Қаңтар Қазақстан халқы үшін қарбалас оқиғалармен басталды. 10 қаңтар күні өткен Мәжіліс және барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары сайлауынан кейін ҚР Үкіметі босатылып, көп кешікпей жаңа құрам жасақталды. Сонымен, ҮКІМЕТТІҢ ЖАҢА ҚҰРАМЫ:
ӘЛИХАН АСХАНҰЛЫ СМАЙЫЛОВ – Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары;
РОМАН ВАСИЛЬЕВИЧ СКЛЯР – Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары;
ЕРАЛЫ ЛҰҚПАНҰЛЫ ТОҒЖАНОВ – Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары;
МҰХТАР БЕСКЕНҰЛЫ ТІЛЕУБЕРДІ – Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі;
ҒАЛЫМЖАН ТЕЛЬМАНҰЛЫ ҚОЙШЫБАЕВ – Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Кеңсесінің Басшысы;
НҰРЛАН БАЙҰЗАҚҰЛЫ ЕРМЕКБАЕВ – Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі;
ЕРЛАН ЗАМАНБЕКҰЛЫ ТҰРҒЫМБАЕВ – Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі;
АИДА ҒАЛЫМҚЫЗЫ БАЛАЕВА – Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрі;
САПАРХАН КЕСІКБАЙҰЛЫ ОМАРОВ – Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрі;
МАРАТ БАҚЫТЖАНҰЛЫ БЕКЕТАЕВ – Қазақстан Республикасының Әділет министрі;
АСХАТ ҚАНАТҰЛЫ АЙМАҒАМБЕТОВ – Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі;
АЛЕКСЕЙ ВЛАДИМИРОВИЧ ЦОЙ – Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі;
СЕРІК ЖАМБЫЛҰЛЫ ШӘПКЕНОВ – Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі;
БЕЙБІТ БӘКІРҰЛЫ АТАМҚҰЛОВ – Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі;
ЕРҰЛАН КЕНЖЕБЕКҰЛЫ ЖАМАУБАЕВ – Қазақстан Республикасының Қаржы министрі;
АҚТОТЫ РАХМАТОЛЛАҚЫЗЫ РАЙЫМҚҰЛОВА – Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі;
БАҚЫТ ТҰРЛЫХАНҰЛЫ СҰЛТАНОВ – Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрі;
ЮРИЙ ВИКТОРОВИЧ ИЛЬИН – Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі;
ӘСЕТ АРМАНҰЛЫ ЕРҒАЛИЕВ – Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрі;
БАҒДАТ БАТЫРБЕКҰЛЫ МУСИН – Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі;
МАҒЗҰМ МАРАТҰЛЫ МЫРЗАҒАЛИЕВ – Қазақстан Республикасының Экология, геология және табиғи ресурстар министрі;
НҰРЛАН АСҚАРҰЛЫ НОҒАЕВ – Қазақстан Республикасының Энергетика министрі.
Байқап отырған боларсыздар, Үкіметтің құрамында үлкен өзгеріс жоқ, екі министр ғана ауысқан да, қалғандары бұрынғы орындарында қалды.
Жаңа үкіметтің құрамында лауазымын сақтап қалған министрлердің бірі — Аида Ғалымқызы БАЛАЕВА. 2020 жылдың 4 мамырынан бастап Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрі лауазымына тағайындалған Аида Балаева 1974 жылы Алматы облысы Жамбыл кентінде дүниеге келген. Білімі: 2000 жылы Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетін, 2007 жылы Қазақ ұлттық аграрлық университетін тамамдаған.
Қазақ тілді БАҚ басшыларының ҚР Президенті Қ.Тоқаевқа «Қазақ баспасөзінің басына зор қауіп төніп тұр» атты ашық хаты түрткі болды ма, кім білсін, Аида БАЛАЕВА өткен жылдың мамыр айында ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі қызметіне тағайындалған беттегі жұмысын қазақ тілді газет және сайт басшыларымен кездесуден бастаған болатын. Ашығын айтуымыз керек, алғашқы қарқынына қарап қазақ тілді журналистер Балаевадан көп үміт күткен едік… Өкінішке орай, ештеңе өзгерген жоқ. Қазақ баспасөзінің проблемалары жылдар бойы айтылып та, жазылып та келе жатыр. Әсіресе бүгінгідей интернет ақпарат кеңістігіне үстемдік жүргізіп отырған заманда мемлекеттік идеологияны өз тілінде жүргізіп отырған қазақ басылымдары қолдауға зәру–ақ. Келген министрлердің қай–қайсынан да қайыр болған емес… Аида БАЛАЕВАМЕН кездесуден кейін біраз уақыт жақсы өзгеріс күткен қазақ тілді жорналшылар қауымы қазір үміттерін үзе бастағандай… Айтпақшы, қазақ тіліндегі БАҚ құралдарына мемлекеттік тапсырыс беру кезінде қолдау жасалатыны жайлы құжат жобасы да дәл сол кезде дайыналды деп естідік. Алайда жоба жоба күйінде қалған сыңайлы…
Қасым–Жомарт Тоқаевтың «еститін билік» қағидасынан кейін болар, біраз уақыт тікелей эфирге шығып, халыққа жақын болуға тырысқан Аида Ғалымқызы соңғы кездері көзге көп түсе бермейді. Әрине, аталған министрліктен бүгін жаңаша жұмыс істеуді уақыттың өзі талап етіп отыр… Сыртқы саясатқа ішкі саясаттың қолдауы аса маңызды кезеңде өмір сүріп жатырмыз. Соңғы кездері ұлан-байтақ қазақ жері көршілердің көзіне жиі түсе бастаған сыңайлы…
Бұрын Жириновскийдің айтқандарын «жындының сөзі» деп қабылдасақ, енді РФ Думасының депутаты Вячеслав Никоновтың Қазақстанның солтүстік өңіріне қатысты даулы мәлімдемесі мен оны әріптесі Евгений Феодоровтың «Ресей өзіне тиесілі бірнеше аймақты Қазақстанға сыйға берген» деген пікірін көрші елдегі саясаткерлердің Қазақстанға қарсы арандатушылық сипаттағы ақпараттық шабуылы деп қабылдадық. Бұл мәселенің екі мемлекет арасындағы одақтастық қатынастарға үлкен зиян келтіру қаупі бар екенін ескерсек, аталған жағдай тек Сыртқы істер министрлігінен ғана емес, Ақпарат министрлігінен де сақ отыруды қажет ететіні белгілі. Никонов пен Феодоровтардың үні өшті деген сеніммен арқаны кеңге салып, жайбарақат отыруға болмайды. Ресей көз тігіп отырған солтүстік өңірді ғана емес, шекаралық аймақтардың қай-қайсында да қазақтандыру саясатын жүргізу мен ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету Балаеваның басшылығындағы министрліктен салмақты да салиқалы идеологияны қажет етеді…
Соңғы кездері орыс тілін ресми тіл мәртебесінен айыру жайлы мәселе де жиі көтеріліп жүр. Қысқасы, Балаеваның басшылығындағы министірліктің жұмысы жетерлік… Дегенмен, Аида Ғалымқызының мол тәжірибесі өз алдына, идеология майданының кездейсоқ жауынгері емес екендігін ескерсек, үміт көп.
Үкіметтің құрамына жаңадан тағайындалған лауазым иелерінің бірі — Ұлттық экономика министрі — 34 жастағы Әсет Арманұлы ЕРҒАЛИЕВ. Көпшілікке беймәлім тұлға. Министрлердің ішіндегі жас жағынан ең кішісі. 1987 жылы 18 маусымда дүниеге келген. Қазақстан менеджмент, экономика және болжау институтын, Халықаралық бизнес мектебін (Швеция), Йорк университетін және Ноттингем университетін тамамдаған. Лондондағы Еуропалық қайта құру және даму банкінің Шығыс Еуропа және Кавказ экономикалық департаментіне арналған аймақтық экономикалық саясат талдаушысы (2010-2011), Премьер-министрдің кеңесшісі және ұлттық экономика вице-министрі, ал ағымдағы лауазымға тағайындалғанға дейін премьер-министр кеңсесінің басшысы қызметтерін атқарған. Шыққан тегі туралы нақты ақпаратымыз болмағанымен, ант беру рәсімінде ана тілінде тұсаулы аттай кібіртіктегенін көріп, асфальтта өскен бала деп пайымдадық.
Екі министрдің ғана ауысқандығынан болар, қайсыбіреулер Үкіметтегі өзгеріс осы Арман Ерғалиев пен Серік Шәпкеновті билікке әкелу үшін ғана жасалған деген пікір де айтып жүр. Ең жас министрдің қандай басшы болатынын, ұлттық экономикамыздың өркендеуіне қаншалықты үлес қосатынын уақыттың еншісіне қалдыра тұралық…
Өткен жылы бүкіл әлемді жайлаған коронавирус індеті кезінде Әлеуметтік қорғау министрлігіне түскен салмақтың жеңіл болмағаны белгілі. Індет салдарынан жұмыссыз қалған халыққа 42 500 теңге таратуды дұрыс ұйымдастыра алмай, көпшілік талқысына көп ілінген Біржан Нұрымбетов салымшыларға зейнетақы қорындағы ақшаларын алудың ережесін бекітуде де әлсіздік танытқан болатын. Үкіметтің жаңа құрамын жасақтау кезінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан НҰРЫМБЕТОВ қызметінен кетіп, оның орнын Серік ШӘПКЕНОВТІҢ алмастырғанын көпшілік дұрыс шешім деп қабылдады .
Серік Шәпкенов 1979 жылы Батыс Қазақстан облысы Қаратөбе ауылында туған. Батыс Қазақстан мемлекеттік университетін «экономист-математик» мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын 2000 жылы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде оқытушы болып бастаған. Әр жылдары Батыс Қазақстан облысы әкімінің аппаратында, аталған облыс әкімінің бірінші орынбасары, ҚР Президенті Әкімшілігінің Мемлекеттік бақылау және аумақтық ұйымдастыру жұмысы бөлімінің мемлекеттік инспекторы, Атырау қаласының әкімі, Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары болды.
Қай сала болмасын маңызды десек те, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне түсетін салмақтың үлесі басқалардан ерекше екендігі белгілі. Бердібек Сапарбаев сияқты саясаттың сұңғыла сайыпқыраны, Тамара Дүйсенова сияқты халықты әлеуметтік қорғау саласында реформаларды әзірлеу және жүзеге асыруда тәжірибесі жеткілікті тұлғалардың орнын алмастыру оңай емес. Көңілден шықпаса, көпшіліктің Серік Әбденов сияқты жұмыртқа лақтырып, тәубеге келтіруі қиын еместігін жаңа министр түсінетін шығар. Ендеше, жаңа министрге төзімділік тілейміз.
Бұрын Сыртқы істер министрі лауазымында болған МҰХТАР БЕСКЕНҰЛЫ ТІЛЕУБЕРДІ енді Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі, яғни екі қызметті қатар атқаратын болды. Мұхтар Тілеуберді 1968 жылы 30 маусымда Түркістан облысы Ақсукент ауылында туған.
Еңбек жолын Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің философия тарихы және Қытай филологиясы кафедрасынан бастаған тәжірибелі дипломат МҰХТАР БЕСКЕНҰЛЫ ТІЛЕУБЕРДІ бұрын тек Сыртқы істер министрі болса, жаңа Үкіметтің құрамында Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары, Сыртқы істер министрі болып, екі лауазыммен кірді.
Үкімет құрамын жасақтау кезінде халық арасында Денсаулық сақтау министрі Алексей Владимирович ЦОЙ орнында қала ма, жоқ па деген сауал көп болғаны құпия емес. Бұрынғы министр Елжан Біртанов пандемияның кезінде өз міндетін дұрыс атқара алмағандықтан қызметінен кеткеннен кейін орнына тағайындалған Алексей Цой лауазымын локдаун деген жаңа сөзбен бастаған болатын. Карантиннен қажыған халық алғашқыда «локдаун» деген сөзден бір жаңалық іздеп, аңтарылып қалған… Сөйтсек, локдаун дегеніміз қарапайым ғана төтенше жағдай кезінде тұрғындардың далаға шығуына тыйым салынуы екен. Негізінде, табиғи апат кезінде қолданылатын шара бұрын-соңды Қазақстанда қолданыста болмаған. Ал, шындығында, мұның карантиннен еш айырмасы жоқ, екеуінің де қолданатын шаралары мен шектеулері бір. Төтенше жағдай кезінде тұрғындардың далаға шығуына тыйым салынуын министр «локдаун» деп «карантиннен» мезі болған елді шошытып алмау үшін айтқан сияқты.
Алексей ЦОЙ министр лауазымына дейін вице–министр болған… Осы жерде көкейде бір сауал тұрады: Алексей Цойдың Елжан Біртановтың орынбасары болғанда көрсете алмаған қабілеті министр болған кезде ашылып кетті ме? Халық пандемиядан қынадай қырылды. Қажетті дәрі-дәрмектер, әншейінде аяқ астында шашылып жататын парацетомол, аспириндерді таппай қиналды. Табылғанының өзінің бағасы аспандап кетті. Президент араласқан соң ғана дәрі-дәрмек мәселесі шешілді. Ал сол кезде «СК-Фармацияның» қоймаларында дәрілер тонналап тығулы жатқанын көрдік. «СК-Фармация» компаниясында болған былықтарға министрмен бірге орынбасары да жауап бермей ме???? Былтырғы ауыр жағдайдан халық жабыла ақша жинап, жасанды өкпе желдеткіштерін өздері алып қана жан сақтап қалғаны белгілі. Ендеше, ҚР Үкіметін қайта жасақтау кезінде Денсаулық сақтау министрінің орнында қалуын, Цой мырзаның ерекше еңбегіне берілген баға деуден гөрі, «өткелде ат ауыстырмайтын» қағидаттың сақталғаны деген дұрысырақ болар деп ойлаймыз.
Орнында қалғанымен оңтайлы жұмысымен көзге түсе алмай жүрген министрлердің бірі — Ақтоты РАЙЫМҚҰЛОВА. Мемлекеттік тіл туралы заң Концепциясы Мәдениет министрлігінде дайындалып, былтыр Үкіметке жіберілгенінен хабардармыз. Бұл туралы Ұлттық кеңестегі кездесуде Мәдениет министрі Ақтоты Райымқұлованың өзі баяндағанын да естігенбіз. Мемлекеттік тіл туралы заң жобасының Концепциясы қазір қандай күйде, Үкіметтен шықты ма, Президентке жетті ме деген сұрақтың жауабын мыңдаған адамның күтіп отырғанын Ақтоты Райымқұлова естен шығармаса болғаны…
ӘКІМДЕР АКВАРИУМДА ОТЫРАДЫ…
Сөзіміздің басында айтып кеттік, Үкімет отставкаға кетеді деп дүрліккенімізбен, көп өзгеріс жоқ. Бір–екі ауыс-түйіс болмаса… Әкімдер орындарында. Соңғы бірнеше күннен бері жаңадан сайланған кейбір депутаттар ант бере алмай, желінің жұлдызына айналды.
Айтпақшы, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев әкімдердің қабырғалары шыны әйнектермен жасалған кабинеттерде жұмыс істейтінін мәлімдеді. Биліктің халық алдындағы беделі онсыз да девальвацияға ұшыраған кезде, көпшілік осы жаңалықты өрескел деп қабылдағанын да жасырмаймыз…
Сыбайлас жемқорлыққа шыны қабырға тосқауыл болса жақсы–ау.
Риза МОЛДАШЕВА