ХІХ ғасыр аяғы мен ХХ ғасыр басындағы өзгерістер әдебиетіміздің дамуына ықпал етті. Яғни, осы тұста өз заманының үнін жеткізіп, сөзін сөйлей білетін жаңа сипаттағы әдебиет дүниеге келді. Жаңа әдеби процесс өз жемісін беріп, дара тұлғалар әдеби сахна төріне шыға бастады. Қазақ әдебиетіндегі жаңа дәуір ұлы Абай есімімен тығыз байланысты болды. Тарихи кезеңнің күрделі табиғаты Абай бастаған жаңа әдебиетіміздің нық орнығып, ілгері жылжуына ықпалын тигізді.
Абай ақын шәкірттерін ХХ ғасыр басындағы қазақ жерінде болған саяси — әлеуметтік жағдайлар толғантпай қоймады. Олар да қазақ халқының күрделі де қасіретті жағдайларды түсіне білді. Сол себепті де әлеуметтік мәселелерге, заман шындығына да терең толғанып, ойлана қарады.
Абай ақын шәкірттерінің өмір сүрген уақыт сол кездегі саяси — әлеуметтік қақтығыстарға бай болды. Осы тұста «Жаңа заман» ұғымы қалыптаса бастады.
Абай ақын шәкірттерінің туындыларында сол дәуірдегі қоғамның өткені мен бүгіні, халықтың арман — мұраты, ойлары мен мұңдары зерделенген.
Заман тақырыбын тебіреніп толғайтын күш — қайрат, өз заманының кеселдері мен адамзат басындағы мәселелерге деген күйзеліс, сәбиге тән пәк көңіл мен көпті көрген қарияға лайық ақыл толқындары бәрі — бәрі Абай ақын шәкірттерінің бойынан табылатын тамаша қасиеттердің бірі еді. Бұндай қасиеттер Абай бастаған сыншыл реализм әдісімен осынау тарихи кезеңдегі өміршең де өнегелі әдеби дәстүрмен сабақтасып жатыр.
Абай ақын шәкірттері өлеңдерінің тақырыптық аясы өте ауқымды болды.
А. Байтұрсынов: «Біздің заманымыз — өткен заманның баласы, келер заманның атасы» — деген екен. Яғни, Ахмет Байтұрсынов ұрпақтар жалғастығын нақты атап көрсеткен. Шындығында да, адамзат баласының басынан өткен әрбір тарихи кезең, әр ұрпақ өзінің алдындағы белес пен буынның өнегелі үлгісін өзінен кейінгі ұрпаққа жеткізіп, болашаққа бағыттайтын көпір тәрізді Ұлттық әдеби дәстүріміздің ғұмырлы болуының да негізі осында болуы анық.
Абай ақын шәкірттері шоғырының арасынан ең бірінші болып қарайтын ірі тұлға – Шәкәрім Құдайбердіұлы.
Шәкәрімнің мұрасы — айдыны да, арнасы да кең дүние. Ақын өзінің жарты ғасырдан астам уақыт кеңістігіндегі шығармашылық жолында әдебиеттің барлық жанрында еңбек етті. Салмақты да, сүбелі туындыларды дүниеге әкелді.
Шәкәрім Абай маңында топтасып, ұлы ақынның шығармашылық шабыт дарытқан, өнеге үйренген талантты шәкірттерінің алдыңғы қатарында болды. Абай талантының алтын бесігінде тербеліп өскен Шәкәрімнің мұралары өз заманының үнін көтерді, сөзін сөйледі, тынысын танытты. Ақынның ішкі толғанысы, заманға, қоғамға, өмірлік құбылысқа деген көзқарасы, наным – сенімі өлеңдерінде көрініс таба білді.
Шәкәрімнің шығармаларындағы ең басты тақырып заман: оның шындығы, ой — арманы, жүрек лүпілі болды. Өзінің әлеуметтік, азаматтық сарындағы лирикасында Заманның типтік бейнесін жасауы, жетістігі де, кемістігі бар шынайы реалистік кейіптегі уақыттың бейнесін сомдады. Дәуір сипатын ашатын тақырыптардың бір де бірі Шәкәрімнің назарынан тыс қалған жоқ. Нені жырласа да ол қоғам, халық тәрізді ұлы ұғымдардың төңірегінде ой толғады. Ақын қоғамдағы үздіксіз жалғасып жатқан құбылыстардан туындайтын тарам — тарам тақырыптардың әрқайсысына тиянақты зер салды.
Ақынның басты тақырыбы заман және оның шындығы болды десек, осы шындықтың тұңғиығына үңілетін азаматтық лирикасының негізгі ұсынар нысаналы идеясы заманды түзеу болғандығын тез – ақ аңғарар едік. Ақын өз дәуірінің қандай шындығын айтса да, ол мейлі ащы болсын, мейлі жақсы болсын, оны бір жақты сынаумен немесе жалаң мақтаумен шектелмеді. Сол шындықтың халық бұқарасының өмірімен сабақтастығын, әлеуметке тигізер пайдасын, қоғамның экономикалық және рухани жағынан өркендеуіне, халық тұрмысының әл — ауқатын көтеруге қаншалықты қатысты екенін назарда ұстайды. Өмір шындығын бейнелеу арқылы заманын түзеуді, өмірді жалғастыруды ойлайды.
Білгенімді жазушы ем,
Бекем буып белімді.
Мінін айтып қалушы ем,
Түзетпек боп елімді.
Бұлдарлық ой менде жоқ,
Бұған шыққан терімді.
Ұқтырарлық пенде жоқ,
Қате басқан жерімді. — деп
«Ашу мен ынсап» атты өлеңінде Шәкәрім өз жүрегінде тұрған осы сырды аңғартқандай болады, бүкіл ғұмырын өз заманын, туған елін түзетуге бағыттағанын айтады. Заманды түзеу ең алдымен адамды түзеуден басталмақ. Ақынның назары о бастан — ақ айналасындағы адамдардан, олардың мінез — құлқы, іс — әрекеттеріндегі жаман әдеттерден басталатындығын аңғарады. Сонымен қатар өз дәрежесінде шамасы жеткенше күреседі. Дегенмен, осы тұста ақын өз сөзін ұғар қауым жоқ, қол ұшын ұсынар жан табылмай, керісінше өзін келеке, күлкі етуге әзір екендіктерін байқаған ақынның жүрегі сыздай түседі.
Кім жалғыз, бұл жалғанда — есті жалғыз,
Мұңдасар болмаған соң бір сыңары
Жалтаңдап жалғыз Абай өткен жоқ па,-
Қазақтан табылды ма соның пары?
Өлеңімен жұбатты өзін — өзі
Еңбегі еш, іші беріш, жүзі сары.
Сөзін ұғып, ақылын алмаған соң.
Өлеңнен Шәкәрімнің елін, заманын түзеу жолындағы жауапты міндетінің батпандай салмағын сездіру, айналасынан сүйеніш, тірек іздеген ниет — арман екенін байқаймыз. Ақын сол қауымның ішінен заман сөзін айтарлықтай, айтқан сөзді ұғарлық сәулелі жол іздейді. Сол арқылы заманның бойына ізгілік, имандылық нәрін дарытсам деп армандайды. Замандастарының бойынан мысқылдай болса да жақсылық нышанын көрсем дейді.
Жүрегі таза адамдар,
Зұлымдықтан амандар,
Қиянатсыз надандар,
Әулиеден кем емес, — деп /58.159/ түйеді «Ескіден қалған сөз теріп» атты өлеңінде.
Заманды түзету мақсатындағы ойларын түзетуде Шәкәрімнің алдында екі бағыт, екі жол тұрды. Оның бірі — қоғамдағы адамдардың мінез — құлқы мен іс — әрекеттеріндегі кемшіліктерді әшкерелеп, қоғамдық өмірдің көлеңкелі жағын сынау болса, екінші жағы — қараңғылықтан құтылудың, рухани тығырықтан шығудың жолын іздеу еді.
Ақынның реалистік шығармаларына тән сыншылдық қасиет те ең алдымен заман кемшіліктерін әшкерелеп сынаудан көрінеді. Ақынның сыны ұр да жық, дөрекі, нәтижесіз сын емес, тереңнен шыққан жан айқайы, перзенттік жүректі сыздатқан уытты ыза мен өзекті өртеген өкініштің өткір де ащы қамшысы.
Өзімді ұрған мінезді сөгемін деп,
Тілім тисе сіздерге, кеш достарым, — деп
өзінің түпкі адал ниетінің төркінін сездірген ақын:
Ащы сөзім — достығым, маған нансаң,
Кемдігім — келістіріп айта алмасам, — деген
жолдармен ойын одан әрі өрбіте түседі. Соңында өз дауысының дәрменін түсінгендей күйге түсіп,
Адастың деп отырмын айғай салып,
Бар тапқаным сол болды, амал бар ма, — деп қазақ елінің басындағы хал — ахуалды бейнелейді, өзінің «жартасқа барып, күнде айғай салған» Абай ұстазы тәрізді амалсыздығын, шарасыздығын көрсетеді.
Заманды түзеудің бірінші шарты – адамды түзеу. Ақынға жеке адам бойындағы қисық — қыңыр мінездер, салақтық, жалқаулық, араздық пен арамдық, көрсеқызарлық пен күншілдік сияқты толып жатқан келеңсіз әдет — ғұрыптар надандықтың басы ғана емес, қоғамның артта қалушылығының себепкері, заманының кеселі тәрізді көреді. Сондықтан замандастарының мінез — құлқындағы кемшіліктерді санамалап, сынағанда Шәкәрім ақындығының өткірлігінде шек жоқ.
Ақынның «Құмарлық», «Еріншек», «Бай мен қонақ», «Өкінішті өмір», «Сәнқойлар», «Қалжыңшыл қылжақбас», «Ашу мен ынсап» т.б. сияқты көптеген өлеңдерінде адам бойындағы еріншектік, жалқаулық, салақтық, мақтаншақтық сияқты жаман қасиеттерді санамалап, олардың бір — бірімен байланысты екендігін айтады.
«Ызақорлар» атты өлеңінде:
Еріншек, ашу, құмарлық —
Бұларды істен шығардық.
Жамандықтың басы осы,
Кісі болса ұғарлық…
М. Базарбаев: «Жалқаулық пен еріншектікке бой ұруды бұлайша өлтіре сынау қазақ әдебиетінің тарихында Шәкәрімнен өзге ақын — жазушылардың аузынан шығуы кемде — кем», — дейді.
Шәкәрім «Хайуан мен ақымақтар» атты өлеңінде:
Еріншектің несі артық өліктен де,
Өзің сына оларды көріп кел де,
Байқарсың еріншектің төмендігін,
Көп мініп шабан тартқан көліктен де,
Хайуаннан несі артық қудың — дағы,
Бір антұрған залалкес тудың — дағы.
Қораға үрмес бір төбет тышқан аңдып,
Адамдықты сонымен жудың — дағы.
Мақтаншақтың бұлардан артық жері —
Бұқа қойса қоймайды біздің сері,
Жуан мойын, ала көз, мүйізі алай,
«Менен артық кім бар» деп жүргендері.
Көрсеқызар маймылдан ілгері ме,
Түбін көрмей қызықпақ білгені ме?
Адам қайтсе, сүйтемін дейді маймыл,
Мен де маймыл болам деп жүргені ме?
Ызақорды байқалық енді мақтап,
Қабатұғын төбетпен бір салмақтап:
Кей төбеттен жеңіліп, кейде жеңіп,
Әбден көзі қызарсын арсалақтап.
Бет түзетін сәнделгіш әтеш болсын,
Қоқиып, қодырайып, ұшып — қонсын.
Іш түземей, сыланып, сыртын түзеп,
Тауықтың айғыры бол, бейне солсың (58.99), — деп жырлайды.
Шәкәрімнің бұл шығармасында адамның әрбір мінезіне сәйкес келетін хайуанаттар мен жануарларды таңдап, екеуінің арасын шебер шендестіреді.
Абайдың реалистік дәстүрін туғып ұстаған Шәкәрімнің реалистік лирикасындағы шығармашыллық жаңашылдығы оның күнделікті өмірде ұсақ — түйек тәрізді көрініп, қалың көпірдің арасында өтіп жататын нәрсенің өзіне ақындық зердемен терең мән беруінен аңғарылады. Ақын қазақ елін жайлап алған надандықтың қоғамымыздың экономикалық — әлеуметтік және рухани өркен жаюына қолайлы жағдай туғызбай, керісінше, зиянды екенін айтады. Бұл Шәкәрім лирикасында кездесетін идеялық — көркемдік ерекшеліктерінің бірі.
Жоғарыда атап өткеніміздей, Шәкәрім заманды түзеуді ең алдымен
замандастарын түзеуден бастайды. Бұл жолда ақын тек қоғамдағы жаманшылықтарды әшкерелеп қойған жоқ, ұстазы Абай тәрізді бағыт — бағдар сілтеп, болашаққа жол көрсетеді.
Шәкәрімнің осы орайда кең түрде тоқталып өтуге лайық өлеңі –«Жастарға». Бұл өлең ақынның жігіттік шағында жазылып, болашаққа ұстанған мақсатын, шыншылдық қасиетін, сыншылдығын, ағартушылық мұраттарын жеткізеді. Өлең барысынан Шәкәрімнің жүрегіндегі ақындық таланттың адамға тән сезімталдық пен көрегендік қасиеттерімен айрықша астасып жатқаны сезіледі. Сонымен қатар, өзінің ғибратты сөздерінде ақын бірінші кезекте жастарға арнайды.
Болашаққа білім мен ғылымды үйренудің шексіз пайдасын түсіндіреді және түсіндіру арқылы өз дәуірінің шынайы бейнесін сомдайды. Өзінің сыншылдығының арқасында адамдардың кемшілігін, тұла бойындағы келеңсіз құбылыстарды әшкерелейді. Дегенмен ақын тек әшкерелеуші ғана емес, тығырықтан шығудың жолын іздеп, өзіне де, өзгеге де Абайды дана көсем, жолбасшы етіп ұсынады.
Сақ болалық, бір шоқып. бір қаралық!
Қарауылдар мезгіл ғой, тұр, қаралық!
Жүз айтқанмен, өзгенің бәрі надан,
Жалыналық Абайға, жүр, баралық!
Білімді сол кісіден ізденелік!
«Әдейі іздеп біз келдік сізге» делік!
«Өмір зая болмастық өнер үйрет,
Ақылыңды аяма бізге» делік.
Шәкәрім Абайдың кемеңгерлігін осылай бағалай келіп,
Қой, жігіттер, күн болды ойланарлық,
Білім, әдет, ақылды ойға аларлық.
Надандықтан еліріп босқа жүрсек,
Мына заман көрсетер бізге тарлық, —
деп жастардың болашақта атқаратын міндеттерінің бағытын айқындап берді. Бұл өлеңде ақын тек қана насихат айтумен шектелмеді.
Шәкәрімнің реалистік сипаттағы шыны мен сыны қатар өрілетін азаматтық лирикасындағы жеке адам туралы ойлары дами келе тұтас халық мәселесіне ұласады. Қоғамдық — әлеуметтік ортадағы жеке адамның кемшіліктерін әшкерелеу, жақсы қасиеттерін насихаттау тұрғысындағы ойларынан ақын тұтас халық жөніндегі фәлсапалық мәнге толы толғамдарын туындатады.
Қай заманда да, қандай қаламгер болсын өзі өмір сүрген тарихи дәуірмен ажырамас бірлікте болатынына ақиқат.
М. Әуезов Абай шығармаларының халықтығы туралы айта келіп, екі қырынан көрсеткен. Ол сипаттар мыналар: біріншіден, ақын қарапайым еңбек адамының атынан сөйлей отырып, қанаушы таптың зұлымдық әрекеттерін әшкерелейді. Ол кедейлердің ауыр халіне жаны ашып, араша түседі, қазақ әйелдерінің теңдікке жетуіне тілеулес болады, жастарының болашаққа қадам жасауын арман етеді. Ал, екіншіден, ақын осы тәрізді шынайы халықтық мүддені жырларына өзек ете отырып, халықтың сөз өнерін барынша мол пайдаланумен қатар, оны жаңа қырларымен, әрлі де нақышты бояуларымен байыта түседі. Осыдан келіп Абай шығармаларындағы халықтық қасиеттің екінші қыры көрінеді.
Шәкәрім ұстазы Абай тәрізді қазақ жұртының көлеңкелі жақтарын, адамның әлеуметтік өмірдегі кемшіліктерді халықтық тұрғыдан зерделеп, халықтың жоғын жоқтап, жастардың қамын ойлайды. Атап айтсақ, «Партия адамы», «Ашу мен ынсап», «Қазақ», «Насихат», «Қош!» және тағы басқа өлеңдерінде ақын қазақ жұртының басындағы хал — ахуалды реалистік тұрғыдан бейнелеп береді.
Ақын өзінің шығармашылық жолында қоғамдық теңсіздіктің жігін ажыратып, «Бай мен кедей», «Жуандар», «Зұлымдық қылып елді жеп», «Бай мен қонақ» тәрізді саяси — әлеуметтік мәселелерді қозғайтын мәнді өлеңдер жазғанымен, олар үстем тап пен кедейлердің арасындағы алшақтықты көрсетіп отырғанымен, байлардың озбырлығы мен тоғышарлығын, қарынын тойдыруды мақсат еткен марғау тіршілігін өткір сынға алғанымен Шәкәрім осы тығырықтан шығудың жолын нұсқауға келгенде ағартушылық идеяда болады. Оның ұсынған бағыты күрес жолы емес, оқу, білім алу, еңбек ету бағыты еді. Шәкәрімнің ағартушылық бағыттағы идеялары «Насихат», «Үш -ақ түрлі өмір бар», «Сен ғылымға», «Сынатарсың өзіңді», «Ғылымсыз адам айуан», «Жасымнан жетік білдім түрік тілін» т.б. Ақын бұл еңбектері арқылы қалың бұқараны оятуға әрекет етеді, ғылымға жетелейді.
Әдебиеттер:
- А. Байтұрсынов. Ақ жол. – Алматы: Жалын. 1991 ж. — 460 б.
- Әуезова Л. М. М. Әуезов творчествасында қазақстан тарихының проблемалары. — Алматы. Мектеп.1977 ж. 300 б.
- Әділбекқызы Ж. Семей орыс географиялық қоғамы және қазақ зиялылары. //Абай. 2004 ж. №1. 61 — 64 б.
- Белгібаев М. Әділбекқызы Ж. Семей орыс географиялық бөлімінің ХХ ғасырда атқарған жұмысы. // География және табиғат. 2004 ж. №4. 3 – 10 б.
- Гоголь кітапханасы Абай мекпебі. // Семей таңы. 1970 ж. 10 июль.
- Мұхамедханов Қ. Ұлы ақынның қайраткерлік қызметттері. //Абай. 1992 ж. №1.
Омарғалиев Ерік,
Семей облыстық тарихи — өлкетану музейінің ғылыми қызметкері