Семей қаласының прокуратурасы кең көлемді «Жалақы — уақтылы» жобасын жүзеге асыруда. Акция аясында әрбір қызметкер қадағалау органының өкілдеріне жүгініп, жалақы мерзімінің кешігуі туралы хабарлай алады.
Сәрсенбі күні Семей қаласының прокуратурасы азаматтардың еңбек құқықтарын қорғау саласындағы өзекті мәселелер талқыланған баспасөз мәслихатын ұйымдастырды. Аталған шара «Жалақы — уақтылы» жобасын іске асыру шеңберінде ұйымдастырылды. Жиынға Семей қаласы прокуратурасының прокуроры Тимур Сыздықов, Семей аймақтық салалық кәсіподақтардың координациялық кеңесінің төрағасы Сәбит Ибраев, еңбек заңдылығы бөлімінің басшысы Тоқтарбек Түсіпбаев пен Семей қаласы ішкі саясат бөлімінің бас маманы Юрий Осьмаков қатысты.
«Жалақы — уақтылы» акциясы — аса маңызды жобалардың бірі. Оның негізгі мақсаты — әрбір семейліктің еңбек құқығын қорғауға көмектесу. Дағдарыс кезінде көптеген кәсіпорындар мен фирмалардың қызметкерлерге жалақыны уақытымен бермейтіні немесе айлап кешіктіретіні жасырын емес. Мұндайда көптеген жандар не істеу керектігін білмей жатады. Айта кетуіміз керек, аталған шара облыс көлемінде қолға алынған.
— Шараның мақсаты – жалақыға қарызы бар мекемелер мен ұйымдарды анықтау. Борышкерлер көп жағдайда жұмысшыларына жалақы бойынша қарыздары барын жасырады, ал қызметкерлер тиісті құзырлы органға жүгіне бермейді. Осыған орай, қалалық прокуратура бұрындары қарызы болған мекемелерге сараптама немесе жасырын сауалнама жүргізу арқылы жалақының кешіктірілгенін анықтайтын. Егер еңбекақы уақтылы төленбеген болса, мекеме немесе кәсіпорын басшыларына түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Шараның мақсаты — қарапайым жұмысшылардың уақтылы жалақыларын алуларына қол ұшын созу. Қазақстан Конституциясы бойынша, әрбір азамат заң аясында уақтылы еңбекақыларын алулары тиіс,- дейді Семей қаласы прокуратурасының прокуроры Тимур Сыздықов.
Аталған акция ағымдағы жылдың 26 қазанында басталған. Шара барысында шаһардағы бірқатар кәсіпорындардың жалақыға қарызы бары анықталыпты. Бүгінгі күні оның кейбірі борыштарын өтесе, кейбірі қаржылық қиындықтарға байланысты біртіндеп қайтарып жатқан көрінеді. Қадағалау органы өкілдерінің мәліметі бойынша, бүгінгі күнге дейін 60 млн. теңге көлеміндегі жалақыға қарыз жабылып, 200-ден астам азамат заңды еңбекақыларына қол жеткізген. Бұдан өзге шаһар кәсіпорындары қызметкерлеріне 24 млн. теңгеге жуық қарыз болып отыр.
Семей қаласының прокуратурасы «Жалақы — уақтылы» кең көлемді жобасын жыл соңына дейін жалғастырмақ. Ал егер нәтиже айтарлықтай болса, шара келер жылы да жалғасын таппақ. Айта кетейік, прокуратура өңірдегі еңбек құқығы бұзылған әрбір қызметкерді арнайы сенім телефонына хабарласуға шақырады. Семей қаласы прокуратурасындағы сенім телефоны: 8 (7222) 52-39-50. Бүгінгі күнге дейін аталған желіге алты адам хабарласып үлгерген. Тағы бір айта кетерлігі, өтініштері мен шағымдарын сенім телефоны арқылы білдірген тұрғындардың құпиялылығы сақталады.
Асан МЫРЗАХАН,
«Семей таңы»