сарыбел ауылына кіреберіс» автомобиль жолын (3 шақырым), Күршім ауданы «Күршім-Қалжыр автомобиль жолын (15 шақырым), Тарбағатай ауданының «Жетіарал ауылына кіреберіс» автомобиль жолын (4,5 шақырым), «Құйған ауылына кіреберіс» автомобиль жолын (4 шақырым), Ұлан ауданының «Өскемен-Тарғын-Самар» автомобиль жолын (15 шақырым) орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі», – дейді Шығыс Қазақстан облысы Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының міндетін атқарушы.
Шығыс Қазақстан облысынан бөлек, жаңадан құрылған Абай облысының автомобиль жолдарының 139 шақырымын орташа жөндеу жұмыстары да қолға алынған. Мәселен, Бородулиха ауданының «Дмитриевка-Бородулиха-Шемонаиха» автомобиль жолын (9 шақырым), «Жезкент өткізу пунктіне кіреберіс» (РФ) автомобиль жолын (3,5 шақырым), Жарма ауданының «Шар-Әуезов» автомобиль жолын (18 шақырым) орташа жөндеу жұмыстары қарастырылған. «Бұған қоса, Көкпекті ауданының «Преображенка-Шұғылбай» автомобиль жолын (15 шақырым), Ақсуат ауданының «Қарағанды-Аягөз-Боғас-Кіндікті» автомобиль жолын (3 шақырым), «Ақсуат-Шыбынды-Бәкей-Қарасу-Училище» автомобиль жолын (3 шақырым), Үржар ауданының «Таскескен-Бақты-Егінсу» автомобиль жолын (12 шақырым), Барлық Арасан-Алакөл өз.» автомобиль жолын (15 шақырым), «Таскескен-Бақты-Қарабұта-Ақшоқы» автомобиль жолын (20 шақырым) орташа жөндеу, «Таскескен-Бақты-Егінсу» автомобиль жолын (40 шақырым) ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіледі», – деді Нұрбек Тұраров.
Қос облыстағы жолдарды жаңату жұмыстары тек мұнымен шектелмейді. Мәселен, Шығыс Қазақстан және Абай облыстарында елді мекендердің 369 шақырым көше-жол желісін жөндеу жоспарланып отыр. Бұл ретте, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы шеңберінде 171 шақырымды, облыстық және жергілікті бюджет қаражаты есебінен 91 шақырымды, облыстық бюджет қаражаты есебінен 82 шақырымды, сондай-ақ, «Ауыл-ел бесігі» бағдарламасы шеңберінде ауылдарға 8 кірме жолдың 25 шақырымын жөндеу көзделген.
Сала мамандарының айтуынша, жол жөндеу жұмыстарының нәтижесінде жыл соңында жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 91 пайызды құрайды.
Жобаның нәтижесі қандай?
Биыл тамыз айында Қазақстанның Премьер-министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасының іске асырылу барысы қаралды. Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров Ұлттық жобаның мақсаты тұрғындардың базалық қызметтерге тең қолжетімділігін қамтамасыз ету, тұрғын үй-коммуналдық жағдайды әрі көлік байланысын жақсарту, сондай-ақ елдің транзиттік әлеуетін және халықтың мобильділігін арттыру екенін атап өтті.
Ұлттық экономика министрінің айтуынша, жоба аясында 500-ден астам елді-мекендегі ауыз су, жол мәселесін шешу, инфрақұрылымдық жағдайды ретке келтіру көзделгенін, алайда жоспарланған 20 көрсеткіштің төртеуі әлі күнге дейін орындалмағанын жеткізді. Олар – тұрғын үйді пайдалануға беру, ел аумағы арқылы транзит көлемі, Транскаспий бағытындағы контейнер ағыны мен «Дипломмен ауылға» жобасы бойынша бюджеттік кредиттер беру бойынша көрсеткіштер. «Бұл көрсеткіштердің толық орындалмауына жобалардың қымбаттауы және жобалау-сметалық құжаттаманы түзету, сондай-ақ COVID-19 аясындағы шектеу шаралары түрткі болды. Биыл тиісті көрсеткіштерге қол жеткізу үшін ұлттық жобадағы іс-шараларды орындау жалғасып жатыр», – деді ведомства басшысы.
Министрдің сөзіне қарағанда, ұлттық жобаны 2021 жылы іске асырудың нәтижесінде тұрғындарды ауыз сумен қамтамасыз ету көрсеткіші 96%-ға жеткен екен. Оның ішінде қалаларда – 98%-ды, ауылдарда – 93%-ды құраған. Сонымен қатар, ол жобаның тағы бір мақсаты моно және шағын қалалардың инфрақұрылымын дамытуға бағытталғанын, оған биыл қазынадан 25,8 млрд теңге қарастырылғанын тілге тиек етті. Ұлттық экономика министрінің айтуынша, ол 28 қалада 57 жобаны іске асыруға бағытталады. Дегенмен, қазір аймақтарда аталған қаржы жоспарлы түрде игерілмей келеді. Әлібек Қуантыровтың айтуынша, бұл істе сылбырлық танытып отырған – Павлодар және Алматы облыстары. Бүгінде 9,2 млрд теңге немесе жылдық жоспардың 35,8%-ы ғана игерілген. Сонымен қатар, министр моно және шағын қалаларда инженерлік және көлік инфрақұрылымының тозуы 57,6%-дан 45,5%-ға дейін төмендегенін, 17,1 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, нормативтік күйдегі республикалық маңызы бар жолдардың үлесі 90%-ға, жергілікті маңызы бар жолдардың үлесі 80%-ға дейін өскенін атап өтті. Бұған қоса, 112 мыңға жуық тұрақты және уақытша жұмыс орындары құрылған. «Ұлттық жоба аясындағы іс-шаралар биыл да жалғасуда. Мәселен, 576 ауылда жобаларды іске асыруға, жас мамандарға тұрғын үй сатып алуға қаражат бөлінді», – деді Әлібек Қуантыров бұл ретте.
Ал Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев биыл 1 тамыздағы жағдай бойынша, «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасын іске асыруға 650,1 млрд теңге бөлінгеніне тоқталды. «Оның ішінде республикалық бюджет 440,4 млрд теңгені, бюджеттен тыс қаражат 155,8 млрд теңгені және жергілікті бюджет 53,9 млрд теңгені құраған екен», – деді ол бұл орайда.
Премьер-министр Әлихан Смайылов аталған ұлттық жобаны іске асыру елді мекендердегі инфрақұрылымның жай-күйін жақсартуға, 480 тірек және серіктес ауылды жаңғыртуға, тұрғын үй құрылысына 2,4 трлн теңге инвестиция тартуға мүмкіндік бергенін айтты. Оның ішінде жұмыс істейтін жастарға, халықтың әлеуметтік тұрғыдан осал топтарына, көп балалы отбасыларға арналған тұрғын үй құрылысы да қарқынды түрде жүріп жатқанына тоқалды. Сонымен қатар қалыпты жағдайдағы жол сапасының көрсеткішін жыл соңына дейін республикада 91%-ға, ал жергілікті желі бойынша 85%-ға дейін жеткізу көзделіп отыр екен.
Дегенмен, Үкімет басшысы мемлекеттік органдар мен әкімдіктердің назарын «Дипломмен ауылға» жобасы бойынша бюджеттік кредиттер беру жөніндегі кейбір көрсеткіштердің орындалмағанына аударды.
«Жыл соңына дейін көп уақыт қалған жоқ, сондықтан мақсатты межеге жету үшін әлі де жұмысты ширатып, жандандыру қажет. Жобалардың іске асырылуы әкімдер мен жауапты мемлекеттік органдар басшыларының ерекше бақылауында болуы тиіс», – деді Әлихан Смайылов. Сондай-ақ Үкімет басшысы бұл жұмыстарды атқаратын ведомство өкілдеріне 1 қазанға дейін ауылдық аумақтарды дамыту тұжырымдамасының жобасын әзірлеуді және ұлттық жобаның индикаторларына сәйкес қоныс аударушыларды қабылдауды, орналастыруды және қолдауды қамтамасыз етуді тапсырды.
Жалпы, «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы тиімді жүзеге асырылса, оның ел дамуына тигізер пайдасы мол. Бұл Мемлекет басшысының «тұрғындарға жайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру» саясатына да сай келеді.
Ләйла Еділ,
«Семей таңы»