+Билік пен халық
Облыс әкімі семейліктермен кездесті
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өңірлерді дамыту бағытындағы облыс және қала әкімдеріне жүктеген тапсырмасында халықтың әлеуметтік ахуалын жақсарту мәселесіне ерекше маңыз берілген болатын. Бұл орайда облыс әкімі Даниал Ахметовтің қолдауымен Семейде де елеулі істер еңсерілді. Басты міндет – халықтың тұрмыс сапасын арттыру, өңірдің әлеуметтік-экономикалық ахуалын жақсарту. Қала әкімі Бақытжан Байахметовтің басшылығымен ұзақ жылдар бойы қордаланып қалған бірқатар мәселелер шешімін тапты.
Апта басында аймақ басшысы Семейге арнайы жұмыс сапарымен келіп, қала жұртшылығымен кездесті. Жиында қаланы әлеуметтік-экономикалық дамытудың кешенді жоспарының жүзеге асырылу барысы талданып, 2021 жылға қорытынды жасалды. Биыл атқарылуға тиіс жұмыстар да тиянақталып, алдағы жоспарлар таныстырылды. Халықтың сауалы да жауапсыз қалмады.
Барлық салада өсім бар
«Арена» спорт кешенінде өткен кездесуге жергілікті қоғам өкілдері және қала тұрғындары жиналды.
Даниал Ахметов әуелгі кезекте тәуелсіздіктің 30 жылындағы облыстың жетістіктеріне тоқталды. Облыс әкімі айтып өткендей, ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі 77,2 млн теңгеден 878,7 млрд теңгеге дейін өсті. Жұмыссыздық деңгейі екі есеге: 11 пайыздан 4,8 пайызға дейін төмендеді. Шығысқазақстандықтардың өмір сүру ұзақтығы 64 жастан 72 жасқа дейін өсті.
Осы уақыт аралығында облыс көлемінде жалпы саны сегіз миллион шаршы метрден астам тұрғын үй салынды, сексен сегіз мыңнан астам отбасы жаңа тұрғын үйге қоныстанды. Бес жүзге жуық спорт нысаны, 147 мектеп, 278 балабақша, жүзге жуық денсаулық сақтау нысаны салынды. Бұл бүкіл республика көлеміндегі соңғы жылдардағы жоғары көрсеткіш саналады екен.
Ал өткен жылдың жетістіктеріне келетін болсақ, жергілікті бюджетке түсетін түсімдер көлемі 134,2 пайызға өсіп, 200,5 млрд теңгені құрады. Инвестициялар 107,3 пайыз өсіммен 818,0 млрд теңгені құрады, 602,8 мың шаршы метр тұрғын үй салынды. Өсім 116 пайыз болды. Бұл — бұрынғы жылдармен салыстырғанда жоғары көрсеткіш.
Даниал Ахметов Семей қаласының 2020-2025 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспарын әзірлеуде Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2019 жылдың 26-шы сәуірінде облыс тұрғындарымен кездесуінде берген тапсырмасы негізге алынғанын атап өтті. Жоспар сол жылдың қазан айында Үкіметтің қаулысымен дайындалып, бекітілген болатын.
Естеріңізге сала кетейік, аталған құжат Әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды, экономиканың нақты секторын дамыту, жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету және халықтың табысын өсіру мәселелерін жүйелі шешуге бағытталған. Кешенді жоспар аясындағы жұмыстар 2020 жылы бастау алды. Жалпы сомасы 260 млрд теңгеге 56 жобаны іске асыру жоспарланған. Оның 98,5 млрд теңгесі республикалық бюджеттен, ал қалған бөлігі жергілікті бюджеттен, жеке инвестициялар мен мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында бөлінді.
Семейді дамытудың кешенді жоспары нәтижелі орындалуда
Семейді дамытудың кешенді жоспарының негізгі бағыттары бойынша іске асырылған жұмыстар туралы жиналғандарға облыс әкімінің бірінші орынбасары Алмасхан Сматлаев айтып берді.
Барлығы жеті бағыт бойынша, 260,2 млрд теңгеге жалпы саны 56 іс-шара жоспарланған.
Тұрғын үй құрылысын саласында 2020-2021 жылдары 256 шаршы метр тұрғын үй салу жоспарланған. Іс жүзінде жоспарды артығымен орындауға қол жеткізілді — 401 мың шаршы метр тұрғын үй салынды. Карантиндік шектеулер жағдайында мұндай нәтижеге жету — үлкен жетістік.
Қарағайлы шағын ауданында мемлекет есебінен жиырма көпқабатты үй, он бес несиелік және бес жалға берілетін үй пайдалануға берілді. Жеке инвесторлар 20 көпқабатты үйді іске қосты. «Бір қабатты Шығыс» бағдарламасы бойынша 78 үй салынды. Нәтижесінде 2230 отбасы баспанамен қамтамасыз етілді.
Сумен жабдықтауда 4,2 млрд теңге қаражатқа он нысанның құрылысы жоспарланған болса, іс жүзінде ұзындығы 71,2 шақырым болатын он екі нысан іске қосылды.
Нысандарға жылу беру 71 Гкал/сағатқа ұлғайтылды. Жобалардың жалпы құны 5,5 млрд теңгені құрады.
Жолдарды жөндеуге және абаттандыруға шамамен 11 миллиард теңге бөлінген. 200,7 шақырым жолдар мен көшелер жөнделді. Оның ішінде республикалық Семей-Қайнар жолы орташа жөндеуден өтіп, Жангелдин көшесі «Омбы-Майқапшағай» трассасына дейін жаңартылды.
Ел үшін ең маңызды бағыт — денсаулық сақтау саласы. Бұл салада екі нысан: Ядролық медицина орталығы және 80 орындық оңалту стационары іске қосылды. Осы уақытқа дейін Ядролық медицина орталығында 233 науқас емделсе, радионуклидтік диагностика бөлімшесінде 607 науқас тексеруден өткен.
Білім беру саласында да жоспар аясында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Шығыс кентінде 2,5 млрд теңге қаржыға 1200 орындық мектеп салынды және Степной кентінде 1,5 млрд теңгеге 300 орындық орта мектептің құрылысы жүргізілуде. Елуден астам білім беру нысаны жөнделді. «Назарбаев Зияткерлік мектебі» стандарттары бойынша отыз оқу кабинеттері жарақтандырылды.
5,4 млрд теңгеге 150 орындық мүгедектерге арналған оңалту орталығының құрылысы басталды. Он бес әлеуметтік қорғау және мәдениет нысандары жөнделді.
Кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған іс-шаралар шеңберінде жеке инвестициялар есебінен құны 9,1 млрд теңге мультикультураларды қайта өңдеу бойынша автоматтандырылған кешен енгізілді. «Өндіріс» индустриялық аймағын дамыту үшін 850 млн теңгеге жылу және су құбыры желілері тартылды. Нәтижесінде 240 жаңа жұмыс орны құрылып, майлы дақылдарды өңдеу қуаттылығы 300 мың тоннаға артты. «Өндіріс» индустриялық аймағында бес кәсіпорын жұмыс істейді. 1,8 млрд теңгеге жобалар іске асырылып, 110 жаңа жұмыс орны құрылды.
Алдағы уақыттарда да кешенді жоспар аясындағы жұмыстар осындай қарқынмен жүзеге асырыла бермек.
Абаттандыруда ауқымды жоспар бар
Облыс әкімінің Семей қаласын дамыту жөніндегі тапсырмасының орындалуы және ағымдағы жылға арналған міндеттер туралы Семей қаласының әкімі Бақытжан Байахметов баяндама жасады.
Қала басшысының айтуынша, өнеркәсіп өнімінің көлемі 20,2 пайызға, өңдеу өнімі 24,2 пайызға өсті. Ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 28,7 пайыз өсті. Қаланың бюджеті жеке табыс көздері бойынша, 25,1 пайызға өсіп, 32,5 млрд теңгені құрады.
Семейдегі жолдардың жағдайын жақсартуға көп назар аударылды. Өткен жылы 118 көше 3146,9 млн теңгеге жөнделді. Он екі оң жақ бұрылыс жолақтары жасалып, ұзындығы 56 шақырым болатын қаланың 88 көшесінде құм-қиыршық тас қоспасы төселіп, тегістелді. Қаланың жүзден аса көшесіне және жергілікті маңызы бар жолдарға ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ұзындығы 37,4 шақырым болатын қаланың отыз көшесі орташа жөндеуден өтті.
Биылғы жылға 208 көшені жөндеу жоспарланған. Оның ішінде ұзындығы 62,6 шақырым болатын алпыс үш көше орташа жөндеуден өтіп, жалпы ұзындығы 30 шақырымдық отыз сегіз көше құм-қиыршық тас қоспасын төсеу арқылы тегістеледі. Елу оң жақ бұрылыс орнатылды.
Қаланың елу көшесін, жергілікті маңызы бар «Семей-Талица» жолын, Қайнар ауылының жолдарын ағымдағы жылы жөндеу жоспарланып отыр.
Биылғы жылы жол жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін қала көшелерінің жалпы жағдайы қанағаттанарлық жағдайда болмақ, 87,6 пайыз асфальтбетонды, 24,3 пайызы қиыршық тас төселген жолдар болады деп күтілуде.
Сондай-ақ автожол көпірін қайта жаңарту, жапондық мамандардың аспалы көпірдің ағымдағы жағдайын тексеруі және Семей қаласын айналып өтетін автомобиль жолының құрылысы да жоспарда бар.
Үш қалалық автопаркте 285 автобус бар және олар қала ішіндегі қырық бағытқа қызмет көрсетеді. 285 автобус, оның ішінде үш бағыт бойынша қоғамдық көлікті қалпына келтіру мәселесі алдағы уақыттарда қаралады. Атап айтсақ, № 17, № 31, № 45 бағыттары тұрғындар тілегіне орай өзгеруі мүмкін. Кейбір бағыттағы желіден шығарылған және қолданыстағы қоғамдық көліктердің схемаларын өзгерту жоспарлануда.
Қаланың 186 көшесіне тіректер, кронштейндер мен шамдар орнатылды. Алдағы екі жылда 250-ден астам көше жарықтандырылады. Үш жылда бұрын жарығы болмаған 320 көше жарықтандырылады.
Жылумен жабдықтау мәселесіне келсек, «Орталық», «103-103А», «Ғаббасов», «35-квартал» қазандықтарында жөндеу жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде қуат 71 Гкал/сағатқа артты. Оң жағалаудың жылу желілері ауыстырылды. Жылу желілерінде гидравликалық режим реттелді. Ал биыл он төрт жылу көзіне жөндеу жүргізіледі. Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде жылу көздері жұмысының сенімділігі артып, өндіріс 8,5 Гкал/сағатқа артады.
Өткен жылы сумен жабдықтауға байланысты тоғыз жобаны іске асыруға қаражат бөлініп, жұмыстары аяқталды, оның ішінде құрылыс – үш жоба: Восход кенті, Шақаман ауылы, Абыралы ауылы; реконструкциялау – екі жоба: Суықбұлақ кенті, Дулатов көшесі; БМС – 4 АЕМ орнату: Баженово, Клементьевка, Танат, Жазық.
Өткен жылы 7595 адамнан тұратын жаңа абоненттерді қамтитын жалпы саны жеті нысан пайдалануға беріліпті.
Қала маңындағы ауылдар да назардан тыс қалмайды
Ағымдағы жылы он жобаны іске асыру жоспарлануда, олардың ішінде өткен жылы басталған екі жоба Шақаман, Абыралы ауылы бойынша және жалпы сегіз жоба — Шығыс кенті, Половинки ауылы, Мұрат, Ақбұлақ, Восход және Водный кенттерінде кварталішілік жұмыстар аяқталмақ. Сондай-ақ Бобровка, Березовский, Смычка-Восход елді мекендеріндегі жұмыстар да аяқталады деп күтілуде.
Өткен жылы үш аула, тоғыз үй абаттандырылды. Ағымдағы жылы 54 үйді қамти отырып, 35 ауланы абаттандыру жоспарлануда. Абаттандырылған аулалардың саны осылайша он екі есеге дейін артады.
«Халықтық қатысу бюджеті» жобасы аясында өткен жылы Восход және Суықбұлақ кенттерінде екі алаң орнатылды.
Биылғы жылы қала көлемінде 16 балалар және спорт алаңдарын орнату жоспарланып отыр.
Бақытжан Кәкенқажыұлы айтып өткендей, өткен жылы 202,1 шаршы метр тұрғын үй салынса, биыл 242,59 шаршы метр тұрғын үй салу көзделуде.
Екі ауылдық елді мекенде жолдарды ағымдағы жөндеу жоспарлануда. Соның ішінде Қайнар ауылында ұзындығы 1,4 шақырым, Талица елді мекенінде жалпы ауданы 116 823 шаршы метр болатын жолдар жөнделмек.
Үш ауылдық елді мекенде, оның ішінде «Ауыл — Ел бесігі» бағдарламасы бойынша екі елді мекенде кірме жолды орташа жөндеу жұмыстары кезек күтіп тұр. Мұрат ауылында ұзындығы 5,5 және 3 шақырым болатын екі жол жаңартылады. Сонымен қатар қаланың Центральная көшесінен Мұқыр ауылының соңғы аялдамасына дейінгі жолдар ағымдағы жөндеу жұмыстарынан өтетін болады.
Тағы төрт ауылдық елді мекенде (Талица, Абыралы, Алғабас, Шаған ауылдары) балалар ойын алаңдарын салу, Қайнар ауылында дене шынықтыру – спорт кешенін салу, екі ауылдық елді мекенде — Шаған кенті мен Прииртышское ауылында спорт алаңын орнату жоспарлануда.
Приречное ауылындағы мәдениет үйі жаңартылып, Шүлбі кентіндегі саябақтағы сахна жөндеуден өтеді.
Төрт ауылдық елді мекенде көше жарығы орнатылады. Новобаженово, Ақбұлақ, Жарқын, Талица ауылдарының көшелері түнгі мезгілде самаладай жарқырайтын болады.
Алда әлі де ауқымды жұмыстар күтіп тұр.
Көп қабатты үйлердің қасбеті өзгеше реңге енеді
Шаһар жұртшылығымен кездесу барысында облыс әкімі Даниал Ахметов Семей қаласындағы көп қабатты үйлердің қасбеттері жөнделіп, ескі ғимараттар қалпына келтірілетінін айтты.
Аймақ басшысы орталық көшелерде орналасқан көпқабатты тұрғын үйлердің қалай абаттандырылатынын айтып берді.
— Биыл көпір мен теміржол вокзалын байланыстыратын Шәкәрім даңғылы бойында орналасқан көпқабатты 19 үйдің қасбеттері жаңартылады. Бұл Семей қаласының қақпасы деуге болады. Аталған үйлердің аумағы абаттандырылып, жаңа кейіпке енеді, — деді облыс басшысы.
Даниал Ахметов Семейдің бірегей тарихы бар қала екенін ұмытпау керектігін, мұнда көптеген ескі ғимараттар барын айта келе:
— Осындай нысандарды қайта қалпына келтіретін арнайы бағдарлама әзірленген. Сондықтан шаһардың тарихи көркін сақтау үшін ескірген үйлерді қалпына келтіреміз. Ол үшін арнайы мамандар тартылады, — деді.
Айта кету керек, соңғы жылдары Семейдегі кеңес заманында салынған көпқабатты үйлердің тым сұрықсыз көрінетіні, қаланың келбетін бұзып тұрғаны жайлы айтылып та, жазылып та жүр. Енді тұрғындардың тілегі орындалып, көпқабатты үйлер жаңа кейіпке енетін болды.
Сұрақ қойылды, жауап берілді
Облыс әкімі Даниал Ахметов Семейді кешенді дамыту жоспары аясындағы жобаларды жұртшылықтың талқылауына шығаруды тапсырды. Аймақ басшысы мәслихат депутаттарына жоспарды өз сайлаушыларымен, жергілікті тұрғындармен бірге талқылауды тапсырды және жобаларды іске асыру кезінде олардың тілектерін ескеруді міндеттеді.
Кездесу соңында облыс әкімі тұрғындардың сұрақтарына жауап берді.
Семей өңірінің бас имамы Асқар Әбітайұлы Даниал Кенжетайұлына жер үсті жаяу жүргіншілер көпірі салынғаны үшін алғыс білдірді. Сондай-ақ мешітке келушілердің көп екендігін айтып, Қарқаралы көшесінің оңтүстік жағынан тағы бір өткел салуды сұрады. Бұл өтінішке орай, Даниал Ахметов жаяу жүргіншілер көпірін салудың қажеттілігі бар ма, жоқ па, оны білу үшін мешітке барып, өз көзімен көретінін жеткізді.
Тұрғындар тарапынан Водный кентінде мектеп салу туралы өтініш айтылды. Даниал Ахметов мектеп салу туралы меморандумға қол қойылғанын атап өтіп, осы тоқсанның соңына дейін барлық қажетті құжаттар мен есептерді дайындауды тапсырды.
Мәслихат депутаты Андрей Алтайбаев Озерск ауылдық округінің Талица ауылына баратын жолға назар аударуды сұрады. Бұл жол 30 жылдан астам уақыт бойы жөндеу көрмеген екен. Округте 3000 мыңнан астам адам тұрады.
Облыс әкімі қазіргі таңда қаржыландыру жоспарында аталған жолды жөндеуге 500,0 млн теңге қаражат қарастырылғанын айтты. 24 қаңтарда мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланған. Ағымдағы жылдың соңына дейін бұл жол жөнделетін болады.
Жиын барысында тұрғындар тарапынан әртүрлі мәселелерге қатысты тағы да бірқатар сауалдар қойылды. Облыс әкімі семейліктердің ұсыныстары мен сұрақтарына тұшымды жауаптар қайырды.
Семейдің көліктік-логистикалық әлеуеті жақсарады
Даниал Ахметов Семейдің халықаралық және республикалық маңызы бар жолдар өтетін облыстың маңызды көліктік-логистикалық және сауда торабы екенін атап өтті. Сондықтан жолдарды абаттандыруға ерекше көңіл бөлінбек.
Бұған дейін Семейде «Нұрлы жол» инфрақұрылымдық даму бағдарламасы бойынша Омбы – Майқапшағай автомобиль жолдарының учаскелерін қайта жаңарту жұмыстары аяқталған болатын. Бұл транзиттік жүктерді тасымалдау көлемінің айтарлықтай өсуіне ықпал етті. Сонымен қатар жүк-көлік, жолаушылар әлеуетін дамыту үшін екі ірі — 51 шақырымға созылатын Семей қаласының айналма жолының құрылысы және Ертіс өзені арқылы өтетін автожол көпірін қайта жаңарту жобасы іске асырылатын болады.
— Өткен жылы айналма жол құрылысы бойынша жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленді. Автожол көпірін реконструкциялау жобасына сараптама алынды. Алдағы уақытта жобаларды қаржыландыру салалық министрлікпен пысықталатын болады. Қала жолдарының жағдайын жақсарту үшін көп жұмыс атқарылды. Екі жыл ішінде жол желісін ағымдағы және орташа жөндеуге үш млрд теңге жоспарланған болатын. Алайда аталған бағытқа 7,2 млрд теңге жұмсалды. Нәтижесінде бұл 90 км жолдар мен көшелерді қанағаттанарлық жағдайға келтіруге мүмкіндік берді. Өткен жылы Жангелдин көшесі бойымен Омбы – Майқапшағай трассасына дейінгі автожол қайта жаңартылды. Семей – Қайнар автожолының 108 шақырымы орташа жөндеуден өтті. Сондай-ақ 106 көше мен жергілікті маңызы бар жолдар жөнделді. Қала тұрғындары үшін жайлы орта құру мәселелеріне ерекше назар аударылды, — деді облыс әкімі Даниал Кенжетайұлы.
Аймақ басшысы атап өткендей, 2020 жылдан бастап осы уақыт аралығына дейін жалпы саны 24 нысан абаттандырылды. Олардың ішінде «Абай жолы» жаяу жүргіншілер аймағы, мешіт айналасындағы аумақ, Абай атындағы алаң, Мәңгілік Ел көшесі сияқты ірі нысандар бар.
Студенттер үйі ашылды
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов Семейге жұмыс сапары аясында, Бизнес және сервис колледжінің студенттер жатақханасының екі корпусының ашылу салтанатына қатысты. Бұл — 288 орындық, бес және жеті қабатты екі жатақхана ғимараты.
Студенттер үйі облыс әкімі бекіткен «Мемлекет басшысының бес әлеуметтік бастамасын», соның ішінде «Студент жастардың өмір сүру жағдайларын жақсарту» тапсырмасын іске асыруды қамтамасыз етуге бағытталған Жол картасы аясында салынған.
Жатақханаларда көппәтерлі үйлердегідей барлық ыңғайлы жағдайлар жасалған. Бөлмелері кең, арнайы медициналық кабинет, тіпті жеделсаты да бар.
— Білікті кадрларды даярлау үшін жағдай жасалу қажет және студент жастар үшін қолайлы жағдайлардың болуы өте маңызды. Мен сіздердің осындай тамаша жатақханада тұрып, сабаққа дайындалатындарыңызға шын жүректен қуаныштымын. Тәуелсіз Қазақстанның кәсіби жас кадрлары осы жерден шығатынына сенімдімін, — деді Даниал Ахметов студенттерге арнаған сөзінде.
Тағы бір жер үсті көпірі салынады
Облыс басшысы Даниал Ахметов шаһардың сол жағалауындағы айналма жолдың ортасынан орын тепкен төрт мұнаралы Абай атындағы мешітке апаратын жер үсті жаяу жүргіншілер көпірінің ашылуына қатысты. Көпір мешіттің солтүстік жағында салынған, бұл келушілерге, сонымен қатар көше қиылысындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін ыңғайлы.
Өткелдің салтанатты ашылу рәсімінде аймақ басшысы жер үсті өткелі мешіттің сәулеттік келбетіне сай келетінін атап өтті.
Айта кетейік, Даниал Ахметов қала билігінің де, тұрғындардың да оңтүстік жағынан тағы бір жаяу жүргіншілер көпірін салу туралы ұсынысын қолдады. Мұндай жер үсті өткелі тұрғындардың Қарқаралы көшесі жағынан Народная көшесіне қарай қауіпсіз өтуіне мүмкіндік береді. Оның ұзындығы — 58 метр. Қазіргі таңда мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынды. Жобаның құны — 133,2 млн теңге.
Облыс әкімі Семейдің бас имамының қатымхана салу туралы ұсынысын да қолдады.
Жалпы, бүгінгі таңда Семей шаһарының ең көрікті орындарының біріне айналған Абай Құнанбайұлы атындағы орталық мешіт аумағы жұртшылық пен қала қонақтарының жиі баратын, серуендейтін орнына айналған. Алдағы уақыттарда мешіт маңын абаттандыру жұмыстары жалғасын тауып, барлық талапқа сай етілетін болады.
Дәрігерлер ең жақсы медициналық жабдықтармен жұмыс істеуі керек
Жұмыс сапары барысында облыс әкімі Семей медицина университеті госпиталінің жұмысымен танысты. Университет госпиталі 465 орынға арналған. Облыстың 485 орынға арналған көп бейінді емдеу-профилактикалық, ғылыми-педагогикалық мекемесі. Мұнда тұрғындарға қолайлы жағдай жасалған. 319 ересек және 166 балалар орындары, алпыс орындық күндізгі стационар, үйдегі стационар, перинаталдық диализ бойынша екі орын бар.
Бір ауысымда 220 келушіні қабылдауға арналған консультативтік-диагностикалық емхана бар, онда 28 мамандық бойынша жоғары білікті мамандар мен профессор-оқытушылар қабылдау жүргізеді. Он бес клиникалық бөлімше, жиырма емдеу-диагностикалық қосалқы бөлімше бар.
Айта кетерлігі, бұл республикадағы ересектерге және балаларға арналған стационары бар жалғыз медициналық мекеме екен.
Өткен жылы бұл мекемеде 17638 науқас ем қабылдаған. Жалпы, мұнда 43385 адам келген екен.
Облыс әкімі университет мамандары мен Жедел медициналық жәрдем ауруханасы дәрігерлерінің күш-жігерін біріктіру қажеттігін, олардың заманауи медициналық жабдықтармен жұмыс істеуі керектігін атап өтті.
-Қала, облыс тұрғындарына кез келген Қазақстан азаматы үшін медицина мекемелерінің меншік нысандарының қай заңды тұлғаларға немесе қандай меншік түріне жататындығы маңызды болмауы тиіс. Ол толықтай, сапалы медициналық көмек алуы керек. Үлкен ведомстволық бытыраңқылық нәтижесінде, шын мәнінде, біздің еліміздің тұрғындары зардап шегеді. Жедел медициналық жәрдем ауруханасы тамаша заманауи медициналық жабдықтармен жабдықталған. Ал медуниверситеттің госпиталінде жоғары білікті кадрлар жұмыс істейді. Алдымыздағы бір үлкен міндет — халқымызға қажет күш-жігерді біріктіріп, ең күрделі операцияларды жасау. Ең маңыздысы сол – ең жақсы дәрігерлер, ең жақсы медициналық жабдықтармен жұмыс істеуі керек, — деді облыс әкімі Даниал Ахметов.
Түйін: Семей қаласының 2020-2025 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспары аясында биылғы жылы да ауқымды жұмыстар атқарылмақ. Бірінші кезекте 50-ден астам жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Оның ішінде көшелер мен жолдар, ең алдымен, қоғамдық көліктер өтетін жолдар жөндеуден өтеді. Сондай-ақ қала тұрғындарының өтініштері бойынша автокөпір мен «Спартак» стадионын қайта жаңғырту да жоспарлануда. Семейді айналып өтетін 51,5 шақырым жолдың құрылысы жүріп жатыр.
Тұрғын үй құрылысына да ерекше көңіл бөлінетін болады. Даниал Кежетайұлының сөзіне сүйенсек, ағымдағы жылы «Бір қабатты Шығыс» бағдарламасы бойынша 440 мың шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға беріледі. 16 спорт және ойын алаңдары орнатылып, 35 аула жөнделеді. Жылу магистралін жөндеу, абаттандыру, «Сергек» камераларын орнату және көшелерді жарықтандыру жұмыстары жалғастырылатын болады.
Қазіргі таңда жергілікті депутаттар мен қала билігінің алдында тұрған басты міндет – бір айдың ішінде жұртшылықпен кездесулер өткізіп, алдағы уақытта атқарылатын жұмыстардан хабардар ету, қажет болған жағдайда азаматтардың тілектеріне сәйкес жоспарға түзетулер енгізу. Бұл — облыс әкімінің тапсырмасы.
Тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыру биліктің алдында тұрған негізгі міндеттердің бірі болып қала бермек.
Әлібек КЕМЕЛХАН,
«Семей таңы»