Журналистік сараптама
ҚОЙ ШАРУАШЫЛЫҒЫНЫҢ БОЛАШАҒЫ БАР МА?
Рас-өтірігін кім білсін, кейбір дерек көздеріне сүйенсек, адамзат баласы қой малын осыдан 10-11 мың жыл бұрын өсіре бастаған-мыс… Құдайы қонағы келсе, қораға жүгіретін қонақжай қазақ төрт түліктің ішінен Шопан ата түлігін өсіруді ата кәсіпке балап, ерекше ардақтаған. «Асық ойнаған азар, доп ойнаған тозар, бәрінен де қой бағып, құйрық жеген озар» деп ұрпағына ұлағат айтқан қазақтың қорасындағы осы түліктің саны соңғы жылдары азайып кеткені жаңалық емес.
Бүгін біз Қазақстанда қой шаруашылығы отандық агробизнестің негізгі бағыттарының біріне айналып жүр ме, ет, сүт, жүн, тері сияқты шикізаттар экспорт арқылы ел экономикасының дамуына қаншалықты ықпал етіп отыр деген тақырыпқа сараптама жасап көрмекпіз.
Қой шаруашылығының болашағы — ата кәсіпті ардақтайтын бүкіл алаш баласын алаңдатып отырған мәселе. Осыдан бір жылдай уақыт бұрын ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі алдағы 7-8 жылда еліміздегі қой саны 30 млн-ға жетеді, жылдық өсім 3 пайыз төңірегінде болады деген болжам жасаған болатын.
Қазақстанда тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында 36 млн ұсақ мал болғаны ресми деректерден белгілі. Ендеше, бүгін Қазақстанда қой саны неге азайып кетті? Колхоз-совхоздар тарап, шаруашылықтар жекенің қолына көшкен соң малды дұрыс баға алмадық па, әлде қой етін тым көп жеп қойдық па?
ШҚО Ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметіне сенсек, 2010 жылы аймақтағы қой мен ешкінің саны 2 288 988 бас болған екен. Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің деректеріне сәйкес, облыстағы қой шаруашылығы дамуының 2020-2022 жылдардың 1 қаңтардағы негізгі көрсеткіштері 2020 жылы 1 370 912 бас болса, 2021 жылы 1 379 112, ал 2022 жылдың 1 қаңтарында 1 413 420 болып отыр. Байқап отырған боларсыздар, соңғы үш жылда қой санының аздап өскені байқалады. Он жыл ішінде қой саны айтарлықтай кеміген. Себеп неде дейсіз бе? Біріншіден, базарда қой етінен гөрі жылқы мен сиыр еті өтімдірек. Екіншіден, ұсақ мал асырау тиімсіз. Шаруалар бес қойдың жеген жем-шөбі бір сиыр асырауға жететінін айтады. Бес қойға қарағанда бір сиырдан түсетін пайда көп, бейнет аз дейді олар.
Қазақстанда қойдың 24 түрі өсіріледі. Біздің аймағымызда 5-6 түрлі қой тұқымы бар екен. Шығыс Қазақстан облысы — Байыс қойының отаны. Жарма ауданына қарасты бұрынғы «Бірінші май» кеңшары, Үшбиік ауылдық округі, Байыс қойын өсірумен айналысқан бірден-бір шаруашылық. Бұл шаруашылықты көп жылдар басқарған Биахмет Жампозов, Сағынған Каметов, бас зоотехник Лесбек Тұрсынбетов, селекционер-зоотехник Мұхаметрахым Жанділдинов сынды мал шаруашылығының білгірлерінің есімдерін осы саланың мамандары жақсы біледі. 1980-ші жылдары осы «Бірінші май» кеңшарында Одақтың кезінде атынан ат үркетін К.А.Тимирязев атындағы ауыл шаруашылығы академиясының ғалымдары ғылыми зерттеулер жасап, ғалым А.И.Ерохиннің жетекшілігімен біздің Жарма жерінде бірнеше мәскеулік аспиранттар диссертация да қорғаған. Сол кезде Үшбиікте өсірілген Байыс қойының жүн, ет, тері өнімдері Мәскеудегі ғылыми-зерттеу институттарының зертханаларында сараптамадан өткізілгені де көпшілікке белгілі.
Кеңес кезеңінде жүн мен тері өндіру жұмысында бүгінгдей кедергілер болмағандықтан қой түлігінің етімен бірге жүнінің сапалы болуына да көңіл бөлінгені белгілі. Еліміз тәуелсіздігін алғаннан кейінгі 30 жылда қой жүні мен терісін өңдейтін кәсіпорындардың болмауы себепті шаруалар Шопан ата түлігінің қылшық жүнді, құйрықты, жартылай қылшық Еділбай тектес тұқымдарына көбірек таңдау жасай бастады. Бүгінгі таңда Байыстың отаны Үшбиік ауылдық округінде осы тұқымды өсірумен бірнеше шаруашылық айналысып отыр. Жоғарыда айтып кеткеніміздей, біздің аймақта, негізінен, Алтайдың алты айға созылатын қытымыр қысы мен аптап ыстығына төзімді қазақтың құйрықты қылшық жүнді және жартылай қылшық жүнді, сонымен қатар Байыс тұқымды қойлары өсіріледі. Семейлік селекционер ғалымдардың ширек ғасыр бұрынғы ғылыми еңбегінің нәтижесінде дүниеге келген Байыс қойы — осы қасиеттерді жинақтаған үш түрлі тұқымның қосындысы.
Осыдан бірнеше жыл бұрын ҚР Үкіметі жанында құрылған Экспорттық саясат жөніндегі кеңес республика бойынша 16 түрлі тауардың экспорттық әлеуетін арттыру туралы тапсырма берген. Сол тізімнің қатарында қой малы да бар. Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан қазіргі уақытта ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттауға бағытталған квоталар бөлу мәселесін көтеріп жатқанына да біраз уақыт болды. Бұл жоба аясында аймақтың ұсақ мал өсіріп отырған шаруашылықтарының шет елдерге еркек малды тірі салмақта экспорттауы жоспарланып отыр. Жалпы, өткен жылы өңірдің шопандары 59,2 мың АҚШ долларын құрайтын 9,5 тонна қой етін Иран еліне экспортқа шығарған екен.
Қой саны бойынша Шығыс Қазақстан облысы бүгінгі таңда Түркістан, Алматы және Жамбыл облыстарынан кейінгі төртінші орында. Шығысқазақстандық шопандар ұсақ малдың басын 30 жылдай уақыттан кейін 64 пайызға дейін арттырды. 30 жылдай уақыт ішінде облыстағы қой саны 652 мыңға артқаны көңілге үміт ұялатады. Алдағы уақытта мемлекеттік қолдаулар көп болса, қой саны да, ет экспорты да ретке келетін сияқты. Ол үшін, ең бірінші, халықаралық деңгейдегі зертхана қажет.
Бүгінгі таңда қой түлігін өсіретін шаруалар «Аграрлық кредиттік корпорация» мен «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» ұйымдары арқылы «Қарапайым заттар экономикасы» және «Сыбаға» мемлекеттік бағдарламалары аясында жеңілдікпен берілетін несие ала алады. Облыс бойынша қой малының 52,1 пайызы шаруа қожалықтарының үлесінде, ал қалған бөлігі қарапайым халықтың қорасында. Бұл көрсеткіш бойынша аймағымызда қой малын ең көп өсіріп отырған өңір – Тарбағатай ауданы. ШҚО-дағы жалпы қой санының 18,2 пайызы Тарбағатай өңірінің үлесінде. Облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметіне сәйкес, аймағымызда қой өсіру кәсібін өрбіткен шаруашылықтардың жалпы саны 700 шамасында. Олар Абай, Жарма, Аягөз, Күршім, Ұлан, Үржар және Тарбағатай аудандарында орналасқан.
ТҰҚЫМДЫ АСЫЛДАНДЫРУ ЖҰМЫСЫ ҚАЛАЙ?
Ресми деректерге сүйенсек, елімізде қой шаруашылығы өнімділігі соңғы 30 жыл төңірегінде төмендеп кеткен. Қой малының тұқымын асылдандыру бүгінгі таңда осы саламен айналысатын шаруа қожалықтарының жетекшілері үшін маңызды болып отыр. Мемлекет тарапынан асыл тұқымды әр аналыққа 4 мың теңге субсидия бөлінеді. Жүн мен теріден түсетін пайда болмағандықтан, ет бағытындағы қой малын сатып алу ғана тиімді. Қазақстанда жиырма шақты қой тұқымы бар болса, біздің аймақтағы шаруашылықтар, негізінен, Байыс, меринос, қазақтың қылшық жүнді және құйрықты жартылай қылшық жүнді Еділбай тұқымды қойларын көптеп өсіруге ден қойып отыр. Қойдың мұндай түрлері облыстағы барлық асыл тұқымды қой санының 85 пайызын құрайды.
Асыл тұқымды мал шаруашылығы туралы Қазақстан Республикасының 1998 жылғы 9 шiлдедегi №278 Заңына сәйкес, 2015 жылы қой малының әр өнімділік бағыты бойынша республикалық палаталар құрылды.
Палатаның құзыретіне асыл тұқым мәртебесін беру немесе тоқтата тұру, күшін жою арқылы асыл тұқымды мал шаруашылығының таңдалған бағытына қарай асыл тұқымды мал басын есепке алу, малдың асыл тұқымдық құндылығын бағалау және олардың өсімін молайту, тұқымдық малдардың тектілік құндылығын айқындау және тұқымдық куәліктер беру, импортталған асыл тұқымдық өнімге экспорттаушы елдердің құзыретті органдары берген куәлікті немесе оған балама құжатты бекіткен тәртіппен тану міндеті кіреді.
Бүгінгі таңда Шығыс Қазақстанда жібек және жартылай жібек жүнді асыл тұқымды 2 900 қой өсіретін 2 шаруашылық, қылшық жүнді бағыттағы асыл тұқымды 157 100 бас қойы бар 678 шаруашылық, 7178 бас қойы бар 58 шаруашылық, жартылай қылшық жүнді бағыттағы Еділбай тұқымды 1819 бас қойы бар 3 шаруашылық, жартылай қылшық жүнді бағыттағы Байыс тұқымды 32 000 бас қой өсіріп отырған 16 шаруашылық тіркелген.
Шығыс Қазақстанда асыл тұқымды қойлардың жалпы саны, 2022 жылдың 1 қаңтарындағы мәлімет бойынша, 200 997 бас, барлық санаттағы қойлардың жалпы санына шаққандағы асыл тұқымдық үлес салмағы 14,2 пайызды құрайды.
Қой малының өсімін молайту, асыл тұқымды аталықты пайдалану жолымен аналық бастың тұқымдық және өнімділік сапаларын жақсарту мақсатында тұқымды түрлендіру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар да аз емес. Бұл жұмысқа 2020 жылы 141 925 аналық бас қатысып, барлық санаттағы аналық басқа шаққанда 14,9 пайызды құрапты.
ҚОЙ ЕТІН ЭКСПОРТТАУҒА ҚАЛАЙ ҚОЛ ЖЕТКІЗЕМІЗ?
Бұл — Шығыс Қазақстандағы қой шаруашылығымен айналысатындардың арманы…
«Мал өсірсең — қой өсір, табысы оның көл-көсір», «Қойдың сүті — қорғасын», «Асық ойнаған азар, доп ойнаған тозар, бəрінен де қой бағып, құйрық жеген озар» деген сияқты сөздерді айтқан ата-бабамыз төрт түліктің ішінде Шопан ата түлігіне ерекше ықылас танытқан.
Қой етімен қатты науқастанған адамды сорпаландырған. Босанған əйелдерді қой сорпасымен қалжалаған. Қазақта ынжық жігіттерді көргенде айтатын «Сені де анаң ұл тудым деп қалжа жеген ғой» деген де ауыр сөз бар. Бұл қой етінің қазақ үшін қасиетті ас екенін аңғартса керек. Бүгін қой еті сасиды деп жемейтіндерді де байқап қаламыз. Қой құйрығы — адам ағзасына қажетті микро-макроэлементтердің жиынтығы, табиғи антибиотик. Қазақ құйрық маймен суық тиген науқасты сылаған, ішіп, жөтелді басқан.
Өкінішке орай, 1990 жылы елімізде 284 мың тонна қой еті өндірілсе, соңғы бес жыл көлемінде бұл көрсеткіш 150-170 мың тоннаның төңірегінде ғана екен. Байқап отырған боларсыздар, Қазақстанда өндірілетін қой еті бүгінгі таңда ішкі сұраныстан артылмай тұр. Ендеше, қой шаруашылығы дәл қазір ет экспортына ойдағыдай үлес қоса алмайтынын түсіне беруге болады. Етті бағыттағы тұқымның кең таралғаны – Еділбай қойлары. Етті-жүнді бағыттағы меринос тұқымы да жақсы сұраныста. Қазақстан үшін қой етін экспорттау мәселесінде дәл қазір Қытай бағыты маңыздырақ. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, экологиялық тұрғыдан таза ет тасымалдау мәселесі қарастырылуда.
«Қазақстанда қазіргі кезде қой малы өнімдерінің ең пайдалысы – ет. Англия, Аргентина, Еуропа елдері, Жаңа Зеландия, Австралия өз өнімдерін экспорттау жұмысын дұрыс жолға қойған. Біздің де мүмкіндіктеріміз зор-ау… Бірақ бұл орайда шаруа жүргізу мәдениетін, ғылым мен техника жаңалықтарын өндіріске енгізіп, бар өнімді қайта өңдеу, өтімді тауар деңгейіне көтеру жұмысы дұрыс қолға алынбай отыр.
— Біздің облыстан ет экспорттау мәселесін Араб елі осымен төртінші жыл зерттеп жүр. Бірақ оған дүниежүзілік деңгейдегі зертхана керек. Ондай зертхана мен технолог маман облысымызда жоқ. Ет экспорты зертханасының деректері ағылшын тілінде жазылу керек. Бұл жұмысты ұйымдастыруға жекелеген шаруаның шамасы келмейді. Егер қой етін экспорттау мәселесі шешілсе, қой бағуға ынталы жастар да көбейер ме еді. Қой бағу оңай жұмыс емес. Сиырды қорадан шығарып жіберіп, кешке қарсы алсаң болды. Ал қой баққан адам таңның атысынан кешкі сағат 20:00-ге дейін соңында жүруі керек. Біздің жастар осы қиындықтан қашады,- дейді Зайсандағы «Қара Ертіс» ШҚ жетекшісі Жеңісбек Кәрібаев.
Үкімет 2010 жылдары ірі қараны асылдандыруға тиісті қолдау көрсетті. Алайда қой шаруашылығы тасада қалып қойды. Бүгін қой шаруашылығын өркендету тақырыбына ерекше тоқталып отыруымыздың себебі — ата кәсіптің қайрандап қалған балықтай күй кешіп отырғандығы… Қазір Қазақстанда қой саны 20 млн болса, әр қазақстандыққа бір қойдан ғана келеді екен.
ҚОЙШЫ МӘРТЕБЕСІН КӨТЕРУ ҚАЖЕТ
Жасыратыны жоқ, Кеңес Одағы ыдырап, тәуелсіздігімізді қолға алған алғашқы жылдар халыққа оңайға тимеді. Нарыққа дайындықсыз кіргендіктен халық алғашқыда есеңгіреп қалды. Елді жайлаған жұмыссыздық кезінде екі қолға бір күрек іздеген ауыл тұрғындары урбанизация көшіне ілесіп, қаланы бетке алды. Дәл сол тұста бір қойды бір қап ұнға айырбастайтын жағдайды бастан кешкен халқымыз ұлттық кәсіпті қытайдың ала сөмкесіне алмастырды. Халық еңбекақы мен зейнетақы ала алмай қиналған кезеңдерде қой ақша орнына айырбас тауарға айналды. Міне, қой санының азайып кеткені осы «Балапан – басына, тұрымтай – тұсына» кеткен заманда басталды.
Бүгін депутаттыққа кандидаттар квотасына көп балалы ана, әр түрлі ұлттың өкілдері, кәсіпкер, жастар деген сияқты топ өкілдері қамтылса, Одақ тұсында бұл тізімде көш бастайтын шопандар болатын. Бүгін депутат шопанды көргендеріңіз бар ма?
Мал бағатын адам жоқ! Бұл — барлық шаруа қожалықтарына ортақ проблема. «Күнделікті азығын, жел мен күнге қақталып мал соңында жүргеннен гөрі, базарда арба сүйретіп тапқан әлдеқайда тиімді»,- дейді кешегі шопанның баласы Айдар есімді азамат. Малды ауылдан көшіп келгеніне біраз жыл өтсе де саяжайды паналап, базардағы кәсіпкерлердің жүгін таситын арбамен жанұясын асырап жүрген оның жасы елуді еңсеріп қалған екен:
— Менің әкем шопан болған. Көзімді ашқаннан мал бағудың қыр–сырын біліп өскен адаммын. Бұрынғы шопан мен бүгінгі шопанды салыстыруға келмейді. Жеке шаруа қожалықтарының малын бағу мен бұрынғы колхоз-совхоздардың шопаны болудың айырмашылығы жер мен көктей… Ол кезде шопан мәртебелі мамандық болатын. Шопандар ауылына облыс, аудан басшылары жиі келіп, жағдайларын біліп тұратын. Ал бүгінгі шопан — жалдамалы малшы. Оны шаруа қожалығының басшысынан басқа кім біледі? Апта сайын автолавкалар қажет тауарларын жеткізіп отыратын. Ол кезде үндінің жоғары сортты шайы мен екінің бірінің қолы жете бермейтін тәтті дәмділер мен киім-кешектің бәрі шопандарға арналатын. Шопан балалары орталықтағы барлық жағдай жасалған интернаттарда оқитын. Жоспарды орындап, 100 саулықтан қозыны асыра алған шопанға сыйлыққа қозы берілетін. Моральдық та, материалдық та көтермелеу шопан қауымның еңсесін көтеретін еді. Қысқасы, ол кезде ең бай шопандар қауымы болатын. Атақ та, құрмет те ең бірінші шопанның үлесіне тиетін. Қазақстан тәуелсіздігін алған жылдар ішінде малшыларға орден берді дегенді, немесе шопан депутаттыққа сайланды дегенді естігендеріңіз бар ма? Бүгінгі малшылардың көбі кеше істі болып, темір тордың ар жағынан оралғандар… «Мал баққанға бітеді» дейтін қазақтың ата кәсібі осыдан кейін қалай өркендейді?– дейді кешегі шопанның баласы .
Осы мақаланы баспаға дайындау барысында бірнеше шаруа қожалықтарының иелерімен сөйлескен болатынбыз. Барлығы дерлік мал бағатын адам табудың қиын екендігін айтады:
— Шопанның жұмысы ауыр екені белгілі. Мал аман болсын десек, шопанның да көңілін табу керек. Шопан дұрыс болмаса, малдың да күйісі кетеді. Сондықтан жалақысын уақтылы төлейміз. Жанұясымен келсе де қысылып-қымтырылмайтын кең, жағдай жасалған баспана, монша бар. Азық-түлік, отын-су, соғымын тегін береміз. Өкінішке орай, қалада жұмыссыз, біреудің жертөлесін жалға алып жүргендер ауылға барып, мал бағуға құлықсыз. Мал басын көбейтуге малшының жоқтығы да қолбайлау,- дейді Зайсандағы шаруа қожалығының иесі Жеңісбек Кәрібаев.
1974 жылы мектеп бітіруші шұбартаулықтар Қазақстанда қой санын 50 миллионға жеткізу керек деген бастама көтеріп, жас шопандар бригадаларын құрды. Жасыратыны жоқ, қоғам сол бастаманы қазақ жастарын қой соңына салып қойды деп сан саққа жүгіртті. Одақтың қазақты қорлауы деп қабылдағандар аз болған жоқ. Ата кәсіпті өркендетуге үндеген сол бастаманың тиімді жақтары да аз емес еді. Екі жыл жұмыс істеп ақыл тоқтатып, тәжірибе жинаған жастар жоғары оқу орындарына жолдамамен конкурссыз түсетін. Оқуларын бітірген соң елге оралып, қызмет істейтін. Бүгін ойлап қарасақ, сол кездегі жастардың бойында патриоттық сезім басым болған сияқты. Малды ауылды думанға бөлеген сол жастардың қой санын көбейтуге үлес қосқаны сөзсіз.
Шопан еңбегі ауыр. Соны түсініп, жағдай жасайтын шаруа қожалықтарының иелері жоқ емес, бар. Солардың бірі — Зайсандағы «Қара Ертіс» шаруа қожалығының иесі — «Қара Ертістің қара нары» атанып жүрген азамат Жеңісбек Кәрібаев. Қожалық Байыс қойын өсірумен айналысады. Бүгінгі таңда Күршім ауданына қарасты Боран ауылы мен Зайсанды жалғастыратын көпірдің аралығындағы жерді мекен етіп отыр. Жеңісбек Кәрібаев — Өскемен педагогикалық институтының түлегі, мамандығы тарихшы, Одақ тұсында аудандық тұтынушылар одағын басқарған. Еліміз тәуелсіздігін алып, нарыққа көшкен кезде, сауданың қыр-сырын білетін Жекең алғашқыда күнбағыс, бидай, бақша дақылдарын өсіруді қолға алып, көп кешікпей Зайсанда алғашқылардың бірі болып қой шаруашылығын қолға алды. «Қара Ертіс» шаруа қожалығын құрды. Жарма ауданына қарасты бұрынғы «Бірінші май» кеңшарынан Байыс қойының тұқымын алып, ата кәсіпке бет бұрған Жеңісбек аға қазір 76 жаста. Шаруа қожалығында 5 мыңға жуық асыл тұқымды Байыс қойы бар:
— 2500 бас қойға бұрын 30 сақман жұмыс істесе, қазір оларды небары 5 адам алмастырып отыр. Малшы табу проблема. Күніне 8 мың теңге еңбекақы төлейміз, малшыларға. Кезінде Қырғызстаннан да малшы әкелген жағдайлар болған. Әлеуметтік желіге, газетке «Қара Ертіс» шаруа қожалығына жұмысшылар мен малшылар (отбасы мүшелерімен бірге келсе, тіптен жақсы) керек, жалақысы жоғары» деп жарнама береміз. Өкінішке орай, жұмыссыздар тізімінде кезекте тұрғандар көп болғанымен, біздің хабарландыруымызға селт етпейді ғой. Басқа аудандардан уақытша ақша табуға келген бақташыларға малды еріксіз сеніп тапсырамыз. Мал да бапты қажет етеді. Уақытша келген шопандармен көсегеміздің көгермейтіні белгілі. Қой басын көбейту үшін шаруа қожалықтарына, шопандарға деген көзқарасты мемлекеттік деңгейде өзгерту керек. Өзім қазақты жамандағандарды жақсы көрмеймін. Алайда таңертең қорасынан 20-30 сиырды өріске шығарып жіберіп, дүкенге бет алатын келіндеріміз бар. Шайдың сүті мен май, ірімшікті сатып алатын қыз-келіндерімізді көргенде амалсыздан «әттең-ай» дейміз… Ер-азаматтардың мал баққысы, әйел адамдардың сиыр сауғысы келмейтін уақытта өмір сүріп жатырмыз,- деп күрсінді Жеңісбек Қалиханұлы.
Қожалық иелерінің барлығы малшы еңбегін заңға сәйкес лайықты бағалайды деп айтуға да келмес. Олармен келісімшарт жасау жұмысы толық жолға қойылмаған. Зейнетақы қорына ақша аудару тұрғысында да кемшіліктер бар. Біздің ойымызша, шопандардың құқын қорғайтын кәсіподақ ұйымы қажет. Еңбек инспекциясының тарапынан да бақылау жетіспейтін сияқты. «Қазақ — мал бағудан басқа қолынан түк келмейтін жалқау халық…» дейтіндерге айтарымыз — қазақ нағыз еңбекқор халық. Ал мал шаруашылығын өркендетудегі бүгінгі проблемалардың себебі ата кәсіптің дұрыс жолға қойылмай келе жатқандығында екендігі сөзсіз.
Қой шаруашылығын кәсіп еткендерге қолдау жақсарса, еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткішіне айтарлықтай ықпал ететіні сөзсіз. Ата кәсіптің қарыштап дамуы үшін мемлекеттік бағдарламалар қажет. Кезінде «Алтын асық», «Сыбаға» бағдарламаларының қойдың санын өсірумен қатар сапасын жоғарылатуға да көмегі болғанын мойындауымыз керек. Осыдан біраз жыл бұрын республика бойынша қой шаруашылығын дамытудың кешенді бағдарламасы жасалып, республикалық қой шаруашылығы палатасы құрылғанын білеміз. Бұл істерді қой шаруашылығын өркендетуге жасалған оңды қадам деп қабылдасақ та әзірге көп нәтиже байқалмайды .
ЖҮН ӨҢДЕУ ЖҰМЫСЫ ТҰРАЛАП ТҰР
Мата өндірісі үшін қой жүнінің aйpықшa мaңызы бap десек те, бізде ғана емес, бүкіл әлем елдерінде осы табиғи шикізатты толық кәдеге жарату мүмкін болмай отыр.
Бүгінгі таңда табиғи жүнді кендіp, зығыp, жібек, мaқтa, тaғы бacқa да шикізат алмастырып отыр. Бұл өнімдерден дайындалған матаның сaпacы төмен болғандықтан олapғa көбінеcе қой жүнін қоcaды. Қой жүнінің сапасы өте жоғары болaды («қой жүнінің мықтылығын cымтеміpдің мықтылығымен caлыcтыpуғa болaды» дейді мамандар), жылы, жеңіл, бояуға қолайлы болып келеді.
Әлемдегі киім-кешек өнеркәсібінде бүгін табиғи қой жүнін синтепон, холофайбер секілді синтетикалық маталар алмастыруда. Ал Қазақстанның ішкі нарығында қой жүніне сұраныс жоқ. Қой жүнін үлкен мөлшерде сатып алатын алпауыттыр — Қытай мен Үндістан. Біздің елден аз мөлшерде ғана Қытай жүн сатып алады. Бұл екі елге де негізгі жүн экспорттаушы — Австралия мен Жаңа Зеландия. Теңіз арқылы арзан логистика жолдары дамыған Австралия, Жаңа Зеландиямен жұмыс істеу қолайлы десек те, соңғы жылдары жүн өңдеу өнеркәсібі жолға қойылған бұл елдер де шығынға батып, өндірісін қысқартуға мәжбүр болып отыр. Австралия, Жаңа Зеландия,Уругвай мемлекеттері жүн экспортынан гөрі етті бағыттағы қой шаруашылығымен айналысудың тиімділігіне назар аудара бастаған сыңайлы.
Өкінішке орай, біздің елімізде жүн экспорттауға бұл мемлекеттердегідей жағдай жасалмаған. Түркия — мата өндірісі дамыған елдердің бірі. Өңделген қой жүнін түрік еліне жөнелтуге ниеттілер аз емес. Дегенмен бұл нарыққа кіру де оңай болмай отыр.
Шығыс Қазақстанда жүн өңдеумен айналысатын екі кәсіпорын бар. Олар Семейдегі «Роза» ЖШС және Абай ауданының аумағындағы «Дерикар» кәсіпорындары.
«Дерикар» фабрикасы осыдан 4 жылдай уақыт бұрын Қытайдан заманауи технология құрылғысын әкеліп, аймағымыздағы жүн өңдеу өндірісіне біраз жан бітірген болатын. Осы мақаланы баспаға әзірлеу барысында фабрика директоры Тасболат Битеновпен әңгімелескен едік:
— Жүнді жуатын кәсіпорнымыздың жұмысы қазір тоқтап тұр. Дәл бүгін қоймамызда 60 тоннадай жуылған жүн бар. Бірлі-жарым Павлодар, Петропавлдан келіп алушылар болмаса, сұраныс жоқ. Бұрын Қытайға өткізетінбіз. Қазір Қытайға экспорттық баж салығына 25 пайыз төлеу тәртібі енгізілгендіктен жүн экспорттау тығырыққа тіреліп қалды. Жүн жуатын химиялық заттарды Ираннан аламыз. Жуылған қой жүнінің бір бөлігін Ресейге сатамыз,- дейді Тасболат Қажмұханбетұлы.
Міне, шығыстағы шаруаларға шекарадан тауар жөнелту үшін қой жүніне салынатын экспорттық баж ауыр тиіп отыр. Дәл қазір шаруалар қой етін сатып қана табыс табады. Қой жүнінің қор болып жатқанын Абай ауданындағы фабрика басшылығы да растайды.
— Байыс қойының жүнінің ұзындығы 35 см. Түйенің шудасымен пара-пар екенін екінің бірі біле бермес. Өкінішке орай, осы қымбат шикізатты лайықты іске жарата алмай отырмыз. 20 жылдай болды, қой жүнін Семейдегі «Роза» ЖШС өткізіп, ақ киіз жасатамын. Ақ киіз деген — қазақ үшін қасиетті зат. Ыстық пен суықты өткізбейтін киіз көшпелі ата-бабаларымызға пана болған. Бүгін сол киізді ұсақ-түйек тауарларға айналдырып, ер-тоқым, ұлтарақ жасаудамын. Киіздің қалыңдығын 2-3 мм жасап, шапан тігу де ойымызда бар, — дейді Зайсандағы «Қара Ертіс» ШҚ жетекшісі Жеңісбек Кәрібаев:
Елімізде қой терісіне де сұраныс мүлде жоқ деуге болады. Бұрын ауыл-ауылдарда қой сойылса, терісін дереу өткізіп, пұлға айналдыруға асығатын. Ата-бабаларымыз үшін күзгі терісі тон, қысқы терісі тұлып болған қой терісінің қазір ешкімге керегі болмай қалды. Елімізде тері өңдейтін кәсіпорындар жоққа тән. Алматы мен Тараздағы зауыттар тек сиыр терісін өңдейді. Қой терісін өңдейтін бірден–бір кәсіпорын Семейдегі былғары зауыты болатын. Өкінішке орай, нарық қыспағының салмағын көтере алмаған бұл кәсіпорын қазір жұмыс істемейді.
Міне, бүгін қоймен бірге ой баққан қазақты мазалайтын сауал көп… Әсіресе қой шаруашылығының болашағы бар ма, қой терісі мен жүнін өңдеу ісін дамытуды қалай жолға қоюға болады деген мәселе көпшілікті алаңдатып–ақ келеді. Ол үшін, ең бірінші, ішкі нарықты игеру керек. Ал Қазақстан нарығында жүн өңдеу кәсіпорындары іске қосылып, жүннен жіп иіріп, мата жасайтын күнге жетсек, өз елімізде сапалы өнімдер шығарсақ, ел экономикасын көтеруге ықпалы зор болатыны сөзсіз. Қазақстанда жасалған сапалы тауар өз елімізде ғана емес, шетелдіктердің де қызығушылығын арттыратын күнге де жетерміз деген үміт зор… Қойды өсірумен бірге халықаралық деңгейде өнімді өңдеу технологиялары өз елімізде болуы керек.
Аталған мәселе таяуда ҚР Сенаты отырысында депутаттар тарапынан да көтерілді. ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Сенат депутаттары сауалына жолдаған жауабында Қазақстан аумағында жүн өңдейтін кәсіпорын салған кәсіпкерлерге 868 млн теңгеге дейін субсидия төленетінін айтты. Жүн өңдейтін кәсіпорындар үшін құрылыс кезінде шығындарды өтеудің ең жоғары сомасы 868 млн теңгені, кеңейту кезінде 430 млн теңгені құрайды. Былғары кәсіпорындары үшін бұл сома 661 млн теңгені, кеңейту кезінде 300 млн теңгені құрайтыны да айтылды. Халық қалаулылары тарапынан шағын және орташа қуатты жаңа өндіріс орындарын ашуға, бұрыннан жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды кеңейту, жаңғырту жобаларына салынатын инвестиция көлемін ұлғайтуға ұсыныс жасалған болатын. Үкімет басшысы Әлихан Смайылов Мәжілістегі депутаттық сауалға «Өз кезегінде жүн мен теріні терең өңдеу кәсіпорындарына инвестициялық салымдар кезінде шығыстарды өтеу бөлігінде көрсетілген субсидиялау қағидаларына өзгерістер енгізу бойынша ұсыныстар жалпы қолдау табады. Тері мен жүнді терең өңдеу өндірісін субсидиялау, сондай-ақ инвестициялық салымдарды өтеу үлесін ұлғайту және өндірістік қуаттардың ең төменгі деңгейі бойынша талаптарды төмендету мәселелері агроөнеркәсіптік кешенді мемлекеттік қолдаудың тиімділігін арттыру жөніндегі жұмыс тобының отырыстары шеңберінде қаралады»,- деген жауап берді.
Сең қозғалған сияқты… Үміт көп… Тек сөз бен істің алшақтығы болмаса игі…
Риза МОЛДАШЕВА