Абай облысының өңірлік коммуникациялар қызметінде Үржар ауданының әкімі Нұржан Тоқсейітовтің қатысуымен аудандағы мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы және ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баспасөз мәслихаты өтті.
Зарина КӘП,
«Семей таңы»
Үржар ауданы облыс көлеміндегі 70 мыңға жуық тұрғыны бар, ауылшаруашылық бағытындағы ірі аудандардың бірі. Биылғы жылы аудан бюджетінің ішкі табысы 2 млрд. 682,5 млн. теңгені құраған. Соңғы 3 жылда ішкі табыс көлемі 2 есеге ұлғайған.
Ауыл шаруашылығынан түскен өнім мол
-2022 жылы 2021 жылмен салыстырғанда 111,0 пайызға артық ауыл шаруашылық өнімдері өндірілді. Оның ішінде мал шаруашылығынан 45,5 млрд. теңгенің, ал өсімдік шаруашылығынан 67,1 млрд, теңгенің өнімі өндірілді. Барлығы 64 388,5 гектар егістік алқабынан 109,2 мың тонна дәнді дақылдар, 72 376 гектардан 97,1 мың тонна майлы дақылдар, 1 769 гектардан 47,7 мың тонна көкөніс және 1 366,7 гектардан 38,9 мың тонна бақша дақылдары, 48 855 гектардан 279,4 мың тонна мал азықтық дақылдары жиналды.
Бүгінде ауданның 151 шаруа қожалығы 307 бірлік жаңа ауыл шаруашылық техникаларын сатып алды,-деді аудан әкімі Нұржан Тілеужанұлы.
Сонымен қатар, ауданның шаруашылық құрылымдары «Іскер», «Агробизнес», «Кең-Дала» сынды бағдарламалар арқылы 49 жоба қаржыланған. 2022 жылы агроөнеркәсіптік кешенін дамыту және ауданның ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерін қолдау мақсатында мемлекет тарапынан 1 млрд.676,1 млн. теңге субсидия төленген. Соның ішінде, асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту үшін ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге 443,8 млн.теңге, өсімдік шаруашылығында жердің құнарлығын арттырып, жоғары өнім алу мақсатында сапалы тұқымдарға, гербицидтерге және минералды тыңайтқыштар сатып алған шаруашылық құрылымдарына 320 млн. теңге, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің инвестициялық салымдар кезінде жұмсаған шығындарының бір бөлігін өтеу бағдарламасы аясында 179 шаруа қожалықтарына 912,3 млн. теңге инвестициялық субсидия берілген.
Су үнемдеу технологиясы қолданылады
Аудан әкімі Нұржан Тоқсеитовтің айтуынша, ауданда суды үнемдеу технологиясы бойынша «Urdzhar Agro Company» ЖШС және «Muhit Agro» ЖШС жаңбырлатып суғару технологиясын қолдануды жоспарлап отыр.
— «Urdzhar Agro Company» ЖШС 2024 жылға дейін 2200 га жерді суару үшін 24 жаңбырлатқыш қондырғысын орнатуды жоспарлап отыр. Бүгінгі күнге 9 қондырғы орнатылды. Сонымен қатар «Muhit Agro» ЖШС 960 га жерді 12 жаңбырлатқыш қондырғылары арқылы суармақшы,- деді Н.Тоқсеитов
Мақаншы ауылында «Сұңқар» шаруа қожалығы 74 гектар жүгері алқабын тамшылатып суару және Елтай ауылында «Болашақ» шаруа қожалығы 20 гектар көп жылдық шөпті жаңбырлатып суару қондырғысы арқылы игерген.
Айта кетейік, 2022 жылы «Қазсушар» мекемесінің теңгерімдегі магистралдық каналдар арқылы шаруа қожалықтары 189 келісім шарт жасап 5715 га егістік алқаптары суарған.
Туристік маусымға дайындық жоғары
Өңір басшысының айтуынша, алдағы туристтік маусымға дайындық жоғары деңгейде. Өткен жылғы олқылықтар қайталанбас үшін бірқатар жұмыстар атқарылып жатыр. Мәселен, Қабанбай ауылында 2 автомобильлге арналған өрт сөндіру депосының құрылысына жобалық сметалық құжат әзірленуде. Құрылыс жұмыстары 2024 жылға жоспарланған.
-Алакөл жазғы демалыс аймағында 423 кәсіпкерлік нысан орналасқан. 2022 жылы Алакөл жағалауында орналасқан жеке кәсіпкерлік нысандарынан аудан экономикасына 2 млрд.174,2 млн.теңге көлемінде инвестиция құйылды. Облыстық бюджеттен 78,4 млн.теңгеге Алакөл жағалауындағы Арбатқа абаттандыру жұмыстары және 28,0 млн.теңгеге көл жағалауынлағы жолдарды орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. 13 демалыс базасы жаңадан іске қосылды. «Tourist info» ақпараттық орталығы «бір терезе» қағидасы аясында демалушыларға тегін ақпараттық және консультациялық қызмет көрсетті. Биылғы жылы да демалушыларға қолайлы демалыс орындарын арттыру мақсатында жұмыс жасап жатырмыз,-деді Нұржан Тілеужанұлы.
Ауданның мақтанышына айналған «Үржар әуежайының» бұл туристтік кезеңге тигізер пайдасы мол. 2022 жылы қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, ұшып-қону жолағы 1500 метрден 2100 метрге дейін ұзартылған әуежайдың бүгінде Fokker, Bombardier, Embraer және басқа да осыған ұқсас топтағы әуе кемелерін қабылдауға мүмкіндігі бар.
-Әуежайда ұзындығы 175 метр, ені 16 метр болатын 2 рульдеу жолының құрылысы жүргізілді. 2 әуе кемесі тұрақтайтын перрон бір уақытта 2 ұшақты қабылдауға мүмкіндік беруде. Сондай-ақ 5 қабатты бақылау мұнарасы жаңадан салынды. Әуежайда ұшақтарды тәулік бойы қабылдауға мүмкіндік жасау үшін ұшып-қону алаңына жарық-сигналдық жабдықтар және видео-бақылау орнату жұмыстары жүргізілуде. Бүгінде Алматы – Семей — Үржар бағытындағы ұшақ рейстері қабылдануда. Сонымен қатар, әуежай терминалының ғимаратына қайта жаңғырту жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттары жасалуда,-деді аудан әкімі.
Баспана мәселесі басты назарда
Аудан орталығында «Нұрлы Жер» бағдарламасы аясында 60 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы аяқталған. Аталған көп пәтерлі үйге аз қамтылған отбасылар, жетім балалар, бірінші және екінші топтағы мүгедек жандарды қоныстандыру жұмыстары жүргізілуде.
-«Бірқабатты Шығыс» бағдарламасы аясында Мақаншы ауылында 9 пәтер, Таскескен ауылында 2 пәтер, Ақжар ауылында 22 пәтер сатып алынды. Ал, 2023 жылғы жоспар бойынша тұрғын үй құрылысына 3 млрд. 19,1 млн.теңгеге бюджеттік өтінім ұсынылды. Мақаншы ауылында 36 пәтерлі 2 үй және аудан орталығында 5 қабатты 60 пәтерлі көп қабатты тұрғын үй салу үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірленген. Бүгінде бюджеттік өтінім облысқа жіберіліп, қаралу үстінде,-деді аудан әкімі Нұржан Тоқсейітов өз сөзінде.
16 денсаулық сақтау мекемесі мен 2 мектеп салынады
Үржар ауданы бойынша тұрғындарға 1 орталық аурухана, 1 ауданаралық аурухана, 2 ауылдық аурухана, 23 ауылдық дәрігерлік амбулатория, 8 фельдшерлік акушерлік пункттер, 21 медициналық пунктер қызмет көрсетеді.
-2022 жылы аудандық денсаулық сақтау мекемелері заманауи оттегілік станция қондырғысымен, флюорография, маммография және лифт жабдықтарымен қамтамасыз етілді. «Ауыл-Ел бесігі» жобасымен Қаратұма ауылындағы дәрігерлік амбулаторияның құрылысы 2022 жылы басталған болатын. Биылғы жылы аяқтап, қолданысқа береміз. Алдағы уақытта дәл осы жоба аясында Үржар ауылындағы 50 келушіге арналған 10 төсектік күндізгі стационарлы дәрігерлік амбулатория, «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық пилоттық жобасы шеңберінде 16 денсаулық сақтау мекемесі салынады,-деді Н.Тоқсейітов.
Сонымен қатар, облыстық бюджеттен Мақаншы ауылындағы Сейфуллин ОМ-нің шатырын жөндеу жұмысы қарастырылған. Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорының қаражаты есебінен 2024-2025 жылдары Малақ ауылында 100 орындық және Сағат ауылында 80 орындық мектеп құрылысын жүргізу көзделуде.
Жол жөндеуге 1 млрд-тан астам қаржы бөлінеді
Үржар ауданы бойынша 965 шақырым автомобиль жолдары бар. 2022 жылы 3 елді мекеннің ауыларалық жолдарына орташа жөндеу жұмыстары жүргізілген. «Ауыл — Ел бесігі» бағдарламасы аясында Қаратұма және Науалы ауылдарының ауылішілік жолдары орташа жөндеуден өткізілсе, Көктерек пен Қаратал ауылдарының 7 көшесіне асфальт жамылғысына дейінгі тегістеу жұмыстары жүргізілді. Бұл жұмыс 2023 жылы жалғасын табады. Сонымен қатар, бағдарлама аясында аталған 4 ауылда 30 көшеге жарықтандыру жұмыстары жүргізілген.
-2022 жылы «Бақты-Таскескен» бағытындағы республикалық маңызы бар автокөлік жолының 120-135 шақырым аралығындағы 15 шақырым жолға жөндеу жұмыстары жүргізілді. «Барлық-Арасан – Алакөл» аралығындағы облыстық маңыздағы автомобиль жолының 15 шақырымына облыстық автомобиль жолдар басқармасы арқылы орташа жөндеу жұмыстары орындалды. Алдағы уақытта «Ауыл-Ел бесігі» бағдарламасымен 5 елді мекенге ауылішілік жолдарды орташа жөндеу, «Үржар-Барқытбел-Қарабұйрат» 19-34 км учаскесіндегі аудандық маңызы бар автокөлік жолына орташа жөндеу, «Барлық-Арасан-Алакөл» автокөлік жолын орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі,-деді аудан әкімі.
«Бақты» шекаралық өткізу пункті жаңғыртылады
Биылғы жылы республикалық бюджет қаражаты есебінен 5,7 млрд.теңгеге «Бахты» шекаралық өткізу пунктін жаңғырту және техникалық жабдықтау жұмыстарының 1-ші кезеңі басталған. Өткізу пункті сканерлеу аппараты, өлшеу құрылғысы, бейнебақылау камералары сынды заманауи қондырғылармен жабдықталып, 2024 жылы жүзеге асатын 2 кезеңінде жолдарды 6 жолаққа дейін кеңейту жоспарланбақ. Нәтижесінде пункттің өткізу қабілеті ұлғайып, өту уақыты 2 сағаттан 25 минутқа дейін қысқартылады. Сонымен қатар, биылғы жылы «Бахты-Аягөз» темір жол құрылысы басталады.
—Ауданымызда 2024 жылдан бастап ірі инвестициялық жоба «Бахты-Аягоз» темір жол құрылыс жобасы жүзеге асатын болады. Жоба «Абай облысының 2023-2027 жылдарға арналған кешенді даму жоспарына» енгізілді. Бүгінде жобаның техника-экономикалық сипаттамасы әзірленуде. Темір жол ұзындығы 270 шақырымды құрайтын болады. Жаңадан 2600 жұмыс орындарын ашу жоспарда бар,-деп қортындылады аудан әкімі Нұржан Тілеужанұлы.