ӘЛЕУМЕТТІК-ЭКОНОМИКАЛЫҚ ДАМУДА ОҢ ДИНАМИКА БАР
Апта сейсенбісінде Семейдегі Офицерлер үйінде қала әкімі Бақытжан Байахметовтің тұрғындар алдындағы есеп беру кездесуі өтті. Кездесуде қала басшысы өткен жылы атқарылған жұмыстарды қорытындылап, алдағы жоспарлармен таныстырды.
Қала әкімі Бақытжан Кәкенқажыұлы алдымен Мемлекет басшысының Абай облысын құру туралы шешіміне орай жиналған қауымды құттықтады.
Шаһар басшысы қызметіне тағайындалғалы бері жұртшылықпен жүзден аса кездесулер өткізгенін айта келіп, алдағы уақытта Президент тапсырмасына сай осындай жаңа форматтағы есептік жиындар жиі өткізіліп тұратынын жеткізді. Айта кетейік, Бақытжан Байахметов осыған дейін қалаға қарасты барлық ауылдық округтерде кездесулер өткізіп, халық алдында есеп берген болатын.
Өткен жылы жүргізілген жұмыстармен слайд арқылы таныстырған қала әкімі жыл қорытындысы бойынша қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуы оң динамиканы көрсетіп отырғанын атап өтті.
Өңіріміз бойынша өнеркәсіп өнімінің көлемі 120 пайызға өсіп, абсолюттік сомада 315 млрд теңгені құраған. Сонымен қатар өңір дамуының негізгі тірегі болып табылатын ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемі 128,7 пайызға дейін, ал құрылыс жұмыстарының көлемі 112,8 пайызға дейін өсіпті. Бұл осыған дейінгі көрсеткіштермен салыстырғанда жоғары өсім саналады.
Сонымен қатар қала әкімі айтып өткендей, салынған инвестициялар сомасы 110,7 млрд теңгеге жеткен. Бұл бюджеттің барлық деңгейлеріне түсімдерді 64-тен 84 млрд теңгеге дейін, немесе 131 пайызға арттыруға мүмкіндік берген.
Экономиканың тұрақты дамуы қалалықтардың өмір сүру деңгейін жақсартуға және көптеген әлеуметтік мәселелерді шешуге мүмкіндік берді.
Бақытжан Байахметов әсіресе қаламыздың денсаулық сақтау саласына ерекше көңіл бөлініп отырғанын атап өтті. Себебі бұл бағыттар бойынша атқарылып жатқан жұмыстар аймақ басшысы Даниал Ахметовтың назарында тұр. Бірқатар жаңашыл бастамалар облыс әкімінің қолдауымен сәтті жүзеге асырылуда. Соңғы бес жылда 8,3 млрд теңге инвестиция салынды, халықаралық стандарттарға сәйкес келетін үш жүзге жуық заманауи жабдық сатылып алынды. Сонымен бірге жедел жәрдем автокөлік паркі біршама жаңартылды.
Бірегей ядролық медицина орталығы іске қосылды. Радионуклидтік терапия бөлімшесі үздік әлемдік тәжірибе деңгейіне сәйкес келеді. Қазіргі таңда 217 науқас емделіп, 446 науқас диагностикалық зерттеулерден өтті. Заманауи гибридтік технология қарқынды дамып келеді. Бұл ретте сексен тоғыз науқас диагностикалық зерттеулерден өткізілген.
Ал қаламыздағы перинаталдық орталық базасында балаларды оңалту және катамнез орталығы ашылды. Соңғы үш жылда жетекші шетелдік клиникаларда 74 медицина қызметкері оқытылды.
Мемлекеттің негізгі бағыттарының бірі — бұқаралық спортты дамыту болып табылады. Мемлекет тарапынан дене шынықтырумен және спортпен айналысу үшін жағдайлар жасалуда. Бүгінгі күні қала бойынша 392 жабық спорт ғимараты бар. Бұдан басқа, Юность кентінде жеке инвестициялар есебінен бассейні бар 315 млн теңгеге сауықтыру-ойын-сауық кешені салынды.
Бұқаралық спортты дамытуға бағытталған мұндай шаралар қалаға қарасты ауылдық округтерде де жүргізілуде. Атап айтсақ, ағымдағы жылы Қайнар ауылында құны 397,4 млн теңге болатын 80 орындық дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы жүргізілуде. Ал қалаға іргелес орын тепкен Шүлбі кентінде инвестиция көлемі 239 млн теңгені құрайтын тағы бір дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы басталды.
Бұқаралық және балалар спортын дамытуға жағдай жасау мақсатында 2025 жылға дейін кезең-кезеңімен жалпы білім беретін мектептерде қосымша сегіз жүз спорт секцияларын ашу жоспарлануда, олардың ішінде өткен жылы 3,9 мың балаға екі жүз төрт секция тұрақты түрде жұмыс істей бастады.
Болашақта үстел теннисі орталығының құрылысы жоспарланған. Ағымдағы жылы сметалық құжаты әзірленеді деп күтілуде.
Білім беру саласында мектеп инфрақұрылымын жақсартуға қатысты шаралар қабылдануда. Мектептерде оқушыларға арналған орындардың тапшылығын төмендету мақсатында жұртшылықтың сұранысына орай Шығыс кентінде 1200 орындық мектеп, Степной кентінде үш жүз орындық мектептің құрылысы аяқталуға жақын.
Болашақта Қарағайлы шағын ауданының шығыс жағында 1200 орындық, Водный ауылында 600 орындық, Ақсай елді мекенінде алты жүз орындық және Шығыс оң жақ саяжайында 300 орындық тағы төрт мектеп салу жоспарлануда.
Қала бойынша үш жастан алты жасқа дейінгі балалар мектепке дейінгі тәрбиемен толықтай қамтылған, бір жастан алты жасқа дейін – 76,7 пайызды құрайды.
Үш жасқа дейінгі балалар үшін жұмыс істеп тұрған балабақшаларда он екі ерте дамыту тобы ашылды, қосымша үш жүз орынға мемлекеттік тапсырыс берілді.
Мемлекеттік — жеке меншік әріптестік тетігін пайдалана отырып, Бобровка кентінде 320 орындық, Восход кентінде жүз қырық орындық балабақша салуға жобалық-сметалық құжаттама әзірленді. Балабақшалардың құрылысын биыл бастау жоспарланып отыр.
Аз қамтылған және көп балалы отбасылардың балалары ерекше бақылауда. Мектеп жасындағы балалары бар көп балалы отбасылар мектеп формасымен, аяқ киіммен және тамақпен қамтамасыз етіледі. Оған өткен жылы бюджеттен 561 млн теңге бағытталды. Ағымдағы жылы тек тамақтануға 524 млн теңге бөлінді. Балалардың ата-аналары мектепке дейінгі балалар мекемелеріне ақы төлеуден босатылған.
Аз қамтылған және көп балалы отбасылардан шыққан балалардың қоғамдық көлікте жол жүруін қамтамасыз ету үшін ағымдағы жылғы 184,5 млн теңге бөлінді. Мұның сыртында көп балалы отбасыларға жеңілдік шарттарымен 35,3 млн теңгеге бес микрокредит берілді.
Жалпы көлемі жетпіс бес млн теңгеге тұрғын үй сатып алу үшін бастапқы жарнаға бір млн теңгеден тұрғын үй сертификаттарын беру арқылы өңіріміздегі жетпіс бес көп балалы отбасыға арнайы қолдау көрсетілді. Өткен жылы жетпіске жуық көп балалы отбасы өз баспаналарына қол жеткізіп, қоныс тойын тойлады.
Ағымдағы жылы Қарағайлы шағын ауданында кезекте тұрған көп балалы және әлеуметтік осал отбасылар үшін 128 жалданбалы пәтер берілмек. Оның ішінде отыз екі пәтер көп балалы отбасыларға, жетпіс бір пәтер халықтың әлеуметтік осал топтарына, тағы жиырма бес пәтер жетім балаларға берілетін болады.
Қала бойынша мемлекеттік тұрғын үй қорынан үй алуға кезекте тұрған азаматтардың саны 12 535 адам, оның ішінде мыңнан аса адам көп балалы отбасылар санатына жатады екен. Бұл ретте өткен жылы 202,2 мың шаршы метр тұрғын үй толығымен пайдалануға берілген. Бүгінгі таңда қалада жалпы ауданы 366,8 мың шаршы метр 75 көппәтерлі тұрғын үй құрылысы қарқынды жүргізіліп жатыр.
Биыл 263 мың шаршы метрден астам тұрғын үйді, немесе 2268 пәтерді пайдалануға беру жоспарланып отыр, бұл кезекте тұрғандар санын қысқартуға мүмкіндік береді.
Қала әкімі сонымен қатар шаһардағы өзекті мәселелердің бірі қысқы маусымдағы жылу беру екендігін айтты. Бұл орайда осыған дейін бірқатар жұмыстар жүргізілген. Мәселен, қысқа дайындық бойынша іс-шаралар жоспары аясында жалпы сомасы 2,2 млрд теңге қаржыға «Орталық», «103-103А», «Ғаббасов», «35-квартал» қазандықтарын жөндеу, жылу желілерін ағымдағы жөндеу, желілердің жылу оқшаулауын қалпына келтіру, жылу желілеріндегі гидравликалық режимді баптау және реттеу жұмыстары жүргізіліпті. Осыған байланысты, оң жағалауда жылу энергиясы бойынша қуат тапшылығы 74 Гкал/сағатқа қысқарды.
Өткен жылы «Ғаббасов» және «Орталық» қазандықтарын қайта құру жобаларының оң қорытындысы алынды. Жобалар Жұмыспен қамту жол картасы шеңберінде ағымдағы жылға мәлімделген.
Бұған қоса, «103-103А», «35-квартал», «Зооветинститут» қосымша қазандықтарын орнату арқылы қазандықтарды қайта құрудың ЖСҚ әзірлеу бойынша жұмыс жүргізілуде.
Халықты таза ауыз сумен қамтамасыз ету жұмыстары жалғасуда. Соңғы үш жылда 16 сумен жабдықтау объектісін салу және реконструкциялау есебінен қала халқының орталықтандырылған сумен жабдықтаумен қамтамасыз етілуінің біршама өскені байқалады.
Шығыс, Березовский және Бобровка кенттерінде жалпы құны 2,7 млрд теңге болатын сумен жабдықтау желілерінің құрылысы бойынша жобаларды іске асыру басталады. Шаһар ішіндегі Лодочный, Алматы көшелеріндегі су құбыры желілерінің құрылысына арнайы сараптама алынған.
Соңғы үш жылда көлік-логистикалық инфрақұрылымды жақсартуға он бір млрд теңгеден астам, оның ішінде өткен жылы 4,6 млрд теңге бағытталды. Ал биылғы жылға 6,8 млрд теңге қарастырылған.
Бақытжан Байахметов баса атап өткендей, өңіріміз бойынша жол жөндеу және шаһар көшелерін абаттандыру шараларына биыл да ерекше мән берілуде. Бұл орайда ағымдағы жылы орташа жөндеу жоспарымен 60,6 шақырым жол қамтылатын болады.
Көлік ағынын жеңілдету мақсатында Шығыс кентінде жалпы құны 1,1 млрд теңге болатын Өскемен көшесін кеңейту жұмыстарын бастау жоспарлануда.
Жаңа мешітке оңтүстік жағынан 133,2 млн теңгеге екінші жер үсті жаяу жүргіншілер жолын салу межеленіп отыр. Жалпы құны 31,3 млрд теңге болатын автожол көпірін реконструкциялау жобасы салалық министрлікке республикалық бюджеттен қаражат бөлу үшін жіберілді.
Сонымен қатар жол қозғалысы қауіпсіздігінің деңгейін арттыру үшін сәуір айынан бастап құны 5,2 млрд теңге болатын «Сергек» фотобейнетіркеу және бейнеталдау жүйесін құру және пайдалану жөніндегі жобаны бастау жоспарлануда.
Бұл ретте айта кетсек, қазіргі таңда қаламызда көше жарығын жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Өткен жылы екі жүзге жуық көшеге 7 659 жарық нүктелері орнатылса, ағымдағы жылы жоспар бойынша жарығы жоқ жүз көшеге 4 351 жарық көзі орнатылатын болады.
Жұмыспен қамту жол картасы шеңберінде ағымдағы жылы бір жарым млрд теңге қаржыға Бейбітшілік аралында, Смычка, Затон және Мирный аудандарында Ертіс өзенінің жағалауын нығайту жұмыстары аяқталатын болады.
Ағымдағы жылы аулаларды абаттандыруға және балалар, спорт алаңдары мен футбол алаңдарын орнатуға 890,5 млн теңге бөлінді. Сондай-ақ қала ішіндегі отыз бес аула абаттандырылып, жиырма үш балалар және жеті спорт алаңдары орнатылды, алты футбол алаңы абаттандырылады, бұл өткен жылға қарағанда сегіз есеге артық.
Өңдеу саласын дамыту қала экономикасын дамытудың басты бағыттарының бірі болып табылады. Кәсіпкерлікті қолдау картасы шеңберінде инвестиция көлемі 9,1 млрд теңге болатын мультидақылдарды, атап айтсақ күнбағыс, рапс және сояны қайта өңдеу бойынша автоматтандырылған кешен енгізілді.
«Алел» ҚИК» АҚ биылғы жылы көмір десорбциясы мен электролизінің жаңа цехын салуды да жоспарлап отыр. Жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, сараптамаға жіберілді. Жобаны іске асыруды 2022 жылғы шілдеде бастау жоспарланып отыр.
«ARX Minerals» ЖШС Берқара кен орны базасында құны 12,7 млрд теңге болатын кен өңдеу зауытының құрылысын жүргізуде. Ағымдағы жылы іске қосылады деп күтілуде.
Қала басшысы атап өткендей, қазіргі күндері өңіріміздегі өнеркәсіппен қатар аграрлық сектор да белсенді дамуда. Мәселен, «Прииртыш бройлер құс фабрикасы» ЖШС-нің өндірістік нысандары бір млрд теңгеге қайта жаңартылды. «Jolaman» көтерме сауда — тарату орталығы салынды.
Ағымдағы жылы агроөнеркәсіптік кешен саласындағы инвестициялық жобаларды іске асыру жалғасатын болады. Бұл орайда «BA Agro Invest Group» ЖШС құны млрд теңге болатын майлы, дәнді және жем-шөп дақылдары өндірісін ашуды жоспарлауда. Сонымен бірге «SEMEIQUS» ЖШС тауарлық жұмыртқа шығару өндірісін 22 млн данаға дейін арттыруды жоспарлап отыр.
Кездесулер өткізу, әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу, жазбаша өтініштерді қарау арқылы проблемалық мәселелер анықталады және қала әкімдігі қалалық мәслихат депутаттарымен бірлесіп, мүмкіндігінше оларды қаржыландыру үшін бюджетке енгізеді. Ал қаржыландыруды талап етпейтін мәселелер жедел шешіледі. Өткен жылы тұрғындар тарапынан бес мыңнан астам өтініш түсіпті. Оның басым көпшілігі тұрғын үй — коммуналдық шаруашылығының жұмысына қатысты болып отыр. Әрбір өтініш егжей-тегжейлі қаралады. Сонымен қатар тұрғындармен 152 кездесу өткізілгенін де айта кеткен жөн. Оның басым көпшілігі Семей қаласында өткен екен.
— Құрметті семейліктер! Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында бірқатар өте маңызды сәттерді атап өтті. Негізгі аспектілердің бірі — облыс орталықтарын қайтару, оның ішінде орталығы Семей қаласы болатын Абай облысын құру. Бұл қаланың дамуына қуатты серпін береді. Бұл қоғам болып күткен, барлығы зор қуаныш, ризашылықпен қабылдаған шешім болды. Аталған шешім мемлекеттің азаматтардың талап-тілектеріне құлақ асқаны ғана емес, әлеуметтік және экономикалық мәселелерді тиімді шешуді қалайтынын көрсетеді, — деді кездесу соңында Бақытжан Байахметов.
Қала әкімінің сөзінен кейін тұрғындар өз сұрақтарын қойды. Барлығы 50-ден астам сауал жолданды. Олардың ішінде жолдардың жағдайы, көшелердің жарықтандырылуы, қоқыс жинау, аулаларды абаттандыру, ауыз су, қоғамдық көлік қозғалысы, азық-түлік бағасына қатысты мәселелері бар. Тұрғындар сондай-ақ жастар мен мүгедектерді жұмыспен қамту мәселесін де көтерді.
Семей қаласының әкімі өзіне қойылған бір де бір сұрақ жауапсыз қалмайтынын жеткізді. Бұл орайда әкімдік бөлімдері мен құрылымдық бөлімшелердің басшыларына тұрғындар көтерген мәселелердің мән-жайын егжей-тегжейлі зерттеп, оларды шешу жолдарын қарастыру тапсырылды.
Есептік жиыннан кейін қала басшысы азаматтарды жеке қабылдады. Қабылдауға келген Кенжеғайша Рахымбаева қоғамдық монша ашуға көмек көрсетуді сұрады.
Жоламан кентінде монша салуға ыңғайлы жер телімі бар, бірақ құрылысқа қаражат қа жет. Бұл ретте Семей қалалық кәсіпкерлік бөліміне Кенжеғайша Рахымбаеваның өтінішін заңнамаға сәйкес несие алу тұрғысынан қарау тапсырылды.
Ал Суықбұлақ кентінің тұрғыны Татьяна Волкова балабақша мен медициналық мекеменің жетіспейтінін айтты, сондай-ақ кенттің басқа да проблемалық мәселелерін жеткізді. Бақытжан Байахметов аталмыш кентте инвесторлар есебінен балабақша мен аурухана салу жоспарланып отырғанын жеткізді. Осы мақсатта арнайы жер телімі де бөлінген.
Келесі тұрғын Ержан Мырзаханұлы келіні мен төрт немересі тұратын жеке үйін қалпына келтіруге көмек көрсетуді өтінді. Қабылдау барысында Ержан Мырзаханұлының баласы көп балалы әке ретінде баспана кезегінде тұрғаны белгілі болды. Қала әкімі тұрғынның «Бір қабатты Шығыс» бағдарламасы бойынша баспана сатып алуға мүмкіндігі бар екендігін айтып, «Отбасы банк» АҚ-ға жүгінуге кеңес берді. Сонымен қатар, қалалық тұрғын үй инспекциясы бөліміне осы мәселе бойынша кеңес беру тапсырылды.
Мнира Шайхуллина ұлының денсаулығын қалпына келтіру үшін қаржылай көмек сұрады. Қала басшысы бұл отбасын қамқорлыққа алып, 31 наурызға дейін шешімдерін ұсынуға тапсырма берді.
Ал Ержан Мұхаметқалиев есімді азамат ашық кәріз және су құбырлары люктеріне қатысты мәселемен келіпті. Оның айтуынша, қаланың көптеген жерінде мұндай люктердің қақпағы жоқ немесе тиісті стандарттарға сәйкес жабылмаған. Бұл мәселе бойынша ТҮКШ бөліміне «Теплокоммунэнерго» МКК және «Водоканал» МКК-мен бірлесіп, учаскелік полиция инпекторларын тарта отырып, әсіресе мектептер мен балабақшалар аумағында зерттеу жүргізу тапсырылды.
Айта кетелік, қала әкімінің тоқсандық есеп беру кездесуінде тұрғындар тарапынан айтылған барлық мәселелер шаһар басшысының назарында болады.
Жалпы, әр салада атқарылған жұмыстардың нәтижесі бойынша, өткен жылғы көрсеткіштер көңілге қонымды деуге болады.
Қуаныш ЖОЛЫМБЕТ,
«Семей таңы»
Президент Жолдауы аясында