Қазақтың ұлы ақыны, дана ойшылы Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойы биыл бұрын-соңды болмаған ауқымда өтті. Әдетте, жыл сайын атап өтілетін мереке биыл он күнге созылды. Семей қаласы мен Жидебай өңірі мереке орталығына айналды. Қаланың басты көшелері ұлттық нақышта безендіріліп, ақынның туған жерінде қаз-қатар тігілген киіз үйлер қонақтарға есігін айқара ашты. Қала мен далада күмбірлеген күй мен әуелеген ән Абай деп соққан жүректерге сәуле құйып жатты. Он күн бойы бүкіл әлем Абай деп сөйлеп тұрғандай болды. Бұл мерекеге тек Қазақстанның түкпір-түкпірінен ғана емес, шет елдерден де қонақтар келді. Осы орайда «Кім келді?» дегеннен гөрі, «Кім келмеді?» деген сауал орынды болар. Бұл тек ақынды еске алу емес, Абаймен тыныстап, Абайша ойлап, Абайша өмір сүруге ұмтылған он күн болды. Абай мәңгі!
Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ,
«Semeı tańy»
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен жыл басынан қолға алынған ұлтымыздың ұлы тұлғасы Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойының тамыз айы басталысымен тіптен маңызы арта түсті. Қазақтың руханияты мен мәдениетіне жаңаша сипат берген онкүндік аясындағы шаралардың қайсысы болсын, ақын Абайдың атын асқақтатып, халқымыздың абыройын асырды, өскелең ұрпақ бойына рух дарытты. «Өлді деуге сыя ма ойлаңдаршы, өлмейтұғын артына сөз қалдырған» деген ұлы ақынның сөзінің қаншалықты терең, қаншалықты өміршең екендігі бұл жолы да айқын білінді.
Ертеден ел ішінде «Ұлылар мекені» атанған Абай ауданындағы тойдың түйінделер сәтін көруге арнайы барғанымызда ақын туған топырақтың қадір-қасиетін бұрынғыдан да жақын тани түстік. Абай мерейтойының құрметіне арналған халықаралық, республикалық және облыстық деңгейдегі түрлі мәдени және рухани іс-шаралар Шыңғыстау төрінде шарықтау шегіне жетті.
8, 9, 10 тамыз күндері өткен мерейтойлық шаралар «Барған да арманда, бармаған да арманда» дегендей көпшіліктің көңілінен орын тапты. Ақын тойына дайындықтың жоғары деңгейде ұйымдастырылғаны бірден байқалды. Қарауылтөбенің баурайында сап түзеген ақшаңқан киіз үйлер алыстан көз тартады. Киіз үйлер бірнеше қатарға рет-ретімен тігілген, бұл көрініс ерекше әсер қалдырды. Үйлердің арасына асфальт жол төселіп, қонақтардың еркін жүріп-тұруы жан-жақты ескерілген.
Абай облысының барлық аудандары мен қос қаласы — Семей мен Курчатов, сондай-ақ басқармалар мен өндіріс орындары тіккен киіз үйлердің қайсысына бас сұқсаңыз да, ұлттық тағамға толы мол дастарқан қазақтың дарқан көңілін, қонақжайлығын паш етіп тұр. Жалпы саны 180 киіз үй тігіліпті. Жарық пен су жүйесінің тартылуы, алыстан көзге түсетін алып сахнаның орнатылуы және ондағы LED экрандар — барлығы мерекенің мазмұнын арттырып, жұртшылықтың той қызығын тамашалауына үлкен мүмкіндік берді. Бұл — Абай ауданы әкімдігінің ұйытқы болуымен көпшіліктің бір кісідей жұмылып, ортақ іске аянбай атсалысқанының нәтижесі.
Мерейтойға келген қонақтар үшін ең әсерлі сәттердің бірі — Қарауылтөбенің биігіне орнатылған «Абай елі» стелласы болды. Алыстан көз тартатын бұл ескерткіш Абай елінің рухани биігін, айбынын танытып тұрғандай. Стелланың ашылу салтанатына Абай облысының әкімі Берік Уәли, ақын Төлеген Жанғалиев, ардагер журналист Совет Махметов бастаған аудан ақсақалдары мен аналар қатысты.
– Ел-жұрттың береке-бірлігінің арқасында республикалық деңгейдегі тойды ойдағыдай өткіздік деп ойлаймын. Басқа облыстан делегациялар келіп, қолдау көрсетті. Бір-бір нысаннан салып бермек. Мұның бәрі – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей қолдауы. Абай елі – ақындар елі, батырлар елі. Бүгін үлкен мерейтой аясында Қарауыл ауылында мән-мағынасы өте терең ашылды, – деді облыс әкімі Берік Уәли.
Екі жағы да металл сүйенішпен жиектеліп, апаратын арнайы баспалдақ салынған төрт тұғырлы ескерткіштен еуропалық стиль байқалады. Бірінші тұғырға қойылған қауырсын қалам – «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы» деген өлең жолдары Абайдың ақындық құдіретін аңғартады. Екінші тұғырдағы қалқан – кешегі ел қорғаған батырлар мен бүгінгі ерлеріміздің рухты болмысын танытса, үшінші тұғырдан көрініс тапқан домбыра – Абай Құнанбайұлының жаны мен әнінің өзегі. Төртінші тұғыр – ұлыларды тудырған ақ бесік. Ескерткіштің ең басында ғаламшар мен оны айнала қалықтаған тыныштық пен тұрақтылықтың символы – қарлығаш құс бейнеленген.
– «Абай елі» ескерткішін орнату идеясы туындағанда, оның жан-жақты мағынасының үйлесім табуы үшін көп ізденуге тура келді. Абайдың шығармашылығын, өнер құдіретін таныту, кешегі мен бүгінгі дәуірді сабақтастыру, елдің тыныштығы мен бірлігін бейнелеу сияқты ойлар мазалап, ақыры осындай туынды дүниеге келді, – дейді халық құрметіне бөленген мүсінші Нұрбол Қалиев.
Айта кетер жайт, Нұрбол Қалиевтың Абай Құнанбайұлына қатысты еңбектері семейліктерге жақсы таныс. Солардың бірі – Абай музейінің алдындағы «Абай балаларымен» ескерткіші. Екіншісі – «Ұстаз бен шәкірт» композициясы, онда жазушы Мұхтар Әуезов пен оның шәкірті, көрнекті абайтанушы Қайым Мұхамедханов бейнеленген. Бұл қос туынды да Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тарапынан жоғары бағаланған.
Мерейтойға жиналған қонақтар Қарауылтөбенің биігіне баспалдақпен көтеріліп, ұлылар мекеніне жоғарыдан көз тастады. «Абай елі» стелласының айналасында суретке түсіп, ескерткішке тағзым еткендердің жүзінен риза көңіл, ерекше толқу байқалды. Бұл сәттерге біз де куә болып, жүрегімізді мақтаныш пен қуаныш кернеді.
Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойында ел мерейін өсірген айтулы оқиғаның бірі – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтауын жеткізу үшін Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың арнайы келуі болды. Мәулен Сағатханұлы өз сөзінде Президенттің ұлы ақынның мерейтойын жоғары деңгейде, халықаралық (ЮНЕСКО) ауқымда атап өту қажеттігін жыл басынан ерекше назарға алғанын атап өтті.
Мәулен Сағатханұлы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқып беріп, артынша өз ойын жеткізді:
– Президентіміз атап өткендей, Абай – төл мәдениетімізді дамытуға өлшеусіз үлес қосқан әлемдік деңгейдегі кемеңгер тұлға. Ол өскелең ұрпақты білімпаз, еңбекқор, адал азамат болуға шақырып, ұлттың жаңа сапасын қалыптастыратын қасиеттерді кеңінен дәріптеді. Абайдың мол мұрасы – қазақ халқының ғана емес, барша адамзаттың өнеге алатын асыл қазынасы.
Сондықтан Абайды тану және таныту, шығармашылығын терең зерделеу өте маңызды. Осы ретте кейінгі жылдарда ақын мұрасын жан-жақты насихаттау мақсатында кешенді жұмыс атқарылғанын атап өткен жөн. Бұл қатарда Мемлекет басшысының бастамасымен Абай облысының құрылуы және Абай күнінің бекітілуі айрықша мәнге ие. Мұндай шешімдер өңірдің әлеуетін арттырумен бірге, ойшылдың рухына тағзым етудің озық үлгісі болды.
Алматыда салынып жатқан Абай ұлттық мектебінің де маңызы зор. Бірегей білім ордасы алдағы уақытта қазақ зиялыларының жаңа буынын қалыптастыруға қызмет етпек.
Шын мәнінде, Абайдың терең ойлары ешқашан өзектілігін жоғалтпайды. Сондықтан Мемлекет басшысы жариялаған Әділетті Қазақстан құру идеясының негізінде Абай айтқан өсиеттер жатыр. Бүгінде Абайдың «Толық адам» қағидаты да мемлекеттік саясатымыздың өзегіне айналып отыр. Президентіміздің «Адал азамат» тұжырымдамасы осы құндылыққа табан тірейді.
Өйткені Абай сөзі мен рухы – Тәуелсіздігімізді нығайтуға, бірлігімізді бекемдеуге және ұлтымызды жаңа биікке көтеруге ықпал ететін нағыз рухани бағдар. Сол себепті ғұламаның мұрасы бүгінге де, ертеңге де қызмет ете беретіні сөзсіз.
Жалпы, ұлы тұлғаның есімін ұлықтау – еңселі елдіктің көрінісі. Әрдайым осылай ұлт руханияты мен төл құндылықтарымыздың тұғыры бекем болсын! Қазақ елі мен Абай мұрасы мәңгі жасай берсін! – деді Мәулен Әшімбаев.
Сенат Төрағасы сонымен қатар жаңа облыстың жандануы оның басшысына да байланысты екенін атап өтіп, облыс әкімі Берік Уәлидің еңбегін жоғары бағалады.
Абайдың 180 жылдық мерейтойы тек сән-салтанатты шара емес, тағылымы терең, рухани-мәдени құндылықтарды кеңінен насихаттауымен ерекшеленді. Соның айқын бір көрінісі — қазақ халқының жайлауға көшу салтын сахналық қойылым арқылы көрсету болды.
Облыстың әр ауданынан келген өнерпаздар кезекпен көш түзеп, сахнаның сәнін келтірді. Бұл көрініс көрермендердің қызығушылығын арттырып қана қоймай, ұмыт бола бастаған ұлттық дәстүрді қайта жаңғыртты.
Көрермен алдынан жүріп өткен бүркіт ұстаған, тазы жетектеген жігіттер, найза ұстаған батырлар, жүк артқан түйелер, сәнді киінген бойжеткендер мен ақ жаулықты әжелер – бәрі де қазақтың терең тарихы мен мәдениетін айшықтап, көрерменге ерекше әсер сыйлады.
Ал режиссер Жұлдызбек Жұманбайдың жетекшілігімен дайындалған, үш театр және бірнеше өнер ұжымдары қатысқан «Бала Абайдан дана Абайға» атты сахналық қойылымның әсері тіптен ерекше болды. Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясынан алынған үзіндіде үш жылдық оқуынан ауылына оралған бала Абайды әкесі Құнанбай мен ауыл үлкендерінің асыға күту сәті шынайы берілді.
Аттан түскен сәтте Зере әженің: «Бар, алдымен әкеңе амандас» деуі – терең тәрбиелік мәні бар ишара. Бұл көрініс қазақы тәрбие мен парасатты ананың болмысын айқын көрсетті.
Қойылым әрі қарай Абайдың «Қансонарда бүркітші шығады аңға» атты өлеңінен алынған сахналық көрініспен жалғасты. Ұлы ақынның кемеліне келген кезін сомдаған актер Болат Әбділмановтың Абайдың бірінші қара сөзін жеткізген сәті залды тебірентті.
Абай мерейтойындағы ерекше оқиғалардың бірі – «Жеті қазына» фестивалі болды. Фестиваль аясында «Ер жігіт», «Сұлу әйел», «Қыран бүркіт», «Құмай тазы» сынды сайыстар, «Аламан бәйге» мен «Топ бәйге» жарыстары ұйымдастырылды. Жеңімпаздар автокөлік пен бағалы сыйлықтарға ие болды.
Сонымен қатар қазақ күресінен «Түйе палуан» және «Өгіз палуан» жарыстары өтті. Маңғыстаудан келген Нұрдәулет Жарылғапов пен алматылық Жігер Еркінұлы жеңімпаз атанды. Тоғызқұмалақ сайысында шымкенттік Ғалымжан Темірбаев жеңіп, автокөлік иеленді.
Абай рухына тағзым ретінде Семейден Қарауылтөбеге дейінгі 180 шақырымдық марафон ұйымдастырылды. Оны батысқазақстандық Баубек Ильясов 19 сағат 9 минут 45 секундта жүгіріп өтті. Жүлдегерлерге 90 бас жылқы және 10 автокөлік берілді.
Дүбірлі тойдың соңы «Желсіз түнде жарық ай…» атты гала-концертке ұласты.
Сонымен, Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойы Семейде және Шыңғыстауда жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Бұл мерейтой — ұлы ақынның рухына тағзым ғана емес, елдік сананы көтеретін, ұлттық бірлікті бекемдейтін маңызды тарихи оқиға болды.