Чернобыль апатының орын алғанына биыл 30 жыл толыпты. Осынау аралықта, сол бір зұлматтың орын алған уақытынан қаншалықты алыстасақ та, оның салған жарасы әлі де жазылар емес. Сол бір қасірет таңбасы саналар күн әлі де ел жадынан өшкен жоқ. Жыл сайын осы мерзім түрлі шаралармен аталып өтіледі.
Абай атындағы әмбебап кітапханасында Чернобыль атом электр станциясы апатының 30 жылдығына арналған еске алу кеші болып өтті. Аталмыш игілікті шараны қаламыздағы «Жанұя орталығы» қоғамдық қоры мен «Чернобыль мүгедектерінің еркін қоғамы» қоғамдық бірлестігі, Абай атындағы әмбебап кітапхана қызметкерлері бірлесіп ұйымдастырыпты. Іргелі басқосуға чернобыльдықтар және өмірден озған чернобыльдықтардың әйел-дері, қалалық мәслихат депутаттары, радиациялық медицина және экология ғылыми зерттеу институтының қызметкерлері, Семей қаласының мемлекеттік медицина университетінің онкология және визуалды диагностика кафедрасының оқытушылары, шаһарымыздағы отбасылық-дәрі-герлік амбулаториялардың медицина қызметкерлері және үкіметтік емес ұйымдар мен колледж студенттері қатысты.
Басқосу барысында ға-сырдың жазылмас жарасына айналған Чернобыль апаты туралы танымдық деректі фильм көрсетіліп, оның залалды әсері, сондай-ақ осынау апатты жоюға қатысқан қазақстандықтардың ерліктері туралы айтылды.
Айта кетейік, осынау алапат апаттың нәтижесінде Украи-наның елеулі аумағы мен Ресейдің Брянск және Калуга облыстарының аумағы радиоактивтік ластануға ұшырап, адамдар өміріне айтарлықтай зор қауіп төнді. АЭС-тен радиусы 30 шақырым жерде тұратын халық басқа жерлерге көшірілген болатын. 1986 жылдың қараша айына дейін апатқа ұшыраған блок залалсыздандырылып, оқшауланды. Апатты залалсыздандыруға шамамен 800 мыңнан аса Кеңес Одағының әскерилері, оның ішінде 35 мыңнан аса Қазақстан азаматтары да тартылған еді. Радиоактивті түтін аймақтан асып, 10-нан аса мемлекеттің 145 мың шаршы шақырым жерін ластады және кем дегенде 5 миллион халық зардап шекті. Оның зардабы қаншалықты ұзаққа баратыны әлі де белгісіз қалып отыр.
Жиын барысында сонымен қатар дәрігер мамандар да аталмыш апаттың зардаптары туралы кең көлемде түсінік беріп өтті. Олардың мәліметіне сүйенер болсақ, жыл өткен сайын Чернобыль апатын ауыз-дықтауға қатысқан жанкешті жауынгерлердің қатары сиреп барады. Қазіргі таңда Қазақстанда Чернобыль апатын жоюға қа-тысқан 5 мыңға жуық адам бар екен. Олардың басым көпшілігі жазылмайтын сәуле ауруларына ұшыраған дімкәс жандар болып табылады. Ал олардың кешегі ерліктерін ешқашан да ұмытпау ләзім.
Еске алу кешінде колледж студенттері өздерінің жүрек түкпірінен шыққан жыр жолдарын оқып, сол бір алапат күннің ауыртпашылықтарын бастан өткеріп, зардаптарын жоюға қа-тысқан ерлердің ерліктерін өлең жолдарына қосты.
Қ.ӘЛІМБЕК, Семей қаласы.